///

Сыншының күнделігі

990 рет қаралды
2

2011 жыл 13 қыркүйек

Қасымның тойына барып қайттым. Екі нәрседен көңілім қалды. Біріншісі – ақындар айтысы, екіншісі – жазба ақындардың мү­шайрасы. Ақындар айтысында жыр алыбының рухы, көркемдік бейнесі ашылмады. Оның үстіне айтыскер ақындардың бәрі де жағым­паздықтың көрігін қыздырып, қазылар алқа­сының төрағасы Мырзатай Жолдасбеков пен оның көмекшісі Жүрсін Ерманды мадақтап кетті. Айтыстың соңында Мырзатай ағамыз сөйлеп: «Абылай қазақтың басын біріктіре алған емес» дегенде, жүрегім айнып, жерге түкіргім келді.
Жазба ақындардың мүшайрасында бас жүлдені – Ұлықбек Есдәулет жеңіп алды. Мен Ұлықбек Есдәулеттің ақындығын жоғары бағалаймын. Ол туралы «Құс қанатындағы жыр» атты мақала да жазғанмын. Дегенмен, осы жыр додасында бас бәйгені жұртқа әбден танылып қалған емес, ауыздығымен алысқан бір жас талантты ақын жеңіп алса қандай жарасымды болар еді. Соңғы жылдары өткізіліп жатқан мүшайраларда белгілі бір ақындардың қайта-қайта жүлде алуы үйреншікті құбылысқа айналды. Мұндай келеңсіз құбылысты қалай тоқтатуға болады? Білмеймін.

2011 жыл 15 қыркүйек
«Ревизор» комедиясының сахналанған қойылымның бірде-біреуіне Гогольдің көңі­лі толмапты. Себебі, ұлы жазушының айтқысы келген негізгі ойын, сол уақыттағы режиссерлардың ешқайсысы түсінбеген. Гоголь «Ревизор» шығармасы арқылы қоғамның өтірік болмысын әшкереледі. Ақиқатында, көрерменді қыран топан күлкіге батыратын Хлестаковтың өтірігі – қоғамның шындығы. Сайтанның тұзағына ілінген қоғам ойдан шығарылған өтірігіне кәміл сенеді. «Ревизорда» үлгі алуға тұратын, өтірік айтпайтын бірде-бір кейіпкер жоқ.
Өтірік – тіршілік үшін күресудің жалғыз жолына айналған. Патша – министрлеріне, министрлер – қарамағындағы шенеуніктерге, шенеуніктер – қарапайым халыққа өтірік айтып – бүкіл қоғам өтіріктің батпағына батып барады. Ең қорқыныштысы қоғамның өзі де сол ойлап тапқан өтірігіне имандай се­­не­ді. Хлестаков ойдан шығарған 100 пайыз өтірігіне қарамағындағыларды иландырып қоймай, өзі де оған 200 пайыз сенеді. Хлестаковтың айтып отырғандарының бәрі шын мәнісінде қоғамда болып жатқан, жұрттың еті үйреніп кеткен – қалыпты құбылыс. Өтірікпен санасы уланған халықты түзу жолға салу да мүмкін болмай барады. Өйткені, өтірік айту өмір сүрудің мораліне, керек болса тіпті, басты қағидасына айналған.
Қолыңнан келсе өтірік көлгірсіп, билікке жақсы көрініп, жағдайыңды жақсартып ал. Биліктің тапсырмасын екі етпей орындап, әр уақыттың өз моралі болатыны туралы өтірікпен жүрегіңді жұбатып, ар-ұятыңды саудалаудан да ұялма. Қолыңнан келсе өзіңді өтірік мақтатқызып, халықтың абызы болып көрінгін. Қолыңнан келсе, өтіріктің құдіретті күшін пайдаланып, атақ-абырой алғын. Қолыңнан келсе, өтірік айтып, қонышыңнан бас. Қолыңнан келсе….
Шындық ше? Жоқ айта көрмеңіз. Шын­дықты айтсаң бәрінен қағыласың. Шындық – ұшпаққа жеткізбейді. Шындықты – патша да, билік те, қара тобыр да, тіпті, осы сөзді жазып отырған мына сен де жек көресің. Шындықты айтсаң бәрі сенен ат-тонын ала-қашады. Сайтан салтанат құрған қоғамда шындыққа орын жоқ. Сайтан салтанат құрған уақыттың патшасы – өтірік, өтірік, тағы да өтірік. Неғұрлым өтірікті көп айт­қан сайын соғұрлым беделің өсе түседі. Неғұрлым өтірікті көп айтқан сайын жұрттың сүйкімдісіне айналасың. Атақ-даңқ, қызмет… бәрі-бәрі тек өтіріктің арқасында келетін, қол жеткізуге болатын қоғамның игілігі. Тіпті, өлген соң да сен туралы қоғамдағы қалыптасқан өтіріктің арқасында атағың дүрілдеп жатады. Ендеше, пайдасыз, ащы шындықтан гөрі, дәмін татқан сайын, жаныңа жаға түсетін тәтті өтірік артық емес пе?

28 қыркүйек
«Саясатқа араласпаймын таза шығар­машылықпен ғана айналысамын» дейтін жазушыларды елдің келешегі үшін жаны ауырмайтын, жеке басының тыныштығынан өзгені ойламайтын тоғышар немесе қорқақ адамдардың қатарына жатқызамын. Елдің байлығы тоналып, несібеміз жатқа бұйырып, рухымыз құлдырап, тіліміз шалажансар күйге түсіп, әлеуметтік ахуал да күрделеніп, жұмыссыздық белең алып, халық қайыршылыққа ұшырағанда тамағын тойдырып, тыныш ұйықтап, бұрқыратып әңгімесін жаза беретін ақында қандай ұлы сезім болуы мүмкін?
Дей тұрсақ та, қоғамда халықтың емес, жеке басының қамын күйттеп саясатқа араласатын екіжүзді ақын-жазушылар көбейіп кетті. Бірте-бірте олардың іс-әрекеті қоғамды аздырып-тоздыратын күшке айналды. Басқасын айтпағанда, олар тіпті ұлттық мүддені сатқаннан да ұялмайтын, арланбайтын болып алды. Атақ-даңқ пен мансапқа жету үшін жағымпаздықтың жазылмайтын дертіне шалдықты. Жағымпаздық оларды ақылынан адастырып, халқына, өткен тарихына топырақ шашатын сорлы күйге жеткізіп, мұның ақыры өз ұлтына қарсы «қарапайым фашизмге» ұласты.
Орыс жазушысы Достоевскийдің күнде­лігінен «Әдебиетте құлдық болмауға тиіс» деген аталы сөзді оқып едім. Ал, біздің бүгінгі әдебиетіміз рухынан айырылып, күннен-күнге жаппай құлдыққа бойсынып барады.
Әдебиет – ұлттық рухы. Ұлттық рух төмендеген жерде – ұлы әдебиет тумайды. Әдебиет рухын жоғалтса – ұлт өледі. Біздің рухымыз өліп қалған жоқ па осы? Үрейлі сауал.

7 қараша
Үлкен таланттардың қай-қайсысы да әдебиетке салғаннан өз қолтаңбасы мен үнін айқындай келген. Байрон 23 жасында «Чайльд Гарольд» поэмасын жазып, қоғамды дүр сілкіндірген. Виктор Гюгоның жиырма жасында алғашқы жыр жинағы жарық көріп, талантына тамсанған король Людовик ХVІІІ –ші шығармашылығын жалғастырып тұру үшін жазушыға жыл сайын төленіп тұратын қомақты қаламақы тағайындаған. Пушкин мен Лермонтов ең ғажайып туындыларын отыз жасқа дейін ақ жазып үлгерген. Гоголь орыс әдебиетінің Гомері атанып, ең соңғы жазған «Өлі жандар» поэмасының нүктесін қойғанда бар-жоғы отыз үш жаста еді. Қазақ халқының әйгілі қамқоршысы, жазушы Ға­лымжан Ибрагимов 1911 жылы шыққан «Қа­зақ қызы» романының бірінші бетіне 16 жа­сар Мағжанның «Айға» деген өлеңінің бір шумағын эпиграф етіп келтіреді. Алпысыншы жылдары әдебиетке ауыздығымен алысып келген Мұқағали, Ғафу, Жұмекен, Төлеген, Тұманбай, Қадыр, Сағи, Фариза, Кеңшілік, Жұматай сияқты ақындар мен Мұхтар, Әбіш, Қалихан, Ақан, Сайын, Тынымбай, Төлен, Дулат, Асқар.. сияқты жазушылар отызға толмай-ақ әдебиетіміздегі құбылыс болған туындыларын туғызды емес пе? Бі­рақ, өкінішке қарай жоғарыда есімдерін мысалға келтіргендердің көпшілігі сол бағындырған биігінде тұрақтап қала алмады.
Жас кезінде бір жақсы дүниесімен жылт етіп көрініп, соңынан көрінбей кететіндер туралы әңгіме басқа. Мен олардың бойында үлкен таланттың болғанына күманмен қараймын. Егер, сенің бойыңда талант болса, қайда жүрсең де ол сені тыныш жатқыз­байды емес пе?
Шын талант әдебиетке қошемет көру үшін емес, адамгершілік мұраттарды жырлау, қоғамдағы әділетсіздіктермен күресу үшін келеді. Әдебиет – адамтануды ғана емес, адам болып қалуды да үйрететін ұлы өнер. Достоевский бір сөзінде «мен адам болып қалғым келгендіктен өмірімді әдебиетке арнадым» деген екен. Жиырмасыншы ғасырда туған ақындардың ішінен біз Мағжан мен Мұқағалиды қара тобырдың ортасында да адам болып жарқырап жүргені үшін ерекше жақсы көреміз ғой.
«Пендешілікке салынғанда, ар-ұятыңды сатқанда, адамдық қасиетіңнен айырылғанда тұрған не бар?» деп ойлап, жалғанды жалпа­ғынан басып өтетіндер де болады, өмірде. Ондай­лар биліктің аяғына жығылып, патшаны мақтап поэма жазады. Заман қай уақытта да жа­ғым­паздар мен алаяқтардікі болғандықтан, ондайлар өз уақытында құрмет пен қошеметке бөленеді. Атақ-даңқтың, сый-сыяпаттың бәрін көреді.
Гогольдің «Портрет» деп аталатын пове­с­ін­де, бойында қабілеті бар бір суретші күн­кө­рістің қамы үшін талантын сатып, күнін көру­ге көшеді. Уақыт өте келе ол нағыз алаяққа айналады. Бір күні, ол ғажайып өнер туындысын көріп, есінен танып қала жаздайды. Күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылады. Бәрін тастап, шын мәнісіндегі өнер туындысын жазғысы келіп, азапқа түседі. Қиналады. Бірақ, ақыл-ойы да оны тыңдамай, арзан портреттерді салып үйреніп қалған қолы да икемге келмей қояды. Сонда ғана суретші қаншалықты жүрегін кірлетіп алғанын түсінеді. Бірақ, енді бәрі кеш….
Әдебиетке ұлы мақсат қуып келген ақын-жазушылардың көбісінің біраз уақыт жақсы шығарма жазып, кейіннен сондай дүниелерді туғыза алмай жататынының мен білетін бір-ақ үлкен себебі бар. Ол – жүректің кірлеуі. Жүрегі кірлеген жазушының, ақыл-ойы да ластанады, парасатынан айырылып, санасы солады. Бірақ, уақыты келгенде шығармаларыңмен бірге сенің жүрегіңнің тазалығы да әдебиеттің таразысына салынатын болады. Сонда барлық шындық, әдебиетке жасаған опасыздығың, ұлтыңды қалай сатқаның (билікке жағымпаздану – ол ұлтқа жасалатын ең үлкен сатқындық), халықты қалай алдағанын бәрі-бәрі айтылады. Уақыт барлығын да өз орнына қойып береді. Ал, әзірге бізде кім көп, классик көп.

9 қараша
Әдебиет біздің сұлулық пен бақыт жайлы армандарымызға ой тастап қана қоймай, төніп келе жатқан қауіп-қатерді алдын ала ескертетіндігіне, кез-келген қысымды ашық көрсететініне ешкім күманданбай-ақ қойсын. Осыдан келіп мынандай сұрақ туындайды: адам баласының шыр етіп өмірге келгенінен бастап о дүниеге аттанғанға дейінгі қадамын бақылағысы келетін режімдердің барлығы әдебиеттен қорқатыны соншалық – репрессивті цензураны енгізіп, тәуелсіз жазу­шыларды көздерінен таса қалдырмайтын себебі неде? Олардың бұлай әрекет етуінің себебі – оқырманның кітап кейіпкерлерінің кейпіне еніп, шынайы өмірмен салыстырып, қиялданатынын сезеді, ал, жазушылардың «қиялынан туған» дүниесінің кейде бүлікке ұласып кететінін түсінеді. Себебі, оқырман көркем шығарма арқылы обскурантизм (ағартушылық пен ғылымның жауы) мен үрейлі еркіндік, бостандық жеңе алатынына көзін жеткізеді, оны шынайы өмірде жүзеге асырғысы келеді…

***
Шынтуайтына келгенде жазушылық – мұрныңнан қаның аққанша еңбек етуді талап ететін кәсіп. Кей сәттерде жазушының фантазиясы азайып, қайратың да кемитін кездерің болады. Кейде ой мен қиялдың қамалында қалғаныңдай күй кешесің. Менің өмірімдегі ең бақытты сәттерім – айлап, жылдап оқиғаны «құрастыру» үшін, беймәлім дерек көздерін зерттеу-зерделеу, жүріп өткен жолдардың естеліктерін парақтау, осы сәттегі қиялдар. Осылардың барлығы шабытпен қосылған сәтте әсерлі әңгіме жазуыңа жол ашылады.

***
Әдебиет өркениеттің мәңгі жасауы үшін қажет. Әдебиет адамдардың қайта тобырға айналып, азғындамауы үшін керек. Өзіміз ойлап тапқан машина бізге қызмет етпей, қайта біз, сол машинаның басы бай­лы құлына айналып кетпеуіміз үшін әде­биет мәңгі жасауы керек. Әдебиетсіз әлем ұмтылыссыз әлемге, идеалсыз әлемге айналар еді.

28 қараша
Алматыға барып, Мұқағали сыйлығын алып қайттым. Сыйлықты табыс ету рәсімі Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Мұқағалидың шығармашылығы туралы Жүрсін Ерман баяндама жасады. Баяндама көңілімнен шықпады. Ұлы ақынның шығармашылық мұратын түсінбегендіктен баяндамада Мұқағалидың шығармашылық ерекшелігі, тұлғалық даралығы ашылмай қалды. Сосын, пасық саясатын жүзеге асыру үшін Мемлекеттік сыйлыққа байланысты сасық сөзді Мұқағали туралы әңгімеге араластырудың қажеті қанша еді?
Мен түсінбеймін. Мемлекеттік сый­лықты ал­ғанда немесе алмағанда тұрған қандай үл­кен трагедия бар? Шығармашылықтың ұлы мұраты Мемлекеттік сыйлыққа қол жет­кізіп, оны құшақтап өлу болмаса керек. Сол үшін, өтіріктен, қалың елі қазағы үшін қамығып, азап шеккен Абайдың позасына тұрудың керегі бар ма? Шындығымды айтсам, өткен жолғы Мемлекеттік сыйлық Елбасын өтірік мақтап кітап жазғандарға емес, Жұмекенге бұйырғанда қатты қуандым. Егер, сол жолғы Мемлекеттік сыйлық билікке жағымпазданғандардың біреуінің еншісіне бұйырғанда масқара болар едік.
Әділіне жүгінсек, Жүрсін ала алмай жүр деп қара аспанды жаудырып зарлаған Несіпбек Айтұлы мен Серік Ақсұңқарұлы, сол сыйлықты алмағаны үшін ғана қоғам­нан жақсылық көрмеген, бақытсыз ақындар болып саналуға тиіс пе? Өлген соң, Мұқағали мен Жұмекенге жүгіріп жүріп сол сыйлықты алып бергеннен не ұттық? Қайта, осы екі ұлы ақынға сол сыйлықты әперу арқылы, біз олар­дың халық алдындағы қадыр-қасиеті мен беделін төмендетіп алған жоқпыз ба? Мұқағали Мақатаев – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген сөз, құлаққа қалай түрпі естіледі десеңізші. Менің ойымша, дәл бүгін сол сыйлықты алуға ұмтылмаған адамдар абыройлырақ бола­тын сияқты. Біреуісі – жылап, біреуісі – сұрап, біреуісі – адамын салып, біреуісі – билікті мақтап, өлермендікпен алып жат­қан Мемлекеттік сыйлықта қандай абырой қалды?
Алматыға бара салысымен, бірнеше Букинистке кіріп шықтым. Қалтама қомақты қаржы түскен соң біраз кітап сатып алдым. Виктор Гюгоның алты томдығын қолға түсірдім. Алматыдан Астанаға бір қап кітап арқалап қайттым. Үйге әрең көтеріп келдім…
Толстойдың «Арылуын» оқып жатырмын. Ғажап шығарма. Мен бұл романды ең алғаш рет оныншы сыныпта жүргенде оқыған едім. Енді, отыз жыл өткен соң қайта оқып, мүлде басқа сезімді басымнан кештім. Толқыдым. Тебірендім. Ойға баттым.
Шынтуайтында Катерина Маслова емес, бүкіл қоғам жалаңаштанып, жезөкшелікпен айналысып, күнаға батып жатқандай әсер қалдырды, маған. Егер, Маслова тәнін сат­са, арсыз қоғамдағы шенеуніктер, заң­герлер, зиялылар… ар-ұятын сатып, ру­хани жезөкшелікпен айналысып, күнін кө­ріп отыр. Одан құтылудың бір-ақ жолы бар. Арылу. Адам күнадан арылу арқылы ғана Құдайға келуі тиіс. Басқаша жағдайда Құ­дайға келуіңнің бәрі – өтірік. Жалған. Әрі кетсе өз-өзіңді алдау ғана. Дәл осы шы­ғар­­мадағы Толстойдың ұлы идеясы ислам дінімен сабақтастық тапқандай ма, қалай? Бұл туындыдан Толстой өмірінің соңына тән шығармашылық кезеңінің белгілері айқын байқалады. Шағын әңгімелерінде кездесетін баяндаудан ықшам қысқалықты көреміз. Өмірінің соңында жазған Толстойдың жаңа романы көпсөзділіктен ада, монолитті туынды. Жасырақ кезінде жазған «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренинадан» ол осынысымен айрықшаланады. Эпизодтық шегіністері ұзақ емес, қысқа. Автор бір ға­на желіні ұстанып, оны толық дамытады. Көл­гірсу жоқ. Өмірдің шындығын тереңірек таныған кемеңгерлік парасат бар…
Алматыда болғанымда 22 қарашада Жұ­ме­кен ағаның үйіне бас сұғып, құран оқып шықтым (22 қараша ақын Жұмекен Нәжі­меденовтің қайтыс болған күні). Келешекте Мұқағали сияқты Мағжан мен Жұме­кеннің поэзиясы туралы да бір кітап жазуды армандаймын. Менің Жұмекен ақынның отбасымен араласа бастағаныма он жылдан асыпты. Нәсіп апайдың, әйтеуір, мен десе жаны қалмайды, құрақ ұшып қарсы алады. Ақынның жалғыз ұлы Мағжан әдебиетті соншалықты терең біледі. Мен сияқты ауылда өсіп, әкесінің жолын қуғанда Мағжаннан үлкен сыншы шығар еді. Бір қуанатыным, Жұмекен ағаның балаларының бәрі шетінен ақылды. Өмірден орындарын тапқан бақытты жандар.
Жұмекен қазақ поэзиясына Абайдан кейін үлкен тереңдікті алып келген, өз мектебін қалыптастырған ұлы ақын. Мейірхан, Гүлнәр, Амантай, Тыныштықбек сияқты жыр сүлейлері Жұмекеннің ақындық мектебінен шыққан таланттар. Жұмекен – қазақ поэзиясының тұңғиығы. Әттең, әдебиеттегі орнын алып, ор­би­таға шыға алмай жатыр. Шіркін, егер үкімет басындағы атқамінерлер жағдай жасаса, біраз жылымды Жұмекенге арнап бір үлкен кітап жазар едім. Бірақ, жағдайға қарамастан Жұмекен туралы кітабымды жазуға кірісуім керек. Ақын шығармашылығын сөз ете отырып, шерімді тарқатып, көп дүние айтуға болады. Жұмекен қазақ поэзиясындағы менің ерекше жақсы көретін сүйікті ақыным. Мұқағали мен Кеңшілік өлеңдерінің қуатты тасқыны мен қалыпқа сыймайтын бүлікшіл рухы Байрон мен Лермонтовқа ұқсаса, Жұмекендікі – Гетенікіндей парасатты, кемел поэзия. Жұ­мекенді талдау оның терең философиясын, өнердегі ұлы мұратын түсіндіріп беру асқан шеберлікті талап етеді. Оған жан-жақты дайындық қажет.

30 қараша
Таяуда бірнеше қазақ басылымдарының бетінен қазақ жазушылары Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановаға әлем әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының берілгені туралы ақ­паратты оқып қалдым. Бұл – нағыз өтірік. Ақиқатында есімдері аталған үш жазушыға да, бұдан бұрын да, оны алған Төлен Әбдікұлы, Шөмішбай Сариев пен Немат Келімбетовке берілгені Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық емес, әйгілі жазушының атындағы алтын медаль. Даң­ғойқұмарлыққа салынып, халықты дүрліктіріп өтірік алдап, оқырманды адас­тырудың қажеті қанша?
Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық 2001 жылдан бастап әлемдегі танымал жазушыларға беріліп келеді. Оның иегерлері мыналар – 2001 жылы бұл сыйлықты Нобель сыйлығына бірден-бір үміткер болып жүрген – Филип Рот алды. 2002 жылы Кафка сыйлығы Иван Клима, 2003 жылы Петер Надашқа бұйырды. 2004 жылы – Эльфриде Елинек, 2005 жылы Гарольд Пинтер оған қол жеткізді. Кейін осы екі жазушы Нобель сыйлығын иеленді. 2006 жылы – атақты жапон жазушысы Харуки Мураками, 2007 жылы – Иф Бонфуа, 2008 жылы – Арношт Лустиг, 2009 жылы – Петер Хандке, 2010 жылы – Вацлав Гавел, 2011 жылы – Джон Бэнвилл Франц Кафка атындағы әдеби сыйлықпен марапатталды. Қазақ жазушыларының бірде-біреуі Кафка сыйлығын алған емес.
Жазушылар Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановалар қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосса да аз жұмыс емес. Бетіміз шіміркпестен, оларды әлем әдебиетінің төріне шығарып тастап, оны дамытуға зор үлес қосты деп дабырлатуымыз көрер көз, естір құлаққа ұят емес пе? Батысты айтпағанда, мына тұрған Ресейдің өзі қазақ әдебиетін менсінбей, мұрнын шүйіріп қарайды. Және Пушкин, Лермонтов, Тютчев, Гоголь, Толстой, Достоевский, Чехов, Бунин секілді ақын-жазушыларды дүниеге әкелген орыстардың бізді менсінбеуге қақысы да бар.
Қазекең – жомарт халық қой. Әлем түгіл әлі қазақтың өзі танып үлгірмеген жазушыларына халықаралык Кафка сыйлығын қалтасынан алып бере салады. Халықаралық сыйлықты қалпақпен ұрып алады. Сендер бізбен ойнамаңдар. Керек сыйлығымызды бермесеңдер, осындай жолмен-ақ тартып әпереміз жазушыларымызға. Әлемді қайтеміз, алған «сыйлығымыздың» күші қазақты қорқытуға жетсе болды емес пе? Егер, ертең бір жазушымызға Нобель медалі берілсе, Нобель сыйлығын алды деп те жарнамалай саламыз. Бәрібір оның анық-қанығын тексеріп жатқан қазақ жоқ қой.
Нобель демекші. Тағы да қазақтың жынды ауруы қозып, баспасөз беттерінде «Нобель сыйлығы қазақтарға қашан бұйырады?» деп, әлемге өкпелеп, қара аспанды жаудырған сұхбаттар жарық көре бастады. Өңешімізді жыртып қанша айғайласақ та Нобель сыйлығының қазақтарға бұйырмайтынын қаперімізге де алғымыз келмейді. Нобельге телміріп, көзіміздің жасын көлдетіп жылай береміз, жылай береміз.
Жалпы, мен осы бір өнбейтін дауға бола өлермендікке салынып, қызылкеңірдек болып айтысып-тартысып жатқан қазекеңдерді түсінбеймін, ой-өресінің таяздығына қайран қаламын. Әлемде Нобель сыйлығынан басқа да беделі зор халықаралық сыйлықтар аз емес. Өкінішке қарай, сол беделі зор халықаралық сыйлықтардың бірде-біреуін алған қазақ жазушысы жоқ. Әуелі Дублин, Сервантес, Пультцер, Букер, Гете, Кафка т.с.с халықаралық сыйлықтың біреуін қазақ жазушысы алса да тақиямызға тарлық етпес еді. Жоқ, біз бірден Нобельге қол созамыз. Нобель сыйлығына үміткер ең құрығанда осы халықаралық сыйлықтардың бірнешеуін алып әлемге танылуы керек екенін ойлағымыз да келмейді. Әлемде мен білетін беделі зор болып саналатын мынандай халықаралық сыйлықтар бар.

3 сәуір 2012 жыл
Кешегі немесе бүгінгі қоғам деген ұғымдарды өз басым қабылдай алмаймын. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қоғам бүгінгіден анағұрлым сұмпайы, әрі зымиян еді. Бірақ, ұлтымыздың біртуар перзенттері Ахмет, Міржақып, Әлихан, Мағжандар ар-ұятын сатқанның орнына, атылып кеткенді қош көрді емес пе? Неге біз солардан үлгі алудың орнына, бәрін қоғамға жауып, ар-ұятымыздың алдында өтірік ақталғымыз келеді? Неге, біз, ар-ұятын сатқан жазушының, ұрлық жасаған, әйел зорлаған, тіпті, адам өлтірген қылмыскерден де ауыр күнаға бататынын түсінбейміз.
Дүниеде, сөз қылмысының қоғамға тигізетін зардабы соғыстан да жаман. Міне, сондықтан, ар-ұятын сатқан жазушыны «мен мұндай әрекетке бала-шағамның қамы үшін бардым» деген сөздері де ақтап ала алмайды. Мұндай өлшеммен баукеспе ұрыны да, адам өлтірген қылмыскерді де моральдық тұрғыдан ақтап алуға болады. Себебі, олардың көбісі де отбасына нәпақа тауып беру үшін ауыр қылмысқа барады емес пе?
Сөз қылмысы арқылы біз миллиондаған адамдарды қоғамнан жиіркендіріп, жүректеріндегі ізгіліктің шырағын сөндіреміз, жас ұрпақты адастырып, келешекке қиянат жасаймыз. Егер, біз шын мағынасындағы өркениетке қол жеткізген мемлекеттер сияқ­ты рухани катарсистің, яғни, тазарудың сүзгісінен өткіміз келсе, еліміздегі әкім-қаралар – жағымпазданып, өздерін өтірік мақтаған зиялыларды қолпаштағанын доғарып, ардың-ұяттың сөзін сөйлеп, ащы шындықты айтқан азаматтарға халық жауы сияқты қарайтын көзқарасынан айырылуы қажет. Егер, әдебиет рухын жоғалтса – ұлт өледі.
Бір діни кітаптан, сөз қылмысын жасаған адамның тозақтың ең ауыр қабатына баратыны туралы оқығаным бар. Міне, сондықтан қолына қалам ұстаған кез-келген мұсылман баласы, ең болмағанда о дүниеде тозақтың отына күйіп кетпеуі үшін, өзгелер түгіл өзі де сенбейтін кезекті өтірігін жазарының алдында «мен осы өтірікті айту арқылы Құдайдың алдында күнаға батып жатқан жоқпын ба?» дегенді мықтап бір ойланып алса артық болмас еді.

29 мамыр 2012 жыл
Ресми құжаттарда көрсетілген дерекке сүйенсек, қайта-қайта айналып соққан ашаршылықтың зардабынан 1,5 тіпті 2 миллионға жуық қазақ қырылған екен. Алайда, бұл әлі де нақтылай түсуді қажет ететін дерек көзі көрінеді. Бейресми дерек қазақтардың одан да әлдеқайда көп қырылғанын айтады. Сол жылдары «Правда» газетінде Сафаров есімді қызыл комиссар «1 миллион қазақ қырылды» деп көрсетсе, ұлт жазушысы, ашаршылық жөніндегі комиссия мүшесі болған М.Әуезовтің қазақтың тұңғыш құрылтайында (1921 ж) сөйлеген сөзінде: «Соңғы жылдары ашаршылықтың салдарынан 1 млн. 700 мың қазақ қырылды, оның 700 мыңы балалар» деп ашына айтқаны қағаз бетінде хатталып қалыпты. 1920-1923 жылы жұтшылық кезеңінде жүргізілген санақтың нәтижелеріне орай жазбаларында сол экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецов «1921 жылғы ашаршылықта қазақ халқы 30 пайызға азайды» деген дерек келтіреді. Оның көрсетуінше, кейбір елді мекендердегі халық тіпті 100 пайыз қырылып қалған.
Ұлтымыздың ірі қайраткері М.Шоқай «Қазақ жеріндегі аштық» деген еңбегінде жергілікті ұлттың ауыр жағдайға шыдамай, В.И.Ленинге хат жазғанын айтады. Сол хатта халықтың ашқұрсақ, аш-жалаңаш болып, аштан қырылып бара жатқанын ашып көрсетеді. «Кеңестік жүйе қазақ ұлтына жаны ашымады, олар тек алуды ғана біледі, ал, халыққа жағдай жасауды ойына да алған жоқ» деп күйіне жазыпты М.Шоқай. Түркістан Республикасы Кеңестері Орталық атқару комитетінің РСФСР-дағы өкілетті өкілі У.Шакиров 1919 жылы жазда И.Сталиннің орынбасары С.Пестковскийге былай деп жазыпты: «Түркістанның қазіргі үкіметі өзінің қыр халықтарына қарсы жасаған қылмыстық іс-әрекетінің нәтижесінде оларды толық қайыршылыққа ұшыратты және бұрын-соңды естіп білмеген 60 пайыздық қырылуға жеткізді…». 1917 жылы кеңес өкіметі жеңіп, қазақ даласында жұт, ашаршылық, қиыншылық, тапшылық бас­талды. Ол 1921-22 жылға дейін созылды. Ал, содан соң, 1928 жылы елде кәмпеске науқаны басталды. Байлардың мал-мүлкін тартып алу ісі мемлекеттік саясаттың бір бөлшегіне айналып, жоқшылықтан тұралаған халық онан сайын қиналды. 1928 жылы Қазақстанда жалпы есеп бойынша 40 миллион бас мал болса, 1933 жылы оның 4 миллионы ғана қалған.
Мемлекеттік ресми деректерге сүйенер болсақ (жоспарлау комитетінің мәліметі), 1930 жылы 122 мың адам туған жерін тастап қашса, бұл цифр 1931 жылы 1 миллионнан асып түскен. Бұл тіркелген ресми дерек. Ал, қаншама отбасы тіркеуден тыс бой жасырды? Қаншасы шетелдерде қалып қойды? Бұл әлі де анықтай түсуді қажет ететін жағдаят.
1928 жылдары өз елін тастап қашпаған қазақ 1931-1932 жылдардағы ашаршылыққа тағы да ұрынды. Бұл нәубет тағы да екі миллионнан астам адамды жалмады. Есептеп байқасақ, осы жұт пен ашаршылықтың салдары бас-аяғы он бес жыл аралығында 4 млн.-ға жуық адамды еркінен тыс көрге тығыпты. Алайда біз өзіміз айтуға арланып, бірімізден біріміз жасырып жүрген шындықты шетелдік зерттеуші-ғалымдар баяғыда-ақ жазып қалдырыпты. Р.Монвест деген ғалым сол 1931-32 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион адам өлді десе, М.Олкотт – 1,5 миллион адам қыршынынан қиылғанын жазады. Бұл деректер әртүрлі жинақтарға енген, оқырманға жеткен мағлұмат екенін де айта кеткіміз келеді. Тағы бір зерттеуші-тарихшы Дж. Беккер қазақтардың 1931-32 жылғы көрген азабы мен қорлығы өмірі естен кетпейтінін, тіпті, бұл нағыз демографиялық апат екенін де ашына жеткізген. Бұл ғана емес, қазақ халқын аузын айдаһардай ашқан тағы бір нәубет күтіп тұрды. Ол – 1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін оқиғасы. Міне, осы науқан кезінде тағы да қазақ халқының 2 млн.-ға жуық адамы келмес сапарға аттанды.

30 мамыр 2012 жыл
«Айқын» газетінен тарихшы Талас Омарбековтың сұхбатын оқып шықтым. Айтқан ойларының көбісі көңіліме қонды. Газет тілшісіне берген сұхбатында тарихшы Мәскеудің Орталық экономика мұрағатынан алып келген құжатты алға тартып, жантүршігерлік мынандай дерек келтіреді: «1930 жылы 1 маусымда Қазақстанда ауылдың халқы 5 миллион 873 мың болса, оның 4 миллион 800 мыңы – қазақтар… 5 миллион 873 мың адамнан 1933 жылы 2 миллион 49350 ғана қалған. 3 миллион 379500 адам жоқ. Мұның бір миллионға жуығы босқындар». Сұмдық-ай! Сонда, қазақтың алпыс пайызы құрып кеткен. Осыдан артық ұлтқа жасалған қандай геноцид болуы мүмкін.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
сыншы

“Ақиқат”

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Өмірге деген шынайы көзқарас…әсіресе Саясатты жазбаймын деп тіл қататын жазушылар жайлы жазғаныңыз өте орынды айтылған…және ГОГОЛЬдің Ревизоры бүгінгі күннің шынайы әрі үйреншікті келбеті болғаны айқын дүние!

  2. Мына әнгімеңіз қызықты әрі адамға ой салардай екен. Әсіресе қазіргі таңда ақын не жазушы болсын бәрі өз бетімен кеткен ғой. Солар кейбірі билік үшін өтірік айтып мақсатына жетуді көздейді, бірақ сол өтірігі үшін құдайдын алдында күнә болып баратынын білмейді….

МөлдірАққу жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері