///

Театр әртістері: аңсаған, тіпті армандағанымыз да шапалақ болып қалды

4127 рет қаралды

Елімізде 16 қыркүйектен бастап театрлар ашылды. Көрермендер саны 50 пайыздан аспау қажет деген шарт қойылды. Театрлар жұмысын қайта бастағанына бір айдан асты. Еліміздің әр қаласындағы театр әртістерімен сұхбаттасып, сағынған театр әлеміне саяхаттап қайттық.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының баспасөз бөлімінің хатшысы Болат Айзаданың театрда қызмет етіп жатқанына 3 жыл. Айзаданың айтуынша театрдың аурасы тым ерекше, оны сағынбау мүмкін емес.

– Карантинге дейінгі үйреніп алған шеңберде өз қағидаларымыз болды. Күніне 2 спектакль ұсынатынбыз. Күндіз балаларға арналған ертегі қоямыз. Кешкісін ересектерге, студенттерге бағытталған спектакльдер болып жүрді. Әртістерімізді сұхбаттарға жіберіп отырдық. Ешқандай қиындық болған жоқ. Әдеттегідей өз арнамызда өмір сүрдік. Аяқ асты карантин болғандықтан бәріміз абдырап қалдық. Ешқандай сала дайын емес еді. Дегенмен де біз бос жатпай әлеуметтік желіде тікелей эфир өткіздік. Кешкісін жастар, ересектер өз шығармашылығына қатысты сұхбаттар жүргізді. Әртүрлі қызықты айдар ойлап таптық. Онлайн форматта кездесулер ұйымдастырдық. Балаларға арналған ертегі ұсындық. Мерекелік құттықтаулар кезінде де ерекшеленуге тырыстық. YouTube арнасына бұрын түсірілген спектакльдерімізді жүктедік. Карантин кезінде біздің жұмыс осындай форматта өтті.

– Театрдың жұмыс істеуіне рұқсат шыққанда 30 % көрерменмен жұмысымызды бастадық. Қазір 50% адам рұқсат деген соң залды шахмат тәрізді еттік. Бір қатар ашық, бір қатар жабық. Біздің залға 370 адам сыяды. Қазір 120 көрерменге спектакль ұсынып жүрміз.  10 көрермен болса да спектакль көрсетуге дайынбыз.

– Карантинге дейін әр спектакльге көрермен лық толы болды. Әр спектакльдің тұрақты көрермені, тіпті әр әртістің тұрақты көрермені бар. Жұмыс істеу жағынан әртістерге қиындық туды. Әртістер спектакльді сағынды. Театрдың аурасы мүлдем бөлек, 1 айдың өзінде театрды сағынып қалдық. Жұмыс тоқтап тұрғанда барлық қызметкерге жалақы төленді. Біздің театр министрлікке бағынады. Біз жекеменшік театр емеспіз. Сол себепті көп көмек болды. Біз осы жылы 75 маусымды “Құлагер” спектакльімен аштық. “Құлагер” спектаклінің екі премьерасы карантиннің алдында болды. Енді карантиннен кейін үшінші премьерасы деп аштық. Театрдың алдағы жоспары жаңа спектакльдер болады. Дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Өз көрерменімізді қуантсақ дейміз.

КАРАНТИНДЕ ФОРМАДАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫҚ

Шымкент әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі Рүстем Жантілесұлының айтуынша театр әртістері формадан шығып қалған. Қазір бәрін өз орнына келтіріп жатыр.

– Карантинге дейін театрдың жағдайы керемет еді. Біз қарқынды түрде  қызметімізді атқарып жүрдік. Жоспарланған премьера бойынша өткіздік. Көрермен нық толы болады. Сатираның брендтері Уәлибек ағамыз, Жүсіп Ақшора ағамыз, Шаншар театрының мамандары және өзге де белгілі әртістер жұмыс істейтіндіктен көрермен жағынан қиындық болмайды. Драма театрдан қарағанда біз комедияны көп қоямыз.  Жекемізге де көп жазып жатады. Тұрақты көрерменсіз театр театр емес. Карантин кезінде “қашан ашыласыздар, қашан театрға барамыз” деп мазалағандардың қарасы да аз болмады.  Алғашқы кезде онлайн спектакль қоятындай мүмкіндік жоқ еді. Театрға бара алмадық, үйде болдық. Карантин жеңілдетілгеннен кейін ғана театрға бара алдық. Айына 1 әртіспен онлайн сұхбат ұйымдастырып, көрерменмен қауыштырдық. Ән айттық, өнер көрсеттік, би биледік. Бұл онлайн жұмыстарымыз өте табысты болды деп айта аламын. Себебі оқырманымыз көбейді, онлайн түрде шапалақ ұрып отырды. Соңғы 1.5 айда онлайн спектакльге көштік.

Карантин кезінде театр қызметкерлеріне біршама қиындықтар туындады. Энергиясы мол адам ретінде үйде жату қиын болды. Бірақ уақыт өте келе үйреніп те кеткендей болдық. Формадан да шықтық. Себебі әртіс үшін 3-4 ай сахнаға шықпауы, үйде жатып қалуы ол өте қиын дүние. Қазір жақсы, барлығын ақырындап қолға алдық. Артық салмақ та қостық, қазір соның бәрін реттеп жатырмыз. Театрымыз ашылып, спектакль бере бастадық.

– Мемлекет тарапынан көмек болды, барлық қызметкер жалақысын алды. Біздің театр мемлекеттік болғандықтан ол жағынан қиындық тумады. Карантин кезінде жоспарлаған премьераны өткізіп тастадық. Қазір рұқсат бергеннен кейін офлайн қойып жатырмыз. Театрда міндетті түрде арақашықтық сақтаймыз. Шыны керек, біз көрерменнің шапалағын қатты сағындық. Аңсаған, тіпті армандағанымыз да шапалақ болып қалды. Бәрімізде 6-7 ай, тіпті арықарай ашылмай кетеді ме деген қорқыныш та болды.

ОНЛАЙН КОНЦЕРТТЕ ШАПАЛАҚ ЕСТІЛМЕЙДІ

Астана Жастар театрының әртісі, театрды алғаш ашып, іргетасын қалаған актердің бірі Азамат Есқұл онлайн форматта арқаң қозып, көрермендердің шапалағын естімейтінің қиын дейді

 – Театрдың өмір сүргеніне 13 жыл болды,13 жылда 13 бас жүлде бар. Азияда, Республикалық деңгейде фестивальдарға қатысып, гран приді жеңіп алып жүрдік. Театрдың деңгейі өте жоғары, мюзикл қойып Кореяға барды. Әлемдік деңгейдегі 9 театрдың ішіне кіріп, екінші орынды жеңіп алды. Осы жылы карантинге байланысты бара алмадық. Жақында онлайн қатысады.

– Біздің театрға 350 адам сыяды. Қойылым кездері ең азы 300 адам келеді. Кейбір спектакльде келушілер тым көп болады. Театрдың тұрақты көрермендері әртістерге шоколад, гүл, сыйлық тапсырып жатады. Өзіміздің еңбегіміз бағаланғанын көріп одан әрі шабыт аламыз.

– Карантин жарияланғанда басында түсінбей қалдық. Әкімшіліктен театр жұмысын тоқтатпау қажет деп айтылғаннан кейін онлайн концерт бердік. Буын буынмен бөлініп, 2-3 адамнан аптасына 1 рет концерт бердік. Бір конгреске концерт бергендей боласың. Себебі инстада 1000-нан астам адам бар, өз парақшаларымызда қаншама оқырман бар, жалпы 3000 көрерменге дейін тамашалады. Әртістерге қиын болды. Себебі біз елдің алдына шығып, өнерімізді көрсетіп, халықтың алғысын алып, риза болып қалған адамдармыз. Карантин кезінде 6-7 ай сахнаға шықпау деген өте ауыр нәрсе. Себебі онлайн концерт біткенде шапалақ жоқ, қошемет жоқ, “ой, бәрекелді” деп жатқан адам жоқ. Театрда болған кезде көрерменнің қошеметі арқаңды қоздырып, мерейіңді өсіріп отырады. Осы нәрсе жоқ болды. Ал, мемлекет өте үлкен көмек жасады. Біз арасында ғана онлайн шықтық, соның өзінде айлығымыз толық жүріп тұрды.

– Жақында театр 14-маусымын ашты. Қазір аптасына 4-5 спектакльдан қойып жатырмыз. Басында 50 адам еді, қазір 70-80 адамға билет сатылып жатыр. Көрермендермен тығыз байланыс құрып, өнерімізді көрсетудеміз. Біз мемлекеттік театр болғандықтан жылына өте көп спектакль шығару қажет. Алдағы жоспар бойынша Бас режиссер Нұрқанат Жақыпбай мен Бекболат Құрманқожаев 4 спектакль дайындап жатыр.

БАЛАЛАРДЫҢ ШУЫН САҒЫНДЫҚ

 Алматы Мемлекеттік Қуыршақ Театрының әртісі, режиссер көмекшісі Камалов  Мақсат Нұрланұлы бұл театрда 17 жылдан астам қызмет етіп келеді. Қуыршақ театрының ең қатты сағынғаны балалардың шуы дейді.

– Карантинге дейінгі Алматы Мемлекеттік Қуыршақ Театрының жағдайы өте қарқынды түрде, өз жоспарларымен бағыт алып келе жатты. Біз 85 жылдық маусымның жабылуын үлкен мерекелік кеш етіп өткізуді қалаған едік. Бірақ әлемде болған індет салдарынан театрымыз уақытша жұмысын тоқтатты. Карантин театрға аса үлкен зардап алып келді дей алмаймын. Көптеген шетелге гострольдік сапарымыз болды. Анкара қаласында 17-25 қазан күндері өтетін фестивальде “Ромео Джульетта” қойылымын қоюымыз қажет еді. Бұл ойымыз жүзеге аспады. Карантинге дейін көрермендеріміз залда нық толы отыратын. Біздің театрмен бірге, театр өнерпаздарымен, әртістерімен, спектакльдермен тығыз байланыста болды. Театрдың тұрақты, шынайы көрермендері бар. Қойылымнан кейін сүйікті әртістерімен жолығып, өздерінің жұмсақ ойыншықтарын, арнайы шоколадтарын сыйға тартады. Театрға келген балалардың емін-еркін ойнап, қойылымға дайын болуын қадағалайтын, көңілдерін көтеретін аниматорлар бар. Қойылымның алдында балалар спектакль жайлы мағлұмат айтып, пікір алмасады. Ата-аналарсыз өзін емін-еркін ұстайтын көрермендеріміз бар. Өзінің үйінде жүргендей сезінеді. Қойылым біткеннен кейін спектакльдің дұрыс-бұрысын айтады. Әртістермен жолығады. Кішкентай балалар ұнаса, ұнады деп, ұнамаса ұнамады деп айтады. Бала көрермендер ересектер секілді емес.

Алматы Мемлекеттік Қуыршақ Театры карантин кезінде өз көрермендерімен тығыз байланыста болды. Бізде арнайы жобалар жүріп жатты. Мысалы “таңғы жаттығу”, түскі асқа дейін “балаларға базарлық”, түстен кейін “үйрен де жирен”, “құпияға толы қуыршақ әлемі”, ең соңында “қайырлы түн, балақай”. Таңғы жаттығуда әртістер онлайн дене жаттығуларын жасатады. Арнайы YouTube каналына салынды. Әртістер неше түрлі дауысқа салып ертегі оқыды. “Үйрен де жирен” бағдарламасында үй жағдайында ұшақтар, сурет салуды үйреттік. Құпияға толы қуыршақ әлемінде театрда қуыршақ қалай жасалатынын, қалай образ беру керек екенін, қуыршақтың қандай түрі бар екенін қазақ, орыс тілінде түсіндірдік. Пьеса талдадық, режиссермен жұмыс жасадық. Карантин біздің театрды заманауи техникаларды меңгеруді үйретті. Барлығын бір смартфонмен жұмыс істеуді үйретті.

– Карантин барлық қызметкерлерге қиындық туғызды. Біз көрермендерімізден 6 ай бойы алшақтап қалдық. Сахнаны сағындық. Бізге жұмыс істеуге рұқсат бергенде, театрымызыдың 86-маусымын аштық. Театр 2 ай көлемінде өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта театрдың жоспары өте көп. Бірінші спектакльдеріміз “Ер Төстік”, “Золушка”, Шекспирдің “Макбет” жарыққа шығады. Қазақ вальсінің корольі, Шәмші ағамыздың 90 жылдық мерейтойына орай “Өмір өзен” спектальі өз көрермендеріне жол тартты.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі