//

Қазақтағы қалам қайраткерлеріне(Ашық хат)

1226 рет қаралды
2

Әдебиеттің бір сүйенетін діңгегі газет-журнал екенін бұл күнде жұрттың бәрі де ұққан. Даусыз хақиқат екенін бәріміз де мойындаймыз. Газет-журнал жалпы әдебиетпен қосылған жерде елдің қисығын түзейтін, тез – терісін көрсететін айна, ойы менен көңілін білім жарығына қарай айдайтын айдаушы екенін де тегіс ұғамыз. Бірақ, қазақта баспа сөз шыға бастағанына бір талай заман болса да дәл әлгі айтылған тәрбиешінің міндетін атқарып, елдің бетімен рухын өзі ұғып, өзінің бетімен рухын елге үнемі ұғымды қылып, түзу жолмен аумай жүріп отырған газет-журнал көп болды деп айта алмаймыз. Бұл санды көтеретін толымды жалғыз газет «Қазақ» еді. Оның өмірі ұзын болған жоқ. Одан кейінгі шыққан газет-журнал болса, көбінесе бір қалыпта тұра алған жоқ. Не басындағы адамы ауысыды, не заманы ауысады, көбінің өмірі тіпті болымсыз, қысқа болады. Сонымен, тәуір сөздің қадірін ұғып, құлағын түріп қалған қазақ бәрінен де қана жұта алмай, әдебиеттің тәуір бұйымдарын көксеп отыр. Бұл айтылған сөз, біздің баспасөздің ұйқын-тұйқын болып, жөндеп, шыға алмай жүрген бір дәуіріне тиісті болса, осы соңғы бір екі жылдың ішінде, тағы бір дәуір туып отыр. Бұл баспасөздің басылуы, күшейген уақыт деуге болады. Бірақ, қалың қазақтың тілегіне келгенде бұл саны бар, сапасы жоқ сөздерге ұқсайды. Өте көп, өте қиын жаңа сөздер сөйленіп жатыр. Солардың әдебиет арқылы бірде-бірі қазақтың миына іріп, рухына сіңді ме? Сіңген жоқ. Себебі, бұл сөздер суықтық қылып отыр. Елдің қышулы жерін тауып, өзінің керек боларлық орнын білмегендіктен оқушыны таба алмай отыр. Сондықтан біздің осы күнгі баспасөзімізден арзан сөз жоқ. Бұл арада, ел біржолата баспа сөзді оқи білмейді. Надан сөз қадірін әлі ұққан жоқ деп елді орынсыз кінәлаудың қисыны жоқ. Ежелден жазу заңы – әрбір жазушы өзіне лайықты оқушы табу керек. Әрбір әдебиет ретті әдебиет болар десе, сол оқушының ауданын үлкейту керек. Сондықтан, жазушының міндеті: ел неге қызығады, нені көксейді, қандай рухы бар, соны ұғып алу, һәм соған лайықтап сөзін жазу. Біздің осы күнгі газеттерімізді алсақ, кейбірі бұл шарттардан біржолата таза болып аман тұр. Кейбірінің кім екені белгісіз. Көбі әрі-бері сандалуда. Сондықтан газеттерден қазіргі уақытта жұрттың көбі жамандау бөлімін ғана оқиды. Ол неден? Себебі, жамандау қазақ мінезінде өсекшілдіктің салдары. Бұл жерде газет те ел рухына жақындайды. Сондықтан ол бөлімнің оқушысы бар. Оның үстіне, өзгешелікті қоя тұрғанда, қазіргі кейбір баспасөздерде көбіне қазақтың мақтаншақтығы шығатын болды. Бұл әдет оқушы жиюдың орнына көп жұртты баспа сөзден жирентіп барады. Осы айтқанның бәрі де әдебиеттің елге тәрбие бере алмай, я рухына жақындай алмай, ол міндетін атқара алмай жүргендігінің белгісі. Бірақ, осымен қатар елдің қазіргі тілегіне, әдебиеттен іздейтін бөліміне (спросына) қарасақ, ол белгілі: ашық, дұрыс, бірақ тілек болып отыр. Қазірде қаладағы оқыған тобын былай қойып, қырдың көпшілігін алсақ та, солардың осы күнгі іздейтін таза әдебиеттің бұйымдары екені даусыз. Ертеден айтылып жүретін бір сөз бар: қазақ жаратылысында беллетрист деген. Бұл қазақтың қай заманына болса да қисынды сөз, осы күндерде мұның шындығын көріп отырмыз. Таза әдебиетке өсіп келе жатқан қазіргі құмарлық осының салдары. Сондықтан, шығып жатқан газеттердің бұндай істерге жамандау мен мақтанудан қолы тимейтін болса, оларға бетіңнен жарылқасын деп әдебиет бөлімі бар. Журналдарда елдің әлгі тілегін де еске алып, таза әдебиет ауданындағы сөздерді жазуы, жас жазушылардың міндеті. Бұл айтылғандардан басқа екінші бір мәселе – қазақ әдебиетінің неше түрлі үлгісі болса да, әлі қалыпқа түсіп, бір тәртіпке салынған жоқ. Соған хәркімнің пікірін біліп, таза әдебиетке бір жол салу бет түзеуде, бүгінгі күннің қарызы сияқты. Бұл жерде көмекші болу тағы да біздің жазушылардың міндеті. «Шолпанның» бетінде, осы айтылған сөздерді іске асырамыз ба? деген үмітпен басқарма, журналдың ілімі һәм әдебиет бөлімдеріне лайықты мақалаларды жіберіп тұруын қазақ жазушыларынан сұрайды.

Басқарма атынан Мұхтар Әуезов

“Алаш көсемсөзі” кітабынан, І-том 

Сурет: egemen.kz

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Қазіргі қалам қайраткерлеріне де арналған ба деп қалуға болады екен. ХХI- ғасырда да сол күйімізде қалып қойғанымызды Мұхтар ата білсе, ендігі Ашық хатында не жазар еді?!…

  2. Иә, шынымен де біздің қаламгерлердің жалтақойлығы көп дүниеге әсерін тигізіп жатыр ғой қазір. Олардың көзі, іші сезіп, жаны біліп отырған дүниені көп халық көрмейді, білмейді. Ал, олар айтуға қорқады. Наннан, атақтан айырылып қалудан қорқады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар