/

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов:  Астананың маңына наразы халықты жинап жатырмыз

492 рет қаралды

Мәжіліс депутаты, «Ақжол» партиясы фракциясының өкілі  Берік Дүйсембиновпен сұхбатымыз күтпеген тұстан, қызу басталды. Депутат мырзамен «Парламенттік оппозиция» туралы мәселеден бастап, бірқатар проблемаларды сөз еттік. Ал, бұл сұхбатқа сайтымызда жарияланған саясаткер Дос Көшім мырзадан алған сұхбат түрткі болып еді. Онда саясаткер, «Парламенттік оппозицияға» қатысты көзқарасын білдірген еді.

 

– Қазір қоғамда жақсы нәрсені ешқашан айтпайды. Мысалы, біреулер «оппозиция» деген сөздің өзінен қорқатын. Ал, біз «Парламенттік оппозиция» деген ұғымды айналымға енгіздік. Алайда, оны ешкім мойындағысы келмейді. Жалпы, сондай тенденция бар. Алайда, билікке, Парламент депутаттарына деген сондай бір көзқарас қалыптасқан шығар. Биліктің өзі соған кінәлі шығар. Бірақ, заң шығару процессінен хабары жоқ адамдар, «Мәжіліске барамыз, өйтеміз-бүйтеміз» деп жатады. Ал, Мәжілісте мысалы расымен де кәсіби тұрғыда заң шығарып отырған заңгерлер бар. Бірақ олардың еңбектері аталмайды, аттары аталмайды. Керісінше, қазір хайп жасау алға шығып кеткен.

Мүмкін оған саяси коммуникацияның жоқтығы кінәлі шығар. Партия ретінде саяси пиар дұрыс жүргізілмеген шығар…

– Барлығы мүмкін. Қоғам мен биліктің арасының алшақтап кетуі, соған кінәлі шығар. Ауылдың ғана емес, ауданның, қаланың әкімдерін тікелей сайлауға кірісу керек. Халық өзі сайлауы керек. Осыны дереу қолға алу керек. Халық өз өкілін сайлауы керек. Елімізде сепаратизм қаупі бар облыстар бар. Ол облыстарда әкімдерді сайлау ертерек деп ойлаймын. Өйткені, 50 бала оқитын ауылда, 1000 бала оқитын мектеп салып, ол қаңырап тұр. Кеше, мысалы Дулат Ағәділдің ұлы қайтыс болды деп шу болды. Өте өкінішті жағдай. Бірақ енді соның астарына үңілсеңіз, оның мәнісі әріде екенін білесіз.  Дулат Ағаділ тұратын ауылда 35 мың халық тұрады. Қосшы ауылында 90 мың адам тұрады. Қояндыда 50 мың халық тұрады.  Астана агломерациясы деген бар. 5 ауданның халқы бір ауылда тұрады. Бірақ, осы ауылдарда Мәдениет үйі емес, қара жолдың өзі жоқ. Балалар батпақ кешіп, 8 шақырым жердегі мектепке жаяу барады. Жастардың уақыт өткізетін жері жоқ. Жап-жас жігіттер бағасы арзан спортзалдар болса, Мәдениет үйі соған кешке баратын еді. Бұл жағдайды жақсы білем, өйткені Қоянды ауылында менің туған інім тұрады. Бір Астанаға үйіп-төге бергеннен хаықтың өмір сүру сапасы жақсармайды. Бірақ, енді жақсы өмір іздеп алыс ауылдардан халық көшіп келе береді. Оған кедергі бола алмайсыз.

Oған қарапайым халық кінәлі де емес ау…

– Мен халықты кінәлап тұрған жоқпын. Дәл осы мәселелерді қазір дереу қолға алу керек.

– Біз кешігіп қалған жоқпыз ба?

– «Поезд шахида» дейді ғой. Астананың маңына наразы халықты жинап жатырмыз. Олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері шешілмеуде. Нұр-Сұлтан қаласының бір көшесіне жылына төрт рет асфальт төсегенше, сол қаржыны осы ауылдарға жұмсаған дұрыс еді. Мысалы, мына «Мәңгілік ел» көшесіне жылына төрт рет асфальт төселеді.

– Сіз, осымен бесінші жыл парламентте отырсыз. Бұл мәселелердің шешілуіне ықпал ете алмауыңыздың себебі неде?

– Бұл мәселені бюджетті жоспарлағанда, облыс әкіміне, Премьер-министрге дейін көтеріп жүрміз. Бірақ, мен облыс әкімі емеспін ғой. Осы Астана агломерациясы деген мәселені көтергелі бес жыл болды. Бірақ атқарушы билік мойын бұрмайды.-

– Оған не себеп қалай ойлайсыз? Жемқорлық па?

– Оның ішінде жемқорлық та бар. Немқұрайлық та бар.

– Бір сөзіңізде «әкім» емеспін деп қалдыңыз. Сіз шеше алмасаңыз, сізден өзге 106 депутат Мәжілісте не істеп отыр?

– Мұндай сұрақ бізге жиі қойылады. Бұл мәселені біз көтермей отырған жоқпыз. Депутаттық сауал жолдау – мәселенің басын ашу ғана.  Біздің өзіміз шешкен талай мәселе бар. Мысалы, мен өзім Шығыс Қазақстаннанмын. Осы облыста үстеме жалақысын ала алмаған мұғалімдер хабарласты. Біз бұл мәселені көтердік. Ол кезде Бердібек Сапарбаев вице-премьер болатын. Сол кісінің дұрыс көзқарасының арқасында бұл мәселе шешілді. Бір айдың ішінде мұғалімдер толығымен үстеме ақшаларын алды. Қылмыстық Кодекстен «жалған кәсіпкерлік» деген статьяны алып тастау мәселесін «Ақ жол» партиясы сегіз жыл көтеріп жүріп, соған қол жеткізді. Осындай мәселелер бар шешілген. Алайда, өкінішке орай, дереу қолға алынуы тиіс тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер шешілмей, кешеуілдеп тұр. Бірақ, шешілген мәселелерді бір қызығы ешкім еске алғысы келмейді.

ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДЕ ОППОЗИЦИЯ САЯСИ МӘДЕНИЕТТІҢ КӨРІНІСІ

– Парламенттік оппозицияны енгізу де «Ақ жол» партиясының бастамасы емес пе?

– Жалпы, біздің елде «оппозиция» деген сөзден қорқады. Бірдеңе болса өзімізді дамыған Еуропа елдерімен салыстыруға құмармыз ғой. Сол дамыған елдерде оппозиция саяси мәдениеттің көрінісі. Сондықтан біз осыдан 7 жыл бұрын өте көлемді заң жобасын ұсынғанбыз. Оның ішінде сайлау бар, парламенттік оппозиция мәселесі бар. Бірақ, Заң ретінде биыл өтті. Енді алдағы сайлауда сайланған депутаттар ресми түрде «Парламенттік оппозиция» деген атқа ие бола алады. Мәжілістегі кепілдендірілген комитеттің төрағасы болуға мүмкіндік бар. Екі комитеттің хатшысы Парламенттік оппозициядан болады. «Парламенттік оппозицияның» үнін естіртуге заңмен кепілдік берілген, осылайша.

– Алайда, оппозиция деген сөзден халық қорықпайтын секілді. Билік қорқады десек, бір жөн.

– Жо-жоқ, халық емес, билікті айтам. Оппозиция деген қарсы пікір айтатын, болмаса балама пікір айтатын – қоғам, ұйым, адам. Одан қорқатын ештеңе жоқ.

– Мұны сонда Назарбаев құрған жүйеге қарсылық деп түсінуге бола ма?

– Мұны белгілі бір жүйеге қарсылық емес – саяси мәдениет деп түсіну керек.

– www.minber.kz белгілі саясаттанушы Дос Көшімнен сұхбат алып, «Парламенттік оппозиция»туралы пікірін білген едік. Ол кісі қазіргі биліктің «батасын алып», сайлауға жіберілген алты партия бір-бірімен «парламенттік оппозиция» ойынын ойнайтын болса – ол күлкілі, деген сыңайда пікір айтқан еді. Бұған не дейсіз? Халық ол оппозицияға сене ме? Өйткені сайлауға жолдама алған алты партияның қай-қайсысын да халықтың өз арасынан құрылған партия деп айта алмаймыз ғой.

– Әр-түрлі баға беріледі. Парламенттік оппозиция туралы пікір айтып жатқан азаматтардың қай-қайсымен де, дауласуға құлқым жоқ. «Парламенттік оппозиция» туралы заң жобасының жұмыс тобы жұмысына кіріскен кезде, бүгінгі пікір айтып жатқан азаматтарға, Дос Көшімге де хабарлама жіберіп, «жұмыс тобына мүше болып, әзірлеуге атсалысыңыздар» деп сұраған болатынбыз. Сонда,немқұрайлы қарамайтын азаматтар хабарласты. Олармен жұмыс тобында бірге жұмыс істедік. Қалай болғанда да «Парламенттік оппозиция» ұғымын ел тарихында бірінші болып енгіздік. Оған кімнің көзқарасы қандай болса да, оның жемісін болашақта Парламентке келетін партиялар көреді. Бұл жүйе мәңгілік емес. Болашақта демократиялық принциптермен өмір сүруге бәріміз де мүдделіміз. Көршілеріміздегі жағдайды да бақылап отырсыздар. Қырғызстан, Украина. Сондықтан бұл Заң демократиялық жүйеге басқан қадам. Ең бастысы Заң бар.  Ол жақсы ма, жаман ба, оның бағасын уақыт береді.

– Алдағы сайлауда жеңіске жеткен партиялардың қайсысы Парламенттік оппозиция бола алады?

– Мәжіліске сайланған партиялар өзін «Парламенттік  оппозиция» деп танымауға да болады. Қай партия жеңіске жетсе де, олар өздерін «Парламенттік оппозиция емеспіз деп тапса»,  өз ұстанымдарымен жүре алады. Тіпті Парламенттік оппозиция бола тұра, бірігетін тұстар бар. Елдің тұтастығы, шекараның мызғымастығы туралы мәселелер туғанда кез-келген партиямен бірігуге болады. Ал, басқа салалардағы заң жобасына қатысты парламенттік оппоизцияда болғысы келсе, қолдарында нақты механизм бар.

ХАЛЫҚ ҚИНАЛҒАНДА ОЛАРҒА КӨМЕККЕ КЕЛГЕН АУЫЛДЫҢ ӘКІМДЕРІ ЕМЕС, ЕЛДІҢ ЖАНАШЫР АЗАМАТТАРЫ БОЛДЫ

Қалай ойлайсыз, халықтың сайлауға көзқарасы қандай?

– Бүгінгі халықты осыдан бес жыл, он жыл бұрынғы қалпымен салыстыра алмайсың.  Халықтың сайлауға, бүгінгі ел басшыларына көңілі толмауына себеп бар шығар.  Өйткені пандемия кезінде кімнің-кім екенін ауру көрсетіп берді. Расымен де, халық қиналғанда оларға көмекке келген ауылдың әкімдері емес, елдің жанашыр азаматтары болды-. Індеттің жақсы жағы болмайды дегенмен де, бұл сырқат елдің бірігуіне, топтасуына, оянуына септігін тигізді.

– Сонымен қатар, Депутаттардың айлығы 900 мың теңгеге жуық екені мәлім. Сондықтан, депутаттар бюджет қаржысын жұмсап, халықтың мойнында отырған және бітірген істерінің нәтижесі көрінбейтін жандар ретінде қабылданады, қоғамда. Бұған не айтасыз?

– Дәл осы сұрақтарды маған да қояды. «Осы сіздер не қарап отырсыздар» дейтін жандар Facebook-тан шығады. Мен жазда сол жігіттерді шақырдым. Мен оларды танымаймын, телефон арқылы ғана сөйлестік. Мен Өскеменге баратын едім, баратын уақытымды айттым. Уәделі күні екі  жігіт Өскеменге келді. Өзім көлікпен жүріп күтіп алдым. Базардан барып азық-түлік сатып алып, екі «Газельге» тиедік, өйткені Құрбан айт болатын. Бірге барған азаматтар мал сойды. Бұрын да жағдайы мәз емес кейбір тұрғындар тіпті тарылып қалған еді. Соларға азық-түлік таратып беруге кірістік. Сол кезде менімен еріп барған екі азамат таң қалып «Сіз шынымен депутатсыз ба?» деп сұрады. Куәлігімді көрсеттім. Екі күн жүргеннен кейін, жаңағы екі азамат шаршады. Сол сияқты елдің аузына қақпақ бола алмайсың…

– Депутат болу үшін адамның бойында қандай қасиет болуы керек? Бұрын, Парламентте Шерхан Мұртаза- Шерағаңдай өткір сөйлейтін азаматтар болушы еді. Қазір, депутатарға осындай өткірлік жетіспейтін сияқты…

– Шерағаңды қатты құрметтеймін, алайда тек өткір сөз айтумен мәселе шешілмейді. Мысалы партияда депутаттардың артында юристердің үлкен тобы бар. Сарапшылар бар. Заңмен жұмыс істеу үшін, белгілі деңгейде сол заңды түсіну керек. Қазір осындай топтық жұмысқа көшіп келе жатырмыз.

– Қазіргі партиялық тізім арқылы сайлау – қарапайым азаматтарды депутат болу үшін өзін-өзі ұсыну құқынан айырды. Өйткені кез-келген адам партияға мүше болғысы келмеуі де мүмкін ғой. Бұл мәселеге көзқарасың қандай?

– «Жалғыздың үні шықпас» дейді ғой, қазақ. Партияға мүше болу-болмау  адамдарды келісімге әкеледі. Егер білімді және өзінің депутаттық қызметі арқылы елге пайда әкелетініне сенімді болса, тіл табысу керек, партияға мүше болу керек. Өзін дәлелдеуі керек. Заң солай, заңға бағыну керек.  Қазір, бұрынғыдай Заң жобасын төрт-бас адам қарастырмайды. Қазір заң жобасын жасауға кез-келген адам атсалыса алады. Егер белгілі бір заң жобасына қатысты пікіріңіз, идеяңыз болса сіз де қатыса аласыз. Қазір бір заң жобасының айналасында 40-50 адам жұмыс істейді. Әрбір комитетте сол 40-50 адамның оны ғана депутат болуы мүмкін, ал қалғаны сарапшылар, кәсіпкерлер, сол саланың мамандары болып келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қош бол “Тайлақ”

Қалың қазаққа танымал азамат, “Тақиялы періште” фильмінде басты рөлді сомдаған актер , Алматы облысының Құрметті азаматы,