//

Медицинадағы мәселелер дәрігер жалақысын көтерумен шешіле ме?

3035 рет қаралды
1


Белгілі бір мемлекеттің болашағы елдің денсаулық сақтау жүйесімен тығыз байланысты. Медицинасы қалыс қалған, халқының саулығы жоқ ел ешқашан дамымайды. Сондықтан, саланы дамытудың жолы қандай?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой 2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 561 мың теңгеге жететінін айтты. Бұл мәлімдеме біз көтерген мәселенің түйінін шеше ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.

 

Орташа жалақы: 2023 жылы – 210 мың теңге

 Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру міндетін қойғанын еске салды. «2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе жоғары деңгейге жетеді деп болжануда. Мәселен, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге республикалық бюджетте тиісті шығыстар көзделген: 2021 жылы – 222 млрд. теңге, 2022 жылы – 362 млрд. теңге, 2023 жылы – 557 млрд. теңге. Осылайша, 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгеге, 2023 жылы 561 мың теңгеге дейін жетеді. 2021 жылы орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңге, 2023 жылы 210 мың теңгеге жетеді», – деді Алексей Цой.

Қазақстан медицинасының ауыр жағдайы туралы 2020 жылы коронавирус індеті таралғанға дейін айтылып келген. Бірақ тиісті министрлік «саланы дамытып жатырмыз» деген желеумен бірқатар жайтты бүркемелеуге тырысты, бірақ 2020 жылы 16 наурызда Қазақстанда пандемия деп жарияланғаннан кейін бұл салада қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен «менмұндалап» жатты.

Тіпті коронавирустың қатты өршіген тұсында елде ауруханаларда орын тапшы болып, дәріханаларда дәрі, ең қарапайым қорғаныш бетперденің өзін табу қиынға соғып, барының өзі тым қымбат еді. Жұрт оны қолдан тігіп киюге мәжбүр болды.

 Пандемия: біраз кемшіліктің беті ашылды

 Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдедегі телеүндеуінде 13 шілдені коронавирус құрбандарын еске алу үшін елде ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осы телеүндеу кезінде Мемлекет басшысы Қазақстан денсаулық сақтау жүйесі пандемияға дайын болмағанын атап айтып: “Ашығын айту керек, денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болған жоқ. Осы мәселе бойынша тергеу жүргіземіз және бұл жағдайдан сабақ аламыз. Әкімдердің жіберген қателіктеріне тиісті бағасын береміз” деді ол.

Сонымен қатар, Қазақстан жоғары  билігі коронавирус індетімен күресуге  бюджеттен 13 млрд. доллардан астам қаржы бөлген еді. Бірақ оның басым бөлігі діттеген жеріне жетпей, халықтың заңды наразылығын тудырғаны да жасырын емес.

Пандемия Қазақстан медицинасының әлсіз тұстарын нақты ашып көрсеткеннен кейін билік дәрігерлердің біліміне, жалақысына, медициналық кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының жағдайына назар аудара бастады.

Мәселен, 2 наурызда өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой медицина саласының басты проблемаларын атады.

– Қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан келесі негізгі проблемалар бар. Пациенттер деңгейінде – бұл ұсынылатын қызметтердің сапасы, әлсіз коммуникация, мамандарға кезек, медициналық қызмет көлемінің, жоғары технологиялық және қымбат қызметтердің жеткіліксіздігі, салалық мамандардың тапшылығы, халық саны 300 адамнан аз ауылдарда медицина ұйымдарын, дәріхана пункттерін дамыту қажеттігі, – деді министр.

Қазақстанда білікті дәрігерлердің тапшылығы басты мәселе болып тұрғаны рас. Себебі, тәуелсіздік алғаннан кейін біршама тәжірибелі мамандар күнкөріс қамымен шетел асып немесе табысы жоғары басқа салаларға ауысып кетті. Кейінгі кезде де ел экономикасы түзеліп, жағдай оңала бастағанына қарамастан бұл салада мамандардың тұрақты жұмыс істеуі байқалмады. Оның ең басты себептері жалақының аздығы, әрбір маманға шаққанда жүктеменің шамадан тыс артуы және басқа да себептер бұл саладағы мәселелердің күрделенуіне әкелді.

Елемес ТІНӘЛИЕВ,

сала ардагері, жоғары дәрежелі хирург:

Бәрі әділетті түрде шешілсе…

 – Мен енді еңбек жолымды 1968 жылы бастап, 2015 жылы зейнет демалысына  шықтым. Қазір жеке кабинетімді ашып, жұмыс істеп жатырмын. Өзім жұмыс жасаған кезеңде күні кешеге дейін жоғары дәрежелі оташы-хирург лауазымымен тариф бойынша 70 мың, медбике 50 мың, ал санитарлық қызметкер 27 мың теңге жалақы алды. Содан кейін Президенттің Жолдауынан соң еңбекақыны тағы 30%-ға дейін көтергендей болды. Қазір де жалақыны өсіреміз деп жатыр. Бұрын дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы біршама жақсы болды, қазіргі айтылып жүрген әлеуметтік пакеттер: санатория, балабақша тегін болды, пәтер берілді. Бүгінде осылардың бірде-біреуі жоқ. Жалғыз жалақыға таңнан кешке дейін жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан, қазір елде дәрігерлердің бір орында тұрақты жұмыс істеуі азайды. Жалақысы әлдеқайда жоғары шетелдің немесе өзге табысы жоғары салаларға ауысып кетуде. Ақырында денсаулық сақтау жүйесі көштің соңында қалғанын былтырғы пандемия нақты көрсетіп берді. Егер халықтың жағдайын ойласақ, денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысын міндетті түрде көтеру керек. Жоғары билік өкілдері өздері айтып отырған 561 000 теңгені алдымен дәрігерге берсін де, халыққа сапалы қызмет көрсетуді олардан талап етсін. Бірақ «осыншама ақша төледім» деп жүктемені орынсыз көбейтуге әсте болмайды. Бәрі әділетті түрде шешілуі керек.

 

Әсел МҰРАТҚЫЗЫ,

дәрігер-эпидемиолог:

2017 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетін «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бітірдім. Осы жылы Атырау облыстық кардиология орталығында дәрігер-статист болып қызметке тұрдым.  Бастапқы жалақым 50 000 теңге болды. Қазір Атырау қаласындағы Геолог емханасында дәрігер-эпидемиологқызметіндемін. Бүгінгі жалақым – 150 000 теңге. Қазір дәрігерлердің жалақысы біртіндеп көтерілуде. Десек те, көңіл көншітерлік емес. Өйткені, нарықта қымбатшылық қысып тұр. Әрі қарапайым халықпен де жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан, дәрігерлердің жалақысын көтерумен бірге, олардың әлеуметтік жағдайын арттыруға ден қойылса деймі

Мәселен, тұрғын үймен қамту мәселесі шешімін табуы тиіс. Бұл ретте дәрігерлер үшін жеңілдікпен ипотекалық несие ұсынылғаны жөн. Өйткені, бүгінде қаншама маман баспана мәселесіне бас қатырып жүр?! Сондай-ақ, әрбір учаскені аралау үшін сала мамандары  тұрақты түрде арнайы көлікпен қамтылса, тұрғындардың шақыртуына уақытылы жетуіне мүмкіндік болар еді. Бұдан басқа, еңбек демалысын жылына 1 емес, бұрынғыдай 6 ай сайын алуына жағдай жасалғаны абзал.

Біз, жоғарыда білікті медицина ардагері мен жас маманның сөзін текке келтіріп отырған жоқпыз. Олардың айтқан әр сөзінің жаны бар.

Ал, бұдан басқа, ұлт саулығын арттыруда елде қандай жұмыстар қолға алынуы тиіс? Бұл сұраққа жауап іздеп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгіндік. Егер халық саулығын шартты түрде 100% деп алсақ, оның 50%-ы адамның өзіне, 20%-ы тұқымқуалаушылық факторға, 20%-ы қоршаған ортаға, экологияға, әлеуметтік факторларға, ең соңында 10%-ы медицинаға байланысты екен. Көріп отырғанымыздай, адамның дені сау болуы үшін әу бастан сау тұқымқуалаған денсаулық, ата-аналарымыздың да мықты, саулығы жоғары болмағы ләзім. Оның үстіне әр адам міндетті түрде салауатты өмір салтын ұстап, шылым шекпеуі, спирттік ішімдіктер ішпеуі, дұрыс тамақтануы, спортпен айналысуы қажет. Сонымен қатар,  қоршаған ортаның қауіпсіз болуы, экологияның таза болуы шарт.

Мемлекет өз халқының әлеуметтік жағдайын көтеріп, халықты таза ауыз сумен қамтуы, өз жерімізде өсірілген тағамдармен қамтамасыз етуді, еңбек пен демалысты тиімді ұйымдастыруы, жоғары табыс пен қамсыз қарттықты қамтамасыз етуі тиіс және бұл бағыттағы саясат жүйелі жүргізілуі қажет.

Ең соңында әрине, қарапайым халық жалақысы еңбегіне тұрарлық, жоғары дәрежелі, білікті медициналық мамандардың қызметіне жүгініп, оның жылы қабағы мен сапалы қызметін сезіне алуы керек. Сонда ғана «науқасты дәрі емес, дәрігердің жылы сөзі емдейдінің» ауылымен қайта қауышар едік.

Ескендір ӘКЕЖАН

Азаматтық журналист

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Конфеттердің сыртын рәміздеріміздің суретімен орауға қарсымын.Осы солай шашылып ,тапталып жатқанын көрген сайын жүрегім ауыратын.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері