/

Партиялардың ребрендинг жасауы сайлау процесіне қаншалықты әсер етеді?

2040 рет қаралды
фото: abai.kz

2021 жылдың 10-қаңтарында елімізде Парламент Мәжілісінің сайлауы жетінші рет өткізілейін деп отыр.  Маслихат депутаттарын сайлаудың да бір күн тағайындалуы осымен екінші рет.    2012 жылдың 15-ші қаңтарында да Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы бір күнге тағанайындалған болатын.

Сонымен жетінші Мәжіліс сайлауына алты партия қатысады. Көппартиялы сайлау жүйесі елімізде 1999 жылдан бері  қалыптасты. Осы жылдар ішінде еліміздің саяси сахнасында түрлі-түрлі партиялар болды және барлығына дерлік ортақ қасиет –  сайлау науқанында ғана белсенді болу. Оған қарапайым халық үйреніп те кеткен секілді.

Биылғы сайлауға жіберілген алты партияның, өткен сайлауда Парламентте мандат алған үшеуінен өзгесінің соңғы төрт жылдағы анау айтқандай белсенділігін байқаған жан аз болар, бәлкім. Бұған елімізде саяси пиардың дамымауы да себеп болуы мүмкін. Осы болжамымызға жауап іздеп, жақында ғана ребрендинг жасап, «Бірлік» атауын «Адал»  деп алмастырған партияның ресми өкілі,  пиар-коммуникация маманы Назым Жанғазиновамен сұхбаттасқан едік

– Сайлауға аз уақыт қалғанда ребрендинг жасау қаншалықты нәтиже береді? Пиар маманы ретінде не айтасыз?

– Адам жаңа нәрсеге оң пейіл танытады. Ескі нәрсеге көзі үйреніп қалатындықтан, жаңарған дүние өзінше бір тиімді әсер береді. Мысалы, адам жұмысқа күнеде бір көйлекпен келіп жүріп, бір күні аяқ астынан жаңа көйлек киіп келсе, сіз оған міндетті түрде назар аударасыз. Мұнда да сол сияқты. Жаңа көйлек киген адамның өмірінде өзгеріс бар  деп ойлай бастаймыз. Сондықтан, жаңа дүние адамдардың қызығушылығын тудырады.

– Саяси пиар мәселесі тұрғысынан не айтасыз?

– Қазір коммуникация дәуірі ғой. Сондықтан іштегі ойын кім жеткізе алады. Соны басқалар тыңдайды. Тіпті саяси дебаттардың өзін алыңызшы. Біздің елімізде сайлау алдындағы дебаттардың тілі өте ауыр болады ғой. Оны тіпті қарапайым халық түсінбейтін де сияқты. Мен қарапайым халықты саясаттан алшақтату үшін де, биік мінберлерден халыққа түсініксіз терминологиямен сөйлейтін шығар деп ойлаймын кейде. Неге біздің елде саяи дебаттар халыққа қызық емес? Трамп пен Байденнің, Зеленскийдің дебататтарын алыңызшы қандай қызық, тілдері де қарапайым халыққа түсінікті.

– Бүгінде Депутат болу деген мінберден жалынды сөз айту емес, менің білуімше депутат – заң шығару процесін білетін, сауатты маман болуы тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда бүгінде танымал адамнан гөрі, сауатты, білгір маманның халыққа көбірек пайдасы тиер ме еді, қалай ойлайсыз? 

– Кеше де маған осыған ұқсас, «саясатқа кәсіби біліктілігі жоқ мамандар келіп жатыр, неге?» деп сұрақ қойды. Бізде ЖОО-да депутат мамандығын оқыта ма?

– Саясаттанушы мамандығын оқытады.

– Иә, саясаттанушы мамандығы бар. Мысалы, мен саясаттанушы емеспін, медиа-коммуникация маманымын. Мен қоғамда белсенді адаммын, делік. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдаймын. Әйелдердің өмірде жетістікке жеткенін қолдаймын. Егер мен бір қор құрып, әйелдерге көмектессем, белгілі бір деңгейге жетсем, мен неге Депутат бола алмаймын? Егер мен Парламент қарауына әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық, кемсітушілік туралы сұрақтарды ұсынып, талқылап, соның шешілуіне үлес қоса алсам, мен неге Депутат бола алмаймын? Қазір саясатқа жұлдыздар кетіп жатыр деген жаңсақ пікір бар. Сондықтан, ең бастысы жоғары деңгейде белгілі бір мәселелерді шеше алатын кәсіби маман депутат болуы керек, деген ойдамын.

– Нұр-Сұлтаннан немесе Алматыдан болсын 10 шақырым алыстасаңыз, интернеті жоқ, жолы жасалмаған ауылдар алдыңыздан шығады. Осы мәселелерді қазіргі депутаттар білмейді емес, біледі. Өйткені барлығы да өңірлерді аралайды, көреді. Алайда соңғы бес жыл ішінде  осындай мәселелердің көпшілігі шешілмеген күйі қалғанын білеміз. Депутаттар үкіметті қыспаққа алып, неге мына мәселе шешілмейді деп, нәтижеге жеткенін де жиі көрмедік… Ал, жалындаған, жігерлі жастар Парламентке келсе, елдегі бюрократиялық жүйенің қысымынан тауы шағылмай ма? Сол кезде «депутаттардың қолынан түк келмеді» деп қара халықтың сынына ұшырамай ма? Саясатқа енді араласап жатқан маман ретінде оған не айтар едіңіз?

– Қазір қоғамда бұрынғыдай орта буынның жастарды менсінбеуі жоқ. Қазір қоғам өзгеріп келе жатыр. Үлкендер жастардды тыңдайды, өзінше бірдеңе үйренеді. Сол секілді жастардың да орта, жоғары буыннан үйренері көп. Оның үстіне қазір жастар қиындыққа тез бейімделеді.

– Сайлау  тақырыбына оралсақ, ешбір партияда жоқ қарапайым адамдар үшін, партиялардың көпшілігі тек сайлау кезінде ғана оянатын сияқты. Осындай, «саяси ойыншық» партиялардың қатарында сіздердің де партия бар, өкінішке орай….

– Сұрағыңызды түсіндім. Партия қоғаммен ашық жұмыс істемесе де, партияның іштей талдау жұмыстары тоқтаған емес.

– Төрт жыл бойы ма?

– Төрт жыл бойы деп айта алмаймын, бірақ, соңғы айларда нақты сондай жұмыстар жүргізілді.

– Еліміздегі саяси коммуникация, саяси пиарға жас маман ретінде қандай баға бересіз?

– Украинадағы Президент сайлауы кезінде достарымның бірі Зеленскийдің кампаниясында жұмыс істеді. Сол елдегі саяси пиар туралы айтқанда, таң қала тыңдадым. Зеленский түрлі БАҚ өкілдерін жинап, ортаға теннис үстелін қойып, теннис ойнатады екен. Сол ойында жеңген журналист оған сұрақ қоюға мүмкіндік алады екен. Көрдіңіз бе, қандай қызық тәсіл. Ал, біздің елде ше? Бізде неге сондай қызық кейстер жоқ, әлде маман жоқ па, деген сұрақтарды мен де өзіме қойдым.

– Қазір, адамдар жалаң сөзден шаршады. Сондықтан, қандай мәселені болсын жан-жақты зерттелгені  дұрыс. Яғни,  жалаң, құр сөзбен емес, негіздемесі бар дүние айтылуы керек. Сонда біздің ақпарат алаңы да қызықты болар еді.  

– Өзі қазақтілді аудиторияның қызығатын тақырыптары да шектеулі ғой. Жеке адамдардың өмірі, тоқал мәселесі, ақша, деген секілді. Ал, орыстілді аудитория мұндай ақпаратқа қызықпайды, керісінше, нақты сандар, нақты мәліметтері бар ақпаратты оқуға құмар.

– Мемлекеттің ақпараттық саясаты бар. Сіз айтып отырған тақырыптар негізінен әлеуметтік хабарлардың еншісінде десек, осы әлеуметтік хабарлардың біразы сол мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында жасалып жатады. Қалай ойлайсыз, бүгінгі биліктің өзі халықтың саяси сауатты болуын қаламайтын шығар, осындай әлеуметтік бағыттағы материалдарды халыққа әдейі ұсынып отырған болар, маман ретінде бұған не айтар едіңіз?

– Мен ол жағын нақты білмеймін. Мүмкін, қазақ тілді аудиторияның көретіні сол тақырыптар болғандықтан, сондай тапсырыс берілетін болар. Мен нақты солай деп дөп басып айта алмаймын. Мысалы, кванттық физика туралы хабар дайындалса, оны көпшілік көре бермейді деп ойлаймын. Сондықтан, бюджеттің қаржысын халық көрмейтін бағдарламаларға жұмсағысы келмейтін шығар. Бірақ, бірте-бірте бұл жағдай да өзгереді деп ойлаймын.

– Еліміздегі жалпы пиар саласының беталысына көзқарасыңыз қандай?

– Бізде шаблонмен жұмыс істеу қалыптасқан. Пресс-релиз таратады, болды. Ал, сторителлинг, эмоциональный пиар деген элементтер пайдаланыла бермейді. Мен аға буын мамандардың еңбегін жоққа шығарып тұрған жоқпын, олардан үйренеріміз көп. Бірақ та, пиардың жаңа элементтерін қосып, заманға сай дамытып отыру керек деп есептеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет!

P.S. Сайлау алдында атауын өзгертіп, ребрендинг жасап жатқан жалғыз “Адал” (“Бірлік”) партиясы емес, сондай-ақ, Қазақстан Халықтық Коммунистер партиясы да атауын өзгертіп, халыққа біртабан жақын болу мақсатында “коммунистік” сөзін алып тастап, “халықтық” партия атанды. Бірақ, осыдан болып халыққа жақын болып кетуі неғайбыл.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі