/

Коронавирус қашан аяқталады?

1283 рет қаралды

Мамырдың 11-інен әлемнің көптеген елдерінде карантин ережелері жеңілдей бастады. Әсіресе, коронавирустан өзгелерден гөрі көбірек зардап шеккен Еуропа қалыпты өмірге қайта оралуды кезең кезеңімен жүзеге асырмақ. 

Дегенмен вирустың беті қайтар емес, әлем бойынша 4,154,096 адамнан вирус белгілері табылып, 286,534 адам осы дерттен қайтыс болды. Екі айға жуық үйден шықпаған әлемнің алдағы жоспары қалай? Коронавирус инфекциясы қашан толық ауыздықталады?

Қазіргі жағдай бойынша, АҚШ коронавирус эпидемиясын жұқтырушылардың саны жағынан да, бұл дерттен көз жұмғандардың үлесі жағынан да озып тұр. Статистикаға назар аударсақ, 1,345,460 адам дертті жұқтырып, 80,561 адам қайтыс болған. Ал екінші орынға кәрі құрлық Еуропадағы Ұлы Британия табан тіреген. Ондағы ауырғандардың саны – 223,060, көз жұмғандар – 32,065. Жалпы Еуропадағы жағдай өте мүшкіл. Италияның да, Испанияның да, Францияның да аса қауіпті аймақта екендігі белгілі. Соған қарамастан, Еуропа карантин ережелерін жұмсарта бастады. Мәселен, Германияда мектептер қайта ашылып, шіркеулер жұмысын бастады. Ресторандар мен дүкендер де қалыпты ритмге көше бастаған. Францияда қоғамдық көліктерге жан біткен, кітап дүкендері мен гүл және киім сатушылар және шаштараздар ашылды. Бастауыш мектептерге балалар орала бастады, бірақ балалардың саны шектеулі болуы керек. Маска кию міндеттеледі. Өз үйлерінен 100 шақырым ұзаққа дейін сапар шеге алады. 

Испанияда вирус көп тараған Мадрид пен Барселонада карантин тәртібі әлі қатаң, басқа өңірлерде он адамға дейін жиналуға рұқсат етіледі. Адамдар өзі тұратын аумағында еркін қозғала алады, бар, ресторандар ашық, бірақ белгілі бір шектеулер бар. Мектептер қыркүйекке дейін жабық болады. 

Италияда да мектептер қыркүйекке дейін жабық болады. Алайда, фабрикалар, көптеген офис жұмыс істей бастағалы біраз уақыт болды. Дүкендер жұмыс күндері ашық болады, дегенмен музей, шіркеулер мен мәдени орындар әзірге ашылмайды. Ресторандар мен барлар, шаштараздар  маусымның 1-іне дейін жабық. Қоғамдық көліктерде маска тағу міндеттеледі. 

Төрт бөліктен тұратын Ұлы Британияда Англия бөлігінде біраз жеңілдіктер жасалмақ. Жексенбі күнгі мәлімдемесінде премьер министр Борис Джонсон Англияны карантиннен шығарудың  үш кезеңін ұсынды. Әзірге бұл жеңілдіктер Уэльс, Шотландия мен Солтүстік Ирландияға жүрмейді. Англия тұрғындарына серуендеуге, теннис, гольф секілді екі кісілік әрі алыс қашықтықта ойналатын спорт түрлеріне рұқсат беріледі. Тек жабық алаңдағы ойындарға рұқсат берілмейді. Тұрғындар Англия аумағына саяхаттай алады, ал Уэльс, Шотландия мен Солтүстік Ирландияға сапар шеге алмайды. Мәдени және спорттық шаралар маусымның 1-іне дейін ашылмайды. 

Көптеген жұмыс орындары ашыла бастады. Сонымен қатар мектептер де қалыпты өмірге қайтуға дайындалуда. Маусымның 1-інен бала бақшалар мен бастауыш мектептер қайта ашылатын болады. Оқуға маусым айынан бастап дайындалғанымен, көп оқу орындары қыркүйектен бастап ашылады деп жоспарлануда. 

Сарапшылар коронавирус пандемиясының қашан аяқталатынын айта алмайды. Дегенмен оның 12 айдан 36 айға дейін созылуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Қазір вакцинаның түрлерін ойлап тауып жан жануарға да, адамға да салып, эксперимент жасай бастады. Дегенмен жаңа вакцинаны ойлап тауып, вирусты толық жеңгенше екі жылдай уақыт керек болатын көрінеді. 

Есен Байнұр

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері