/

Конвергентті журналистика және дүмше журналист

5201 рет қаралды
6

“Түбінде журналистердің дені мобильді телефон компанияларына қызмет етеді” депті 1996 жылы Луис Робертсон деген шетелдік журналист. Шын сияқты. Әрбір адам – шағын медиа-студианың қожайыны. Компьютердің көлемі қалтафон деңгейіне түсті. “Таблеткаларға” арнап контент жасауға көшті. Батысты айтамын. Кезінде орман бизнесіне ақша құйған медиа-алпауыттар: “Ақшаны қағазға құймау керек еді”, – деп бармақ тістеп отыр (Facebook-тағы осы ойыма пікір білдірген 15+ достарыма рахмет!).

Конвергентті журналистика

Америка университетінің кітапханасында 2006 жарияланған “Emerging Issues in Contemporary Journalism” деген кітапты парақтап отырмын.  Facebook-қа қалдырған ой сол кітаптан туындады.”What is convergence?” (Конвергенция дегеніміз не?) деген сауалға Джеф Роу деген зерттеуші былай жауап беріпті. Көңіліме қонған анықтама болған соң, әуелі ағылшыншасын сосын қазақша аудармасын көрсетіп отырмын:

“Melding the media in a way that makes sense for readers, listeners and viewers. News stories are presented throughout the day on different mediums in logical sequences as they develop and as people in their daily life can access them” ( Jeff Rowe)

Оқырман, тыңдарман және көрерменнің ыңғайына қарай медианың өзара бірігуі. Адамдар оңай танып, білуі үшін жаңалықтар күні бойы өзара үндескен медиаларда ұсынылып, толықтырылып отырады (Джеф Роу).

“Азамат kz” деген апталық болған. Апталық газет әдеттегідей жұма күні таңертең дүңгіршектерге түсуі тиіс. Газеттің екінші бетінен басқасын көбіне дүйсенбі, сейсенбі күндері дайындап, беттеп, “читкаға” беріп қоятынбыз. Сәрсенбі мен бейсенбі күндері бірінші мен екінші бетті соңғы жаңалықтармен толтырамыз. Жаңалықты қайдан аламыз? Редакцияда газет шығарып отырғандар теледидар мен радионы қосамыз, Интернетті шарлаймыз. ТВ мен Интернеттегі ақпаратты газеттің тіліне салып, оқырманға ұсынамыз. “Газеттің екінші бетінде міндетті түрде соңғы ақпараттардың болуы, газетті газет қылып көрсетеді” деген ой болды. Қазір ойлап отырсам, сол кездің өзінде біз конвергентті болыппыз. Бар айырмашылығымыз – ақпаратты қалың оқырманы бар Интернетке емес, аз ғана таралымы бар газетке бейімдеппіз.

Конвергентті журналистикада оқиға мына ретпен тарайды:

1. Келіп жеткен ақпарат туралы сайтқа бір-екі абзацты хабарлама жарияланады.

2. Болып жатқан оқиға туралы толығырақ ақпаратты қайдан алуға болатынын хабарлайтын радио хабар таратылады.

3. Видео түсіріліп, теледидардан жаңалық айтылып, радиодан оқиға туралы сайттағы ақпарат таратылады.

4. Сайтқа толықтырылған мәтін видеомен бірге жарияланып, газетке басылып шығуы ықтимал графиканың кескіні жарияланады. Сайттарға мәтіннің бәрінде сілтемелер болады.

5. Күндізгі/кешкі радио және теле жаңалықтарға оқиғаның толық нұсқасы әзірленеді. Радио және теле жаңалықты таныстырғандар оқиға туралы толық ақпаратты сайттан және ертең жарық көретін газеттен оқуға болатынын ескертеді.

6. Газет жарық көреді. Газеттегі мақалада оқиға қатысты видеоны, аудионы және тағы басқа қосымша сілтемелерді сайттан табуға болатыны хабарланады (Emerging Issues in Contemporary Journalism, 2006).

Оқиғаның хабарлану реті медиа ұйымның қолында бар ресурстарға орай түрленуі ықтимал. Енді “осындай жүйеде қызмет ететін журналист қандай болуы керек?” деген сауал туындайды.

Конвергентті журналист жоғарыдағы медианың барлық түрінде ақпараттың қалай әзірленетінін білуі тиіс. Яғни, оқиға туралы ақпарат Интернетте, радиода, баспасөзде қалай көрініс табатынын терең түсінуі керек. Жанры қандай, мәтіннің тілі қандай, Интернетке түсірілетін видеоның, үнхабардың, мәтіннің теле мен радио станцияға жіберілетінінен айырмасы қандай, қандай сілтеме мен графика болғаны тиімді т.с.с. әрі ең бастысы ақпараттың бірнеше медиа платформада көшіп жүретінін есте сақтауы тиіс. Қысқаша бұны “мультимедиаша ойлану” дейді.

Өзіміздің “конвергенция”

“Ақпаратты Қазақстан – 2020” [орысша] атты бағдарламада қазақ журналистикасын конвергенциялау (тілді сындыратын сөз екен) қажеттілігі айтылған. Енді “конвергенттілік” қазақ медиасында қалай көрініс табуы мүмкін екенін болжап көрелік.

Америкада конвергенттілік құбылысы газеттегі жарнаманың құны түсіп, Интернет арқылы жарнама тарту үшін жанталасумен басталды. Ормандарды сатып алып, қағаз бизнесіне ақша құюдың тиімді емес екенін түсінуден өрбіді. “Оқырман смартфон мен iPad-қа көшсе, ақпаратты біз де соған бейімдеуіміз керек” дегеннен туындады. Ал Қазақстанда медианың коммерцияланбағанын білесіз. Конвергенттілік болуы үшін ТВ-Радио-Газет = Интернет болуы керек. Ал біздегі ТВ мен радиода бір ғана қожайын бар…  Бәлкім, Қазақстанның өзіне ғана тән бір “конвергентті құбылыс” болатын шығар.

Америкадағы конвергенцияға көшкен үздік 5 мысал (2006 жылғы дерек)

  1. Washington Post/Newsweek/NBC-MSNBC-CNBC
  2. Chicago Tribune/CLTV/WGN
  3. Orlando Sentinel/WESH TV
  4. Fort Lauderdale Sun Sentinel/WTVJ/NPR
  5. Lawrence (Kansas) Journal World

Пысы. Батыстың медиа ғылымында “media bigot” деген тіркес бар. Қазақшаласам, “дүмше журналист” дегенге саяды. Дүмше журналистер “газет газет үшін, теледидар теледидар үшін, ал Интернет өз алдына Интернет үшін қызмет етеді. Бұл үшеуі ешқашан өзара бірікпейді” деп санайды. Күлкілі, ә?! Батыстың ғалымдары “дүмше журналист” деп сипаттаған пікір, миыңыздың бір түкпірінде жасырынып жатса, қапаланбаңыз. Сіз жалғыз емессіз! Батыста да конвергенттіліктің түбі не болатынын білмей дауласып жүргендер көп.

Ойымды әрі қарай конвергентті журналист нені білуі керек дегенмен толықтырайын дегенмін. Бірақ кімге пайдалы болар екен деп ойлап отырмын. Мүмкін, ойыңды пікір ретінде қалдырарсың.

Сәлеммен Әмірикадан Асхат Еркімбай,

University of Wyoming магистранты

Сурет ebiline.biz сайтынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Рейтингтің көшін бастаған “Washington Post”-ау деймін, өткенде қаржылай қиындыққа кез келіп, бас офисін саудаға тігіп, сатқалы жатыр деген дабыра-дақпырт күш алып еді…

    • Интернет шынымен де “өлтіріп” жатыр. Өткен аптада wsj Washington Post-тың ғимаратын сатуы туралы жазып еді. New York Times тәрізді бұлар да газеттегі жарнамасы азайған соң, қаржылық қиындықтан ғимараттарын ауыстырғалы жатыр екен.

  2. Асхат ағасы дұрыс айтасыз! болшақ журналистика конвергентциялық журналистикаға өтетіні рас. Біздегі Медия орталықтар табиғи түрде соған дайындалып келеді. Болашақ журналистика да, керек десек көркемөнер де қағаздан сезімтал экрандарға көшпек…

  3. Асхат ағаның қазақылығына разымын, “Қалтафон” мен “Әміриканы” өзгелер де қолданып кетсек керемет, үстіне керемет.

  4. кешіріңіздер былай

    Меніңше “конвергентті журналист” камераны да, фотоаппаратты да, диктофонды да, ғаламторды меңгерген әрі мақаласын әрқайсысына бейімдеп жаза алатын бес аспап маман.

Altai жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері