//

Қазақ боксына атақты Сагарра келді

1452 рет қаралды
1

Кубаның ғана емес, әлем боксының тарихындағы ең үздік, ең атақты бапкер Карлос Альсидадес Сагарраның Қазақстанға келуіне не себеп болды? Отыз екі Олимпиада жеңімпазын шығарған жаттықтырушының басқа ұсыныстардан бас тартып, Алматы боксшыларын жаттықтыруға келісімін беретіндей қазақ елі оған нендей құрмет көрсетті? Міне, бүгінде бүкіл әлемнің бокссүйер қауымына осы сұрақтың жауабы маза бермей жүр. «Бастарын қатырып жүре берсін. Ең бастысы, мен Қазақстандамын. Енді қазақ боксын Кубанікімен терезесі тең болатындай дәрежеге жеткізуге тырысамын», – деп сеньор Сагарраның өзі бұл жөнінде қысқа қайырды. Ал, жалпы, Карлос мырза өте қарапайым, ақкөңіл көрінді. Оған біз әңгіме барысында көз жеткіздік. Жанынан бір елі қалмайтын аудармашы Хосенің арқасында атақты бапкермен ашық-жарқын әңгімелескен едік.

– Қазақ боксы туралы ойым бұрыннан жақсы болатын. Сіздердің Қонақбаев, Жұ­ма­ділов сынды саңлақтарыңызды сыртынан жақсы танимын. Менің шәкірттерімді сан соқтырған жігіттер ғой, – деп бастады әңгі­месін сеньор Сагарра. — Басқа боксшы­ларыңызды да білемін. Дүбірлі додалардан жүлдесіз қайтып жүрген жоқсыздар. Соған таңғалып, «бұл халықтың не құдіреті бар?» деп ойлайтынмын. Яғни, бір жағы­нан, сіздердің сырларыңызға қанығып, өзіме тың жаңалық ашқым келді. Сөйтіп, бокстан Алматы облыстық федерация­сының президенті әрі өзімнің ескі танысым Амалбек Тшанның ұсынысын бірден қабыл алдым. Дегенмен екі ел арасында бокстан тәжірибе алмасу үдерісі бұрыннан жүріп жатыр.

– Талай жылдан бері әуесқой бокста Куба саңлақтары үстемдік құрып ке­леді. Соңғы кездері аздап регресс бай­қалғанымен, бәрібір кубалық­тар­дан бәрі сескенеді. Қарсыласының бо­йын үрей билететіндей «Бостандық ара­лының» боксшыларында не құдірет бар?

– Бокс – Кубаның ең негізгі спортының бірі. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін боксқұмар. Спорттың бұл түрі біздің елде мектеп бағдарламасында да бар. АІВА-да болып жатқан соңғы өзгерістердің бәріне тез бейімделіп кетеміз. Бәсекелестік өте күшті. Біздің боксшыларды басқалар сыйлайды, сонымен қатар қорқып та тұра­ды. Дегенмен Қазақстанда да бокс өте жақ­сы дамыған. Мұны сіздер баяғыда-ақ дәлелдеп қойғансыздар. Олимпиададан алтынсыз қайтып жүрген жоқсыздар. Рас, сәтсіздіктеріңіз де қатар жүр. Бірақ «боксымыз құрдымға кетіп барады» деп түңілмеңіздер. Шынтуайтына келгенде, бокс­тан ең мықты державалардың бірі­сіздер. Олай болмаса, Лондон Олимпиа­дасы­ның алты жолдамасын қалтаға салмас едіңіздер. Біз де ауыр кезеңді басымыздан өткергенбіз. Бейжің Олимпиадасынан алтынсыз қайтқанымызды білетін боларсыздар.

– Бокстан елдердің рейтингін жасайтын болсаңыз, Қазақстан мен Кубаны қай орынға қояр едіңіз?

– Мынаған мән беріңіз. Лондон Олимпиадасына Куба жеті жолдама жеңіп алды. Ресей, Украина, Қазақстан елдерінде алты лицензиядан. Үлкен айырмашылықты кө­ріп тұрсыз ба?! Жоқ. Оны айтасыз, Олим­пиа­даның жалғыз жолдамасына қол жеткізе алмай жүрген елдер көп. Олардың қасында қазақ елінің жетістігі орасан. «Неге жолдаманы тілге тиек етті?» дейсіз ғой. Өткенді ұмыту керек. Қазіргі жайды айтқан дұрыс. Ал қазір барлық елдің ортақ мәселесі Лондон Олимпиадасының жолдамалары болып тұр. Қызық үшін алдағы Олимпиадаға қай ел қанша лицензия жеңіп алғанын есептеп көрсеңіз, рейтингте Қазақстанның қай орында тұратынын өзіңіз-ақ айтасыз.

– Алматыда жүргеніңізге де біраз болып қалды. Ал ең алғаш боксшыла­ры­мыздың жаттығуын көргенде қан­дай әсерде болып, қандай ерекшелікті байқадыңыз? Куба мен Қазақстан боксшыларының жаттығу үдерісінде ұқсастық бар ма?

– Айырмашылық жер мен көктей. Жұ­ды­рықтасу мәнерлеріңізден азиаттар ек­ендіктеріңіз бірден сезіледі. Сондай-ақ бү­кіл ТМД елдеріне ортақ мәнер сіздерде де бар. Яғни көбіне қара күшке ғана сене­сіздер. Жаттықтырушыларыңыз да боксшыларды кеңестік мектептің әдісімен жат­тықтыратын сияқты. Бірақ бүгінде мұның барлығы қалған. Бокс біз ойлаған­нан әл­де­қайда дамып кетті. Бір ғана күшке сеніп, қарсыласыңды жеңе алмайсың. Техника мен тактиканы дамыту керек. Тағы бір бай­қа­ғаным, ішкі додаларыңызды әділетсіздік жайлап алған. Мәселен, ҚР федерация­сы­ның кубогы жолындағы жекпе-жек кеште­рін тамашалағанмын. Бұра тартушылық өте көп екен. Әр аймақ өз боксшысын сүй­рей­тініне куә болдым. Оған жанкүйер­ле­ріңіздің де еті үйреніп қалған сияқты. Әді­летсіздіктерді көре тұра наразылықтарын білдірмейді. Ал бұл – үлкен дерт, сіздерде ол тіпті асқынып кеткен. Міне, осымен кү­ре­су керек. Ішкі біріншілікте сүйретіліп шық­қан боксшы халықаралық аренада опа таппайтынын түсінулеріңіз қажет.

– Ашық пікіріңізге рақмет, сеньор Сагарра. Әңгімемізді басқа арнаға бұрсақ. Кубада кәсіпқой бокс жоқ екен. Мұны немен түсіндіруге болады?

– Кубада кәсіпқой бокс болмаған, ешқашан болмайды да. Біз мұны спорт­тың ең төмен дәрежесі деп санаймыз. Адамдарды ессіз ететін қауіпті спорт түр­леріне жатқызамыз. Дегенмен кә­сіпқой боксты серік еткен елдерге құр­метпен қараймыз.

– Ал АІВА-ның қолдауымен өтіп жат­қан WSB сериясы жайлы не айтар едіңіз?

– Иә, бұл жүйені де білемін. АІВА бұл жерде боксты бизнеске айналдыруды көз­деген секілді. Алайда WSB сериясында чем­пион атанғандар Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсете алатынына кү­мәнім бар. Өйткені мұнда ереже мүлдем бөлек, жартылай кәсіпқой боксқа жатады. Не­гізі, АІВА бокстың үш түрін: кәсіпқой бокс­ты, жартылай кәсіпқой боксты және ол­им­пиадалық боксты қолға алған ғой. Біз тек олимпиадалық боксты ғана таңдай­мыз.

– Дегенмен болашақта АІВА бокс­шы­лардың қорғаныс шлемінсіз жұды­рық­тасуын қолдап жүр ғой. Мұндай жағ­дайда кубалық боксшылар қайт­пек?

– Заман ағымына сай көреміз. Әзірге тек бокстың олимпиадалық түрінде ғана серік ететін боламыз. Ал егер АІВА шынымен де қорғаныс шлемінсіз жұдырықтасуға көшіп, боксты кәсіпқойға бұрып жатса, онда сараптан өткізіп, бір шешімді қабыл­дайтын боламыз.

– Сеньор Сагарра, мұнда жүріп естіп жатамыз. Кубаның боксшылары, тіпті ол әлем чемпионы, Олимпиада жеңім­пазы болсын, АҚШ-қа қашып кетіп жа­тады. Мұны немен түсіндіруге болады?

– Біз ешкімді байлап ұстамаймыз. Кетем десе өз еркі. Бізде «алтын иегерінің аты ғана өзгереді» деген қағида бар. Яғни әлем чемпионы кеткенімен, дәл сол сал­мақта басқа боксшымыз жеңімпаз атанады. Жоғарыда айтқанымдай, бәсекелес­тік өте күшті.

– Бәлкім, боксшыларыңыздың АҚШ-қа қашып кетіп жатуын тұр­мыс­тың төмендігімен байланыстыруға болатын шығар. Жалпы, Кубада жоғары деңгейлі жаттықтырушылардың жала­қысы қанша, Олимпиада жеңімпаз­дарына қандай сый-құрметтер көрсе­тіледі?

– Жаттықтырушылардың жоғары жала­қысы Куба валютасымен есептегенде 1200 песо, яғни АҚШ валютасына шаққанда 60 доллар. Бірақ мүсіркей қарамаңыз. Гаванада бұл айлыққа жап-жақсы өмір сүруге болады. Бізде бәрі арзан. Ал Олимпиада чемпиондарына пәтер, баспана беріліп жатады. Бізде ақша аз, бірақ бәріне жетіп жатады. Сіздерде керісінше екен. Ақ­ша көп, бірақ еш нәрсеге жеткізе алмай­сың.

– Сеньор Сагарра, соңғы сұрақ. Куба құрамасын 36 жыл жаттықтырып, 32 Олимпиада жеңімпазын баптап шы­ғар­дыңыз. Осылардың ішінде өзіңіздің ең сүйікті шәкіртіңіз кім?

– Бәрі де туған баламдай болып кеткен. Қайсысын атарымды білмей тұрмын. Бәрі де керемет боксшы. Ешқайсысын бөле-жарғым келмейді. Сондықтан «сол 32 саңлақты чемпион етіп шығарған адам – менің ең сүйікті шәкіртім» деп жауап бере салайын.

Әзиз ЖҰМАДІЛ

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Мұндай атақты жаттықтырушының біздің елге келуі бокстың дамуына үлкен серпіліс берері хақ. Ауыр атлетикамызға Тюркелери секілді “ірі” бапкер келісімен Ильиндеріміз жеңе бастады емес пе.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар