Фото: kff.kz
Бұл туралы Қазақстанның футбол федерациясы хабарлайды.
Футболдан Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, плей-офф сатысына жолдама алды. Бегайым Қырғызбаеваның шәкірттері С дивизионының 6-тобында Беларусь және Армения командаларымен бақ сынасты. Тартысты өткен матчтардың нәтижесінде отандық футболшылар 7 ұпай жинап, өз тобында екінші орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш қыздарымызға С лигасы бойынша екінші орын алған ең үздік командалардың қатарына қосылуға және плей-офф кезеңінің алғашқы раундына сенімді өтуге мүмкіндік берді. Топтағы ойындарда Қазақстан құрамасы Арменияны 3:0 есебімен ұтып, қарымта матчта 1:1 есебімен тең түсті, ал Беларусь құрамасымен өткен кездесулерде бір рет жеңіске жетіп (1:0), бір рет есе жіберді (0:1).
Енді жерлестеріміздің келесі қарсыласы Швейцарияның Ньон қаласында өтетін жеребе тарту рәсімінде анықталады. Айта кетейік, А, В және С лигасының мықтылары қатысатын бұл шешуші өтпелі матчтар күз айларына жоспарланған. Алдағы кезеңде 2027 жылғы Әлем чемпионатына берілетін жалпы есептегі 7 тікелей жолдама мен 1 континентаралық жолдама сарапқа салынады.
Парақшамызға жазылыңыз
