///

Мемлекеттің ақпараттық саясаты дегеннің не екенін ешкім түсінбейді

1794 рет қаралды

Өткен аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Осы заң жобасын әзірлеу бойынша жұмыс тобының құрамында «Правовой медиа-центр» қоғамдық қорының өкілдері де болған еді. Қордың директоры Диана Окреммовадан мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысты, заң жобасында талқыланған мәселелерге бойынша сұхбат алған едік.

МЕМЛЕКЕТТІҢ АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТЫ – ЖАЗЫЛУЫ ТИІС МАҚАЛАЛАРҒА АЙНАЛДЫ. САПАСЫ ЕШКІМДІ ТОЛҒАНДЫРМАЙДЫ

– Еліміздегі маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс. Осы саладағы сарапшы маман ретінде бұл процесске қандай баға бересіз? Жыл сайын бюджеттен бөлінетін миллиондаған қаражат қайда жұмсалып жатыр?

– 50 млрд теңгеден астам сома. Бұл 150млн долларға жуық. Біз осы мәселемен 10 жылға жуық уақыт бойы айналысып келеміз, ондағы мақсат үкіметке, парламент депутаттарына бұл жүйенің тиімсіз екенін  түсіндіру, соған талпынып келеміз. Ал, басты проблема – мемлекеттік ақпараттық саясат деген не екенін ешкім түсінбейді.  Президент әкімшілігінде, Ақпарат министрлігінде отырған  жандарда мемлекеттік саясатты жариялауға қатысты қандай да бір ұстанымы,  мақсаты бар. Алайда, оны  орындау барысында, іс жүзінде бұл әйтеуір жазылуы тиіс мақалаларға айналады. Оның сапасына ешкім назар аудармайды.

Жақында,  Парламентте заңға енгізілетін өзгерістер бойынша, оның ішінде мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша енгізілетін өзгерістер бар, жұмыс тобы өз жұмысын аяқтады. Сондағы депутаттар көтерген  мәселелердің бірі – мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша әзірленетін материалдардың сапасыздығы, сондықтан  оны өзгертуге қатысты болды. Ақпарат министрі болса бұл мәселені білетінін, хабары барын, ол мәселе қолға алынатынын айтты, болды.

– Жалпы, мемлекеттік ақпараттық саясат бойынша қаржыландыру барысы қалай жүзеге асады?

– Мемлекеттік ақпараттық  тапсырыс бойынша бөлінген қаражатты онға тарта мемлекеттік БАҚ алады. Ол 40 миллиард теңгеге жуық қаржы. Бұған қоса, аймақтарда тендер бойынша бөлінетін қаражат бар.   Оны Ақпарат министрлігі жеке ақпарат құралдарына береді. Үш жыл бұрын Ақпарат министрлігі жекенің қолындағы ақпарат құралдарына қаржыны байқау өткізбей-ақ, яғни goszakup.kz сайты арқылы өткізілетін тендерлік процедураларсыз-ақ, беру туралы шешім қабылдады. Ақпарат министрлігі арнайы комиссия құрады. Сол комиссия қай ақпарат құралына қанша ақша беру керек екені туралы шешім қабылдайды. Ал, қай ақпарат құралына қанша қаржы берілгені туралы ақпарат құпия сақталады. Осы соңғы жұмыс тобында, оның арасында мен де бармын, барлық аймақтық ақпарат құралдарына бөлінетін қаржы көлемін, министрлік жанынан құрылған комиссия шешетін болды. Біз Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдерін шақырып, «бүкіл ел, жемқорлыққа итермелеуі мүмкін жағдайларды жою үшін, автоматты жүйеге көшіп жатқанда, неге министрлік мұндай қадамға барып отыр» деген сұрақты алға тарттық. Агенттік өкілдері әрине, бұл жағдайды жіті бақылауға алып,  комиссияның жұмыс барысын барынша ашық болуын талап ететіндерін айтты.  Дегенмен, мұнда осынау миллиардтаған ақшалар кімге, не үшін беріліп жатыр деген сұрақ толыққанды ашылмай отыр. Мысалы,  Президент жолдауын насихаттау бойынша миллиондап ақша беріледі делік. Ол қалай насихатталуы керек? Ешкім білмейді. Жолдау шыққан кезде, ол барлық теле-радио арналар мен сайттарда, басылымдарда жарық көреді.  Оны халық оқиды. Ал, насихатталуы жағынан – оның насихатталуы керек пе, халық оның насихатталуын қалай ма? Бұл мәселенің жауабы жоқ.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мәселесінде айтпай кетуге болмайтын тағы бір қызық нәрсе бар: ол боттар. Өзіңіз білесіз пандемия кезінде барлығымыз онлайн жұмыс істеп, адамдар бір-бірімен тек онлайн пікір алмасқан кезде әлеуметтік желіде де белсенділік жоғары болды. Сол уақытта, қоғамдағы проблемалар ашық жазылған постарға қарама-қайшы пікір қалдыратындар – бұл да мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мәселесі. Өйткені мұндай боттарға мемлекет есебінен ақша төленеді. Біз бұл мәселені бірнеше рет көтердік, өзіңіз де білесіз ондай боттардың онлайндағы әрекетін  көпшілік күлкі қылып жатады, алайда, сөйте тұра ол үшін ақша жұмсалады. Бұл да дұрыс ұйымдастырылмаған ақпараттық саясат мәселесі. Өйткені, өзіңіз білесіз әлеуметтік желіде постқа пікір көп қалдырылған сайын ол көбірек көрсетіледі. Сонда, сыни мәселені көтерген посттардың аз көрсетілуін қамтамасыз етудің орнына, боттар олардың қаралымын арттыра түседі. Кейде тіпті бұл боттар қайда не жазып отырғанын білмейтіндей әсер қалдырады.

ЕЛІМІЗДЕ АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ БИЗНЕС ҚҰРЫЛЫМ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛМАЙДЫ.

ОЛАР – ҮГІТ-НАСИХАТ ҚҰРАЛЫ 

– Жалпы, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу барысы қаншалықты ашық? Аймақтық  жеке ақпарат құралдарына қаражатты байқаудан тыс бөлу мәселесін көтеруге не себеп болды?

– Бұрын аймақтардағы жеке ақпарат құралдарына қаражат тендер арқылы берілген кезде, бұл салада тәжірибесі жоқ компаниялар байқауда жеңіске жететін болған, өйткені олар төмен баға ұсынады. Тіпті, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты автокөлік жөндеумен немесе кір жуу айналысатын компания жеңіп алған жағдайлар да кездескен. Өйткені goszakup.kz автоматты жүйе болғандықтан, онда төмен бағаға басты мән беріледі. Сондықтан да, бұл шешімді арнайы комиссия қабылдауы керек деп ұйғарылды. Әрине, біз комиссияның қарағанына қарсы емеспіз, дегенмен, оның жұмысы да мүмкіндігінше ашық болуы тиіс. Яғни, қоғам комиссияның құрамын,қандай шешім қабылдағанын қай ақпарат құралы қанша ақша алғанын білуі тиіс. Ал, комисссия құрамы, олардың шешімі құпия болса – яғни олардың жасыратын құпиясы бар деген ой туады.

– Жақында Ақпарат министрі Аида Балаеванывң өзі жекенің қолындағы ақпарат құралдары өздерінің бөлінетін қаражат көлемі туралы жария етпеуді сұрағанын айтты…

– Біз осы мәселеге қатысты сотқа да жүгіндік, бұл – біздің ұйым көтеріп отырған мәселе. Министрге сұрақ қойған журналистің де осы мәселеден хабары болғандықтан сұраған еді. Алайда министрдің жауабын өзіңіз естідіңіз. Бұл енді осындай қисынсыз дүние. Ашық бюджетті насихаттап жүрген министрдің өзі осындай негізсіз жауап беріп отыр, «жария етпеуді сұрау» деген не сонда, нені меңзеп тұр? Мұндайда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі үнсіз қалмауы керек. Министрлік халықтың салығынан жиналған бюджет ақшасын ақпараттық саясатқа жұмсайды, сөйте тұра жеке компанияның өтінішімен – халықтың ақшасынан ол компанияға қанша қаражат бөлінгені туралы ақпаратты халыққа жария етпейді. Бұл не сонда? Ақпарат министрі бұл халықаралық тәжірибеде бар нәрсе екенін айтты. Біз Ақпарат министрлігіне қандай елдерде мұндай тәжірибе қолданылатыны туралы сұрап, сауал жолдадық. Ал, олардың берген жауабында Ресейде жеке адамның өмірі мен құпиясы туралы заң бары айтылған. Алайда, мұнда жеке адамның басындағы құпия туралы әңгіме болып тұрған жоқ қой. Тіпті коммерциялық құпияның да қатысы жоқ, өйткені мұнда мәселе бюджет қаражаты жайында емес пе?

– Жақында Facebook-тың қазақ сегментінде  «Қазақстан» ұлттық арнасынан шығатын «Қымбат жандар» хабары, жүргізушінің кәсіби шеберлігі, кейіпкердің қайғысынан рейтинг жасауға тырысу бар екенін айтылып, сыналды. Осы мәселеден кейін, Ұлттық арнаға бөлінетін қаражат көлемін анықтау мақсатында біраз онлайн ресурстарды ақтарып көрдім, бірақ нақты соманы таба алмадым.

– Менің білуімше, жыл сайын бюджеттен Қазақстан корпорациясына  20 млрд, Хабар агенттігіне 18 млрд теңге бөлінеді. Есеп комитеті бұрын аудиторлық тексерістер туралы ақпаратты жариялап тұратын. Алайда, соңғы жылдары ол ақпаратты да құпияға жатқызып, жабық етіп қойды. Өйткені біз де осы соманың қалай жұмсалып жатқаны туралы егжей-тегжейлі білгіміз келген еді. Сонымен қатар, мемлекет есебінен жұмыс істейтін арналар Парламентке жыл сайын есеп беріп, қаражатты қаншалықты тиімді пайдаланып отырғанын дәлелдеуі тиіс деп ұсыныс та көтергенбіз, алайда ол ұсынысымыз қолдау таппады.   Ол телеарналардың сайттарында қаржылық есеп туралы ақпарат болуы тиіс. Бар да, алайда онда жалпы телеарнаның жұмысы, қызметкерлерді ұстап тұруға, құрал жабдық сатып алуға қанша қаражат жұмсалғаны туралы ақпарат жарияланған болуы керек.

– Ал,  есепте қандай да бір бағдарлдаманы әзірлеуге қанша ақша жұмсалғаны туралы мәлімет болуы тиіс емес пе?

– Менің де ойымша солай, алайда олардың өзінде де мұндай есеп жоқ шығар…

Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс мәселесіне қайта оралсақ, елімізде мемлекет меншігіндегі ақпарат құралдары бар болса, олар толықтай бюджеттен қаржыландырылатын болса, онда мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың жалпы қажеті бар ма?

– Елімізде ақпарат құралдары бизнес құрылым ретінде қарастырылмайды. Олар – үгіт-насихат құралы. Шын мәнінде олар бизнес құрылым және олар аудиторияны тарту үшін өзара бәсекелесуі тиіс.

– Бюджеттен бөлінетін 50 млрд теңге көп емес пе?

– Біз бұл туралы министрлікке де айтқан едік. Алайда ақпарат министрлігінің өкілдері Ресей мен Қытайды мысалға келтірді, мемлекеттік ақпараттық саясатқа ол елдерде қаражат екі есе көп бөлінеді. Менің ойымша  бұл екі ел де аса жақсы мысал емес. Алайда, Ресейде ақпараттық тапсырыс бойынша жасалатын материалдар анағұрлым сапалы болып шығады. Ал, біздің елімізде әсіресе аймақтарда осы ақпараттық тапсырыспен қана күн көріп отырған ақпарат құралдары бар. Олар не өзгермейді, не дамымайды. Жиырма жыл бұрын қандай болды, әлі де сол қалпында.

– Жарнама мәселесі, Қазақстан Ұлттық арнасы толықтай мемлекеттен қаржыландырылатын арна болса да, онда жарнама жүріп жатады. Бұл қаншалықты әділетті?

– Жалпы бұл принцип мәселесінің бірі. Егер толықтай мемлекеттен қаржыландырылатынарна болса, онда жарнама болуы тиіс емес.  Ол жарнама нарығына қатыспауы керек. Өйткені  ол әділетсіздік болар еді. Арнаның қаражаты онсыз да жеткілікті емес пе, ал ол жарнаманы мемлекеттен ақша алмайтын ақпарат құралдары алсын.

ЖҰМСАЛЫП ЖАТҚАН ХАЛЫҚТЫҢ АҚШАСЫ. ХАЛЫҚТЫҢ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ПАРЛАМЕНТ ДЕПУТАТТАРЫ КӨТЕРУІ ТИІС

– Әсіресе, мемлекеттік телеарналарда жасалатын кейбір бағдарламалар көрерменге қызық па, деген ой туады.

– Министрліктің дерегінше олар үнемі қоғамдық пікірді білу үшін сауалнама жүргізіп, соның нәтижесі бойынша хабарлар дайындайды. Алайда, біз бірнеше рет сауал жолдап осы сауалнамалардың нәтижесін сұратқан кезде, бұл құжаттың да жария мақсатында емес, министрліктің ішкі қолданысқа арналған құжаты екені айтылып, оны бізге беруден бас тартты, министрлік.  Халыққа жария етуге болмайтындай бұл сауалнамаларда қандай ақпарат бар екен, беймәлім.  «Қазақстан» мен «Хабар» арнасы ненің негізінде жұмыс істеп жатқанын білу, маған да қызық. Бір қызығы осындай мәселелер бізде көтерілмейді. Өйткені менің ойымша мемлекеттік ақпараттық тапсырысты беріп отырғандардың өздері де, оның қандай болуы керек екенін түсіне бермейтін сияқты.

– Ал, мұндай мәселелер көтерілуі үшін, кім белсенді болуы керек, журналист, көрермен, Парламент, халық?

– Менің ойымша халық. Өйткені жұмсалып жатқан халықтың ақшасы. Халықтың өкілі ретінде бұл мәселені Парламент депутаттары көтеруі тиіс. Бірақ, өзім қатысқан Мәжілістің пленарлы отырысында депутаттар «үнсіз қалмайық» дегендей сұрақтар қойды. Ал, Ақпарат министрі негізінен «шара қолданамыз» деген сипатта жауап беріп отырды. Қандай шара қолданылады, қалай ол туралы айтылмады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері