///

Харун ТОКАК. ӘЖЕ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ

1949 рет қаралды
4

Харун ТОКАК

жазушы (Түркия)

Ыстамбұлдың ызғарлы суық  күні еді.

Селман жұмысын бітірген соң үйіне телефон соғып, «бүгін кешікпей келемін» деп уәде берді, бірақ тағы кешікті. Батысқа да, шығысқа да ортақ Ыстамбұл қаласын керемет жақсы көретін; оның ойынша бұл қаланың атқан  таңы да, батқан күні де тұнған бір ғажайып.

Сонау тоқсаныншы жылдары Ұлы Азияға аттанған мұғалімдермен бірге қызмет етуді бауырлас ел алдында өтеуге тиіс борышым деп білді. Туған елін Мәжнүндей сүйсе де, «Ұлы Азияда тілі бір, діні бір бауырларың бар, үміт отын жүректеріне сыйлап барыңдар…» деп, дуалы ауыздан шыққан сөзді ести салысымен ол да аттанып кетті. Ұзақ жылдар бойы қазақтың шалқар даласында қызмет еткен алғашқы күндерін еске алғанда көзі еріксіз жасаурап отыратын. Қазақтың кең пейілдігін, қазақ әжесінің әлгі қиын-қыстау кезеңдерде қол ұшын беріп, аналық мейір-шапағатын төккенін көз алдына елестеткенде отыра қалып қыстығып жылайтын.

Қазақ даласында өткен армансыз күндер енді артта қалды. Селман сүйікті Ыстамбұл шаһарына қайта қауышты.

Жауынды қар құйып тұрды.

Босфордың бергі бетінен арғы жағасына желкенді қайықпен жүзіп жету Селман үшін көзсіз құмарлық еді. Көкірегінде жиналған небір жалын сезімдерді қос құрлықты қосқан бұғаздың салқын суына тастайтын. Теңіз жақтан ескен қара жел жүрегінде алаулап жанған отты басатын.

Сол күні Харбие мен Бешикташтың арасындағы 15-20 минуттык жолда Босфор бұғазынан аяусыз соққан желге тап болды. Қалың киім киіп шыққан ол автобустан терлеп шығып, бірден суық желге ұрынған соң қалтырай бастады.

Желкенді қайыққа мінудің өзі батылдықты қажет етеді. Бар күшімен жентектеп жауған қарға қарамай, қол шатырын ашпастан, қайыққа қарай жортақтай басты. Қайыққа жеткенде секіріп, мініп алды. Қайықтың терезесінен Босфор бұғазының мұздай суына толассыз құйып жауған қарға қараудың өзі ғанибет тұғын. Желкенді қайық теңіздің суын ақ көбіктендіріп, Үскідарға қарай беттеді. Желге бағынбай жүзіп бара жатқандай еді. Қарсы жағадағы Михримах Сұлтан мешіті жаңбырдың астында баласын күткен қария ана іспетті «Қош келдіңіздер!» деп, Еуропа жағасынан келген қонақтарды қарсы алып тұрғандай.

Әдетте қайық кемежайға жақындап үлгергенше жолаушылар жолай секіріп-секіріп түсе бастайды. Содан жолаушыларды қарсы алған сатушылардың дауысы жан-жақтан жиілейді: «Ала ғой балам, үш-ақ лира… Кел бауырым, жаңа піскен, килосын үшке берем… Бері қара жерлес, автоматты қол шатыр, үсті-басың су болмасын, ала ғой!..»

«Бәрінен де менің дауысым естілсін» дегендей, бақар-шақардың ішінен суырылып шыққан жіңішке бірақ жүректі тесіп өтер бір дауыс шықты. Терең құдықтың түбінен талып жеткен үн сияқты. Дауыс иесінің бүкіл өмірдің азап жүгін арқалап жүргені белгілі еді. Жұртты аяқ астында сарғайып жатқан жапырақтар іспетті сыпырып жатқан қара жел Селманды үйіне асықтырса да, кімнен шыққаны белгісіз әлгі жіңішке дауыс өзіне баурай тартты. Кенет дулыққан жұрт жұтып жібергендей әлгі тылсым дауыс қайта жоғалды.

«Бет орамал сатам, бет орамал… Бет орамал алындар! Бет орамал…»

Таянышы жоқ қарт әже таяғына сүйеніп тұр екен. Аппақ бас орамалынан су өтіп кетіпті. Жүзінен сорғалаған тамшылар еріген қар тамшылары ма, әлде шексіз рақымның сырлы есігін ашатын көз жасы ма, онысын ажырата алмады.

Жанына жақындады. Қас қарайған сәтте дуылдаған жұрттың арасында жүзі нұрдай жарқырап тұрды. Әсілі әже сатушыға ұқсамайтын. Болуы мүмкін де емес… қолында қол шатыры да жоқ тұғын. Биіктеу келген тандыр тастың үстінде пакетке оранған бұйымдарды жайып қойып, сатып тұр. Бірнеше бет орамал ғана көрінеді.

  • Бір бет орамалыңыздан берсеңіз, – деп сұрады Селман баяу үнмен.

  • Ой, балам, Алланың нұры жаусын! – деп қуанғаннан батасын бере бастады әже.

  • Бағасы неше?

  • Сен не берсең, соған ризамын, балақай. Екі жүз елу кұрыш беретіндер де бар. Неше берем десең өз еркің.

  • Түсінікті ғой әже, бұл бағаға сатсаңыз, қалай табыс табасыз? Мынадай күн суықта болмашы табысқа бола тұрғаныңыз…

  • Азабым садағасы кетсін, қайыр тілеп күн көр дейсің бе? Бір-екі лира тапсам да, бір күндік наныма жетеді.

  • Олай болса, әжетай мынаны ала ғой.

  • Ойбай-ау, балам! Бұл көп қой. Маған артығың керек емес, сен бет орамалдың ақшасын бер, жетеді. Құдайдан ұят емес пе?

Сол күннен бастап Селман мүмкіндігінше қайықтан түсе сала әжесін іздеп, бет орамал сатып алып, қызғылықты әңгімесін тыңдайтын болды. Автобустан қайыққа мініп, қайықпен Үскідарға жетсе болды, басқа тірі жан жоқтай әжесін іздейді. «Бет орамал алыңдар, бет орамал…» деген дауысқа ғана құлақ түреді.

Бір күні ақ орамал киген әже әңгімесін айтып берді.

Он үш жыл бойы үлкен бір басшының қосағы болған екен. Өмірінде ешбір қиындық көрмепті. Құдай алам десе, бір-ақ күнде сыпырып алады екен ғой. Әйтеуір қол қойған қағазының кесірінен күйеуінен де, мал-мүлкінен де айырылады. Күйеуі басқа қатынға кетіп, өзі жалғыз қалады. Содан Үмраниедегі Дудуллу ықшам ауданы жағында қайырымдылық қорының сыйға тартқан кішкентай ғана тақтай лашығында тұрған екен. Аяғына шыққан жараны емдеуге жағдайы болмағандықтан таяқ таянып жүреді. Ешкімге масыл болғысы келмей, құлшылық-ғибадатын орындайтын бір тыныш орын іздейді.

  • Аш жүргенім түк емес, Құранымды оқып отыратын бір шаршы метр орным болса, дәретімді алып, намазымды уақытылы оқысам, бәріне тоба. Бір күндік нанның ақшасын табамын, – дейді Құдайға тәуекел етіп тұрған әже. Селманның көңілі босап сұрады:

  • Әжетайым-ау! Сонда сіздің тұратын жеріңіз жоқ па?

  • Жанып кетті балапаным, маған жаны ашып берген тақтай лашық лапылдап жанып, күл болды.

  • Қалай? Түгелімен бе?

  • Мен анау қордың қызметкерлеріне айтқам: «Менде көрпе бар, пештің керегі жоқ, өзіме осы жетеді» деп. Олар мені тыңдамай, әкеліп орнатып қойды. Құптан намазымды аяқтап, Иәсин сүресін оқимын деп отырғам. Сөйтіп оқып жатқанымда, ұйықтап кетіппін. Көрпенің шеті пешке түсіп, сонымен бәрі күл-талқан болды.

  • Әйтеуір өзіңіз амансыз ғой әже.

  • Балам-ау, сендер әлі жассыңдар. Иәсин сүресін оқыған ауызды Алла күйдірмейді ғой. Құдайға тоба, маған ештеңе болмады. Қазір уақытша біреудің отын сарайшығында тұрамын.

Селман бұл әңгімеден кейін ертеңгі күнін әжесіне арнауға бекінді. Зайыбын да құлағдар етті. Зайыбы: «Үйге алып келмедің бе? Өзім-ақ қарайтын едім ғой?» деп елең етті. Сонымен үйге алып келуге ниеттенді.

Ертесіне қуанышы қойнына сыймай, Үскідар кемежайына қарай асықты. Алайда әжені таба алмады. Кешкісін тағы сол бұрынғы сатып тұрған жеріне іздеп барды. Осы жолы жаңбыр аралас қар жауып жатты. Әженің ізін жасырайын деп қар әдейі жауды ма екен? Белгісіз.

«Әжетайым-ау! Қайда жоғалып кеттің?» деп күмбірлеп, көше аралап, тынбай іздеп жүрді. Әже із-түзсіз жоғалып кетті. Неше апта өтсе де, әжесінен хабар жоқ тұғын.

Селман бұдан былай бет орамал сатқан әжені көре алған жоқ, алайда Босфор бұғазының Үскідар жағасына барып тоқтағанда: «Бет орамал алындар, бет орамал…» деген дауыс үнемі құлағында жаңғырып тұрады. Содан ылғи ойға батқанда өз-өзінен сұрайтыны: «Ырыс іздеген тірі жанның барлығы осында… Әжетайым-ау, сен қайда жоғалып кеттің?!»

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Сурет: http://oyu.kz

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Жақсы әңгіме екен. Аудармашыға Алла разы болсын! Бірақ, аздаған қателіктері бар. Оны ескермей-ақ қоюға да болар еді. Дегенмен шығарманың мінсіз болғаны керек. Әсіресе тәржіма түпнұсқадан артықтау көрінсе өте жақсы. Сонымен, кемпірді сипаттағандағы: “Биіктеу келген тандыр тастың үстінде пакетке оранған бұйымдарды жайып қойып, сатып тұр”, – деген сөйлемдегі “пакетке оранған” деген тіркес дұрыс емес. Себебі, орану тірі жанға, адамға айтылады. Яғни, адамға оранады, қымтанады. Ал, мұнда “пакетке оралған” болуы тиіс. Осындай ұсақ, айтуға тұрмайтын-ақ кемшілік. Бірақ айтып қойдым.

  2. Жаяу Муса дурыс айтады. Ангиме оте жаксы екен. Унады. Аудармашыга рахмет. Маган асер еткен жагы: апанын кандай да бир жагдайда куран окып жургени…

  3. Жаксы аударма. Тілі жатық. Тәрбиелик мәни зор. Осындай шағармалар оқырманға ой салады, адам баласын имандылыққа тәрбиелейді. Жақсы әңгімелерді аудара беруіңе тілектеспін.

  4. ия мен де косылам. Керемет әңгіме және жаксы аударылған. Аллах разы болсын. Осындай әңгімелер көп болғай

талгат жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар