////

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

2882 рет қаралды

КЕЛІН КЕЛДІ

 Олардың жұмыстағылары біз келді дегенді естіп бізді көруге, жағдайымызға танысқалы жұмыстарынан ертерек түсіпті. Налғар қария жұмысшыларына:  “жарайсыңдар, ерте келгендерің дұрыс болды. Біздің ауылға келін келді, той жасаймыз, дайындалып манты жасаймыз” деп тапсырма берді. Олардың бәрі «я, я той жасайық» деп әркім әр жұмысты жауаптанып, кірісіп кетті. Мен жайлы төсекте біраз уақыт тыныш ұйықтап кетіппін. Оянсам 5-6 адам карта ойнауға, екі қатар шахматты тігіп қойып, төрт адам шахмат ойнауға отырып қалыпты. Мен тұрып сыртқа шығып керіліп, созылып беті қолымды жуып үйге кірдім. Кәп карта ойнаушыларға қосылыпты. Мен шахмат ойнаушыларды жағаладым. Шахматшылар және шахматтан жеңгеніміз келінмен ойнаймыз деп желпінді. Мен жай жымиып күліп шахматтың көшегіне қарап отырдым. Қарсыласын тезірек ұтып, менімен шахмат ойнағысы келген Эрдэнэцогт ұмтыла ойнап қарсыласын жеңіп, менің келінмен ойнауға сәтім түсті деп айқайлап, менімен шахмат ойнауды бастап кетті. Басқалардың арасынан біреуі келін байқа Эрдэнэцогт тас ұрлайды, байқа, байқа деп күліп қойды. Эрдэнэцогт мен қызға қиянат жасамаймын деді қызарақтап. Бастабында бәсіңкі қылпылдап отырып жеңіліп қалдым. Ол еркезек үшке шейін тағы, тағы ойнаймыз деп болмады. Мен де ой жүйемді жинақтап нақты ойлауға кірісіп жеңдім. Ол тағы да еркезек үшке шейін дедік қой деп шахматты көшуге кірісті. Бұл жолы ептеп жытқа кірдім.

Моңғол жайлауы

Сонымен той тағамы бұлардың қастерлі асы манты пісіп, алдымызға табақ табақ манты тартылды. Олардың құрт қайнатқанда буынан тамшы тамызып алған қолдан дайындайтын самогон атты арағын құйды. Алаң көңілді біз бір сәт те болса ойнап-күліп, өзге жандардан мейірім көріп, кеңесіп дауылдап отырып түн ортасы ауа демалдық. Таңертең біз күн шығар шықпаста тұрсақ, басқа жұмысшылар күн қызғанда ыстықпен шыбынға шыдап жұмыс істей алмайтындықтан, барлық жұмысшылар кетіп қалыпты. Жалғыз Налгар қария біздің тұруымызды күтіп отыр екен. Үстелдің үстінен жылжымайтын тағамдарды алдымызға қарай сырғытып қойып, жез шәугімдегі шайдан ішіңдер деп бейімдеді. Біз шайды құйып, іше бастадық. Налгар қария сөз бастады.

– Қарақтарым, біздің бригадамызға қаладан бүгін машина келіп, ертең қалаға қайтады. Менің басқа жолдастарым сендерді сол машинамен Ұланбатырға кетіп қалсын десіп отыр. Бірақ кешегі хабарландыруды анандай артық өтірікпен жазып отырғандар не демейді. Жолдағы бақылау бөлімшесінің барлығын хабарландырып қойды. Олар ұстайды. Қайтарып алып келеді. Мүмкін қақтығыс болып денсаулықтарыңа зақым келуі де ықтимал. Заң бар ғой, қарақтарым, заң орны істің ақ қарасын анықтағанша ел ішінде шаш ал десе, бас алатын талай әпербақандар бар. Оларға кім ара тұрады? Мен де бір талай өмірді басымнан кешірген жанмын. Сендерге айтар ақылым осы жерден бұрылып Қобда өзен бойын бойлап, құлдап барып «Тариаланнан» ары қарай,  Бұраммен (Паром) бұрылып кетіңдер. Мен жолда таңдайға салып малтап жүрсеңдер, әрі қарын ашпайды, әрі шаршатпайды деп сарышайды түйіп ұсақтап, қойдың құйрық майына қосып араластырып жаншып сығымдап дайындап қойдым. Тағы басқа ақ ірімшік, шүйірмек, (құрт) табаға піскен нан салдым. Жолға азық болсын. Қобда өзен бойының суы жылып кетсе де әйтеу су ғой, шөлдемейсіңдер деп тілімді алсаңдар көп кешікпей жүріп кетіңдер, – деді.

Біз мұндай қамқор атайға көп көп рахмет айтып, «Алла сізбен тағы жүздесуді жазса екен» деп жолға шықтық. Біздің де тілегіміз ешкімге ұсталмай, тыныш өмірге қол жеткізу ғой. Әлгі ауылдан шығып, Қобда өзеніне қарай бұрыла жөнелдік. Батыр арығының Қобда өзеннен бас алатын недәуір бөлігін жаңартып жөндеп қойыпты. Арық деген аты ғана. Қабағының биік жағалауындағы жарға шықсаң, түйе мінгендей боласың.

Өзегі терең, ені кең, кішігірім өзеннің «Батыр арығы» деген атауында үлкен аңыз бар. Баяғыда Маньчжурияның ханының жан дегенде жалғыз қызы бар екен. Сол ауру болып хан бақсы балгерден ешкімді қалдырмай жағалай қызының ауруын тексертіп қаратыпты. Ешкім дауасын таппапты. Содан хан қатты күйзеліп, әлемге жар салыпты. Егер қызымның ауруының дауасын тапса, қалағанынша алтын беремін депті. Содан ел іші түгел хабарланып, бір көріпкел бәлгер «мен хан қызының ауруының дауасын таптым» дейді. Моңғолияның батыс жағында биік таулар ұштасқан Бес биік (бес тәңір) аталатын (бес богда) мұз құрсанған бес әулиелі шыңдарының қойнынан әлемдегі ең таза, ең мөлдір, ең нәрлі, ең тұнық тасты жарып шыққан ақ толқынды аяулы ағысты, арынды, атақты көлемді «Қобда» өзенінің суын үнемі ішіп отырса қызың дертінен құлан таза айығады депті. Хан көріпкелге қалауынша алтын сыйлапты. Хан ол өзенді бұрып алып келетін ер болса тағым мен қызымды беремін деп тағы жар салады. Маньчжурияның ханының жариясын естіген елінің атақты батыры Сартагтай батыр: «Мен үш айда Қобда өзенді бұрып Бейжінге жеткіземін» деп қаза бастапты. Оның бар пәрменімен қопарып тастаған бір күрек топырағы бір-бір төбе болып үйіліп қалыпты. Ол үлкен күрекпен арықтың екі жағына кезек тастап арықтың екі жағы биік жарлы атақты «Батыр арығы» пайда болыпты. Бұл туралы өлеңмен былай бейнеленген:

 

Сартагтай өзі батыр саналы ер,

«Қысаң», «Хавсал» аталат ол тұрған жер.

Елеңдеп елге келген жарияға,

Үш айда арықпен су апарам дер.

 

Хан қызынан дәмелі ер бөгеле ме?

Қажырлы қару-қайрат бар денеде.

Арнаның жиегіне кезек тастап,

Бір күрек топырағы бір-бір төбе.

 

Қыздырып талай батыр алыптарды,

Таңдандырып сан түмен халықтарды.

Арпалысып алапат арынымен,

Бейжінге арнамен су алып барды.

 

Сенім бар ма баққа қол жетеріне,

Иесі басшы бақтың кетеріне.

Масаттанып, менменсіп саулы інгендей,

Аңыратып Қобда өзен әкелдім бе?

 

Дегенде асау өзен қайта ағыпты,

Қайтарды менмен көңіл келген құтты.

Бір тамшы су қалдырмай қалтарысқа,

Қаңсып арна кептіріп дымын жұтты.

 

Қарамай ел бетіне ер бұғыныпты,

Такаппар асқақ көңіл ұғынықты.

Ұлық болсаң кішік бол деген халық,

Бармақ шайнап арнаға ер жығылыпты.

 

Бұл шақта Моңғол елі Маньчжурияның езгісінде, қол астында бодандықта, бой жаза алмай тұрған болатын. Қобда өзен суының апарған арнаны кептіріп Қобда өзенінің өзіне қайта ағып келіп құйылғанын халық қатты ырымдапты.

Қобда өзен ақса ауып кетер еді,

Азамат арынымен жетеледі.

Қобда өзен сол арынмен Бейжінге ауса

Моңғол елі бодандықта өтер еді, – деп халық қуанғанынан той жасапты.

Кейін Моңғол елі Маньчжурияның бодандығынан құтылды. Қазір жанды қозғалыс гүр-гүр трактордың дауысы, жер қайта өсіп арықтың табаны биік жал жағалауына жетпесе де, су жүретін кейпінен кеткен. Арықтың іші кедір-бұдыр, керіш-керіш жағалаудағы биік жалдан құлаған тас топырақтар жауын суымен бір-бірімен байланып қабаттасып қатып қалған. Мұны трактор болат күрегімен қопарып ыңғайға келмейтін бұрылыс-қалтарыстарын тесемен түсіріп арықтың ішін күрекпен тазалап ақыр-шақыр, тасыр-тұсыр еңбек қозғалысынан көлеңкесінен қорқып келе жатқан қоян жүрек біз тағы алыстадық. Күн көтеріле қызып кетті. Шыбын-шіркей тыныс алдырмай көз-құлағымызға кіріп, мұрынды пысқыртып-түшкіртіп мазаласа, көкбас сона жұқа киімнің сыртынан-ақ тұмсығын қадап қаныңды сорып, жаныңды көзіңе көрсетеді. Уыс-уыс қып жұлып алып сабаланған шөп-қамыстар ештеңе болмай жапырағы жан-жаққа ұшты. Шыбын-шіркей сонадан қорынып сайлануға талдың жапырақты бұтағы болмаса болар емес. Ерінбей-жалықпай талдан жапырақты бұтақтарды сындырып алып жанымызды жеп, сабаланып келеміз.

«Ас адамның арқауы» деген рас қой бүгінге талғажау тамағымыз бар. Әсіресе  ұсақтап шайкеліге түйіп құйрықмайға қосып жаншып берген шай мен май үзбей таңдайға салып малтап шайын-майын сезініп сорып келеміз. Еш уақытта тарықтыратын емес. Жылы да болса сусын. Кешегідей кенеземіз кепкен жоқ. Өзенді жағалаған тақ-тақ күре жолмен ешкім көре қоймас жан-жақтан жасырынбай еркін жүріп келеміз. Бір тәуірі ат жалында ойнап өскен денеміз ширақ, жинақы. Алыстан бір төбешік көрінді. Ыстықтан төбенің төбесіндегі әр тасына шағылысып жарқылдап сағым ойнап тұр. Біз тағы біраз жүрген соң, кеш кірді. Төбеге жетіп қонуға жүрегіміз дауаламады.

 УВС-ҒА БАР!

Увс көлі

 Жыныс тоғайдан да қорқамыз, жол бойынан ұзамай шөбі тықыр алаңқайға қисая кеттік. Шаршап-шалдыққан дене, қалың ой, қатерлі қауіптен қажыған ми, әйтсе де көз ілініп кетіпті. Жазғы таң ерте атады ғой. Сонда да мамыражай ұйықтап түс көріп жатыр екенмін. Анам Шеруші сүйекті, Шеруші ішінде Саңырау аталатын атаның Байбол дейтін тарауынан Кеңбайқызы Зағипа,  оның анасы, Жәнтекейдің Қангелді деген бір бұтағынан тараған Тыштыбала есімді нағашы апамыз бізбен бірге тұрған. Мен сол кісіге тарап нағашы апамның баласымын деп, ол кісіге жақын өскен едім. Ол кісі 73 жасында дүниеден озған. Онан бері де бір мүшел өткен. Сол нағашы апам түсімде басына кимешегін киген, шұлауышын тартқан, аппақ кейіпте. Ерттеулі күрең аттың шаужайынан сол қолымен ұстап, оң қолымен мені қолтығымнан демеп атқа мінгізіп, ап-анық: «Увсыға бар! Увсыға бар!» – деп екі қайырды. Сол дауыстан ояна келсем,  Кәп те тұрып жан-жаққа қарап тұр екен. Мен: «Кәп, мен жақсы түс көрдім!», – деп, түсімді тәптіштеп айтып бердім. Тарығып, торыққан адам жоққа сеніп, қит еткен нәрсеге алданғыш келеді ғой. Әуелде құдай деген құр қалмайды, – деген ұғым, наным-сенім миымызға мықты орныққан. Біз бұл түсті жақсылыққа жорып, болашағымыздан  үміттеніп қалдық. Кәп толғанып: «Нағашы апаңның әруағы қолдап-қоршап жүр екен. Күрең атты түсте көрген адам бақытты болады, – деуші еді. Увс аймағына бет алайық. Мүмкін аман-есен жетіп, бір ойлағанымыз орындалар. Сол Увс аймағында менің бала күннен бастап бірге оқып, еліміздің астанасы Уланбатыр қаласында да бірге оқып студенттік өміріміздегі қызық-шыжығымыз бір өткен Шүйлібайұлы Әшім атты досым бар еді. Соған жетсек ептеп-септеп серпілерміз. Я, тағы да аяңдайық – деп жүруге ыңғайланғанда анадай жерде табақтай дөңгелек бір нәрсе жалтылдайды. Жүгіріп барсақ ордалы жылан екен. Олар құйрығын ортасына алып жатыр, дөңгелектің шыр айналасы түгел жыланның басы екен. Олар оянып бастарын қақшаңдатып, адам жоқ жерде тосын дыбыс шығарып келген біздің аяғымыздың тықырын сезіп бізге қарады. Бірақ көзқарасында «У» шашатын ызғарлы емес. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» – дегендей жып-жылы көзқарасымен бізге сәт-сапар тілегендей бір түрлі мейіріммен жәудіреп қарады. Біз тағы жүріп кеттік.

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар