//

Мінбердің мінбесінде: Жаңа ғасырдағы қазақ әдебиеті қандай болуы керек?

2491 рет қаралды

Наурыздың 12-сі күні Жамбыл атындағы Жасөспірімдер кітапханасында «Мінбер» ақпарат агенттігі «Жаңа ғасырдағы қазақ әдебиеті қандай болуы керек?»,- деген тақырыпта кезекті кездесу сұхбатын өткізді. Кездесу сұхбаттың мақсаты әдебиеттің қазанында қайнап көпшіліктің назарында жүрген орта буын мен жас буынның қазақ әдебиеті жайлы ойын білу еді.

Спикерлер: Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұратхан Шоқан. Жас жазушы, «Махаббатым – Constant» кітабының авторы Алишер Рахат және жас ақын Олжас Зейнолла. Орта буын мен жас буынның ойы кейде бір жерден шығып жатса, енді бірде бір-бірімен келіспейтіндіктерін айтып, қазіргі жас ақын-жазушы  мен бұрынғы жас ақын-жазушыларды талқылады. Ал көрермендер үшін тартысты да қызықты сұхбат болды.

Мұратхан ШОҚАН, ақын:          

– Біздің қоғамда «баташыл» ақын-жазушылар бар. Алдына жас бала келіп өлеңін оқып, шығармасымен таныстырып жатса оның жазғаны орташа ма, әлде нашар ма қарамайды. «Ой сен қарағай екенсің, жарық жұлдызсың, сен жарып тұр екенсің»,- деп арқасынан қағып батасын беріп, лайық емес сыйлықтарды қанжығасына байлап жібереді. Содан кейін мүйізі қарағайдай болып, бір мақтау, бір қолпаштауға жастарымыз кеудесін көтеріп қалады. Кейін «әй, сенің мына өлеңіңнің мына жолында былай жазғаның дұрыс емес, дұрыс теңеу емес» ,- деп сын айтсаң «Пәлен деген көкем мықты жазыпсың деген, пәлен деген көкемнен бата алғанмын,- деп сені былай қайырып тастайды. Ол баташыл көкесі оны қандай ниетте айтқанына ол жастар тереңінен бойлап, қарай бермейді. Сөйтеді де жастарымыз жазғанына сын көтере алмай, дұрысын бұрыс, бұрысын дұрыс қып жазады. Адам баласының бәрі мадақты жақсы көреді. Алайда соңында адамды өлтіретін де, өсуіне, дамуына кедергі болатын да сол мадақ болады.  Талантсыз жазғыштар өлеңді неғұрлым актерлік шеберлікпен оқуға тырысады.  Ал сосын талантсыз жазғыштар түк бітірмесе де танымал, бірнеше әдеби сыйлықтардың иегері болып шыға келеді. Ондай ақын-жазушылар да ортамызда жүр.  Әлгі «Шабыт», «Алтын қалам», «Дарынға»  қатысып, айғайлап тұрып, қолын сілтеп жіберіп өлең оқиды. Оны отырғандар да мақтап, керемет өлең дейді. Сол өлеңін қолға алып оқып көрсең не ұйқас жоқ, не мағына жоқ, тіпті өлең деуге келмейтін жәй сылдыр сөз болып шыға келеді. Осындайларға Мұқағали: «Өлеңіне даусымен қуат қосқан сорлылар»,-деп жақтырмаған. Жаңа ғасыр әдебиетінде де баташыл көкелер көбеймес үшін біз жастарымызға сыни көзқараспен қарай білуіміз керек. Мына жерің дұрыс, мынауың бұрыс деп өтірік мақтау айтпай, шын махаббатпен қарауымыз керек. Әйтпесе талантты жастарымыз бар. Ертеңгі күні қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алады деп сенім артатын жастар жетерлік. Ол жастардың өсіп-өркендеуі үшін жаңағы айтқан жалған баташылдықтан сақтануымыз керек.

Алишер РАХАТ, жас жазушы:

– Роман жазып, кітап шығарудың, оны жарнамалаудың, дүкендерге таратудың артында тұрған жалғыз мақсат – қазақ тілді жас оқырмандардың  аудиториясын қалыптастыру. Қазір жастар Батыстың, Оңтүстік Кореяның, Түркияның махаббат жайлы әлемдік бестселлер кітаптарын оқып жүрсе де, оқырман қауымға өзіне жақын  хикая керек. Қазақтың заманауи кейіпкерін қалыптастыру бір жазушыға немесе екінші біріне міндет.  Мысалы кітап дүкендерінде Абаймен қатар Баян Есентаеваның кітабы тұрса жастар екінші кітапты таңдайды. Бұл деген әділетсіздік қой. Немесе қазақ әдебиетіндегі ақын жазушылар мен шетел әдебиеті өкілдерінің кітабы тұрса жастар шетел әдебиетін таңдайды. Ақшаның басым бөлігі шетелдік әдеби кітаптарға кетіп жатыр.  Егер біз қазақтілді, заманауи романдар ұсынбасақ қазақ әдебиетінің орны ойсырап тұра береді. Ал менің жас жазушы ретіндегі міндетім қазақ тілді аудиторияға заманауи қазақтілді роман ұсыну болды. Және мен көкейімде жүрген осы бір идеяны іске асырдым. «Махаббатым – Constant» кітабын оқырманға ұсынғанда бәріне дайын болдым. Яғни оған айтылатын жақсы пікірлер мен айтылатын сыни пікірлерге дұрыс көзқараспен қарадым.   Жалпы біздің алдымыздағы аға буын өкілдері Совет Үкіметі ыдырығаннан кейін оқырмандарды ұстап қала алмады. Бәрі үкіметтің артынан кетті. Содан бері одақ болсын басқа болсын бәрін билік басқарып келеді. Жазушы жазған шығармасы арқылы ақша таппайды. Сол үшін әртүрлі салада қызмет етеді. Немесе мемлекеттік тапсырыспен ғана кітап шығарады. Соның салдарынан біздің ешқандай баспа авторларға қаламақы төлемейді. Сол себепті қазіргі қоғамда ақын жазушының ешқандай құны жоқ.

 

Олжас ЗЕЙНОЛЛА, жас ақын:

– Әдебиетке жаңа қадам басып келе жатқан жас өскін болған соң мақтау да, сынға алу да болады. Жаңа Мұратхан ағамыз айтпақшы мақтау мен даттаудың  қайсысы шын, қайсысы жалған екендігін ажырата білуіміз керек. Әзірге менің өлеңдерімді үлкен аға буын өкілдері оқып, пікір айтып, сынға алған жоқ. Бәлкім менің жырларым ол кісілерге жеткен жоқ шығар. Мүмкін әлі оқымаған шығар. Мені қазіргі өзімнің қатарластарым оқып, бағаларын беріп жатады. Мұның өзі мен үшін үлкен серпіліс.  Адам өз-өзін алға жетелеп, оқып, ізденіп жаңа бағыт әкеле алса ғана әдебиетке үлес қосады деп ойлаймын. Сол себепті Алишер ағамыз айтпақшы қазақ әдебиетіне жаңа бағыт, заманауи тіл, қазақтың өзіне қазақша орта яғни аудитория керек.   Одан кейін өнерді жасқа бөліп керек емес. Өнер де, әдебиет те жас талғамайды. 40 жастағы адамның ойын 20 жасар жас айтып жеткізуі мүмкін. Немесе керісінше.

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері