///

Енді Оңтүстік Кореяға визасыз бара аласыз. Ал онда табысты жақсы табасыз деген қаншалықты рас?

4549 рет қаралды
фото: Lada.kz

Оңтүстік Кореяға қазақстандықтар енді визасыз бара алады деген ақпаратқа қуанғандар жетерлік. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Корея Республикасының үкіметі арасындағы қазақстандық азаматтарға қатысты визалық талаптарды өзара жою туралы келісім қолданысын жаңғырту қалпына келтірілді.  Яғни, әрбір Қазақстан азаматы «Таңғы шық еліне» визасыз барып турист ретінде қонақ бола алады. Бірақ оқу және тұрақты тұру үшін не болмаса жұмыс істеу үшін басқа виза алу керек.

Визасыз баруға болады дегенді білген көбінің аңсары Кореяға ауғандығы рас. Оның үстіне Корей сериалдарын көріп алғандар мен «k-pop» жанрының фанаттары Корея десе ішкен астарын жерге қоятындары да жасырын емес. «Пәлен жерде алтын бар, іздеп барсаң тас та жоқтың» кері келмесін деп, сол жақта жұмыс істеп жүрген жандарды іздеп көрдік. Алайда байланысқа шыққан кей адамдардың уақыты жоқ болды, аттарын атағысы келмегендер болды. Аз-маз тілдесе алғанмыз Ғабит есімді жігіт. Ғабит Қайсарұлы оңтүстік өңірінің тумасы. Алматы қаласындағы АЭжБУ (АУЭС) түлегі. Бакалаврды Қазақстанда аяқтаған соң Ресейдің Томск қаласында магистратурада оқыған. Содан кейін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы Донгсео университетінің  докторантурасын бітірген. Бүгінде ол оқу орнын бітіріп, Сеул жақтағы Ёнин қаласында қызмет етіп жүр.

– Білім алғысы келген жандардың шет елде білім алғаны өте дұрыс деп есептеймін. Шет елде тек білім алуды, оқуды талап етеді. Сол себептен шекара асып оқушыларға тәуекел етуден қорықпау керек дер едім. Және ең бастысы не үшін барғанын ұмытпау керек, қиыншылықтарына төзе білу керек. Сыртта жүру, білім алу, саяхаттау – адамның ой-өрісінің өзгеруіне, ойлау жүйесінің кеңеюіне, тәжірибе жинауға, өзге мәдениетпен танысуға, басқаша ой түюге көмектеседі. Қазақстан мен Корея арасындағы көпір болғым келеді. Екі елдің арасындағы бейбітшілік қарым-қатынастың нығайғанын қалаймын. Осында қалып, тәжірибе жинағым келді. Кореяның Ақпараттық Технологиялар компаниясында жұмыс істеп, солардың технологиясын үйренгім келді. Сол мақсатпен әзірге осындамын. Бірнеше жыл үйреніп алып, сосын елге қайтқым келеді. Айлығы жоғары болғаны үшін емес, тәжірибе жинағым келген соң осындамын. Корей тілін аз уақытта үйреніп алдым. Бөгде тілді үйрену әрқашан миға жаттығу», – дейді ол.

Кореяда талай қазақтың жұмыс істеп жүргенін білдік. Жалақының жоғары екендігін де екінің бірі айтады. Демек, Кореяда жұмыс істеу оңай емес. Бірақ соған қарамастан Қазақстан азаматтарының Кореяға жұмысқа баруы тоқтаған емес. Заңсыз жұмыс істеп жүргендердің нақты санын білу тіптен мүмкін емес.  Кореяда нақты тіркелгендердің саны 30 мың адамға жуық. Бұл санға сол елде оқитын студенттер мен қызмет ететіндер кіреді.

Кореяда жұмыс істейтін жандардың айтуынша еңбек ету жағдайы өте жақсы дегенге сенуге болмайды. Себебі, көбі қара жұмысқа тартылғандықтан, еңбекақы аса жоғары емес. Бірақ, Қазақстандағы орташа жалақыдан көбірек. Сол үшін де қазақстандықтар кәрістердің еңбек тәртібін игергендеріне және өздерінің қаржы тапшылығын жойғандарына қуанады.

– Жұмыстан басшыңнан бұрын қайтпаған жөн. Қазақстандағыдай кешіксең, бастығың түсіністікпен қарамайды. Себебі,  кешіккен бір адамға бола, өндіріс тоқтап қалуы мүмкін. Сондай-ақ Кореяда деңгей бар. Жұмыста та жаңадан келгендер төмен тұрады. Қатты сөйлемей, басқаларға  қарсы шықпай, жиналыстарда да үндемей жүреді, – дегенді айтты Жанар (есімі өзгертілді).

Кореяға әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған жандар жұмыс табылар деген үмітпен барады екен. Алдамайтын, ақысы жоғары жұмыс табыла кетсе – әр адам үшін үлкен олжа. Тіпті, ол адамдардың еңбегін пайдаланып, ақысын төлемей қоятын жағдайлар да кездескен. Заңсыз жүргендер ондай жағдайға тап болса, өз құқығын талап етіп, шағымдана да алмайды. Ең ауыр, ең зиянды жұмыстарға шетелдіктерді тартады дегенді де естисің. Сол үшін шетелге жұмысқа бармас бұрын жүз ойланып барып, шешім қабылдаңыз дер едік. Кәсіби мамандығы жоқ шетел азаматтарына тұрақты жұмыс табу қашан да қиын. Нақты бір салаға маманданбаса, ешқандай шетелдікті ешкім арқасынан қақпайды. Әйтпесе, мандарин теру, пияз ашу не болмаса бірдеңені ұстап тұру, тасу секілді оңай көрінгенімен, физикалық күшті талап ететін жұмыстар және зауыттардағы ауыр жұмыстардың белгілі бір деңгейде пайдасы болғанымен уақыт өте келе өз зардабын тигізбесіне кім кепіл?

Эльенора Әмір,

Алматы қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі