Наурыздың 23-24-інде қазақ блогшыларының мұрындық болуымен ІІІ блогқұрылтай болып өтті. Бұған дейін Алматы және Астана қалаларында ұйымдастырылған блогқұрылтайдың ерекшелігі – бір топ энтузиазист жастардың бастамасымен 2011 жылы тұсауын кесіп, дәстүрге айнала бастауында. Блогқұрылтайға Республиканың түкіпір-түкпірінен және Қытай, Моңғолия. Түркиядағы қазақ контентін дамытуға үлес қосып жүрген 200-дей блогшы қатысты. Блог құрылтай – еркін пікірталас алаңы. Онда ІТ мамандары, блогшылар және басқа интернет-контентін дамытушы жастар өзара тәжірибе алмасады, ой бөліседі.
Блог құрылтайға Оңтүстік Қазақстан әкімшілігі, “Билайн” сауда белгісімен танымал “Картел” компаниясы, “Қазақ контент” АҚ, “Мінбер” журналистерді қолдау орталығы қолдау білдіріп, демеушілік жасады. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов Блог құрылтайға арнайы келіп, қатысушыларға ақ жол тіледі. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов те жылдағыдай блог-құрылтайда төбе көрсетіп, қазақ контенті жайында өз ойымен бөлісті. Әзірге қысқаша осы.


