///

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) (жалғасы)

3140 рет қаралды
фото: Поэмбук

СУҒА КЕТКЕН ТАЛ ҚАРМАЙДЫ 

 Отыра берсем отыра беретін-мін. Мен ондай еркіндікке жеткен жоқпын. Орнымнан әзер тұрып тағы жүрдім. Біраз жүрген соң сал-сал болған денем ептеп ширап, қалыпты күйге түстім. Бір кішкене белегірден асып, «Ауызға» жетіп келсем, өзен бойын жағалап, сынысып отыра қалатын ауылдан бір үй жоқ. «Ауыздың» көгала шыбынына адам да, мал да шыдамай түгелдей көшіп кеткен, жұртын сипап қалдым. «Қырсыққанда қымыран іриді» деген осы да. Енді міне жеті өзен қосылған аспанға атып жатқан тау өзенінің арыны бет қаратар емес. Менде бұған бет қарамай қорғаштайтын жаным жоқ. Анада арынды егде әйелмен серттескенде, бойдан аяулы жаным шығып, тек қана тәуекелге мінген үрей ғана қалған. Өз жағдайыммен санасатын жайым жоқ. Өлім мен өмірдің шендесіп шекісіп тұрған қиын қысталаң шағы. Жалғыз жауын жауып күн қызбаған. Алға қойған мақсатым Кәп жылқысын айдап кетпей тұрғанда, бір тілдесу. Арынды асау өзен лайланбаған тұп-тұнық судың түбі айнадай жарқырайды. Өзен арнасындағы судың түбіндегі тастың ақ-қарасы, жұмыр-жұқасы бәрі көрініп жатыр. Жүгіріп «Тасөткелге» келдім де ең бірінші, жағалаудан үйдей талдан сындырып бір әлділеу таяқ алдым. Етігімді шешіп үстімдегі етегі келтелеу жасыл түсті жұқа қалатым бар еді, басымдағы жарты шаршы шаппа пүліс күрең шытымды жұлып алып, етігімді қалатымның етегіне орап мықты байладым. Егер етігімді бос қолтығыма қыса салсам; суға жай жығылсам да етік ағып кетіп, жалаң аяқ қалсам, анық қиыны сол ғой. Мықты байлап таңып қойған етігім өзім ағып өлсем бірге кетеді. Алда-жалда жығылып, сүрініп судан өлмей өтіп кетсем, ең болмаса да, өзіммен бірге шығады деген амалым ғой.

«Шешінген судан тайынбас» және анам тәуекелге баулып, жай отырғанда:

 «Тәуекел дарияға салдым кеме,

Қай шықсын, қай шықпасын қайғы жеме» тәуекел етсең таршылықта да тарықпассың,– деп ескерткендей болып отырушы еді. Тәуекел асау өзеннің арынынан қорықпай, ақырын тал-таяғымды таянып, әкемше ата-баба аруағына сыйынып. «Алладан сақтай гөр»,– деп тілек тілеп, суға аяғымды малып, таяғымды тастардың арысына қадай тіреп өтіп келемін, өтіп келемін. Өмірімде мұндай мұздай суық суды кезіктірмеген екенмін. Суық судың мұздай зәрі миымнан өтіп барады. Қалтылдап-құлтылдап сенделіп өтіп келемін. Өткелден ауытқып кеттім бе, білмеймін. Жеті өзен тоғысқан толқыны мол, арнасы терең, ені жарты шақырым жалпақ, тау өзені суға төнген бір түп талға қарай бейімделе бердім. Жағаға жақындап талдың бір үлкен жуантық бұтағынан бас салып, ұстай алдым. Талдың түбі шүңеттеу екен. Талдан айырылмай шүңетке жығылып, суға батып шықтым. Жандәрмен тырмысып жүріп жағаға шығып алып, жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарадым. Маңайда тірі жан жоқ. Киімімді шешіп суын сығып сілкілеп , суын сорғытып аз отырдым. Артымда қаншама жолдың қалғанына, қатты қысылғанда бұтағымен демеп шүңеттен де құтқарған талға таңдана да, қызыға да қараймын. Халық айтса қалт айтпайды. «Суға кеткен тал қармайды» деген осы-ау.

КӨШТЕ КӨК ҚҰНАН МІНДІМ

 Мен сайгел тиген сиыр сияқтымын. Бір орынға аялдайтын амал жоқ. Суы кеппеген дым киімімді киіп тағы жүрдім. Жүрісім баяулап, қозғалыс қарқыным бәсеңдеп қалыпты. Ақырын аяңмен тікше иыққа көтеріліп, биік мойнақтан арғы жағы Мараға қарай өрлейтін екі жағы заңғар тау жалтыр шың таудың арасы терең шатқалдың табанына үңіліп қарадым. Бұл Мара, Дэгнүүлт таулары. Аспанмен астасқан биік шың. Мара, Дэгнүүлт өзендері қосылып, тік жартас-жаламаларды құшып-сүйіп құлдай ағып жатыр. Бұл өзеннің екі жағынан жанаса, тақаса жалтырап, жарқырап жаламалар аққан асау өзенге айнадай беттерін тосып, ақ күміс моншақ шашылған сайын жарқырай жалтырай түсіп, жолаушыны, көшті жаламаның суға тұйықталған қысаңынан ары-бері, бес-алты қайта судан көлікпен өтпесең, жүрер жол жоқ. Асау өзен жалтыр жаламаға соғылып сыңғырлап, күмбірлеп күйге бөлеп тау жаңғыртып жаныңды тербейді. Оркестрдей күмбірлеп, күңіренген әсем әуенді тыңдай тұрып сай табанындағы көшке көзім түсті.

Сәулет-салтанаты-ай! Сәнді киініп, етек жеңі жиылып, күміс ер-тұрманды боз тарланға ерттеп, ақ зонттай шылауышының ұшы шұбатылып аттың сауырын жауып жарасып тұр. Бір қолына сарыала қамшының бүлдіргесін іліп, бір қолына қос қара кебеже теңдеп, екеуіне екі баласын отырғызып жүктің үстінде айшықты ай мүйізді қарала сырмағын жауып, шаңырағын салып, сел келсе де селт етпейтін, сандал-сандал атандарды тіркеп, бәйбіше көшті тартып барады. Көш басын жетелеген маңғаз бәйбішенің соңынан жуан жуас жол жорғалап басатын торытөбелге бесігін өңгеріп, сылана мінген сылқым келін үш-төрт түйе жетелеп, көш шұбырып барады. Тай-тайлағына таққан қоңырауы сыңғырлап, күңгірлеп ерекше үн береді. Ақтылы қой күңгейге жабыла қаптап күреңше, бетегені күрт-күрт орып жайымен жотаны асты. Айғыр үйірі жылқы жылыстап тай-құлыны құлдыраңдап жұмыр тұяқ таудың тасын тасырлатып желе аяңмен желпініп, желденіп алған. Қыраттан ары қырқалап асуға жақындап қалыпты. Отағасы ойлы көзімен ойды-қырды, су-суатты, қысаң өтпелі өткелдерді қоралы қой, алалы жылқыны түгел шолып шомбал қарагердің белортасына орнықты, отырысы жарасып-ақ тұр. Көш сәулеті менің жасымнан бірге жасасқан, жаныма жағымды дүние ғой. Көштің көркіне алабұртып алға ұмтылғым келсе де, біріншіден, өзімнің үстімдегі дымы кеппеген су киімімнен жасқансам, екінші, бұл сұмынның көлемінде мені танымайтын пәнде жоқ, «…бұған не болған?– дейді-ау»  деп төбенің төбешігіне жасырынып қалдым. Ол көш ұзаған соң, сайдың табанына ұмтыла-ұмтыла қарадым, ештеңе байқалмады. Мойнаққа шаршағаным білініп, шалдығыңқы шығып едім, ылдиға қарай лып етіп түсіп кеттім. Бүгін маусым айының 29-ы. Елдің жайлауға жаппай көшіп шығатын шағы. Сай табанына түсіп Мара, Дэгнүлтіден бас алған екі өзен қосылып ағатын арнасы тарлау, ақ өркештеніп, өршеленіп, өрекпіп жұлқынып күркіреп ағып жатыр. Бірде жайсаң, бірде жұмыр толқынына мен етбетімнен жата қалып аузымды тосып жұтып-жұтып алдым. Жүре бергенімде, сайдың шатаңынан тағы да салдыр-күлдір шұбатылған көш шыға келді. Бұл шатқалдың ішінде екі жағының тауы жақын жартас жаламалардың түбінен судан ары-бері 5-6 қайта өтетін қысаң жерлер көп. Сол бірінші қысаңға таяп қалғанмын. Жалғыз болсам, қу жанымды қолыма ұстап судан өте шығар едім. Көш келе жатқанда, қыз балаға жаяу өту жараспас. Оларда «бұл не қылған жалғыз жаяу жүрген қыз бала» деп сасып қалғандай, таңырқай қарап, дабыр-дұбыр сөйлесіп, отағасы батырсынып көштен оза ұмтылып, жаныма жетіп келді. Мен сұмын атқару әкімшілігінде хатшылық міндетін атқаратынмын. Бұл Әліпбай ағам екен, тани кеттім. Амандастым. Ол ағай да танып амандасты. Есім ауыспаған сау сияқты болған соң, тілге келіп:

– Егеухан-ау, неге жаяу жүрсің? – деп жайымды сұрай бастады. Мен ол кісілерге күдік тудырмау үшін өтірік айтуға мәжбүр болдым. Шімірікпестен:

 – Әкімшілік бір шаруаға жіберіп еді, атым «Ауыздағы» жеті өзен құйған арынды өзеннен өтіп келе жатқанымда жағалаудағы жығылған теректің қопарылған қомақты түбінен үркіп, суға жығып қашып кетті дедім.

– Енді қайда бармақсың? – деді күдігін сейілте алмай.

– Жол жұрттағы бақтың бастығының үйіне барып шаруаны айтамын, атты солар іздеп табар,– дедім сенімділеу.

Қысаңнан өткелі тұрғанымды түсініп, артыма мінгес деген ишарамен оң жақ үзеңгісінен аяғын шығарып атымен көлденеңдеді. Мен мінгеспедім. Атамыз қазақ салтында қыз баланы ер адам ердің артына, «ат көтіне» мінгестірмейді. Ол бәлсінуін мына қыздың дегендей бетіме қарады. Көш те келіп қалды. Әліпбай ағайдың бәйбішесі көштің басын жетелеген Кеней апамыз, жолдасына алая қарап:

– Қай атаң қызды ер артына мінгестіруші еді. Бұл қай қылығың, ана Төлеубайды мінгестір, құнанын Егеуханға мінгіз,– деді.

Төлеубай:

– Бұл жаңа үйретілген құнан ғой, міне ала ма? – деді. Әкем маған тарпаң тайдың талайын мінгізген. Мен тартынбастан мінемін дедім. Төлеубай көк құнанын түсіп берді. Тайға жақындап келіп тізгінінен ұстап тұрып, ерін ырғап көріп, төс айылып, тартпа айылын сәл-сәл тарттым да, тізгінін қымқыра ұстап үзеңгіге аяғымды салып, лып етіп мініп алдым. Олар мынау қайтер екен дегедей менің әр қимылымды қадағалап қарап қалыпты. Көрім бас біліп қалған құнан екен, қысқалау қайыс шылбырымен қамшылап жүріп кеттім. Суға төнген жалтыр жаламалардың қысаң қиылысынан 5-6 қайта ары-бері судан өттік. Сәл биіктеу қабақтың үстіне шыға келсек, «жол жұрт» аталатын аялдама қоныста отырған үш киіз үй. Бақтың бастығы менің Кәуата атайтын ағайымның қайын ағасы Машақ құданың ауылы осы болды. Тайдан түсіп иесіне беріп, қош, рахметімді айттым. Сол ауылдың үлкен үйі құданың үйі екен. Жаңа тұрған құда үйден шығып жылғаға қарай бет алды.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі