///

«Анамды Меккеге апарғым келеді» туабітті мүгедектігі бар Ақботаның арманы

6453 рет қаралды

Замира Дошманова 2005 жылы Қарақалпақстаннан анасы және 9 ағайынымен Қазақстанға көшіп келген. 2006 жылы отау құрған. Қазір күйеуі және қызының мүгедектігімен жалғыз өзі күресіп келеді. Замира барлық жағдайын сайтымызға баяндап берді.

ҚЫЗЫМ АЯҚҚА ТҰРЫП КЕТСЕ ДЕЙМІН

 Ақбота 2016 жылы дүниеге келген. Туғанда ядролық сарғаю болған. Қан тапсырғанда билирубин 400-ге көтеріліп кеткен. Біз оны білмедік. Ақботаны қаратуға облыстық ауруханаға жіберді. Одан кейін басқа жаққа жіберді. Нақты диагнозын айтпады. Ақыры шаршап ақылы ауруханаға апарамын деп шештім. Ең соңында 2019 жылы ғана диагноз қойды. Ақботаның жазылып кетуі тек уақытқа байланысты дейді дәрігерлер. Профессорларға қаратайын, десем қабылдауы тым қымбат. Бұл баланы аяққа тұрғызу үшін өте көп құрал керек.

Кішкентай Ақбота массаж алып отыр

Біз Ботаны емдеткіміз келіп несие алғанбыз. Бірақ ол ақшаның өзі жетпеді. Мүгедектікке шығартуға әкесі қарсы болды. Өзім емдетемін деді. Істеді, ақша тапты, бірақ Ботаға күнде массаж керек. Етсіз мүлдем тамақ жемейді. Оның өзі ақша. Жәрдемақы аламын, оны жарыққа, суға, газға төлеймін. Оның үстіне мына екі бөлмелі үйді жалдап отырмыз. Оған да қаржы керек.

ЖОЛДАСЫМ ДА МҮГЕДЕК БОЛДЫ

Менің жолдасым 2020 жылы наурыздың 24-і құлады. “Мусахан Секьюрити” күзет агенттігінде күзетші болып жұмыс істеген. Бұл кісінің жұмыс кезегі 18 наурыз еді. Карантин басталды, пост қойылады деген соң жанталасып, өте алмай қаламын деп жұмысқа кеткен. Наурыздың 23-і маған хабарласты. Сөйлестік. “Балаларға қара, тамақтарын уақытында бер, далаға көп шықпасын, Ботаға қара” деді. Жарайды деп қойдым. Наурыздың 24-не қараған түні маған қоңырау шалды. Қасындағы жолдастары екен. “Аяқасты сіңірі тартылып құлады. Бұндайы бар ма еді?” деп сұрады. “Иә, сіңірі тартылатын, жедел жәрдем шақырыңдар” дедім. Осыған дейін жолдасым “белім ауырады, грыжа” деп жүрген еді. Басы ауырып, көк шәй іше беретін.

Жолдасым көп нәрсені айтпайды, ішіне сақтайды. Балаларды уайымдайды, күйбең тіршілік, жетпейді. Ол да емін-еркін жүргісі келеді. Достарымен қыдырғысы келеді. Құлады, облыстық аурухананың жан сақтау бөліміне алып кетті. Менің ауруханаға баруым оңайға соқпады. Себебі пост бар, өткізбейді. Бірақ мен өттім. Ауруханаға келіп, кетпейтінімді, осында қалатынымды айттым. Дәрігерлер ешкіммен сөйлеспейді. Жағдайы қалай екенін баяндамайды.

АУРУХАНАДАҒЫ ЖАҒДАЙ. НЕ ІСТЕРІМДІ БІЛМЕДІМ

 Сәуірдің 20-ына дейін ауруханада болдық. Күйеуім есін тез жинады. Дәрігерлер осыдан қорықты. Себебі оның басында әлі тромб бар еді. Басына ота жасау қажет болды. Бірақ егер отадан аман қалмаса жауапкершілікті өз мойныма алуым керек екен. Мен екі ойлы болып, қол қойдым. Алайда жолдасымның барлық туысы отаға қарсы болды. Сонымен ота жасамадық. Дәрігерлерге жалынып жүріп, реабилитацияға ауыстырдық. Ол жаққа жатқызуға болмаса да менде бір үміт болды. Осы арқылы мүгедектікке шығарды. Ауруханадан шығатын кезде күйеуім кетпеймін деді. Психолог шақырған едім, сөйлесті. “Үйден аман қайтқанмын, ауру болып барғым келмейді. Емделіп, өз аяғыммен барамын” деп жатыр екен. Дәрігерлерге көп рахмет айтқым келеді.

Ауруханада бір палатада күйеуім екеуіміз ғана. Мен есікті жауып алғанмын. Күйеуімді көтеріп мүгедектер арбасына отырғыздым. Терезенің жанына апарып, даланы көрсеттім. Аяққа тұрып кетеді деп ойладым. Дәрігерлер есікті жұлып кірді. Маған айғайлап жандары қалмады. “Қан құйылып кетсе не істейсің?” деді. Менде үміт болды. Тұрып кетеді деп ойладым. Күйеуімді арбаға отырғызып дәретханаға апардым. Әжетхананың есігін ішінен іліп алдым. Бір кезде еден жуушы есікті қақты.

– Іште мен бармын, – дедім

– Арба тұр ғой. Кімді алып кірдің?

– Күйеуімді.

– Ашыңыз есікті. Бұныңыз не? Бізге қазір ұрсады. Болмайды дедік қой!

Мен күйеуімді отырғызып, есікті ашып қалдым. Күйеуім құлады, құшақтап үлгердім. Басы темірге тиді. Айналама барлығы жиналды. Арбаға отырғызып алып кетті. Сол күні қан қысымы қатты көтерілді. Дәрігерлер осы кезде қатты көмек көрсетті.

БАСҚА АМАЛЫМ БАР МА?

Бізді Қаскелеңнің ауруханасы қабылдамай қойды. Маған бұл кісінің қасында бірге жатуың керек дейді. Мен жатуым үшін де ақша төлеуім керек. Оны мен төлей алмаймын. Сонымен амалдың жоғынан үйге алып келдік. Жақсы болып отырады да, бір сәтте жағдайы нашарлап кетеді. Күйеуім бірінші дәрежелі мүгедек. Реабилитацияға жатқанда 3 дәрежелі мүгедек деп жазып жіберген.

Әкесі біздің қараушымыз, осы үйдің тірегі. Осы балалары үшін жұмыс істеді. Қазір төсекке таңылып қалғаны маған да қиын. Ешқайда шыға алмаймыз. Үлкен дәретке отыру керек болса балалардың барлығы далаға шығып кетеді. Өзім қолыма қолғап киіп тазалаймын. Балаларым “анашым, қалай шыдайсың?” дейді. Енді амал бар ма? Мен үйде болмасам бұл міндет үлкен қызыма түседі.

Мен қызымды массажға апарамын. Кейде бармай қаламыз. Өйткені жолдасымның жағдайын уайымдаймын. Мен күнде бала-шағаммен таңым аман-есен атса екен деп ойлаймын. Мен үшін тамақ, нан қазір маңызды болмай кетті. Ойлайтыным тек қана амандық. Түн ортасында қиын жағдайға қалып қалмасақ екен деп ойлаймын. Менің ұлымның үстіне ветрянка шығыпты. Дәрігері хабарласып дереу Ботаны бөлек бөлмеге апарыңыз дейді. Мен қайда апарайын? Жұқса жұғар, не істеймін енді?

Қазір арбаға отырғызамын. Кеше далаға шықтық. Мен кір жуатын кезде күйеуім дүкеннің алдындағы қораптарды жинап әкелетін. Далада отырғанымызда сол қораптарды көрдім. Күйеуіме: “жинап әкеп берсеңші” деп едім ақырын ғана жымиды.

Өзім де ауру болдым. Зоб қысады, барлығын ішіме жинаймын. Шығарғым келеді, бірақ жолдасым ауырады деп жыламаймын.

Журналист кішкентай Ақботамен тілдесті.

– Ақбота, сен Құдайдан бірінші не сұрайсың?

– Әкемнің денсаулығын сұраймын. Өзімнің денсаулығымды сұраймын. Анамды сұраймын. Анамды Меккеге апарғым келеді.

МҮГЕДЕКТЕРГЕ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК

 “2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң зейнетақы мен жәрдемақыларды көтеруді көздейді, деп zakon.kz хабарлаған еді.

Мүгедектік бойынша жәрдемақы былай өседі: – І топтағы жалпы аурумен ауыратын мүгедектерге, бірінші топтағы 16 жас аралығындағы мүгедек балаларға 59 872 теңге (күнкөріс деңгейінің 1,92) төленеді.

 Қарасай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі – әлеуметтік қызметкер Урпеджанова Батима Айтказинаның айтуынша мемлекет тарапынан мүгедектерге жағдай жасалынған:

  Алдымен баланың диагнозына байланысты жеке оңалту бағдарламасын (ОЖБ) алуы қажет. Стандарт бойынша баланы әлеуметтік педагог қарайды. Ол үшін мүгедектігін анықтайтын мекемеге тіркелгені жөн. Педагог баланың үйіне айына екі рет барып, онымен жұмыс жасайды. Әріптерді үйретеді, сурет салуға көмектеседі. Бұл қызметтің барлығы мемлекет тарапынан болғандықтан тегін жүзеге асады. Егер денсаулығы жараса жылына бір рет санаторийға апарады.

Жергілікті әкімшілікке жүгінуі қажет. Кәсіпкерлер әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларға жәрдем етеді. Коронавируспен күрес кезінде мұқтаж азаматқа “Біз біргеміз” қорынан материалдық көмек көрсетілді. Сол кезде расымен жағдайы төмен адамдарды іздестірдік. Біздің ауданда 100 адамды қамту керек болды. Бала жастан мүгедек балалар бар, бір үйде екі мүгедек адам бар. Осындай отбасыларды қамтуға тырыстық.

Алайда, Замира жергілікті әкімшіліктің есігін қағып, көмек сұрамағанын айтады:

– Шыны керек мен әкімге барғым да келмейді, атын да білмеймін. Бүгінге дейін атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алып келді, енді қаңтардан бері сіздің мүгедектікке алатын жәрдемақыңыз кедейшілік шегінен асып тұр, сол себепті атаулы көмек төленбейді дейді.  Кірісті есептейді, алайда олар шығысымызды бір есепке алып көрсе болар еді, – дейді ол.

* Бұл материал Еуропалық Одақ қаржылай қолдауымен әзірленген. Материалдың мазмұны www.minber.kz сайтының жауапкершілігіне жатады және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жадыра Жанарбек

Minber.kz сайтының маусым айынан бастап авторы. Сулейман Демирел Университетінің 4-курс студенті. 2020 қаңтардан бастап “Halyqnews” сайтының Алматы қалалық тілшісі қызметін атқарған. Журналистерге арналған “Media CAMP Edyuton -2020” инновациялық курсының қатысушысы.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар