///

Гүлнұр Пасат: Оңтүстік Кореяда адамды бала кезінен еңбектенуге, жауапкершілікке баулиды. Ал бізде “Еңбексіз-ақ ақша табуға болады” деген ниеттегі адамдар көп

2672 рет қаралды

Гүлнұр Пасат – Оңтүстік Кореяда медициналық туризм бойынша дәрігер-кеңесші. «Денсаулық Тур» компаниясының негізін қалаушы. Шетелдік азаматтарға Оңтүстік Корея, Түркия мемлекеттерінде ем алуға көмектеседі. Инстаграм желісіндегі жазылушыларына пайдалы ақпараттарды бөлісіп отырады.

МЕМЛЕКЕТ ДАМЫҒАН БОЛСА, ӘРТҮРЛІ САЛАЛАР ДА ДАМИДЫ

Неліктен медицина саласын, дәрігер болуды таңдадыңыз?

9 сынып оқып жүргенімде, жануарлар мен адамдар ағзасын зерттеуге ынтықтым. 9 сыныпта биология пәнінен олимпиадаға қатыса бастадым. Ары қарай да биология пәнін таңдап медицина саласына оқуға түсіп, эпидемиолог дәрігер болып диплом алып шықтым. Оның үстіне өзімнің туысқандарым да медицина саласына жақын болған соң, әртүрлі ауруларды естіп жүрдім. Осы да дәрігер болуыма әсер етті.

Оңтүстік Кореяға қалай және не мақсатпен қоныс аудардыңыз?

Жоғарғы оқу орнында 5 курста оқып жүргенімде бірінші рет Оңтүстік Кореяға ем алуға барғанмын. «Дамыған ел, медицина саласы да озық, осы жақта жұмыс істесем…» деген ой болған. Алайда, оқу бітірген соң Латвияға маркетолог мамандығына оқуға түстім. Одан соң Ресейде 2-3 жыл жұмыс істедім. Сөйтіп Корея туралы ұмытып та кеттім. Қазақстанға оралып, жұмыс істеп жүргенімде, Оңтүстік Кореяға барып тіл үйренсем деген ой болды. Алғашында тіл үйренуге келдім.

Тіл меңгеру қаншалықты ауырлық тудырды?

Кореяға келмес бұрын Ресейде жұмыс істегендіктен, орыс тілінде ойлап, сөйлеп үйреніп қалған едім. Кәріс тілін орыс тілі арқылы үйрену қиынға соқты. Содан соң, қазақ тілі мен кәріс тілінің ұқсастығын байқадым. Өзім үшін кәрісше сөйлемдерді қазақшаға аударып үйрене бастадым. Себебі, екі тілде грамматикалық және орфографиялық жақтарынан, сөйлем құрылымында ұқсастықтар бар. Сондықтан, кәріс тілін қазақ тілі арқылы үйрену ыңғайлы.

Қазақстаннан көшіп кеткен соң, шетелдегі тұрмысқа, менталитетке үйренісу қиынға соқпады ма?

Кішкентай кезімнен шетелде тұрсам деген ұмтылыс болды. Жасөспірім кезімде де шетелдіктермен араласқанды жақсы көретінмін. Студент кезімде де достарым әртүрлі ұлт өкілдері болды. Ресейге тез үйреністім, Латвия мен Скандинавия елдерінде де аса қиындықтармен бетпе-бет келмедім. Оңтүстік Кореяға келген кезде алғашқы жарты жыл қатты қиналдым. Себебі, жергілікті тағам, адамдардың түсінігі бөлек болғандықтан, қиын болды. Кейін, тіл үйреніп, адамдарды түсіне бастағанда үйренісу әлдеқайда оңайға түсті.

Эпидемиолог – гигиенист дәрігер болып жүріп, неліктен медициналық туризмге бет бұрдыңыз?

Мен эпидемиолог-гигиенист ретінде ешқашан жұмыс істемедім. Латвияда маркетинг, менеджментті оқыдым. Қазақстанда урология бөлімінде жұмыс жасадым. Енді Кореяда өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін дегенде, бұл жақта менің дипломым жарамайтынын білдім. Оңтүстік Кореяда дәрігер болып жұмыс істеу үшін дипломды Кореяда алу керек. Сол үшін 1 жыл тіл үйреніп, емханада шетелдіктер үшін аудармашы, үйлестіруші болып жұмыс істедім. Біраз уақыттан кейін өз компаниямды ашып, осы іспен айналыса алатынымды түсіндім. Қазіргі уақытта медициналық туризм бағытында жұмыс істеп жүрмін.

Медициналық туризм бойынша дәрігер-кеңесші немен айналысады?

Негізінен мен емхана мен пациенттің арасында жүретін адаммын. Барлық келіссөз мен арқылы жасалады. Орыс, қазақ тілдерінен кәріс тіліне немесе керісінше аударма жасаймын. Осы себепті тіл білу, медицина саласынан хабардар болу маңызды. Кореяда дәрігермен кеңес 5 минут болады. 5 минут ішінде дәрігер нақты-нақты сөйлеп, түсіндіреді. Ал пациент емге келер болса, күрделі ота немесе көп қаражатты қажет ететін ота болса сұрақтарын көбейтеді. Сондықтан негізгі сұрақтарға дәрігер жауап берсе, қалған сұрақтарға өзім түсіндіріп, жауап беремін, яғни дәрігердің сөзін пациентке, пациенттің қалауын дәрігерге жеткіземін.

Клиенттерді қайдан табасыз?

Басында мен қызмет еткен компаниялардағы клиенттерім өз таныстарына айтып, көбіне пациенттер мені солай табатын. Инстаграм желісі де маған көмек береді. Жақсы пост, ақыл-кеңес, ақпарат бөліскенде адамдар өздері жазады. Ауруы болса суретке түсіріп, онлайн кеңес те алады. Кореядағы клиенттерім өз таныстарына айтып емханаға бірге баруды немесе онлайн аударма жасауды сұрайды.

Оңтүстік Корея мен Қазақстандағы медицинаның жағдайы мүлде ұқсамайды. Кореяда медицинаның аса дамуына не әсер етті деп ойлайсыз, ерекшеліктері қандай?

Бұл жерде тек медицина емес, мемлекет  дамуы да ықпал етеді. Себебі, мемлекет дамыған болса, әртүрлі салалар да дамиды. Қазақстанда жемқорлық секілді үлкен мәселелер дамуға кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. Оңтүстік Кореяда жемқорлық өте аз, болса да жемқорлар дереу жауапқа тартылады. Тіпті кей Президенттер де жемқорлықпен айналысты деп күдіктеніп, түрмеде отыр. Бұл жақта белгілі бір салаға бюджеттен ақша бөлінсе, ол бөлінген нәрсеге ғана жұмсалады. Сонымен қатар, медицина студенттерін 1 курстан бастап жаңа нәрсе ойлап табуға шақырады: жаңа дәрі, жаңа әдіс және т.б. Мысалы, бір ем түрін, әдісін, жұмысын қарапайым қылу, процесті жеңілдету, жылдамдату, 3 сағаттық жұмысты 30 минутқа дейін қысқарту деген секілді нәрселер ойлап табуға баулиды. Кореяда уақытты қатты бағалайды. 빨리(палли палли) яғни тез-тез деген мәдениет бар, сондықтан, барлығын жылдам жасау керек. Аталған жаңашылдықты ойлап тапқан адамдарға қолдау ретінде диплом яки ақшалай сыйлықтар беріп, басқа да адамдарды шабыттандырады. Мысалы, коронавирустық инфекция басталғанда, корона-тестті (коронавирусты жедел анықтайтын тест) ойлап тауып, бір ай ішінде барлық мемлекет қолдана алатын болды. Жаңа нәрсе ойлап табылса, мемлекет бойынша қысқа уақытта қолданысқа енгізіледі.

ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА ЖҰМЫС ТАБУ ҚИЫН

– Сіздің жұмыс орныңызда немесе елдегі басқа емханаларда дәрігерлерге қандай жағдай қарастырылған? Кореяда жұмыспен қамту  қалай жүзеге асырылады?

– Қазіргі Президент Мун Джэин 1 сағаттық минималды жалақыны 7 доллардан 8,5 долларға дейін көбейтті. Көптеген кәсіпорындар өз қызметкерлеріне аталған жалақыны төлей алмайтын болғандықтан, жұмыскерлер санын қысқартып, үздіктерді қалдырады. Кореядағы жұмыспен қамтуға келер болсақ, жергілікті азаматтарға жақсы жағдай қараластырылған. Шетелдік азаматтарға көп жұмыс қарастырылмаған. Мен секілді аудармашы және т.б, орны толмас мамандарды ғана жұмысқа алуға тырысады. Алдын-ала сұқбат кезінде де дәл осы жұмысты кәріс жасай алатын болса, кәрісті сол орынға тағайындайды. Көзге көрінер артықшылығы болмаса, шетелдіктерге Оңтүстік Кореяда жұмыс табу қиын. Елде бақталастық мөлшері өте үлкен. Әр адам өз білімін, жетістіктерін арттырып отыруы қажет. Оңтүстік Кореяда жұмыс орнында 3 мезгіл тамақ, 4 сақтандыру: мемлекеттік несие қоры төлемі, мемлекеттік медициналық, жұмыс орнындағы жазатайым жағдайлардан, жұмыс орнын жоғалтудан сақтандыру қарастырылған. Маған ең ұнайтыны 3 мезгіл тамақтану және көбіне офистерде кофе, тәттілер тұрады.

– Қазақстандағы медицинаны дамыту үшін қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, ең бірінші білімнен бастау керек. Болашақта дәрігер боламын, медицина саласында жұмыс істеймін деген адам әрқашан білімін толықтырып отыруы керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда дәрігерлердің жеке емханаларын ашып жатқанын қолдаймын, себебі, бұл әркім өз жұмысын жақсы атқаруы үшін бәсекелестік тудырады. Бәсеке болған жерде адам шабыттанып өз дағдыларын жетілдіре, дамыта бастайды, қызметін басқалардан жақсырақ жасауға тырысады. Жеке емханалар ашылса, дәрігерлер мен басқа да қызметкерлер халыққа дұрыс қызмет ету жағынан жаңа әдістер тауып, дамуға үлес қосады деп ойлаймын.

– Қазақстандық және оңтүстік кореялық дәрігерлердің қызметке қатынасында, жауапкерлшілігінде айырмашылықтарды айта алсыз ба?

– Бұл жерде менталитет туралы айту керек. Екі ел менталитеті әртүрлі. Кореяда адамды кішкентай кезінен еңбекке баулиды. Еңбекқор адамдарды жақсы көріп, құрметтейді. Амандасып, қоштасқан кезде де бір-бірін «Жақсы қызмет атқардың», «Көп жұмыс жасадың» деп қошеметтеп жатады. Қазақстанда «Еңбексіз-ақ ақша табамын» деген түсінік бар сияқты. Сондықтан, балаға кішкентай кезден еңбек етудің маңыздылығын айтып, еңбекқор жандарды үлгі қып көрсету керек деп ойлаймын. Кореяда әр сала бойынша қызмет ететін адамдар өз ісін кіршіксіз атқаруға тырысады. Қазақстанда жұмыс істеп жүргенімде, жұмысқа таңертең келіп, кешке кетіп текке уақыт өткізу үшін келетін адамдарды да көргенмін. Ескерту алған кезде ғана қимылдайтын қызметкерлер болды. Ал Кореяда әр адам өз ісін біледі және жұмыс бабында барлығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс атқаруға тырысады. Маған жергілікті адамдардың осы қасиеті ұнайды.

– Инстаграмдағы блогыңызда (medicine_in_korea) тіркелушілеріңізге қандай ақпаратты бөлісер едіңіз?

– Инстаграмды medicine_in_korea деп атауымның себебі бар. Өз парақшамда Кореядағы жаңа әдістермен, үлкен жетістікке жеткен дәрігерлермен, жаңалықтармен бөлісіп жүрдім. Қазір пациенттерімнің ем қабылдау процесі; өзімнің жұмысыммен; жалпы ем түрлері мен емханадағы мүмкіндіктермен;  қызықты кейде өкінішті жағдайлармен, дұрыс тамақтану, спорт, витаминдер қабылдау туралы ақпаратпен де бөлісіп отырамын. Блог жүргізуімнің басты себебі – медициналық білімі жоқ қарапайым жандарға денсаулық, күтім, ем, өз өміріне жауапкершілік туралы насихаттау. Дәрігер керек мөлшерде жауапкершілік алмаған жағдайда, әр адам өз өміріне, денсаулығына жауапкершілік  ала алса, ем жолын таба алса, сақ жүрсе екен деген ниеттемін. Менің ойымша, қарапайым халық та медицина туралы негізгі ақпаратты білуі керек. Бар жүкті дәрігерге артпай-ақ ізденіске түсіп, өз ағзамыз туралы хабардар болғанымыз жөн.

– Эпидемиолог ретінде 2020 жылдан бері өзектілігін жоғалтпай отырған жаһандық эпидемия мен жоспарланған вакцинация туралы ойыңызды айта аласыз ба?

– Эпидемия, шекаралардың жабылуы әрқайсымызға шок болды. Өзіміз де Қазақстанға жылына екі рет келіп тұратынбыз, карантин есебінен ондай мүмкіндік жоқ. Вакцинаға келер болсақ, қазір әр мемлекет өз вакцинасын шығаруда. Оңтүстік Кореяда вакцинация басталды. Медицина қызметкерлері пациенттермен тікелей байланыста болғандықтан, вакцина салуды дәрігерлерден бастады. Бірақ, мен өзім  вакцинадан бас тарттым. Өз денсаулығыма жауапкершілік алып бұл вакцинаны салдырғым келмейді. Себебі, сынамалық вакцина болғандықтан ағзамда қандай жанама әсер болатындығын білмеймін. Оның үстіне коронавирус мутацияланып жатқандықтан, болашақта тұмау секілді болып кетеді деп ойлаймын. Адамдар тұмаудан әр жылы вакцина алғандай  вирустың қай штампы келетінін білу қиын. Болашақта ағза дайын болғанда немесе вирус толық зерттелгенде  вакцина да бір қалыпқа түседі деп ойлаймын.

– Қазіргі уақытта жұмысыңыз қалай өрбуде?

– Әрине, менің жұмысым медициналық туризм болғандықтан, Корея, Түркия секілді мемлекеттерге келіп емделетін адамдарға көмектесемін. Қазір Кореяға келіп емделу қиын. Тек шақырту жіберу арқылы виза алып, келуге болады. Ол шақыртулар онкологиялық ауруы бар немесе жедел отаға (ми, жүрек, ағзаларды алмастыру) зәру адамдарға жіберіледі. Келген күнде де 14 күн карантинде отыруы керек. Бұрындары айына аз дегенде 10-100 адам келсе, қазір жылына 2-5 адам келеді. Сол үшін әзірге жұмыс бағытымды өзгерттім. Емханалардың әлеуметтік желілердегі парақшасын жүргізумен айналысудамын. Клиенттердің назарын аударту үшін әлеуметтік желілерде видео, ақпарат таратуға көмектесіп жатырмын. ТМД елдерінен келген адамдарға Кореяда ем алуға көмектесіп жүрмін.

– Болашақта дәрігер болғысы келетін жандарға қандай кеңес бересіз?

– Ең бастысы – білім. Медицинадан бөлек менеджмент, маркетинг, қаржы салаларынан да хабардар болған дұрыс. Біржақты білім алу жеткіліксіз. Әртүрлі білікті адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу болашақта жан-жақты дамуға септігін тигізеді. Қызық болған нәрсенің бәрін зерттеп көрген жөн. Өзіңе, біліміңе шекара қоймау керек.

– Сұқбатыңызға көп рақмет, жұмысыңызға сәттілік!

Ажар ТУРАЛИЕВА

Орал қаласы, №19 ЖОББМ 10 сынып оқушысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі