//

Өтемұратовтың қанша дәулеті бар?

2663 рет қаралды
фото: www.tengrinews.kz

Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратовқа қатысты соңғы кезде бірнеше ақпарат тараған еді. Ал, 2 желтоқсан күні бизнесменнің өкілдері Ұлыбритания сотының активтерді бұғаттау туралы шешімін алғанын хабарлады , деп жазды Қазтаг агенттігі.

«Верный Капитал»компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың сөзінше, Бұл шектеулер Болат Өтемұратов акционері болып  отырған компанияларға, оның ішінде банктер, қонақ үйлер, байланыс операторлары, тау-кен компаниясы және фаст-фуд мейрамханалары секілді нысандарға әсер етпейді. Активтерді бұғаттау меншік иесінің өзі акционер болып отырған компанияларды басқаруға қатысу құқығын еш шектемейді және бизнесті жүргізуге кедергі келтірмейді.  Оспанов «Барлық компаниялар қалыпты жұмыс істей береді» деп сендірді. Алайда, бұл мәлімдемеде бұғатталған активтердің жалпы құны туралы айтылмаған еді.

 Ал, бірінші желтоқсан күні The Wall Street Journal  басылымы жазған ақпаратқа сенсек,  Ұлыбританияның азаматтық соты құны 5 млрд доллар тұратын активтерді бұғаттау туралы шешім шығарған. Олардың арасында люкс отельдер, бірнеше елдегі банк есеп-шоттары және Burger King-тің франшизалары бар.

 «U.K. Court Freezes Up to $5 Billion Tied to Alleged Kazakhstan Bank Theft» аталатын мақалада Англия мен Уэльстің Бизнес және мүлік істері жөніндегі соты Қазақстан мемлекеттік BTA Bank-нің шағымы негізінде активтерді бұғаттау туралы шешім шығарған.

Аталған банк, Қазақстан үкіметінің бұрынғы кеңесшісі, Халықаралық Теннис федерациясы басқармасының мүшесі Болат Өтемұратов өзінен басқа тағы 11 жеке және заңды тұлғамен бірлесіп, банктен ұрланған қаражатты жасыруға көмектескенін мәлімдеп, құжаттарды көрсеткен.

 Ал, «Верный Капитал»компаниялар тобының бас директоры  Ерлан Оспановтың сөзінше, талап жалған құжаттар негізінде берілген. Барлық құжаттар толығымен бұрмаланған. Халықаралық адвокаттардың осыған байланысты БТА банктің сұрауына жауабы оның адвокаттарына жіберілді. Шағымның өзі дайындалуда. Оның сөзінше,  Банктің талаптарына сотта наразылық білдіру үшін уақыт қажет деп жазған еді Қазтаг агенттігі.

 The Wall Street Journal  басылымы келтірген мәліметке сенсек, бұғаттау туралы шешімде UBS Group AG UBS 0,28%, Credit Suisse Group AG CS 1,01%, EFG International AG және DBS Group Holdings Ltd секілді құрылымдардағы банк есеп-шоттары, Мәскеу, Вена және Нұр-Сұлтандағы  Ritz-Carlton қонақүйінде үлесі бар компаниялар және Болат Өтемұратовқа тиесілі компания басқаратын Burger King франшизасы көрсетілген.

 Forbеs Қазақстан басылымының рейтингінде – Қазақстандағы 50 дәулетті адамның  ішінде Болат Өтемұратов 4-ші орынды иеленеді. Оның активі 2,8 млрд долларға бағаланған.

 Осы басылымның дерегінше Қазақстандағы «ForteBank» АҚ акцияларының 87,27%-і Өтемұратовқа тиесілі. Сондай-ақ, трансұлттық Glencore Plc. компаниясының 1,16%-і Болат Өтемұратовқа тиесілі. «Верный Капитал» тобы арқылы бизнесмен «КаР-Тел» ЖШС 25%-ін,  «Sky Mobile» ААҚ-ның 49,9%-ін (Қазақстан мен Қырғызстандағы «Билайн» ұялы байланыс операторы),    RG Gold алтын өндіруші компаниясының  65%-ін, Нұрсұлтан, Вена, Мәскеудегі Ritz-Carlton отелін, Ақмола облысындағы  Rixos Borovoe отелін (100%), Қазақстандағы Burger King франшизасын, Global Development компаниясын бақылайды, Қарағандыдағы  «Сары-Арқа» әуежайында үлесі бар, ақпараттық сараптамалық Informburo.kz (100%)  порталы, «31 канал» ТРК (80%),  Video International Kazakhstan (50%) медижарнама нарығы операторы, «Media Management Systems ЖШС мен «Direct Technology Company» ЖШС 100% осы топқа тиесілі.  Ол сондай ақ, өзі аттас Болат Өтемұратов қайырымдылық қорының құрылтайшысы.

 Активтердің құнына қатысты екі түрлі сан (2,8 млрд доллар және 5 млрд доллар)  әзірге қазақстандық бизнесменнің қызметінің ашықтығына қатысты күмән тудырып отырғандай…  Дегенмен, мүлік пен меншікке қатысты халықаралық ашық дереккөздерден Болат Өтемұратовтың есімімен байланысты бір де бір меншік түрі туралы ақпарат таба алмадық (Іздеуіміз кемшін болды ма екен…).  Жоғарыда аталған Glencore Plc компаниясы туралы үш ақпаратқа кезіктік. Оның бірі Джерси аралында, екіншісі Швейцарияда тіркелген. Гонконгта тіркелген үшінші бір компания болған екен, ол қазір жұмыс істемейтін болып шықты.

Осылайша, қазақстандық миллардер Болат Өтемұратовтың елдегі және шетелдегі активтерінің бәрін қосқанда нақты дәулетінің құны қанша, деген сұраққа әзір жауап таба алмай отырмыз.  

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар