///

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

3028 рет қаралды

ӘКЕ ЖОЛДАС ЖОЛЫҚТЫ

 Жылжып отырып үлкен бесін шағында Баян-өлгей аймағына қанаттас Қобда аймағының шексіз-шетсіз кең аумақты егіндігі Бай-өлкенің батысынан бас алатын атақты Қобда өзенінің аяққы алқабында недәуір кеңістікте керіліп көлемділігімен де, өсетін қауын-қарбыздан бастап неше түрлі дәнді-дақыл мол өніммен де көзге түсетін «Тариалан» («егіндік») аталатын кең алқаптың шетіне іліндік.

Анадайда көптеген дихан жер шөптеп, егіннің арасында жүр. Біз егіндіктің басқы жағында жүрген егіншінің жанына келіп, амандасып отырдық. Бізді көзі шалған өзге диханшылар да бұл неғылған бейсауат адамдар ,– деп ойлағандай лезде егіннің арам шөбін отайтын кетпен, күрек, қол орақ саймандарын қаруға да қажет болар дегендей әдейі тастамай сүйрете-мүйрете, сусын құйып алып жүрген жанторсық, ыстықтан, жауыннан сақтанатын күләпәрә, күнқағарларын қолдарына іле салып, бәрі жиналып қалды.

Кәп үлкеніне сәлем беріп, кішісінің сәлемін алып амандасып, иілістік. Бір заматта анадайда келе жатқан еңсегей бойлы, еңкіштеу аға адамды көргенде, Кәп: «Ұйбай-ау, мынау Әуке аға ғой!» – деп тұра ұмтылып барып: «Ассалаумағалейкум!»– деп сәлем беріп құшақтасып, амандасып, ауыл-аймақ, ата-аналарының денсаулығын сұрап қауқылдасып қалды. Ол ағай ертеректе өзіміздің ауылдан көшіп кеткен Әубәкір деген таныс адам екен. Амандық-саулықтан соң біздің қайдан, қалай жаяу-жалпы, жалаң-жұқа киіммен келе жатқанымызды білгілері келіп сұрай бастады. Біз амалсызбыз ғой. Кәп ептеп өтірік айтты:

«Мынаның төркіні Қобда сұмында еді, соған атпен шығып едік, шөлдеген соң аттан түсіп су жұтып жатқанда атымыз ерімен, бөктерген қоржын, киім-кешегімізбен қашып кетті. Біз жаяу қалдық та осылай бұрылдық» – деді. Бірақ бұл қисынсыз өтірігімізге ешкім сенбегендей болды. Әйтеу көтеріп жүрген мылтық қару-жарақ, суық қару жоқ болған соң олар екі ойлы болып таңдана, тамсана қарады.

Бір егіншінің торсығында аздаған арпа көже бар екен. Ол көжені арпаны келіге салып, келі саппен түйіп, кеузеп тегенеге салып желпіп тастап, қайта келіге салып келсаппен түйіп, түктеп қауызынан айыққан соң желпіп тазалап, ақмаржандай аппақ болып тазарған баданадай арпаны қазанға суға салып қайнатып, арпа бөртіп, жарылып піскен соң көже суып шым-шым болғанда айран қосып ашытады. Осы сусындық ашыған көжеден белбеулеріне асып жүрген бүлдіргелі шағын саптыаяққа  орта-орталау құйып бізге ұсынды. Екі тәулік бойы жылымшы жылы су ғана жұтып, мейіріміз қанбай аптап ыстықта кендіріміз кесіліп келген біздің сұйық ашыған көжені жұтып жібергенде, маңдайымыздан тер бұрқ ете түсті. Дихандар үйлеріне қайтуға ыңғайланғанда Әубәкір ағай: «Жүріңдер, менің қасыма қоныңдар» – деп бізді іш тартып ертіп алды. Барған соң, ешкінің бір қолы бар екен. Ыстық тамақ жасап берді. Түйенің шомынан төсек салып дем алдық. Егіншілер күн қызбай, таң қылаң бере сәресі уағында тұрып жер шөптеу жұмыстарына кетті. Біз де тұрып бірер шыны қара шаймен ораза ашып Әукеңе қош, рахмет айтып өз жайымызға кеттік. Далада біраз жүрдік те, шеттегі бір үйге кіріп барсақ, үлкен ақ сақалды ата бір баласымен шай ішіп отыр екен. Кәп: «Ассалаумағалейкум!» – деп сәлем берді. Мен де өзімше иіліп амандасып жатырмын. Ақсақал: «Уағалейкумәссәләм!» – деп сәлем алып есік жақта тұрып қалған бізге:

– Балалар, төрлетіңдер, отырыңдар, – деген соң шағын шай тақтайды айнала отырдық. Жасы мен құралыптас балаң жігіт шыны жуып, шай құйып берді. Амандасып отырған соң атамыз қазақ жөн сұрай бастайды ғой. Ақсақал:

– Балам қай ауылдансың, қай туғансың, қайдан жүрсің? – деп жітірмелете сұрай бастады.

Кәп бұл жолы бұлтармады:

– Баян-өлгей аймағының Баян-нуур сұмынынан жүрмін. Сүйегім қарақас Жақыпұлы Құмардың баласымын, – деді. Ақсақал шай ішіп отырған шынысын тақтайға қоя салып, ойланып:

– Қане тұра-тұр, атың Кәп пе?

Кәп:

– Я, Кәппін.

Ақсақал:

– Кәне бері келші «өліспеген көріседі» деген осы-ау, – деп Кәпті құшақтап, кеудесіне қысып-қысып, көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Ақсақалдың өмір бойы көкірегінде шер болып қатқан өкініші мен сағынышы, сора-сора болып сорғалаған көз жасымен сақалының әр талын жуып өтті.

Ақсақал:

– Япырым-ай, балам-ай, Алланың жолықтырғанын қарашы. Қарағым, Қабдыл, ана тоқтыны әкел сояйық. Екінші бір үйде байлаулы жем жеп тұрған ақтоқтыны бала жетелеп алып келді. Ақсақал қолын жайып бар ынта-тілегімен бата берді.

 

Әмин десең маған,

Берейін бата саған.

Бақытты бол, екі жас

Қызығын көрсін анаң.

Жортқанда жолдарың болсын!

Жолдасың қыдыр болсын!

Ақ жүрек, ақ ниетімменен

Берген батам қабыл болсын! Әумин! – деп бәріміз бет сипадық.

Балаң жігіт ақтоқтыны ауыз үйге апарып, басын құбылаға бұрып, аяғын буды.  Атасының ілулі тұрған көне күміс белдігінің сол жақ жамбас тұсына келетін мөлшердегі белбеудің арнаулы тесігінен жіңішке қайысты өткізіп, оң қолымен пышақты суырып алуға қолайлы етіп салақтатып қойған. Кепкен қайың ағашынан қалауыштай жұқартып пышаққа сай келетіндей, ұзындығы бір қарыс екі елідей іші пышақ сиятын ыңғырумен ұңғылған қуыс екі ағашты беттестіріп жасаған қынның ауызғы кемеріне, ортасына, түбіне сары мыстан жұқа, жіңішке тілінген сыммен ораған әсем сары ала қындағы қайраулы қыл қауып тұрған өткір мүйіз сапты сары мойнақ пышақты алып, аяғы буулы жатқан міскін ақтоқтының езуіне сол жақ қолының бармағын өткізіп, басын көтеріп кішкентай толскей ақшылапшынды қан ағатын тамағының астына тосты. «Сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ. Аллахуакпар!» деп қылтамақтан орып жіберді. Бауыздалған тоқтының денедегі қаны сарқылып ағып, жаны шыққанша күтті. Аз толастан соң қолындағы пышақпен тоқтының аяғынан қағып көтеріп көріп, сирақтың сіресіп қалғаның білген соң, әп-сәтте жәркемдеп жіберді. Мен ішек-қарын аршыдым. Атай өзі араласып ас үйдегі пешке қазанды асып, етті салып отты жағып қойды. Кәп далаға шырпы жағып бас үйтіп, жуып, жағын айырып көмейінің безін алып тазартып қазанға салды. Құйрығынан жұқалап жапырақтап арнаулы темір істікке бір май, бір бауырдан тізіп өткізіп қақтады. Лезде піскен май бауырдан атай асап жіберіп:

– Кәп, өзің ыспар екенсің,-деп қойды. Атай ас піскенше көкейтесті әңгімесін ақтарды:

– Менің сүйегім найман, атым Ауғали. Сонау 1937-1938 жылдары елге келген нәубет «халық жауы» – деп қаралап, қарапайым халықты түрмеге қамап қырғанда, мен де сол жазықсыз жандардың ішінде әкең Жақып ұлы Құмар, өзімнің жалғыз ағайым Ерғали үшеуміз бірге жатып едік. Сонда мен 18 жаста едім. Алғұлым дегенде бұл ешқандай құран білмейді екен, – деп мені босатқан. Сонда сенің әкең Құмар маған бір түрлі үмітпен қарап «Ауғали, сен бостандыққа шығып барасың ғой. Менің жалғыз інім Күнтуған, қарт анам Шапанбайқызы Орындық, әйелім Көңілқызы Қадби 25 жаста, қарындасым Ағиза 16 жаста, жалғыз ұлым Кәп 5 жаста, Қазиза қызым 3 жаста, Зағила қызым мені ұстап әкетіп бара жатқандаәйелім толғатып отыр еді. Бала шыр етіп жерге түсті. Мен еріксіз шамалы ғана тоқтап баланың не бала екенін сұрап, қыз бала болғасын атын Зағила қой дедім де, қиналып босанып қан кетіп әлсіреп кеткен әйеліме мені қаратпай, қарулы жендеттер үйден сүйреп алып шығып кете бардық. Ауғали, сен сол жалғыз ініме немесе сол жалғыз ұлыма бір жолығатын заман болса менен сәлем айтып, ағалық мінез көрсетерсің, – деп еді. Міне сол тілегі бүгін орындалып отыр. Өзіңнің жақсы жастық жолға аттанғаныңды көріп, біліп жолыңның қиын-қысталаң, күдірлі екенін де көріп, жан үшін жан дегенде жолыңа әдейі ақсарбас қойымды сойып, әдейі жақсылықтың ырымын жасап отырмын. Осында бірнеше күн аялдап демалыңдар деді. Бізде аялдайтын жағдай қайда. Семіз бағланның жас етіне тоя жеп, сорпадан екі-екі шыныдан ішіп, қош рахметімізді айтып қайтадан жүруге ыңғайландық. Бірақ бір өтінішімізді көлденең тарттық. Жанындағы бір үлкен үйге бір айғыр, бір биені байлап алдына жем қойып арт жағына түтін тұтатып қойыпты. Өйткені бүгелек жылқыға жан бақтырмайды ғой.

Кәп өтінішін айтты:

– Атай! Ана көрініп тұрған Қобда өзенінен өтетін Бұрамға (паром) мына ат көлігіңізбен жетіп алсақ қалай болар екен?– деді.

Қария:

– Жарайды, қарақтарым, жаяу барсаңдар бұрамның адамы да күдіктенер. УВС аймағынан көпір салуға ағаш материал тасымалдап келіп, қайтып жүрген машиналарға отырып кетуге де, атпен жетудің маңыздылығы түсінікті. Екі жылқыны ерттеп, Кәп біріне мініп, Қабдылды артына мінгестірді. Мен біреуіне міндім. Атайға көп рахмет айтып жүргелі тұрғанда, атай Кәпке жуық келіп:

– Ал, қарағым Кәп, аттандың, ат көлікті қайтарсаң өзің біл, жетер жеріме жетіп алам десең өзің біл, – деп күдігін жасыра алмады.

Кәп:

– Атай! О, не дегеніңіз, сау болыңыз! – деп астымызға ат тиген соң желе-жортып 5-6 шақырымдай Бұрамға ілезде жетіп келдік. Аттан түсіп Кәп балаға аздаған ақша ұстатты. Оған да рахмет айтып, екі жылқының біріне мінгізіп, бірін жетелетіп қайтардық.

КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ!

 Бізді бұрамшы келіп өткізіп алды. Бір машина ағаш түсіріп жатыр екен, барып ала кетуін өтіндік. Машина жүргізуші жұқа киімді, құр-алақан сиқымызға қарап ауыл-арасының кезбе қыдырушыларына санап:

– Өлгий сұмынға дейін ала кетейін, – деп машинаның кузовына отырғызып алды. Машина зырлап келеді. Жол жұмсақ, құмдақ. Тез зырлаған машинаның желі ме,  Табиғаттың өз желі ме, білмедік. Үйірілген желден машинаның үстінде құйын ойнап, машинаның кузовындағы ұсақ тастың қиыршығы, құм, ақтың ұнтағы, ағаштың үгіндісі қосылып, бас-көзімізге үйіріліп көз аштырмай тұншықтыра бастады. «Бұл домбыра, бауырым, не көрмеген» дегендей біз де үйден шыққалы шаршау-шалдығу, аштық-шөлдеу, үрку-қорқу деген сияқты сан салалы оқиғаға ұрынып, бәрін бастан өткізіп келеміз ғой. Бұл топыраққа булыққан құйынға да төздік. Ауызымыз ақ тати ма, цемент тати ма, тісіміз топырақ тастан шақыр-шұқыр етеді. Түрімізді тозаң басқан. Бұл аралас-құралас майда тозаңның денемізде кірмеген, салтақтамаған жері қалмаған шығар. «Өлгий» ауылына жетіп қондық. Таңертең тұрып ол шофер өз жөніне кетті. Бір тәуірі жұтаңқы түрімізді көріп бізден жол ақы сұрамады.

Біз тағы бір машинаға отырыпУВС аймағына баратын жолға таман барып, бізді бір ауылға таятып түсірді де, ол тағы да ағаш артатын тау аңғарына  бұрылып кетті. Біз қол ұстасып бет алған ауылымыз, биесі байлаулы, қойы өрісіне қаптаған, сарлық (қодас) сиыры суға қарай жөңкілген, асықпай жай өрген түйенің келесі мамыражай, маңғаз басып қараған бұталы сайға бет алған. Көңірсіген қой қорасынан алшақтау тігілген 4-5 үй жазғы жайлаудың нышанын аңғартты. Біз қол ұстасқан қалпы шеткі үлкендеу үйге кіргелі жатыр едік. Бір қыз, бір жігіт байланған биенің алғашқы сауымын сауып келе жатыр екен. Жанымдағы Кәп те жалт қарап, «Үй!» деп таңданғандай болды. Ана келе жатқан қыз Кәпті көре сала, қолындағы бие сауған саумалды шелекті қасындағы жігітке ұстата салды да, ұлардай ұшып кеп бас салды.

фото: ETVNET

Екеуінің құшақтасып көріскенінен, көрмегелі көп болған бірін-бірі ұмыту қиянат,  қию қиямет жандар-ау деп ойладым. Екеуінің егіле-төгіле кірпіктеріне күміс моншақ ілінгеніне қарап, айқасқан құшақтарын зорға жазып, жаны тебіреніп, буындары босап денелерін тік ұстай алмай тербеле жүріп үйге кірді. Әңгімелерін әріден жалғастырып  біріне-бірі жалтақтай жанасалай жүріп қыз дөңгелек темір пешке бір етек сиырдың ақжапасын төгіп, ақтолекей қазанды асып бес литр су құйып, отты лезде маздатып жағып, дәл қазірдей сарышайды үлкен салмақтылау балғамен түйіп-түйіп асылған қазандағы суға салды. Қызған отқа демде қайнаған шайға үш шөміш сарлықтың қою сүтін қатып қайнатып-қайнатып, үлкен ақ шөмішпен соза-соза сапырып іші қалайлаулы бес литрлік жез шәугімдерге қотарып қазанды түсірді. Төрден қозғалмайтын шай тақтайға өздерінің бір формада сүзетін ақ ірімшігін, шүйірмегін, үстінен лақ ойнақтаса көтеретін қалыңдығы шынтақ елі қаймағын, дегенедей қолдан пісірген ақ бауырсақ түрлендіріп қойып жатыр, қойып жатыр. «Аш қарын жұбана ма, майлы ас жемей?» – дегендей Ауғали атаның үйінен шыққалы жарытып ас ішпеген мен  табақтағы қаймақтан ақ ірімшікке қосып қарбытып жеп отырмын. Кәппен ана қыз екеуінің қызу әңгімесі енді сыбырға көшкен, бітер емес, үздіге әңгімелесіп бірінің іші-бауырына бірі кіріп өзге дүниені сел алса да селт етер емес. Кәп те бірер шыны шәй ішкендей болды. Әйтеу сол заматта өзіміз келген жақтан шаңды аспанға көтеріп бір машина шыға келді. Отырғандар:

 –  Әне анау УВС аймаққа баратын машина. Сіздерге жақсы болды. Алдынан күтіп, сіздерді отырғызып жіберейін деп,– отырған жігіт жүгірді. Машина тоқтады.  Біз де ұмтылдық. Машинаның кабинасына жеткенше қыз Кәпті құшақтап әрең ажырады. Кабинаға отырған соң шофермен амандастық. Кәп бұл қыздың аты Долгорма, екеуі үш жылдай бірге оқығанын, кезіккелі қимас қымбат құрбысы екенін, 4-курс жылы әлдеқандай себеппен университетке келе алмай қалғанын қысқа ғана айтып өтті.

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар