/

Қазақстан алтыны кімнің қолында?

2675 рет қаралды

 Қазақстанның ұшқан құстың қанаты талатын кең-байтақ өлкесінде бүкіл Менделеев кестесі бар деген сөзді жиі айтамыз. Кейде мақтанышпен, кейде өкінішпен…

Ал, осы жердің асты мен үсті тол байлықтың игілігін кім көріп жатыр, деген сұрақтың жауабы, әзірге  айтылмай тұр. Оған бір себеп, еліміздегі отандық және шетелдік компаниялардың үлесі туралы толыққанды мәлімет табудың оңай болмайтынында.

Осы орайда, болашақта Энергетика министрлігі еліміздегі кен орындары туралы барлық ақпаратты ашық жариялайтын болады деп үміттенеміз. Ал, әзірге маңызды ресурстардың бірі – алтын өндірісі туралы тапқан қызықты мәліметтерді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

АЛТЫН ЭКСПОРТЫНАН ТҮСКЕН АҚША  4,6 МЛН ДОЛЛАР  

Коронавирус. Әлемге пандемия келгелі бір жылға таяды. Осы уақытта күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге ғана емес, бизнес, халықаралық қатынас, қор нарығы тізе-берсек бар салаға елеулі әсерін тигізді.

Алтын-күміс тас екен десек те, бүкіл әлемде инвесторлар қатері аз дүниеге инвестиция салуды жөн көріп отыр. Жанып кетпейтін, шірімейтін, суға батса да құнын жоғалтпайтын бірден-бір табыс көзі – алтын. Сондықтан, аумалы-төкпелі заманда әлемдік қор биржаларында да алтынға деген сұраныс арта түсті. Бағасы да өсіп бара жатыр.

Қазақстан бұл орайда алтын өндіру бойынша шетелге жүгінбейтін мемлекет. Яғни, алтын өндірісі бойынша Қазақстан ішкі сұранысын толықтай өзі қанағаттандырады. Ал өткен жылы өңделген және жартылай өңделген үш тоннадан аса алтынды экспорттаған.  LS басылымының жазуынша, алтын экспорты өткен жылы 25 процентке артқанымен, одан түсетін қаржы 38,6 процентке төмендеген, осылайша өткен жылдың он айында еліміздің қазынасына алтын экспортынан түскен ақша 4,6 млн долларға жетіпті.  Экспорттың басым бөлігі, 88 проценті Қырғызстанға жөнелтіліпті. Қалған бөлігін Ресей, Италия, Ұлыбритания өзара бөліп алған.

Осы орайда, өткен жылы күміс экспорты төмендеп, 563,8 тоннаны құрағанын айта кетейік. Мұнда да импортерлар санаулы екен: Ұлыбритания (331,3 тонна),Үндістан (95,2 тонна), Германия (93,5 тонна), Өзбекстан (43.3 тонна).

Негізінен елімізде өндірілетін алтынды ішкі алтын-валюта қорын торлықтыру үшін Ұлттық банк сатып алады.

Қазақстан, алтынның барлау жасалынған қоры бойынша әлемде 18-орынды және бір тоннадағы алтынның орташа құрамы бойынша 11-орынды иеленеді (бір тоннада 6.3 г). Елімізде алтын ашық және жабық, екі түрлі әдіспен өндіріледі. Ашық әдіс – алтын кені жер бетіне жақын орналасқан және экологиялық тұрғыда таза саналады.

Жалпы, елімізде ірілі-ұсақты 350 ге жуық алтын кені бар деп есептеледі. Олардың үштен екісінде барлау және өндіріс жұмыстары жүргізілуде.

Ең ірі алтын кендері Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында орналасқан. Ірілігі жөнінен екінші орындағы алтын кені еліміздің солтүстік-шығысында орналасқан. «Хабар 24»  арнасының мәліметінше, оны игерумен Ресейлік  Полиметал компаниясы айналысады. Компания Қостанай облысында орналасқан кен орны мен өңдеу кәсіпорны бар Варваринский хабын және Шығыс Қазақстандағы «Қызыл» және «Бақыршық» кен орындарын  игерумен айналысады.

2014 жылы қыркүйекте “Коммерсантъ” басылымы Ресейлік алтын өндіруші Polymetal компаниясы Қазақстандағы “Қызыл” алтын кен орнына 640 миллион долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отырғанын жазды. Бұдан бұрын, Polymetal “Қызыл” кенішіне иелік ететін Altynalmas Gold Ltd компаниясын 618,5 миллион долларға сатып алатыны хабарланған. Басылым келтірген дерек бойынша, Altynalmas-тың бенефициары қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаев. “Қызыл” кен орнында “Бақыршық” (қоры – 6,7 миллион унция алтын, металл құрамы – 1 тоннасында 7,5 грамм) және “Большевик” (қоры – 0,8 миллион унция алтын) кеніштері бар.

Ал, 2013 жылы Polymetal “Қызыл” кен орнының құрамына енетін “Бақыршық” кенішін 500 миллион долларға сатып алатыны хабарланған. Ол кезде “Бақыршықтың” қоры 5,76 миллион унция алтын деп бағаланған еді.

Ал, 2016 жылы Ресейлік Polymetal Int компаниясы «Қазцинк» ЖШС-нен еліміздің солтүстігінде орналасқан Комаровский алтын кенін игеретін «Орион Минералс» компаниясын сатып алу туралы келісім шартқа қол қойған болатын.  2015 жылдың 31 желтоқсанындағы мәліметке сәйкес, аталған кеніште 28 миллион тонна кен бар, әр кенде 1,5 грамм алтын бар. Бұл 280 метр тереңдікке дейінгі мәліметтер. Жердің одан арғы қабаты әлі зерттелмеген деп жазады «Ұлт» порталы. Форбс басылымы кеніште 4305 тонна алтын қоры бар деп жазады. Ал,  Келісім шарттың құны 100 миллион доллар. Бұған қоса, жыл сайын «Казцинк» компаниясы болашақ өндірістен  бір унцияның құны 1250 доллардан асар болса, әр тоқсан сайын сыйақы алып тұратын болады. Мұндай сыйақы сомасы 80  миллион доллардан аспауы тиіс.

Айта кету керек, 2013 жылы «Верный Капитал» компаниясы мен «Казцинк» CAMMEX компаниясынан «Орион Минералс» ЖШС-ін 30 млрд теңгеге (сол уақыттағы доллар құнымен 200 миллион долларға) сатып алған болатын.

Елдегі алтын кен орындарының біріне қатысты тағы бір қызықты мәліметті 2018 жылдың 13-қыркүйегінде «Атамекен бизнес» арнасы жариялапты.

«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен түріктің Lidya Madencilik компаниясымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Осылайша Оңтүстік-Мойынты алаңындағы (ОМА) алтыны бар кен орны сатылыпты. «Оңтүстік-Мойынты алаңындағы алтынды кенорнын барлау бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының мемлекет иелігінен шығарылғандығы туралы «Тау-Кен Самұрық» 2017 жылғы маусым айында жариялаған болатын. ОМА-ны сату туралы халықаралық деңгейде жарнама орналастырылғаннан кейін осы активке қызығушылық білдірген тек Lidya Madencilik компаниясынан ғана жалғыз ұсыныс келіп түсіпті. Ал қазақстандық инвесторлардың мол инвестицияны қажет ететін бұл жобаға тісі батпапты. Бұған ОМА-ның толық барланбағаны, яғни барлау жұмыстарына шығын шығаруды қажет ететіні де әсер етсе керек» деп жазады басылым. Кен орнын сату бойынша келіссөздер екі жылға жуық уақыт жүргеннен кейін,  түріктер ешкіммен бөліспей, тұтас иелену, яғни ОМА кен орнының 100% үлесін сатып алу бойынша мүдделерін ілгерілеткен. Біздің үкімет осы шартқа келіссе керек. Кен орнын алып жатқан 234 шаршы шақырымдың аумақта 2015-2016 жылдары дала геологиялық барлау жұмыстары жүргізілген, 16 бұрғы салған. Сонда 8,4 тонна алтынның болжамды қоры табылды деп жазады Атамекен Бизнес.  Сонымен қатар, мұнда кварц ресурстары да мол саналады,  мышьяк, висмут, қорғасын, мырыш, мыс, күміс кездеседі.

Айта кетейік, биыл қаңтардан тамыз айына дейін Өзбекстан 5,8 млрд долларға алтын экспорттаған. Орталық Азия жаңалықтар қызметінің мәліметінще. алтын экспорты сегіз ай ішіндегі Өзбекстандағы жалпы экспорт көлемінің 50 процентін құраған. Өзбекстан шілде айында 11,6 тонна алтын сатып, әлемдегі ең ірі алтын сатушыға айналды. Екінші орынға Монғолия шықты, шілде айында 6,1 тонна алтын сатқан.

Жалғасы бар.

Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер негізінде әзірлеген Риза Исаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар