///

Қытай ақындарының өлеңдерінен

2683 рет қаралды
3

Қазақ оқырмандарына мүлдем бейтаныс жатқан бір әлем болса, ол – қытайдың әдеби әлемі. Тек ресми мәліметтердің өзінде қытайда жылына бес мың роман оқырман қауымына жол тартатынын ескерсек, “Ақсарбас” фильмінің сценарийін жазған Қытайға танымал қазақ жазушысы, Шынжаң Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Еркеш Құрманбекқызының: “Қытай әдебиеті әлемді жаулап алудың аз-ақ алдында тұр” деген пікірі еріксіз ойға оралады.  Қытай әдебиеті мен поэзиясы туралы Ардақ Нұрғазыұлының “Тибеттің қақпасында оқылған өлең” жолсапар естелігінен білген едік. Енді мінеки, сол қытай ақындарының өлеңдерін назарларыңызға ұсыну мүмкіндігіне ие болып отырмыз.

Уын Идуо

Қиялдағы кездесу

Күн батты, көзін жұмды үміт-сенім,

Буалдыр бөлме үнсіз .

Үріккен мұң .

Сезімді тербеп бар-жоқ арасында,

Қуаныш-қайғы аралас ымырт келді.

Ақша бұлт тұрғандай ма байлап көзді,

Аққу ма, жүрген сұлу жайлап көлді –

Кербез мүсін,

Шомылып ай нұрына

Жүрген бейне сол ма еді арбап мені?..

Тұрдық сосын, шығармай ешбір сыбыс,

Желегіне саусағым кетті тиіп .

Бар құпия мұң-сырды көкірекке

Тұмадайын

Жанарлар жатты құйып .

Сірә, кім бұл ? Тиіспін бағамдауға,

Есім жидым… Ай қайда, адам қайда?

Тымырсық түн, бұйығып бүкіл бөлме

Көз ілмедім көкжиек ағарғанша…

Сың Жооу

Құздағы дарақ

Бұл дарақты долы дауыл,

Салған сойқан көкте бүлік.

Терең шатқал бойындағы,

Жаламаға кеткенбе іліп?..

Тыңдайды ол мың бір ғалам,

Қара орманның сыңсығанын.

Терең шатта сыңғырлаған,

Тас бұлақтың күлкі-назын.

Құлазиды құз басында,

Мұңлы, қайсар қалыппенен.

Қыңыр-қисық тұлғасына,

Жел сұлбасын әдіптеген.

Терең шатқа құлап мәңгі,

Өшер ме екен арман әні.

Тұрма, әлде, жырақтағы,

Зеңгір көкке самғағалы?..

Ішегі үзілген домбыра

Берейін ішегі үзік домбырамды,

Шерткім келмес, шертпеймін оны мәңгі.

Айлы кеште, алдында терезеңнің,

Шырқайын сызылтып бір мұңлы әнді.

Уақытпен келмейді еріп кеткім,

Тағдырымды өзіңе ерікті еттім.

Махаббатқа шырмалып қайраңдаған,

Әппақ кемем жетегін беріп кеттім .

Маған мәлім

күтеді қандай тағдыр,

Келе жатыр дәл қандай төзітпес мұң .

Тұншықтырып сонда да махаббатты

Бір жола безіп кеттім…

Шүй Жымо

Каңчияу көпірімен тағы қоштасу

Келгенімдей еш үнсіз,

Жым-жырт қана аттандым.

Қол бұлғадым тек үнсіз,

Шұғыласына батқан күн.

Арай құшып бұлқынған,

Жағада тал – жас қыздай .

Сәуле ойнаған толқындар,

Жүрек қылын қақты ұдай.

Су түбінде жас құрақ,

Желкілдейді жайқалып.

Мен толқынмен бас құрап

Құрақ болсам жай тауып…

Саядағы таңда ояу,

Көрсең көлмек бұлақты –

Көктен құлап сан бояу

Тұнып қалған сияқты.

Ол да арман іздей ме,

Жас құраққа тамсанып?..

Жұлдыз тиеп бір кеме,

Барады, әне, ән салып.

Мен ән салман! Үнсіздік!

Қоштасудың мұңлы үні.

Каңчияу жым-жырт тұр мүлгіп,

Жапты ымырт түндігі.

Келгенімдей еш үнсіз,

Жым-жырт қана аттандым.

Қол бұлғадым тек үнсіз,

Шұғыласына батқан күн.

Ғайып

Ақша бұлтпын бір шөкім мен көктегі,

Көлеңкеммен жүремін тербеп сені.

Ғажаптанба, ұнатпа –

Ғайып болам

Әп-сәтте табылмай еш дерек-тегі .

Қалғыған қараңғы түн қымтар демі,

Жолдар басқа … Бол сәулем ұмытар мені.

Шығар естен

Теңізде кездескенде

Жанарлардан жалт еткен бір сәулені!

Фың Жы

Мен бұлақпын…

Мен бұлақпын

Тұсыңнан ақтым құлдай,

Таңғы арайдай сәулеңді абайсызда

Майда толқындарыма жаптың тынбай.

Ағып өттім орманнан қақ тұсымда,

Сылқ-сылқ күліп мап-майда толқындарым

Жап-жасыл жапырақтың көлеңкесін

Сенің иықтарыңа жапты сыйға.

Ағып өттім құрақтар арасынан,

Бүлк-бүлк етіп былдырлап толқындарым

Құлпырған бәйшешектің көлеңкесін

Кигізді саған тәж қып нақ асылдан.

Қосылдым

Мейірімсіз мұхитқа алып…

Ұрғылап долы дауыл, тентек толқын,

Тәжім сынды, қалмады иықта түк.

Еріп ессіз толқынға айдалада

Кеттім қаңғып, шет-шексіз маң далаға.

Арайдайын сәулеңді жоғалтыппын

Қайда қалды сол сәуле, қайда ғана!..

Қытай тілінен аударған: Байсенім ӘБДІБЕК

Дайындаған: М.Әуелхан

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. маған бұл халықта поэзия деген құдіретті түсінетін адам жоқ сияқты болып көрінуші еді… бұл ойымды мына өлеңдер өзгерткен сияқты…

  2. Рахмеи. Әлем әдебиетін тану, білу, оқудың есігін ашыппыз

Ағзан Гулнара жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері