///

Мәскеуде Абай жинағы екінші рет басылып шықты

1141 рет қаралды
1

Осы аптада Мәскеуде Абай өлеңдері жинағы орыс тілінде үш мың данамен басылды. Кітаптың алғысөзінде “қазақ ақыны орыс оппозициясы көңіл-күйінің символына айналғаны” жазылған.

– Үш мыңдық жаңа тираж қатты мұқабамен бүгін басылып шықты. Апта ішінде Ресейдегі ірі дүкендерге таратамыз. Он шақты күннің ішінде кітап Қазақстанға да жетіп қалады, – деді шілденің 9-ы күні ресейлік «Альпина нон фикшн» баспасының жетекшісі Павел Подкосов Азаттық тілшісіне.

Баспа 1945 жылы Мәскеуде «Художественная литература» баспасынан шыққан, әртүрлі аудармашылар аударған Абай өлеңдерінің топтамасын кітапқа енгізген.  Жинаққа ақынның әртүрлі тақырыптағы 58 өлеңі кірген.

– Лирикадан бастап, достық, табиғат, қоғамдық-саяси мазмұндағы өлеңдер бар. Біз өлеңдерді белгілі бір тақырып бойынша таңдаған жоқпыз. Ақын шығармашылығының толық бейнесін көрсете алатын өлеңдерін алдық, – деді Павел Подкосов.

«ОККУПАЙАБАЙ» МЕН АБАЙ

Баспа өкілінің айтуынша, жаңа кітап (бағасы 200-300 рубль) Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Новосибирск сияқты Ресейдің ірі қалаларындағы кітап дүкендерінде сатылмақ. Бұл кітапты Қазақстандағы ірі дүкендер желісіне де жеткізуді де жоспарлап отыр. Бірақ мұнда кітаптың қанша теңге болатыны әзірге белгісіз.

​​Баспа өкілінің сөзіне қарағанда, Абай өлеңдері жинағының бір бөлігі (шамамен 100-200 кітап) Мәскеудегі қарсылық жиынына қатысушылар арасында тегін таратылады.

– Абай ескерткіші орналасқан Чистый прудыда қарсылық жиынына қатысушылар үнемі кездесу өткізіп тұрады. Олар кездесулерін қарсылық формасында емес, семинар, жиналыс түрінде өткізеді. «Ассамблея» деп аталатын мұндай жиын аптасына екі рет Абай ескерткішінің маңында өтіп тұрады. Келетін адамдар саны аса көп емес.  Сондай кездесуде шамамен 100-200 кітапты тегін тарату ойымызда бар, – деді Павел Подкосов.

Маусым айында бұл баспа Путинге қарсы “ОккупайАбай” шарасы кезінде аса танымал болған Абай шығармаларын орыс тілінде, 330 данамен шығарған еді.

Баспа өкілінің айтуынша, олар әуелі сұранысты байқап көрген.
Баспа директоры Павел Подкосовтың айтуынша, алғашқы тираж бірінші күні-ақ сатылып кеткен.

Подкосов кітап шығару идеясы алғаш “ОккупайАбай” жиынында пайда болғанын айтты. Кітапқа Борис Акунин, Лев Рубинштейн, Артемий Троицкий сияқты орыстың белгілі әдебиет өкілдері шағын рецензия жазған.
​​​
Баспаның ресми сайтында Абайдың таңдаулы өлеңдер жинағына мынадай сипаттама берілген: «2012 жылы Мәскеудегі көктемгі оппозициялық көңіл-күйдің символына айналған Абай Құнанбаев пен оның өлеңдеріне деген қызығушылық кездейсоқ емес. Көтерілісшіл ақынға ескерткіштің байқаусызда дәл керек орынға (оппозицияның жиналатын орыны болғанын айтып отыр – ред.) қойылуында таңғаларлық әрі символдық сәйкестік бар. Өткен ғасырдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ағартушы, философ әрі қоғам қайраткері Абай өлеңдері оқырман қауымның осыған көз жеткізуіне мүмкіндік береді»

ОППОЗИЦИЯ СИМВОЛЫНА АЙНАЛҒАН «ТҮСІНІКСІЗ ҚАЗАҚ»

Ресей азаматтық қозғалысы өкілдерінің Абай туралы жаза бастауына блогер Алексей Навальныйдың бір сөзі себеп болды.

​​Ол полиция Мәскеудегі наразыларды кезекті рет қуып-таратқаннан кейін, мамырдың 8-інде демонстранттарды Чистые пруды тоғанының қасындағы Абай ескерткішінің маңына жиналуға Twitter арқылы шақырды. Сол жерде ол «Нас с Удальцовым выпустили, едем на #чистыепруды к памятнику непонятному казаху» («Удальцов екеуімізді босатты, #чистыепруды жақтағы түсініксіз қазақтың ескерткішіне барамыз») деп жазған еді.
​​
Алексей Навальныйдың Абайды «түсініксіз қазақ» («непонятный казах») деп сипаттауы қазақстандық Twitter қолданушылардың шамына тиіп, осы әлеуметтік желіде Навальныйдың жаңағы сөзі қызу талқыланды.

Блогер бұл сөзі үшін қазақстандықтардан кешірім сұрап, Абай туралы біраз мәліметтермен танысқанын, ақынның кім екенінен хабардар болғанын жариялады.
Бұдан соң Путин режиміне қарсы шыққан ресейлік шерушілер үшін Twitter-де #Оккупай Абай («Абайды басып ал») деген хэштег (кілт сөз) танымалдығы жағынан бірінші орынға шықты.

Шерушілер әлеуметтік желідегі осы парақта бір-бірімен табысып, жөн сұрасып, қарсылық қозғалысына қолдау көрсетті.

Мамырдың 10-ы күні Чистые пруды маңында өткен шарада қазақ ақыны Абай ресейлік оппозицияны біріктіруші символдардың біріне айналды.
​​
«Түсініксіз қазақтың» тарихын зерттей бастаған Ресей белсенділері Абай мұрасынан «жандарына жақын ұғымдар тапқандарын» жазды.

Азаматтық қарсылық қозғалысы жетекшілерінің бірі Алексей Навальныйдан бастап, Livejournal, Twitter мен Facebook-тің қарапайым қолданушыларына дейін ақын өлеңдерін Путин режимін сынайтын «қаруға» айналдырған.

Мақпал Мұқанқызы, “Азаттық” радиосы. Тақырыбы өзгертілді.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Құнанбаев демей-ақ Абай дегенде жарасып-ақ тұрар еді.

Қара жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар