//

Рабиндранат ТАГОР. ӨЛЕҢДЕР

665 рет қаралды

Рабиндранат ТАГОР

ӨЛЕҢДЕР

Аударған Ж.Әбдірашев

“Түйінді түйірлер” (“Коника”) атты кітабынан

1899

КЕМЕҢГЕР КӨҢІЛІ

“Уа, жомарт Жер! – деді бірде Нарада,

– Ақылынан алжасты ғой бар адам.

Өздерінше шеттерінен бір керім,

Саған тіпті тигізеді тілдерін.

Шіріген бір ұяға сені балайды,

Балайды да, жиіркене қарайды,

Айырсаңшы астан, судан, наннан шын,

Ашықсын да Ұлылығыңды аңтарсын!”

Жер былай деп жауап берді:

“Жанымды ұқ

Ондай жаза – емес бауырым, әділдік.

Не қыламын бейпіл сөзді тиям деп,

Маған әсте одан келер зиян жоқ.

Ең алғашқы, ең ақырғы рет те

Емес қой бұл!

Артып қайтем құр өкпе!

Егер сол сәт қабақ түйсем бұлтартпай,

Ақымақтар кетеді өліп, тіл тартпай!

” ЖАЛАҚЫ МЕН ҚАЙЫР “

Уа, ұлы Жер.

Сен не деген сараң ең?!

Үздігемін үзім нанға бола мен

Соңғы кезде ұйқыны да ұмыттым,

Ащы терге неге сонша құнықтың?

Салмай жұртты сергелдеңге, сарсаңға,

Сахилыққа үйренсеңші ”

Жер сонда Былай деді:

“Тереңірек ойлашы,

Саған, Маған оның қанша пайдасы?!

Мен жоғалтып алар едім барымды,

Сен жоғалтып алар едің арыңды!”

ЖЕР ЖҰМАҒЫ

Оң жағасы өзеннің, көздің жасын бір сығып,

Деді: “Арғы жаға ғой – шын бақыттың тұрағы!”

Сол жағасы өзеннің қарс айырыла күрсініп,

Деді: “Арғы жаға ғой – жердің нағыз жұмағы!”

МАҚТАУ ЖӘНЕ ДАТТАУ

Мақтау және Даттау бір күн сөз кесіп,

Жас дарынмен оңашада кездесіп,

Сауал қойды: “Бүкпесіз сыр айтыңыз,

Қажет сізге екеуміздің қайсымыз?”

Сонда былай жауап берді Жас дарын:

“Сенен де мен,

Сенен де мен қашпадым,

Екеуіңді бөле-жармай құшқам шын,

Екеуің де һәм доссың, һәм дұшпансың”.

ПРОЗА МЕН ПОЭЗИЯ

“Сен не деген икемсізсің, – деді

Жебе Сойылға,

– Ұша алмайсың, иілмейсің – ауырлық бар бойыңда,

Кел, жарысқа түс менімен, екпініңнен есіп от,

Басты босқа мең-зең етпей, кеуделерді тесіп өт!”

МӘҢГІЛІК ПЕН ӨТКІНШІ

Деді Патша: “Дүниеге Әділдікті мен бердім!”

Деді Әділдік: “Дүниеге әлдеқашан келгенмін!

Батты сансыз күндерім, атты сансыз таңдарым,

Сенің дағы о, мырзам, әділ емес заңдарың!”

КҮН ЖАУЫ

Депті бірде Жапалақ:

“Не қыласыңдар дауласып,

Көктегі Күнмен жауласып,

Бекерге жүрген жоқпын ғой,

Жапалақ деген атақ ап”.

ЖАЛҒЫЗ ҚАҚПА

Өтіріктен қорқып біздер,

Қақпамызды жауып алдық тас қылып.

Кірерге жер таппай

Шындық!

Қалды сыртта, жанарына жас тұнып.

АБАЙЛАУ

Жақсылар мен Жамандар

Бір-біріне ит қосып, айтақтасып өтеді.

Ал дүбәра адамдар

Аяқтарын дүниеден байқап басып өтеді.

МӘҢГІ ЖАСАРУ

Батар Күннің бал-бұл жақ оған бетінен

Сүйді де Түн, былай деді:

“Өтінем!

Ұлым менің! Қорықпа сен! Ажалмын!

Қойнымда бір мұңсыз-қамсыз демалғын!

Сені өмірге мен бергенмін!

Қайта алам Қайта аламын, берем бірақ қайтадан.

Не қыласың жанарыңа жас алып,

Мәңгі осылай отырасың жасарып”.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі