///

Талқылауға түскен кітап

1452 рет қаралды
11

Қаңтардың он алтысы күні (16.01.2013ж) Қазақстан Жазушылар Одағының поэзия бөлімінде белгілі ақын, журналист,  филология ғылымдарының кандидаты Бақытбек Бәмішұлының былтыр жарық көрген «Айторы ғұмыр» атты өлеңдер жинағын талқылап, әдебиет сыншылары, ғалымдар мен ақындар өз пікірлерін білдіріп, аталмыш кітап туралы толғаныстарын ортаға салды. Біз төменде сол жиында сөйлеген біраз адамның пікірлерін ұсынып отырмыз.

Әділғазы Қайырбеков, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, С.Мұқанов және Ғ.Мүсірепов мемлекеттік мұражайының директоры:

-Ақынның жан жүрегін жайлаған қайғы-мұң өлең болып сорғалап қағаз бетіне түскен екен. Жан ауыртып жазғаны әр өлеңнен айқын байқалады. Зар кітабы. Кітап бірнеше бөлімнен тұрса да бір тұтастықты құрайды. Ақын жеке бастың зар-мұңы емес, адамзат баласының ортақ қайғысын жырлайды. Мәселен, су апатынан орасан зардап шеккен «Қызыл ағаш» оқиғасы да орынды орын тапқан.

Саят Қамшыгер, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі:

– «Үгілген тасқа біткен қынадай» ішкі жан дүниесінің запыран сырын өлеңмен сырласу арқылы сыртқа шығарып, өзіне қайрат-жігер жиып, жаңа бір бағытқа бет бұрғаны өз ара жақсы байланысқан тарауларда көрініс табады. Ақынның тілі тамаша. «Ертіс жатыр еңіреп етпетінен» қандай әдемі тіркес, маған өте ұнады. «Қар бетіндегі мөр», «Құс қанатында», «Алланы тану» қатарлы өлеңдер мен айшықты ойлар, көрікті де көркем жолдарды кітап жүзінен молынан кездестіруге болады. Бар жоғы екі шумақтан тұратын «Сен және мен» өлеңі:

Сенде мүмкін ақша бар,

Менде жүрек – ақша қар.

Сенде мүмкін шақша бар,

Менде пейіл – бақша бар.

Сенде мүмкін қамшы бар,

Қамшыдан қан тамшылыр.

Мендегі бар байлығым –

Бағаланбас Ар шығар.

Болған оқиғаны желдіртіп баяндай бермей көңіл күйін қазіргі заман ауанымен астастыра отырып өмірдің, қоғамның мұң мен зарын шертуі үлкен шеберлік. Кітаптағы «Құлпы тастағы жазулар» артықтау көрінді маған.

Дәулетбек Байтұрсынұлы, ақын, «Да Қазақстан» журналының бас редакторы: 

Мен ақынның бұдан бұрын жарық көрген «Бай Бұлғын жерім-ай!» жыр жинағын оқып,  кезінде «Бұлқынып аққан Бұлғын жыр» атты рецензия жазғаным бар еді. «Әдебиет айдыны» газетінде жарияланған. Ал мына кітаптың әсіресе бірінші бөлімі өте ауыр оқылады. Тебіренбей, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Солай болуға да тиісті. Мұндай жоқтау өлеңдер бізде Абайдан бастап бұрыннан бар. Алайда ақын осы кітап арқылы өмірге жаңа көзқараспен, басқаша оймен бет бұрған.

Әлібек Шегебай, ақын, Т.Айбергенов атындағы, Қазақстан Жастар одағы, «Серпер» сыйлықтарының лауреаты:

 – Адамның адамға деген махаббаты, әкенің балаға деген махаббаты әр қашанда суымақ емес. Алғаш қолыма тигеннен бұл кітап өзіне ерекше назар аудартты. Түгелімен шедевр деуге болмайды, шығармашылық жұбату, тұтас алғанда шығарып алған жас. Автордан бұдан кейін де шоқтығы биік дүниелер күтеміз.

Нұрлан Асқаров, филология ғылымдарының кандидаты:

 – Бәмішұлы әдебиеттің өз адамы, қазақ поэзиясына өз бетімен келмеген нағыз қазақ ақыны екенін көреміз. Ақындық бойына ананың сүтімен, атаның қанымен дарыған эпик ақын, өлеңдері жүрегінің түбінен төгіліп шығады. Бұл кітап қаншама ауыр, қайғылы болса да авторда торығып, түңілу жоқ. Қайта қайраттана білген, шерін сарқа тарқата отырып рухани серпіліс тапқан, қазақ рухы бар.

Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты:

– Бақытбектің әр туындысы туралы дер кезінде өз пікірімді айтып тұрамын. Кітаптың аты да оқуға қиындық тудырады. Дейтұрғанмен, өнер деген адамның өзі, мынау, Алтай туралы жырлары бір төбе. «Арғы жағы Алтайдың бергі жағы»   деген өлеңінде

Арғы жағы Алтайдың бергі жағы,

Жалғыз сызық асырмай жер қылады.

Мұннан шықса салқын сөз, ана жақта

Шуылдайды елеңдеп ел құлағы…

Бір жанар тұр ар жақта жасаураған,

Аңсарына көне ме асау заман.

Көңіл жүйрік және де көріп тұрып,

Қыл сызықтан қиыны-ай аса алмаған… дей келіп,

Қосыла ма, қос өзен қосылмай ма?

Тірелемін тұйыққа, тосын жайға.

Елден озып о жаққа өтіп кеткен,

Қарғам еске түседі осындайда, –  деп аяқталуы да нанымды.

Ал енді «Алтайданмын» деген өлеңінде:

Беу, бауырлар, мендағы Алтайданмын,

Ақ бесікте армансыз шайқалғанмын.

Анам сырған сырмақта төрт аяқтап,

Ағам құсап қазықтай қалқайғанмын.

Ашамаймен үш жаста атқа мініп,

Қозысындай құлжаның марқайғанмын.

Қалың тұман ішінен із қуалап,

Қас-қабаққа мұз қатып қайқайғанмын… деп сорғалата жөнелетін мінезі бар.

Біздің бүгінгі мақсатымыз ақынның жаңа туындысын көзінше мақтап-мақтап шығарып салу емес, жан-жақты талдау, осы тұрғыдан келгенде кітаптың асығыстау шыққаны байқалады, бажайлап қараған адамға кейбір өлеңдерді кітапқа енгізбесе де болғандай-ау дейтін ой туады. Мысалы, «Абайға», «Ақселеуге» деген өлеңін айтуға болады. Жалпы арнау өлеңдерді кітапқа кітапқа енгізбесе болғандай еді.

Жазып алған: Қарамер

Парақшамызға жазылыңыз

11 Comments

  1. Жақсы дүние қашанда жарып шығуға тиісті. Қаламыңыз мұқалмасын!

  2. Құтты болсын! Мен ол кітапты оқып шыққан едім! адамды ауыр мұңға жетелейтін, бұл жалғанның бескүндік екендігін санаңа мықтап сіңіретін кітап. Жалпы ақынның теңеулері тың, тілі шұрайлы, айтары терең!

  3. Құтты болсын, қазақ поэзиясының мәйегі осы шеттен келген қазақтарда қалды ғой.

  4. Рахмет, бауырлар жылы лебіздеріңе! бастарыңа амандық тілеймін.

  5. “ҚӘ” газетінің қаңтардың 18-24 күнгі ?1-2 санында осы кітаптың талқылануы туралы “Мұңлы жырдың астары” атты кітаптың сыртқы мұқаба суретін қоса хабарлама берілген екен. Соны да назарларыңа ұсынып қояйын: Қазақстан Жазушылдар Одағының поэзия кеңесінде белгілі ақын, жазушы, аудармашы Бақытбек Бәмішұлының “Айторы ғұмыр” атты жыр жинағы талқыланды. Жиындаы ақын Әлібек Шегебай жүргізіп отырды. Алғашқы болып сөз алған ақын, секция төрағасының орынбасары Әділғазы Қайырбеков: “Бұл кітапқа негізінен автордың жаны ауырып отырып жазған жырлары енген екен”,- деп сөз бастады. Расында да автордың бұл еңбегі жиырмаға толар-толмас шағында бақилық болып кеткен қызы Айторыны жоқтау өлеңдерге толы,
    Ақын Саясат Қамшыгер өз кезегінде ақынның тұшымды тілі мен орамды ойларын, соны теңеулерін атап көрсетті. Сонымен қатар кітаптағы өқзі байқаған бір-екі кемшілікті де пвторға ескерте кетті. “Қазақта жақынын жоқтап жыр жазғандар аз болмаған ғой, бұл дас олардың жалғасы іспетті еңбек екен. Маған ұнаған жрі автор сары уайымға салынып, баз кешіп кетпей,өмірдің ақиқатына тоқтай біліпті”- деді ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы. Филолог ғалым Нұрлан Асқаров қаламгердің өзіндәк ерекшеліктерін тіліне тиек етті. Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай:”Темір жол саласында қызмет атқарып жүріп, қаламын қолвнан тастамай, ұлт әдебиетіне бірталай көркем дүниелер беріп үлгірген ақыннан әлі де күтеріміз көп” деді өз сөзінде. Бақытбек Бәмішұлы талқылауға жиналған қаламгерлер қауымына және ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

  6. Құтты болсынғ аға! Жылы лебіздерді естіп қуанып қалдым, табыс тілеймін!!!

  7. Жарайсың, Бақа! Бұлғынның тұнығынан сүзілген жыр – маржандарың көк тәңіріге қарай шашыла берсін! Ізгі тілектен Енкітөр

  8. Ербол және Енкітөр,
    Мәнжу басты мөнкітер.
    Құйылыңдар сай-сайдан,
    Сонда мына әлемге,
    Әйел сынды өң бітер!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері