//

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

1809 рет қаралды
фото: Lenta.ru

АЙТЫСШЫЛАР

(Жолдасым Кәп Құмарұлының айтқандары)

– Біз өткен жылы бір шілдеханада болдық. Сонда үлкендер тарапынан: айтысатын жастар болса айтыссын десті.

«Өлеңнің бір пайдасы тойда тиер

Есіктегі басыңды төрге сүйрер»,

Біз өлең бастамақшы болып ыңғайлана беріп едік, төр жақтан:

– Мұнда келсін, ортаға отырып айтсын,– деді. Біз аяқ астынан төрдегі елағалары, ақсақалды қариялардың, елдің игі жақсыларының алдына, топ ортасына төрге шығып айтыстық.

Айтыс – дода халықтың өнері бұл

Нелер әзіл айтылды, шертілді сыр.

Ақынның сөзі ортақ, үні үндес,

Ұққанға ұлы айтыстың тарихы жыр.

Айтыс та қызу өтті арпалысып,

Аяспай жан берісіп, жан алысып.

Аялдаса ағаттық болар ма деп,

Тыңдаушылар тықыршып қаны ысып.

Айтыста ақын асқақ, сергек сері,

Жастықта жалын атып, жаңа пері

Біреуі жас қырандай шүйліккенде

Қарсылас қасқа тісті қайтпас бөрі.

Айтыс-айқас, алыспан- салыспанда,

Ұқсайды екі арыстан алысқанға.

Айбыны алапатты дүлей дауыл,

Батырдай найза тілден салысқанға.

Өткір тіл өңменінен өтті түйреп,

Рух көтеріліп, бірде күйреп.

Есеңгіреп есінен адасқандай

Сөзден нөсер төгілді, түйдек- түйдек.

Тыңдағанның тыныстап қанды айызы,

Өзегінде өріліп қалды ізі.

Кәп те жастан тақуа таныс бізге,

Кем түспеді бұл Мұқамәдиқызы.

Айтыс – ата өнері асқаралы,

Өнерді өрге сүйрер жастар әні.

Ел ертеңі елеулі еңсе биік,

Зор болашақ бүгіннен басталады.

Алда үміттің жарқырап аспан- айы,

Аңсағанның ашылып жан сарайы

Ата- ана «бақ берсін» деп бата берсе

Біреулердің жүрегін паршалады.

Айтыста қыз-ұл болсын теңеседі,

Өнер жолын өрнегін кеңеседі.

Иненің жасуындай сәулелі жан,

Неге айтысты, не деді демес еді.

Өнерлі өнерліні түсінеді,

Қызынар ұқпағанның іші мейлі.

Жарысқа жабы қосса жолда қалар,

Тұлпарға тұлпар ғана кісінейді.

Кей-келіншек келемаж кекей кетті,

Ұялмай жабысты,– деп шымшып бетті

Мұндай айтыс құрысын, құйтырқылы,

Шапшаң, жүр!– деп байларына айбар шекті.

Міне осы айтыстан соң ел құлағы елең,– деп біздің отырып тұруымызға бір ыңғайы келіп, бас қоса қалсақ бәрі аңдулы, бәрі сөз, бәрі сықақ, бола бастады. Әсіресе үш жігіт үнемі ізімізді аңдыды. Әлгі «айтысшылар» деген ат қойып айдар тақты.

АҚШЫЛБЫР

фото: egemen.kz

Айтыстан соң көп ұзамай, сұмын орталығынан 30 шақырым мектебіне, 2-бақтың жұртшылығына Баян-нуур сұмынынан «Қызылбұрыштан» концерт ойнауға бір топ жастар келді. Ол кезде ауылдық жерде мұндай мәдени іс-шараның барлығы ат көлікпен жүретін шағы. Сол концерт ойнаушылардың белді мүшесі осы Егеухан жол жорғалап басатын ұсынса қол жетпейтін, есікпен төрдей тұлғалы, әдемі өзінің меншік ақ-көк атын ойнатып мініп келіпті. Концерт мүшелерін түгелдей мектептен арнаулы орын дайындап соған қабылдады. Мініп келген аттарын апарып шөпке байлау мұғалімдерге тапсырылды. Мен әдемі ширақ, сыптығыр есілген ұзын ақ шылбырынан жетелеп апарып ақ көк атты үлкен мая шөпке бос қойдым. Ауылдағы шағын клубта концерт ойналды. 2-бақтын халқы түгел жиналған. Концерт тартымды өтті,– деген лайықты бағасын алды. Аядай ауыл ғой. Кім қандай киім киді, қандай ат мінгені, қандай ән айтты, бәрі-бәрі жаттаулы. Таңертең ақ-көк атты ақ шылбырын шумақтап ерттеп алып жатыр едім үйдегі әйелім:

– Өзге десе өкпеңді алып қағасың, мынау әлгі сен айтысқан ақын қыздың аты екен ғой. Маяға бос қоя бердің де шөпті таптап өңкей көк қияғын таңдап жеді. Шөпті былғап тастады. Бәсе кеше олар келе әй-шәйсіз бірден ақшылбырды шұбалтып осы атты жетелеп алғаның сол екен ғой. Енді шұбалған ақшылбырдың шылауында кетпей қалсаң екен, – деп кекетті. Содан ақшылбыр атауы пайда болды.

АҚ ЕГЕУ

Біз не естімеді ғой дейсің. Мен мектепте аптаның аяғында сабақтың соңғы күні сенбіде орталыққа аттанып бара жатсам, «Кәп, қайда барасың?» деп біреу-міреу сұрай қалса, әйелім менен бұрынырақ:

– Ол сұмында өткір жүзді «Ақегеу» бар, соған барып пышағын жанытады, – деп кекетеді. Кейде маған бір шаруа тапсырылса, егер орындалмаса сұмындағы өткір ақ егеумен құлағыңды егетемін, – дейді. Бұл сөзді бақталас жігіттер жерден жеті қоян тапқандай қуанып, елге жариялайды. Міне Ақегеу атауы осылай пайда болды.

ЖАЙ ӘНШЕЙІН

Екеуміздің де бұрқыратып керемет өлең жазатын жағдайымыз аз. Бірер шумақ ұйқастырсақ, соған мәз болып бірімізге-біріміз көрсеткенше асығамыз. Оны басқалардан жасырып оңашалау отыра қалып, оқып өзімізше пікір алысамыз. Анадайда аңдып тұрғандар, не кеңестіңдер – деп тақауырлайды. Біз жәй-әншейін десек, олар бір-біріне: «олардікі «Жәй әншейін» атайтын-ды».

ӨЛЕҢ СЫЛТАУ

“Өлең сылтау” дейтіні, ауылымызда Алтайдан Байқадам Үкірдай ауылы асып келген тұста солармен бірге келген Қалқа қарияның да ауылы болған. Сонда Шәмел Қалқаұлы аға ақын келген-ді. Ол Шәмел Қалқаұлы ақын, Совет Одағы, Қазақстан Республикасында Қазан төңкерісі жеңгеннен кейін, бай-кулактарды жер аудару, мал-мүлкін тәркілеу қаулысы бойынша, ауыл-аймағымен қуғындауға ұшырап, атамекені Марқакөлден үдере көшіп, Қытайға, Алтайға қашып барып, онда да опа таппай, Моңғолияға тағы да шұбырған қазақтың бірі, бірі болғанда ірісі. Қытайдан асып келе жатқанда Моңғолияның кең көлемді жерін көргенде ақын Шәмел Қалқаұлы ойына келген бірер шумағын айтып жіберген:

Алтай асып келеміз,

Аяңдамай желеміз.

Моңғолия кең екен,

Жарық сәуле көрерміз, – деген.

Ақын Шәмелдің әкесі Қалқа атақты болыс болған адам екен. Ақын Шәмел шен-шекпенсіз болмаған. Сондықтан соңынан үнемі қызыл жағалылар қыр соңынан қалмаған.  Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Баяннуур сұмынына тұрақтап, «Қызыл үй» атанып кеткен халық өнерпаздарына арналған орталықта ойын-сауық үйірмесін ашып, жұмыс істеп жүрген шағында, осында барлау жасап жүрген қызыл офицерлердің бірі оны танып қойып, «Шәмел Қалқаевич» деп мылтық кезенген деседі. Сөйтіп, ұсталып, түрмеге жабылып, Уланбатырда сот ісін қарағанда:

– Сенің халық үшін қызмет атқарғаныңды білетін және сотта ісің қаралып үкім қалай шыққанын білетін, хабарласып тұратын бір адам қажет соны тауып әкел дегенде қалада оқуда жүрген мені шақырып куәгер болдырған. Ақын Шәмел 17 жылға сотталып, өзінің тілге шешен білімді, іске шеберлігінен Моңғолияның атақты ғалымы Ринчин Бямбаевқа хабарласып, түрмеде көп отырмай бостандыққа шығады.

Ринчин Бямбаевқа өзінің өткен өмір жолдары жайлы, сыр шерткенде:

Нақақтан күйдік сезем мен,

Қылмыссыз қару кезенген,

Шырқыратып шыбынды

Асырды екі кезеңнен, – деп өзегі өкінеді.

Сол ақын Шәмел Баяннуурға қайтып келген кезі болатын. Ақын Шәмелді ауыл-үйлер той-томалақта қалдырмайтын. Өз ауылының бір үйінде өткен қонақта маған кел, деп хабарлаған, келсем кешігіңкіреп қалыппын. Ет желінген, дастархан жаюлы. Адамдар Шәмелдің әңгімесіне елтіп, ара-тұра өлең тыңдап отыр екен. Орта бойлы қос бұрымы балтырын соққан талдырмаш қыз, Абайдың бір өлеңін оқыды. Ақын маған өз өлеңімді оқытты. Жиын тарауға бет алғанда, ақын Шәмел:

– Қарағым, Егеухан! – Әкең менімен құрдас, өзі құда. Кеше үйіңде шайда болғанда, сенің өлеңге-өнерге талантың барын таныдым. Мына толғауды саған арнап жаздым. Оқып танысып, өміріңе басшылық ет деп ұсынды. Оқушы дәптерінің қос бетіне жазған өлеңді Егеухан алып шығып кетті. Шәкең мені өзіне жуық шақырып алып:

– Әй, Кәп, мені әлгі құда Мұқамәдидің үй ішінен қонаққа шақырғанда алыста болса да, сені келсін, әлгі қызды көрсін дедім. Себебі сенің теңің осы қыз. Әлгі үйіңдегі қызыл бет келіншекті мен сенің теңің демеймін деді. Сонымен әртүрлі себептермен жуық жүруді қаладым. Саған ақын Шәмелдің жазған өлеңін оқытайын дедім. Тағы бір ыңғайын тауып. Ол толғаудан үзіп-үзіп үзінді келтірейін:

Ата-ананың үйінен бала көрдім,

Баланың талабына көңіл бөлдім.

Жасы кіші болғанмен, сәулесі бар,

Болатындай ұрпағы саналы елдің.

Ер жетсе елдің көркі болар-ау деп,

Сен балаға солайша баға бердім,

Шығады ақыл жастан, асыл тастан,

Көкірек көзің ояу саған сендім.

Қарағым, талаптысың жолың болсын,

Өзіңнің талабыңда алар еншің.

Бәйгеге баптап жүріп тайыңды қос,

Көрініп ел көзіне ол да келсін.

Гаухарды басқалардан артық көріп,

Жүрме деп айтқаным ғой бағаланбай.

Алтының жүректегі аман болса,

Қалмассың бір жарқырап тазаланбай.

Мен емес танып қалар барлық халқын,

Жезбен бірге тұрған мен белгілі алтын.

Қырандай қияға ұшсаң әркім көріп,

Дегендей қандайымен байқасарсың.

Түлкі деп жүні қызыл қызықпай –ақ,

Қайтпайтын алғыр арлан қасқыр алсын.

Жолбарыс жон көрсетіп өте шықса,

Одан да жүрексінбе пара-парсың.

Біз толғаудың толық нұсқасын оқып, әр сөз сөйлеміне талдау жасап

отыратынбыз. Олар бізге сендердің бірігіп отыруларыңа «Өлең сылтау» дейтін.

САРЫБЕЛБЕУ

Оқушылар тараған соң, Тұлбаға көшкен ағаның үйіне қарай көшетін болып, Цэцэгт мектебімнен үйімді, анам, әйелімді, баламды көшіріп Бай-нұр көлінің жағасы жазда сұмын орталығы жайлайтын жайлауға көшіріп әкеліп тастап, Баян-Өлгий аймағына жиналысқа барып, қайтып келдім. Аздаған жүгім болған соң, кейін атпен алайын деп, Егеухан жұмыс жасайтын атқару әкімшілігінің кеңсесінің босаға жағындағы тақтайға қоя салып, кетіп қалдым. Үйге барған соң жүгің қайда десті. Мен атпен алармын деп сұмынның кеңсесіне қойып кеттім, дедім. Кенжебай:

– Енді сенің қолыңдағының барлығын «Ақегеу» егейтін болды ма? Бұл неткен қорлық, – деп тұра жүгірді. Көп кешікпей Салдатқан інім Егеуханның сары жібек белбеуімен буып, көтеріп алып келді. Егеуханның белбеуін неге әкелдің? десем, Кенжебай:

– Сенің бел қосар белдігің шығар,– деп тағы шу көтерді.

Сонымен аңдығандарға -Бел қосар: Сарыбелбеу, Сарыбелбеу десіп «Сары белбеу» атауы пайда болды.

Ілмиген қыз:

– Егеухан сұмында машинист, жазу жазады. Жалпы халықтың малының төлейтін жүн жұрқа, салығының орындалғанын тіркеп, орындалмаса талап хат жолдап отыратын. Біз көшіп келген соң қалған жүн-жұрқаны сауда ұйымына өткізіп, ертең сұмынға тізімге түсіртіп, қол қойғызып өнімнің ақшасын алу керек, – дедім. Әйелім: – әлгі сенің, «Ақегеуің» бір егемей болмайды ғой, – деді кекетіп. Осы Баяннуурдан үйді көшіруге келген Малшы күйеу, өзі менімен құрдас еді. Сөз төркінін түсінді де:

– Мен барып, егетіп, Ақегеуіңді көріп келейінші, – деді.

– Я, бар, бар, – дедім.

Ол келіп қағаздағы сан цифрды тиісті журналға түсіртіп, Егеуханның қолын қойғызып қайтыпты.

Үйге келген соң:

– Ақегеуді көрдің бе, қандай қыз екен ұнады ма? – десті жапырлай бәрі сұрап.

– Ақегеуің біздің мына құшақтаса құшақ толатын, қарасаң бетінін қызылына көз тоятын Кенжебай жеңгемнің шүйіншісіне де алмайтын, «бір ілмеген аққыз екен дегені. «Ілмиген аққыз» атауы осылай келді өмірге.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар