///

Қытай елшілігін жағалаған қазақ аналары Қытайдағы туыстарының бостандыққа шығуын қалайды. Олардың жанайқайына кім құлақ түрер екен?

5070 рет қаралды

Алматыдағы Қытай консулдығы жанында Қытайда қалған жақындарынан бір хабар болар деген үмітпен аналардың жүргеніне  екі айдай уақыт болды. Елшілік алдындағы аналардың мұңын “Мінбер” тілшісі Назерке Сексенбайқызы тыңдап қайтқан еді. 

Байболат Күнболат: 

– Мен өзім 2019 жылдың 22 қаңтарында шықтым, Қытайда жазықсыз сотталған інім Баймұрат Наурызбекке бостандық сұрап келдім. Ол кезде өзім жалғыз шығып жүрдім. Інімді 2018 жылдың 20 наурызында еш себепсіз тұтқындап, Шиху түрмесіне жапты.  2021 жылы  8 ақпаннан бастап менімен бірге аналар да жақындарын іздеп шығып жатыр. Яғни, аналарымыздың тұрғанына екі айдай уақыт болды. Алғашында 3 анамыз шыққан. Кей күндері 10 шақты болады, кей күндері 20-ға дейін таяйды. Қазір енді, карантин талаптарына байланысты саны азайтылды.

– Cіздер Қазақстан Республикасының азаматысыздар ма? Егер, азамат атанған болсаңыздар,  неге Сыртқы істер министрлігіне ресми хат жазып, арыз жолдамадыңыздар ма?

– Әрине, осы жердегілердің барлығы Қазақстанның толыққанды азаматтары. Біз оған дейін сыртқы істер министрлігіне, “Нұр Отан” партиясына, Президентке, Қазақстанның Қытайдағы елшілігіне Қытайдың  Қазақстандағы елшілігіне жазып, жолдаған болатынбыз. Өкінішке орай, нақты нәтиже жоқ.

– Жазылған хаттардан ресми жауап болды ма?

– Бәрімізге ортақ “Нұр Отан” партиясының жіберген ресми хаты бар. “Сіздердің туысқандарыңыз Қытайдың азаматы болып табылады. Сондықтан, бұл Қытайдың ішкі саясатына жатады. Біз араласа алмаймыз. Бірақ, назарда ұстаймыз” деген.

Гүлзат Ермекбайқызы:

– Туған ағам имам,  12 жылға жазықсыз сотталып отыр.  3 жыл болды іздестіріп жатқаныма, 3 жылдан бері әкеме де, туыс-туғандарыма да хабарласа алмаймын. Туысқандарымды қытай қинап жатқаннан кейін, арыз бердім. Сонда да, “сендердің қыздарың бізге қарсы шығып қойып отыр. Бізді жамандап отыр. Қызыңмен хабарласпайсың” депті. Маған хабарласуға қорқады. 5 жыл болды хабарласпағанға. 2016 жылдан бері геноцид басталғалы хабарласа алмай отырмын. 2018 жылы ағамды ұстап алып кетті де, 12 жылға қамады.

Ахытхан Халида:

– Мен 2016 жылы бір баламды алып, Құлжа, Күнестен Қазақстанға келдім. 3 келінім, 3 балам Қытайда қалды. 2017 жылы оқуда жүрген бір баламды Қытай алдырып, 2018 жылы намаз оқиды деп, 3 келін, 3 баламды алып кетеді. 2 келінімді туысқандары алып шықты. 1 келінімді әке-шешесі, туысқандары жоқ деп 11 жылға соттаған еді, Атажұрттағы Серікжанға айтып жүріп, келінімді шығарып алдым. Енді, мына 3 баламның өлі-тірісінен хабар жоқ. 4 жылдан бері іздестіріп жатырмын. Мен Қытайдан қамаудағы барлық қазақты шығарсын, жалғыз менің ғана баламды емес! деп  талап етемін – деп ашынған ана көзіне жас алды.

Қабылбек Фарида:

– Қазақстан азаматымын. 20 жыл болды келгеніме. Менің бұл жерде келіп тұрған себебім, жолдасымды 2004 жылы Қытайда соттаған. Cодан бері  менің бармаған жерім, баспаған тауым жоқ.  Жолдасымның аты-жөні Рақымжан Зейнолла. 2017 жылы 13 жылын бітіріп шықты. Шыққан бойда саяси лагерьге 1 жыл, 4 ай қамады. Содан шыққаннан кейін де, келе алмай отыр. Бірақ, мен осы жерде жүргелі 48 күн болғанда, оның қолына паспортын берді. Ол енді Үрімшіге барып, өзіміздің Қазақстан консулынан Қазақстанның визасын  алды.  Қашан, шекарадан өтеді. Сол уақытта тоқтатамын келуімді бұл жерге.

Науат Жақып:

– Талдықорғаннан келдім. 2015 жылы көшіп келіп, 2016 жылы азаматтығымды алдым. Мен 4 адамды іздеп жүрмін, 2 қайынсіңілімді және баламды. Бір қайынсіңілім 8 жылға сотталып отыр, күйеуімен бірге. Екіншісі, 6 жылға. Балам малшы еді, күнәсіз 6 жылға соттады. Кішкентай ауылдан 17 жас баланы ұстап алып кетті,туған күнде отырған жерлерінен. Соның ішінде, менің балам бар, дейді аты жөнін айтудан бас тартқан бір ана.

Мырзан Алмахан:

– Қазақстан азаматымын. 4 жыл болды, туған ағам Бақытханды іздеймін. 2018 жылы 14 жылға сотталған. Қазір Үрімжі қаласында түрмеде жатыр. Қазақ болғаны үшін, молда болғаны үшін соттады. Молдалықты Үкімет өзі оқытты. Дипломы бар ағамның. Жазықсыз ұстап жатыр. Вичат арқылы туыстардан хабар алғанымда, денсаулығында кінәрат бар екен. Рак ауруына душар болған деді. Екінші дәрежелі мүгедек. Бір қолы жоқ болатын. Мен туған қарындасымын, мен іздемегенде кім іздейді.

Күмісхан Бабанқызы:

Суретте “Қазақ мұңы” өлеңін оқыған Қалысбек Бабан

– Қазақстан азаматымын.  Туған бауырым Қалысбек Бабан мен туысым Кәусар Дәмелханқызын іздеймін.  2018 жылы 8 жылға сотталған. Шетелге шығып, оқыды деген сылтаумен ұсталды. Туған бауырым  Қалысбек Бабан “Қазақ мұңы”деген өлеңді оқығаны үшін 2019 жылы ұстап алып кетті. Үйдегілер хабар да білмейді.

Тұрсынгүл Нұрахай:

– Қазақстан азаматымын.  2017 жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Жолдасым  Жарқынбек Қасымбайұлын іздеймін және  Кенжебек Ағарбекұлын іздеймін. Мына  жолдасым 2017 жылы бізбен бірге келіп, мамыр айында Қытай еліне виза аштыру үшін қайта барған болатын. Содан, барғаннан кейін 1 айға дейін сөйлесіп тұрдық, 1 айдан кейін саяси үйрену лагеріне алып кетті.  Әдеттегі саяси үйрену шығар, 1 айдан кейін шығарады деп ойлап едім, артынан 10 жылға сотталып кетті дегенді естідім. Еш себепсіз.

Біз Қытай елінде тұрғанда, жолдасым 36 жыл бойы мемлекетте қызмет істеген адам, даңқпен пенсияға шықты. Мен  Қытай  елінде 34 жыл оқытушы болдым, Қытай тілінен мұғалім болдым. 2014 жылы 2 ұлым Қазақстанға келді.

Жолдасым мен бауырымды шартсыз түрде түрмеден босатуын сұраймыз. Біз ешқашан қытай еліне қарсы келмегенбіз. Біз сол жақтын тамағын ішіп, суын ішіп өстік. Қазір  екі жаққа бөлініп,жарылып қалдық. Жесір қатын, жетім бала болып жүргенімізге 4 жыл болды. Қазақстанның Сыртқы Істер Министрлігі мардымды жауап бермеді. Сондықтан, біз Қытай  елшілігіне жағдайымызды айтайық деп келгенімізге, 55 күн болды. Ешқандайда жауап жоқ.

Назерке Сексенбайқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар