//

Алтынай Жорабаева вакцинаға неге күдік келтірді немесе вакцинаға қарсы алып-қашты әңгімелердің артында нендей мүдде бар?

2161 рет қаралды

Фактчекинг. Кейінгі кезде журналистер үшін ғана емес, қарапайым халық үшін де маңызы зор терминге айналды. Өйткені, пандемиямен бірге басталған инфодемия яғни жалған ақпараттардың бұрын-соңды болмаған нөпірі  бірді-екілі адамды ғана емес, тұтас қоғамды адастыруы мүмкін екені халықты вакциналау науқаны басталғанда анық білінді.

Осы уақытқа дейін «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген түсінікпен өмір сүріп келсек, енді жалған ақпарат манипулятордың қолындағы ең бірінші қаруы екенін байқадық. Ең қызығы, қазір жалған ақпарат қаншалықты көп болса, сол жалған ақпаратты тексерудің де, терістеудің де жолдары көп.

Фактчекерлер  кез-келген ақпаратқа  «Шындық», «жартылай шындық», «жалған» деген үкім шығарады. Жалған ақпаратпен бірге «миф» пен «қауесет» еріп жүреді.  Ал, ең бастысы  ақпараттар  тексерілетін және тексерілмейтін  болып бөлінеді.

Тексерілмейтін ақпаратқа адамның пікірін, көзқарасын жатқызамыз.  Ал, тексерілетін ақпаратқа фактілер, лауазымды тұлғалардың берген уәделері, мәлімдемелері  жатады.

Осы теорияға сүйенсек, вакцинаға қатысты қазір қоғамда қалыптасқан екіұдай пікірлерге негіз болып отырған адамдардың көзқарасы, пікірі мәлімдемесі емес. Жалған фактілер негізінде тараған қауесет пен миф. Мысалы, «вакцина  аутизм тудырады екен», «вакцина арқылы чип салады екен», «вакцина жанама ауырулар тудырады екен», «вакцина иммуниттетті төмендетеді» айта берсең мұндай алып-қашпа  жалған фактілер көп. Тіпті қызды-қыздымен «дәрілердің барлығы химикат» ал «дәрігерлер көп нәрсені біле бермейді» деген де пікірлер де айтылып жатады.

Вакцинаға қатысты алғашқы мысалымыздағы  алып-қашпа жалған фактілердің  барлығын тексеруге болады. Ол үшін, әр вакцинаның құрамын зерттеудің қажеті жоқ.  Вакцина туралы ғылыми-танымдық мақалаларды интернеттен тауып оқысақ жеткілікті. Ауызба – ауыз пәленше деген досыңыз айтқан, мессенджерлер мен чаттар арқылы  түгенше деген танысыңыздан  сізге дейін жарты әлемді шарлап келген дауыс хабарламасын ғылыми-танымдық мақалаға жатқыза алмайтыныңыз екібастан анық дүние.

Екінші мысалымызға келсек,  «дәрілердің барлығы да химикат»,  химиялық  зерттеулер арқылы дайындалатыны рас бастысы «химикат» деген сөздің астарында нені меңзеп тұр деген сұрақ туады. Химиялық зиянды қоспаларды меңзеп тұрса, әр дәрінің құрмындағы зиянды қоспалардың көлемін анықтап, растау үшін зерттеулер зертханада жасалуы тиіс. Алайда, бүгінде халық «дақпырт зертханасына» көбірек сүйенеді.  Түптеп келгенде, әр дәрінің  құрамы жазылған қағазды кім, не үшін ойлап тапты десеңізші?!  Ал, «дәрігерлер көп нәрсені біле бермейді» деген ұйғарым жасау үшін де,  ең аз дегенде медицинадан хабарыңыз сол «дәрігерлерден» төмен болмауы керек, яғни бұл қарапайым халық «жауырды жаба тоқып»  шығара салатын «үкім» емес.

Ал, енді ең маңызды мәселе осынау жалған ақпарат, дақпырт атаулыны кім таратып отыр? Көпшілік неге жаппай дәлелденген ақпаратты алуға мүмкіндігі болса да «көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» деп надандыққа барып отыр.

ВАКЦИНАҒА ҚАРСЫ ҚАУЫМДАСТЫҚТАРДЫҢ  ӨЗ КОММЕРЦИЯЛЫҚ МҮДДЕСІ БАР

Өйткені, микроинфлюенсер деп аталатын Instagram секілді желілердегі мыңдаған, миллиондаған жазылушысы бар тұлғалар бүгінгі таңда қоғамдық пікірге әсер етуші, қалыптастырушы болып отыр.

Жақында, отандық микроинфлюенсердің бірі, эстрада һәм инстажұлдыз Алтынай Жорабаеваның «вакцина кемінде бес жыл зерттелуі тиіс» екенін алға тартып сондықтан вакцинаға сенбейтіні туралы пікірі жарияланды.

Бізді елең еткізгені Алтынай Жорабаеваның вакцинаға қатысты көзқарасы ғана емес, оны осы ойға жетелеген не деген сұрақ болды. Жалпы, дәрігерлерге, дәрілерге түптеп келгенде вакцинаға деген қоғамдағы теріс көзқарастың түп-тамырында не жатыр?  Сұрақтың жауабы көп күттірмеді

24 сәуір күні Алтынай Жорабаева Инста парақшасында «Ковид» ауруын жеңуіне себепші болған Наби компаниясының өнімі» жайында сұхбат жасайтынын жария етті. Постерден ұққанымыз өзі осы аталған компанияның бренд-амбассадоры екен. Инстаграмда осы уақытқа дейін көптеген әншілер-өнерпаздардың түрлі желілік маркетинг өнімдерін, лотерея ұтыстарын жарнамалап келгені ешкімге жасырын емес. Дегенмен, бүкіл әлем пандемия жариялап, бір жылдан астам күресіп жатқан сырқатты дәл осылай биологиялық белсенді қосымшалар арқылы жеңе берсек, бүкіл ғылымды жоққа шығаратын уақыт келгені ғой?!

Страсбург университетінің молекулярлық биология және вирусология саласындағы PhD дәрежелі ғалымы Әсел Мұсабекова да осы жайға қатысты Facebook-тегі парақшасында жазады. Оның пікірінше вакцинаға қатысты қауымдастықтардың  өз коммерциялық мүддесі бар – әдетте ол ББҚ (БАД) саудасы. Сондықтан оның сөзінше, ББҚ саудасын жүргізушілерге ата-аналарды екпемен қорқыта отырып, қандай да бір ББҚ-ның жарнамасын өткізіп жіберу өте ыңғайлы. Осылайша, Әсел Мұсабекова тіпті «ковидтен емдеп жаза алатын өнімдері бар» биохакерлік фирма өкілі ретінде Алтынай Жорабаеваның да коммерциялық мүдделері болуы мүмкін екенін ескертеді. Ғалым, вакцинаның зияны туралы көп айтатын адамның жасырын коммерциялық мүддесі жоқ па, сол жағын тексеріп қою да артық емес екенін ескертеді.

Дереккөзі күмәнді ақпарат көп болған сайын және бұл ақпаратқа сенетіндер қатары артқан сайын, жалған факті – манипуляция құралына айналады. Ал, жоғарыда біз мысалға алған вакцинаға, дәріге, дәрігерге қатысты күмәнді факт, негізсіз пікірлердің астарында да манипуляция жатқандай көрініп еді. Әсіресе, осынау ББҚ (БАД)   өнімдерін сатып алуға үгіттейтін манипуляция. Ал, Алтынай Жорабаеваның мысалы  осы топшылауды растап тұр.

БҰЛ МЕДИЦИНА ЕМЕС, БҰЛ АДАМДАРДЫҢ СЕНІМІНЕН АҚША ТАБУ ҒАНА

Ал, жалпы ел арасында БАД атауымен кеңінен танылған ББҚ туралы не білесіз, не білеміз? Мамандар не дейді? Медицина докторы, MedSupportKZ жобасының волонтері, Ботагөз Каукенованы сөзге тарттық.

«БАД- тамаққа қосымша жүретін биологиялық белсенді қоспалар. Дәріге жатпайтын және жеуге болатын кез-келген затты БАД-қа жатқызуға болады. Олар: дәрумендер, минералдар, шөп дәрілер, спортшыларға арналған тағамдар және кез-келген дүниені емдейтін супертағамдар. Бірақ, биологиялық белсенді қоспалардың өзін ғана қолдансаңыз, ол сізге тамақ болмайды, өйткені олардың құнары жоқ.  Сондықтан, олар тамаққа қосымша жүреді.

ББҚ-лар туралы жарнамалар өте көп. Солардың арасында олардың емдік қасиеті айрықша аталады. Алайда, қандай да бір препарат – дәрі, ауруды емдейтінін дәлелдеу үшін, оны дәрі ретінде тіркеу үшін өте ұзақ уақыт зерттеулер жүргізіледі. Алайда, салмақ тастауға себеп болатын, терінің жағдайын жақсартатын, қатерлі ісіктен, бауыр циррозынан емдейтін – яғни мың ауырудың жазылуына бір өзі себеп болатын керемет дәрі болмайды. Өйткені, дәрі нақты бір ауруды емдеуге ғана арналады және әдетте сол дәріге қатысты жүргізілген зерттеулердің арқасында оның сіздің сырқатыңызды қалай жазатынын білесіз. Өйткені, оны зерттеумен айналысатын ғалымдар дәріні тіркеуге қойған кезде, өз ғылыми еңбектерінің нәтижесін ұсынады. Яғни, дәрінің әсерін ғылыми түрде дәлелдеп береді. Дәрілерге қатысты қатаң бақылау жасалады. Өйткені, әр елде сіз сатып алған дәрінің құрамы мен сапасының сәйкестігіне, дәлдігіне жауап беретін, соны қатаң бақылайтын ұйымдар бар.

Ал, биологиялық белсенді қоспаларға келетін болсақ – бұл тағамға қосымша азық болғандықтан оны шығаратын компанияларға, сатушыларға оның тиімділігін дәлелдеудің, ғылыми зерттеу нәтижелерін ұсынудың қажеті жоқ. Өйткені бұл тағамға қосымша зат. Әдетте сіз тағамның пайдасын зерттеп-зерделеп жатпайсыз және өзіңіз қалаған тамақты сатып алуға, тұтынуға еріктісіз. Сондықтан олардың сапасы, құрамы мемлекеттік органдар тарапынан тексерілмейді. Сондықтан, БАД сатушылар ол туралы керемет жарнамалар жасауы мүмкін. Бірақ, олар не айтса да, бұл жарнамалардың астарында ғылыми дәлелдер жоқ.

Жалпы, медицина – бұл ғылыми дәлелденген емдеу жолы. Алайда, халық арасында халық медицинасына жүгінетіндер бар. Сонымен қатар, авторлық медицина деген де ұғым бар. Менің ойымша авторлық медицина деген мүмкін емес нәрсе. Мысалы, медицина саласында, хирургияда болсын  бір жаңалық ашылды дейік. Бұл жаңалықты  басқа мамандар да  тәжірибе жүзінде тексеріп көреді және бұл жаңалықтың тиімділігін басқа мамандар да дәлелдегеннен кейін, осы жаңалық  дәлелді медицинаның бір бөлшегіне айналады. Ал, авторлық медицинаға қатысты айтар болсақ, онда бір әдіс-тәсілді әдетте бір ғана медицина орталығы қолданады және ол басқа мамандардың, ғалымдардың назарынан тыс қалады. Сондықтан, БАД-ты да әдетте авторлық медицинанңың өкіліміз дейтін мамандар қолданады. Олар өздерінің емдеу әдістерін ойлап тауып, сол әдіспен бірге БАД-тарды ұсынады. Мына әдіспен емделсеңіз, және мына қоспаларды жесеңіз, ем нәтижесі өте керемет болады деген уәж айтады. Алайда, бұл медицина емес, бұл адамдардың сенімінен ақша табу ғана.

Жалпы, БАД – ты жарнамалайтын, сатумен айналысатын жандар көбіне көп, жалған ақпарат, алған фактілерді қолданады. Мұның барлығы да адамдардың медицина саласында сауаты болмауы деп білемін. Мысалы,  ағзаны түрлі шлактар мен улы заттардан (токсин) тазартатын керемет БАД-тар ұсынылады. оны қолдану үшін, ең алдымен шлак деген не? Ағзаңызда улы зат бар ма, сол жағын анықтап алу керек қой. Өйткені, егер шлак деген қорытылмаған, ағзаңызға сіңбеген кез-келген тағам  болса, онда одан бойыңызды тазартатын зат алмасу процессі бар емес пе?  Ал, токсин  не? Ол алкоголь, есірткі, бактериалды инфекция. Ағзаңыз олармен де өздері күресе алады (алғашқы екеуін қабылдасаңыз, әрине) немесе сіз дәрігердің бақылауымен олардан арыла аласыз.

Сондықтан, түрлі детокс, шлактан тазалау, диеталар олардың барлығы да БАД сатушының қолындағы құралдары ғана. Егер осы аталғандардың салдарынан бойыңызда расымен ару пайда болды деп күтіктенсеңіз, дәрігерге барыңыз».

ТАМАҚҚА ҚОСЫМША ӨНІМДЕР СЕРТИФИКАТТАЛМАЙДЫ, ОҒАН МІНДЕТТЕЙТІН ЗАҢ ДА ЖОҚ

Жалпы, бүгінгі таңда ББҚ-дың түрі көп. Олардың барлығын елімізде бақылап, тіркеп отырған мекеме бар ма деген сұрақ туады. Біз осы мақсатта Қазақ тағамтану академиясына хабарластық. Академия Президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша біздің елімізде мұндай тамаққа қосымша өнімдер сертификатталмайды, оған міндеттейтін заң да жоқ. Тек, тіркеуден өткізіледі.

Ал, тіркеуден өткізумен айналысатын Денсаулық министрлігіне қарасты Тағамға биологиялық қоспалар мен арнайы азық-түлік өнімдерін мемлекеттік тіркеу жөніндегі комитет айналысады. Осы мекемеде қызмет ететін Алтын Сәрсенбаеваның айтуынша әдетте мұндай өнімдерді тіркеу мәселесімен фармацетикалық компаниялар  көбірек жүгінеді екен.

Бұл мәселеге қатысты Денсаулық министрлігі, санитарлы-эпидемиологиялық бақылау комитетіне де сұрау салдық. Комитеттің ресми өкілі Ержан Байтанаев мырзадан мынадай жауап алдық:

«ББҚ мамандандырылған тамақ өнімдеріне жатады және Кеден одағының “тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы” (бұдан әрі – КО ТР 021/2011) және “таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімдері” (КО ТР 022/2011) техникалық регламенттерінде белгіленген тамақ өнімдері қауіпсіздігінің гигиеналық талаптарына сәйкес келуі тиіс.

КО ТР 021/2011 24-бабына сәйкес тағамға биологиялық белсенді қоспалар мемлекеттік тіркеуге жатады және мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (өнімнің сәйкестігін растайтын құжат) беріледі.

Осы қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-336/2020 бұйрығымен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілерімен айқындалатын өнімді мемлекеттік тіркеу қағидаларына 1-қосымшаның “өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру” мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес көрсетіледі.

ББҚ-ны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе мәліметтердің болуы туралы ақпаратпен Еуразиялық экономикалық одақ сайтында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде танысуға болады (www.eurasiancommission.org).

Сонымен қатар, бүгінгі күні Интернет желісі және желілік маркетинг арқылы өткізілетін тауарларды сатушыларды (жеткізушілерді) жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіз жоқ.

Сондай-ақ, тұтынушылар ББҚ заттаңбасына салынатын ақпаратқа назар аударуы қажет, онда ЕАЭО сайтында салыстырып тексеруге болатын мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі және препаратты қолдануға қарсы көрсетілімдер көрсетіледі.»

Ал, жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі желілік маркетингті де қаржылық пирамидалар қатарына қосуға болатынын жариялаған болатын. Ол туралы да Minber.kz сайты жазған еді.

Тағы бір ескерерлігі, Egov.kz  порталында биологиялық, белсенді қоспаларға қатысты мынадай ақпарат берілген: «Биологиялық белсенді қоспалар, олардың зияны және пайдасы туралы әр түрлі пікірлер бар. ББҚ қолдану немесе қолданбау – әркімнің таңдауы. Ең бастысы ББҚ-ны сатып алар алдында: оның Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінде тіркелгенін тексеріңіз.»

Ал, осынау сөз болып отырған БАД-тардың бірін елімізде сататын Қазақстандағы дистрибьютерлік компания басшысы хабарласып едік, басында сұхбатқа келіскен ол, жеме-жемге келгенде өнімге қатысты барлық сұрақтарға тек өнімді ұсынып отырған компания басшылары ғана жауап  беруі тиіс екенін айтып жалтарды.

Әрине, ББҚ-ны қолдану қолданбау еркі өзіңізде. Дегенмен, жалған ақпараттың құрбанына айналмау өз қолыңызда. Сондықтан, ақпаратты тексеру, мүмкіндігінше ғалымдар дәлелдеген ақпаратты іздеу қаперіңізде жүрсін!

Айтпақшы, біздің елімізде де БАД шығаратын компания бар. Ол компания өкілінің айтуынша, клиенттің қалауына сай, өнімнің сыртына кез-келген өндірушінің аты жазылуы мүмкін. Сонда, сыртында түрлі елдердің, түрлі өндірушілердің аты жазылған өнімдер Қазақстанда жасалмай ма, деген сауалымызға «коммерциялық құпия» деген жауап алдық.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі