////

Тойхана супермаркетке айналды. Пандемия біздің өмірімізді қалай өзгертті?

2864 рет қаралды

Пандемия басталғаннан бері қаншама орта және шағын бизнес субъектілерінің біразының жұмысы тоқтады. Әсіресе, тойхана мен мейрамханалардың есігіне құлып салынды. Дегенмен, заман талабына бейімделіп, бизнес бағытын өзгерткен кәсіпкерлер қаншама? Біз бүгін солардың бірі жайында әңгіме қозғамақпыз. 

Пандемия басталғанда бизнесі толығымен тоқтағандардың бірі Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданы Переметное ауылының тұрғындары Ижановтар отбасы. 2009 жылы отбасын құрған жастар ортақ кәсіптерін мейрамхана ісімен бастаса, қазіргі күні олар аудан орталығындағы супермаркеттің иесіне айналды.

“Саудаға деген қабілет ерте жасымда, мектеп кезінде пайда болды десем болады. Жолдасым Руслан екеуміз отбасылық бір іспен айналысуды армандайтынбыз. Осы арманның жетегінде ұзақ ойландық. Ақыры аудан орталығында жоқ болғандықтан, мейрамхана ашу туралы шешім қабылдадық. Мейрамхана құрылысы үшін жеке қаражатымыз болмады, тәуекел етіп несиеге қаржы алмақ болдық. Осылай мен 2014 жылдан бастап кәсіпкерлікті бастау және дамытуға арналған несие бағдарламаларын іздей бастадым. Содан кейін екі бағдарлама бойынша несие ресімдедік. Біріншісі – жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы бойынша 3 миллион теңгені 6 пайызбен  алдық. Бұл несиені алған соң бастапқы үш жылдың ішінде жауып үлгердік. Екіншісі – бизнестің жол картасы бағдарламасы бойынша 5 жыл мерзімге алған 10 миллион теңге көлеміндегі несие. Бұл әлі жабылған жоқ. Шарттары бойынша 17 пайыздың 10%-ын 2 жыл бойы мемлекет төледі, 7%-ын өзіміз төледік. Екі жылдан соң 17%-ын толығымен өзіміз төлеуді бастадық» деген Әсел бизнеске қалай келгені және барлығының неден басталғаны туралы баяндап берді.

Әселдің өзі атап өткендей несиеге қаржы алып, 2015 жылы мейрамхана құрылысын бастап, 2016 жылы құрылысты аяқтаған. 2016 жылдың тамыз айында Переметное ауылында «АРНА» мейрамханасы өз есігін ашқан. Мейрамхана атауы – Асель, Руслан, Наиль, Адиль деген отбасы мүшелерінің бас әріптерінен құралған. Сол уақыттан бері Ижановтар отбасы осы іспен айналысып келеді. Ауыл орталығында басқа мейрамхана болмағандықтан, кәсіптері де жақсы жүріпті. Негізгі клиенттері аудан орталығының және жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары болған. Бұл пандемияға дейінгі жағдай еді. Бұған дейін олар несиелерді төлеуде де аса қиыншылықтар көрмеген. Пандемия басталысымен мейрамхана бизнесі де тоқтаған. Осыған байланысты, несиелерін уақтылы төлеу де қиынға соға бастапты. Сол уақытта Руслан мен Әселдің мейрамханадан басқа табыс көзі де болмаған.

Кәсіпкерлер пандемия басталғанша 6 адамды тұрақты еңбекпен қамтып отырған. Төтенше жағдай жарияланғанда қызметкерлер жұмыссыз қалып, 3-4 айдай 42 500 теңге алса, кейін басқа жұмыс тапқан. Несиелердің төлеміне байланысты кәсіпкерлерге кейін хабарласып, өткен жылдың наурыз айынан биылғы жылдың наурыз айына дейінгі уақытқа қайта есептеу жүргізілетіні туралы хабарлаған. Осы уақыт аралығындағы несиенің 7 пайызын мемлекет төлесе, 10 пайызын кәсіпкерлер өздері төлеген.

«Пандемия бәріміз үшін күтпеген, әрі ауыр жағдай болды. Біздің аса қиналған жеріміз қызметкерлердің жалақысын және несиелерді кешіктірмей уақтылы төлеу еді. Бұл төлемдерді кейінге қалдыруды дұрыс шешім деп ойламадық. Өйткені, олар жинала береді, бәрібір төлеу керек. Оған қоса, супермаркет ашқан кезде қызмет түрі толықты. Кәсібімізді кеңейтіп, супермаркет ашу үшін жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша қосымша несие қаржысын алдық. Пандемия кезінде табыс әлдеқайда төмендеп кеткені шын, бірақ қазіргі табысымызды үнемдеп жаратудың арқасында несиелерімізді уақытында төлеуге жетіп отыр» деп кәсіпкерлер қандай қиындықтармен бетпе-бет келгендері туралы да баяндап берді.

«Бұрын шағын дүкенді жалға алған тәжірибеміз бар еді. Бастапқы кезде мейрамхананың кіші залында шағын маркет аштық. Ғимаратымыз дәл орталықта емес, аудан орталығынан қашығырақ орналасқан. Жүргізе алмаймыз ба деген күмән мен қорқыныш та болды. Сондықтан, біз байқап көрейік деп шештік. Сауда-саттықта аз-маз тәжірибеміз болғасын ба шағын маркетіміздің ісі де сәтті жүре бастады. 10 айдың көлемінде осылай жұмыс жасадық. Содан кейін, пандемияның әлі де ұзай түсетіні  белгілі болды. Біз ойлана келе мейрамхананың үлкен залынан супермаркет ашуға бел будық. Сөйтіп, 2020 жылдың наурыз айында супермаркет ашылды» дейді Әсел.

Супермаркет ашу үшін не қажет? Ең алдымен неден бастаған жөн? Осы және басқа да сұрақтар мазалаған кәсіпкерлер жан-жақтан сұрастырып, ақпарат жинайды. Сөйте келе Орал қаласында супермаркет жүйесі мен базасын орнататын мамандар бар екенін біліп, олармен байланысқа шығады. Одан кейін Ресейге барып, супермаркетке қажетті жабдықтар мен жиһаздарды сатып алады. Қиындық қиындығымен, бірақ әрі қарай өмір сүру керек. Осылайша супермаркет ашу үшін дайындық жұмыстары басталады. Супермаркет ашылған соң клиенттерді көбірек тарту мақсатында азық-түлік бағасын аса қымбат қоймаған. Ал, әлеуметтік маңызды тауарларға, мысалы: нан бағасына 5 теңге, қант бағасына 10 теңге қосып сатқан. Суреттерден көргеніміздей ауданы жағынан да, тауарлардың түрлері жағынан да қала орталығындағы супермаркеттерден кем емес. Азық-түлік, кеңсе тауарлары, тұрмыстық-шаруашылық тауарларына қоса тапсырыс бойынша жартылай дайын өнімдерді де (тұшпара, мәнті, қуырылып пісірілген тауық және т.б.) дайындап сатады.

Мейрамхана бизнесі мен супермаркеттің қызметін ұйымдастыру аралығында өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бұл орайда Әсел: «Мейрамхана қызметі ұйымдастыру жағынан жеңілдеу деп ойлаймын. Аптасына 3-4 күн тапысырыс бойынша жұмыс жасайсың. Қалған уақытта басқа шаруаларыңмен айналысуға, отбасыңа, балаларға көңіл бөлуге уақыт болады. Ал, супермаркет қызметін ұйымдастыру бұл күнделікті тынымсыз жұмыс. Таңертеңнен кешке дейін басы-қасында жүруің керек. Күн сайын қалаға тауар алуға барамыз. Есеп-қисабын да өзім жүргіземін. Мейрамхана жалпы ғимаратты ұстауы, қызметін ұйымдастыруы және табысы жағынан да супермаркетке қарағанда ұтымды» дейді.

Супермаркетке кіреберістің бір бөлігінде клиенттер үшін кішкене шкафтар орнатылған, екінші бөлігінде сауда жасау барысында алған тауарларын салу және сыртқа алып шығу үшін арбалар жиналған. Ғимарат іші жарық, әрі кең. Супермаркеттің қызметі арнайы мамандандырылған бағдарламамен жүргізіледі. Клиенттер сауда жасаған кезде ақысын қолма-қол ақшамен де, төлем карталарымен де жүргізе алады. Бір ауысымда 3 сатушыдан 6 сатушы жұмыс істейді. Еңбекақылары 100 000 теңге көлемінде.

«Пандемия барлығымыздың есімізді жиғызды десек болады. Біз, адамдар жақсыға тез үйренеміз. Бұрын банкеттер үнемі болып тұрған кезде артық ақша да болатын. Аса көп үнемдемейтінбіз. Алайда, табысты орынымен пайдаланса, жеке жоспарларға да, бизнесті кеңейтуге де қаржы жиналатын. Біз осыған дейін жеке өзіміз үшін ешқандай жинақ жасамадық, азын-шоғын жинағымыз болса мини-маркет ашуға, ісімізді кеңейтуге жұмсай бердік. Қазір аздап болса да жинақ жасауға тырысамыз, табысты көбейту үшін күн сайын тынымсыз еңбектену керек».

Әсел Переметное ауылының тумасы. Орта мектепті аяқтаған соң жоғарғы оқу орнына оқуға түсіп, 2007 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған. 2007-2013 жылдар аралығында Переметное ауылындағы элеваторда мамандығы бойынша қызмет еткен. Осы уақытта шағын дүкенді жалға алып, саудамен айналыса бастаған. Руслан екеуінің отбасылық өмірі 2009 жылы басталған. Қазір екеуі үш бала тәрбиелеп отыр, екеуі мектеп оқушысы, үшіншісі балабақша жасында. Руслан мен Әсел сауданың басы-қасында жүрсе, аналары оларға балаларды тәрбиелеуде көмектеседі. Әсел бұдан бөлек қоғам белсендісі. Ол 2016 жылдан бері Бәйтерек ауданының Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы болса, 2018 жылдан бері аудандық маслихат депутаты. Қайырымдылық ісі – Әселдің жеке және қоғамдық өмірімнің ажырамас бір бөлшегі десек болады.

«Қиыны мен қызығы мол, сонымен бірге аса құнды тәжірибе беретін қоғамдық жұмыс өзіме ұнайды» деген Әсел кішкене ойланып отырып: «Әкемізден ерте қалдық, жоқтықты да, жетіспеушілікті де, басқа қиыншылықтарды да көрдік. Сол себептен бе жақсы өмір сүру үшін еңбек ету керек деген түсінік қалыптасқан. Бала кезімнен ерінбей еңбек ету керек деген ұстаныммен өмір сүріп келемін. Супермаркет үшін ғимараттың тұрған орыны ыңғайсыз, өйткені орталық емес. Мейрамхана үшін керісінше өте қолайлы болды. Себебі, ауыл тұрғындарын шу немесе музыка дауысы мазаламайды, ешкімге кедергі келтірмейміз, орталықтан алыстау орналасқан. Адам қашан да жақсыдан үмітін үзбейді ғой. Біз де жақын арада пандемия аяқталады деп үміттенеміз. Сондықтан, бұл ғимаратта әлі той тойлаймыз деген сенімдеміз. Сонымен қатар, супермаркет қызметін де тоқтатқымыз келмейді. Клиенттеріміз бар, саудамыз жүріп тұр. Осыған байланысты, алдағы уақытта несиеге қаржы алып, бөлек сауда үйінің ғимаратын салғымыз келеді. Әзірге сол үшін қолайлы орыннан жер телімін іздеп жүрміз. Өйткені, былтырғы жыл бізге бизнесті тек бір бағытта ғана жүргізіп отыра бермей, түрлендіру керек екенін түсіндірді» дей келе, болашаққа үміті мен сенімінің зор екенін айтты.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметіне сәйкес төтенше жағдай режимі енгізілгенге дейін облыста 245,2 мыңнан астам адам қызмет ететін 42,3 мың шағын, орта және ірі бизнес субъектілері жұмыс болған.

Төтенше жағдай мен карантин режимі енгізілгеннен кейін (наурыз – мамыр айлары) 18,1 мыңнан астам субъектінің қызметі тоқтатылған. Қосымша карантиндік шараларды енгізу кезеңінде (шілде – тамыз айларында) 7,6 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі тоқтатылған, оның ішінде:

– тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар – 1,1 мың субъект;

– ойын-сауық және демалыс-380 субъект;

– сауда үйлері және сауда, ойын-сауық орталықтары – 2,9 мың субъект, жалға алушылармен қоса алғанда;

– білім беру саласы-604 субъект;

– өзге де қызметтерді ұсыну (сұлулық салондары, моншалар, сауналар, компьютерлік клубтар және т.б.) – 2,6 мың субъект.

Альфия Шамай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері