//

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

2647 рет қаралды
фото: https://tudordoors.ru/tl/chandeliers/chto-edyat-verblyudy-v-afrike-chto-est-verblyud-v-pustyne-i-v-zooparke-areal/

БІЗДІ ҚАМАМАДЫ

 Біз елден хабар алып бір ойдан қуанып қалсақ, бір ойдан ата-ананың күйзелгенін естіп, онсыз да сағынышым сары өзендей толқып жүрген басым қатты қиналып қалдым. Спортшылардың көріп қойғанына да қатты қысылдық. Әр адам өз мамандығына жан-тәнімен беріледі ғой. Ішкі істер қызметкерлері күдіктіні көрсе істің ақ-қарасына қарамай, жерден жеті қоян тапқандай, қуана-қуана қуып ұстайтын әдетіне басып, Базарқан бізді көрген соң ұстап әкеткісі келіп жанындағы жолдастарына: “Бұл қашқындар мұнда жүр екен ғой, Баяннұұр сұмын әкімшілігі іздеп жүр еді, оларды сандалтпай, ұстап апарып бергенім жөн шығар” депті. Бұл сөзді жанында тұрған басқа жолдастары түгел естиді.

Бәсеке бір аптаға созылады. Әлгі сөзді естіген соң жай киінген бір адам біздің үйге келіп шай ішті. Бізден әр-нәрсені суыртпақтап сұрап тіршілігімізбен танысып, ауылдан шыққан себебімізді жолда қалай жүріп, не көлік мініп мұнда қайтіп жеткенімізді тәптіштеп сұрап, анығына жету үшін қадағалап білуге ниеттеніп, әр жайды орағытып сұрап ойлы көзбен көп қарап, сырлы сөзбен сыралғыдай сыйпай қамшылап, сырымызды сындарлы сынағынан өткізіп отырғандай болды. Өзі де сол Байнұрдың Мара, Дэгнүүлт. Дара, сарқыраманың сай-саласын, тауын-тасын, түйіскен шың жартас-жаламаны жарып сарқырап, сайдың табанында ойын салып, ойпаңды осып-орып арқырап аққан өзеннің тақасып тұрған тау шатқалдарында жарқырап жанасып, тұрған шың жартасты құшып-сүйіп аймалап амалсыз ақмоншағынан шашу шашып, асып-сасып ағатын арынды өзенін, қысаң жерден қысылып судан ары-бері өтетінін өзі бала жастан біліп, жан тәнімен сүйіп өскенін де жайып салды.

Ол азамат Баян-нұұр сұмынына қарасты 2-бақтың халқы Өмен ақсақалдың ұлы Қанай, қазір Ұланбатыр қаласында ішкі істер бөлімінде жұмыс істейтінін, мұнда ешкімге жарияламай, жасырын істермен жүргенін айтып салды. Әкесі Өмен кедей шаруа болғанын, өзінің де әртүрлі өмір белестерін басынан кешіргенін әңгімелеп ағынан жарылды. Бір жердің төлі болған соң негізі біздің атымыз қашқын деп дүбіріміз жер жарғаны болмаса адамға, қоғамға айтарлықтай қауіпті жағдайлар аңғарылмағандай сезіліпті Қанай Өменұлына.

Ол Базарқанның бізді ұстап апарып берсем деген ойын құптамайды. Оларда біздің неміз бар,  елге қоғамға қауіпті жағдай тудырмаса өздері тауып алсын. Әйтпесе жанын бағып жүрген жастар көрінеді, артық-ауыс қылық аңғармадым депті. Біз ұсталмадық. Бұл спортшылардан хабар алған соң Баяннуур сұмын атқару әкімшілігінің бастығы Жанат Керейбайұлы әкемді шақыртып алып,  олар: “УВС-да аман-есен жүр екен алдыртайық па?” деп сұрапты. Әкем “Егеуханның жасы 17 ден 4 ай асты. Өкімет заңына қайшы болмаса, әйтеу аман ғой, жүре берсін”, депті.

БІР БҰТАЛЫҚ БОЛАРМЫН

Тамыз айының тамылжыған тамаша ауасы. Аса бір жадыраған жаймашуақ күн нұрын төгіп тұрған. Кәп екеуміз түскі шайымызды ішіп шағын дастарқанымызды жиып, орнымыздан тұра бергеніміз сол еді. Сыртта дүрілдеген машинаның дауысы естілді. Есіктің жапсарынан сығаласам есіктің алдына бір үлкен автобус, екі жеңіл машина келіп тоқтап тұр.

Бізде қыбыр етіп далаға шығатын жағдай жоқ. Үйдің ішкі босағасында состиып тұрып қалдық. Адамдар самбырлап сөйлеп автобустан, машинадан түсіп жатыр, түсіп жатыр. Көп ұзамай есікті біреу бар пәрменімен ашып қалып, онсыз да босаға да тұрған екеумізді бас салып екі қолымен қармап өзіне қарай тартып құшақтап:

– Қайда қаңғып жүрсіңдер, – деп жылады-ай кеп, біз де мұндай ағалық ыстық құшаққа зәру болғалы қашан. Солқылдап жылап тұрмыз. Үйге адамдар шұбап кіріп жатыр, кіріп жатыр. Бізді құшақтап жылап тұрған Кәптің қарындасы Зағиланың күйеуі Малшының ағасы Нәрішұлы Сағидолда ағай екен. Ол кісі Сәрік ботағара мен Нұра ботағарамын. Ол жағынан да ағай болатын-ды. Мен кіріп жатқан адамдарға көз қиығыммен ғана сығалап, жылап тұрмын, қорқып тұрмын. Үйге кірген әйелдер, азаматтар, кигендері өңкей асыл, жүздері жарқын. Бейнелерінен ештеңеге мұқтаж емес. Жалғанды жалпағынан басатыны, көп ешкімді теңгере қоймайтындай көтеріңкі көңілдерін көре, үйдің ішіне паңдана қарайды. Төрдегі екі кісілік тақтайдың біріне Нәжікенұлы Оразбаймын деп үлкен ата отырды. Енді біріне отырған жігіт ағасы: «Мына Баян-Өлгейдің балаларына мен де амандасайын, аман саусыңдар ма? деді. Біз де бәсең дауыспен: «сәлеметсіздер ме?» деп амандастық. Әлгі ағай «мен Қабдыл ағаларыңмын, Баян-Өлгей аймағының әкімі боламын. Сендер елге Өлгейге қайтыңдар. Бізге де намыс керек. Баян-Өлгей жалғыз қазақ аймағы. Өзінің үйленемін деген жастарын сыйғызбай, жаяу қашып барып Моңғол аймақта жұп құрып, жұмыс жасап, жақсы өмір өткізуде десіп жүр. Бұл қаңқу бізге жеңіл тимейді. Қайтыңдар, Бай-Өлгейге мен өзім жұмыс беремін. Сендер көмейлерің таза болса, басқа ілік-қақпадан қорықпаңдар. Қазақта «бұтаға қорғалаған торғай да аман қалады» дейді ғой. Елге қайтыңдар, мен бір бұталық болармын» деді. Бұл топ УВС аймағының атақты демалыс орыны «Хархэреге» демалуға бірігіп келе жатқан Баян-Өлгей аймағының игі жақсылары, сорпа бетіне шығар ығай мен сығайлары екен. Тар үйге сыйыспай қатарласып сыңсып тұрғандардың арасынан әйелдердің кейбіреулері бізге мысқылдай қарап: «әй, ана ағаш төсектерін қарашы, өздерінше өмір сүру сиқы осы деп отыр-ау, жазғандар» деп сықылықтап күлісті. Біз қапелімде Өлгейге барамыз, не бармаймыз деген бір шешімге келе алмай аңтарылып тұрып қалдық та өлең шумағында шешімімізді жарияладық:

 

Сасқанда жан қысылып көріп қыспақ,

Құшақ ашып құрметтеп көрсетті ұшпақ.

Шагдар шамшыл түбінде Қабдыл қандас

Шаланың екібасы бірдей ыстық.

 

Шешімге келмей тұрып қала бердік,

Жылап тұрып көп адам жүзін көрдік.

Бастық әйел бастықтың әйелдері,

Десіпті өмірлері өкінерлік.

 

Қабдылдың әйелінің аты Бұлбұл,

Бұларды бұлықсытқан мансап құрғыр.

Ағаштан нар төсекте жатқаны-ай деп,

Көп әйел күлісіпті сыңғыр-сыңғыр.

 

Сағидолда бастықпен үзеңгілес,

Ілеспесе жасайтын теке-тірес.

Турашыл шынның жүзі шынықтырған,

Жосықсыз жолдан тайса көрсетер сес.

 

Әйелдерге тиісіп сапты бүлік,

Қызылшыл қылымсыған кері миық.

Олардың шаңына да ілеспейсің,

Қыр асатын сендерде бар масиық.

 

Қабдыл ағай, ол рас кешір депті,

Өсекші әйел үніңді өшір депті.

Асыл тастан шығады ақыл жастан,

Қайратты олар, қажырлы тұқым текті.

 ИТПЕ АҒАШПЕН ІЛГЕРІ ҰМТЫЛТАДЫ

Бидай піскен егін орылып, жиналып, қарбалас басталған шақ. Күз болып, күн қысқарса дабұрын үйден ұзап шықпаған маған таң атса, кеш батпай ата-анамды, ауылымды сағынып жүрмін. Жауын-шашын азайып, Қобда өзенге құятын тау бұлақтары тартылып Қобда өзеннен өтетін ұзын аяқ түйелермен өтіп Увс аймағынан жылда бидай таситын. Мен де осы шақта шартпен бидай алатындар келгенде апам келіп қалар ма екен деп үміттеніп, үнемі жолға қараумен жүргенмін.

 

Сағыныштан сарғайып жан-жапырақ,

Ұшып барад жан-жаққа таппай тұрақ.

Түйткілімнің түйіні шешілмеген,

Жүрек қабы жұқарып жүр қақырап.

 

Ананың бар бақыты балалары,

Құлағымда ежелден ана зары.

Қазір қандай күйде екен, тірі ме екен?

Деген ойлар ылықсып мазалайды.

 

Айтқанымдай алыстан зар естілді.

Жазираны жасындай жара тілді.

Боз іңгенмен қосылып боздап келед,

Қайғылы үні зарлы болатын-ды.

 

Анамыз бұрын тірі өліп көрген,

Төркінінен ешбір жан жоқты ерген.

Жалғыз бауыры әскерден келе қайтты,

Үйін бұзып көршіге бөліп берген.

 

Ол ол ма тұңғыш ұлы Әбділнұры,

Елден жерден тысқары сонау жылы.

Тыңшылық тылсым әлемге аттандырған,

Тұңғиықта тұншықты тұңғыш сыры.

 

Жасында шетінеген бес баласы,

Алланың да бергендей бар аласы.

Менен үлкен Елеусіз, мен Егеухан,

Ырымдап ат қойған ел ғұламасы.

 

Өткен күндердің қайғысын ұмыттырмасақ та, ата-ананың көңіліне медеу, үмітіне демеу, зарығып көрген Елеусіз, Егеуханы едік. Біздің соңымыздан Шаһизанда ұл, Шәкерхан атты қызды болған. Ең кенжесі Шайнұрдан да қызылша шығып, ішке түсіп кететін қауіпті дерттен жас жарымда шетінеген. Өлгенде көрген төрт көбелектің бірі, бірі болғанда бірегейі, «қыз өссе елдің көркі «дегендей жаңадан бой жетіп, елдің көзіне түсіп, ел аузына іліне бастаған қызыққуанышы қызын көріп көңілі өсіп, көркейіп, ел қатарлы еңбек істеп, еңбек болғанда  ол шақта екінің бірінің қолы жете бермейтін сұмында әкімшілікте өзінше жауапты қызмет атқарып, ата-ананың көңілі марқайып, босаған белі бекіп, қаражаттан да қарымды көмегі тиіпәжептәуір әлденіп қалған. Осы қыздың салып кеткен лаңынан өлмесе де өлесі болып, сағы сынып сандалып отырған ата-анаға Дағыс Еркетайұлы спорт бәсекесінен келе салып жетіп келіп есіктен кірер кірместе:

– Сүйінші, Егеухан мен Кәпті көрдім. Увс аймағында Кәп мұғалім бастарына киізі екі қабат моңғолдың киіз үйін беріпті. Жағдайлары жақсы екен, – дейді.

АПАМ КЕЛДІ

– Ал,  қарағым, ал! деп айтып жылап жіберіпті де, ілулі тұрған қызыл түлкінің терісін ұстатып: «А, құдай! – ақсарбас, Ақсарбас! Алдыңғы өлгендерден не көріппін, «өлген арыстаннан тірі тышқан артық» деген ғой. Құдай-ау, жер бетінде болса барып көріп келейін” депті. 

Егеухандар тірі бар екен десіп, ағайындар бірінен-бірі сүйінші сұрап мәре-сәре болысады. Әкем, Кенже ағам, Кіндік атам, Тентек ағам, Ұзын Шәкей, Шәкіми, Сәндібай, Әндібай бәрі сонау соғыс жылдарында сол Увс аймағына екі адам бір түйеге мінгесіп барып, адамдарға жалынып, күзгі шөп, егін жинасып, қысқа отын дайындау сықылды бір айлық жұмыстарды атқарып, ақысына 4-5 пұт астық алып Увс аймағындағы бір үлкен таудан қызыл тұз, бір үлкен таудан қара тұз ақтарылып жатыр, сол тұздан бір жарым қап қазып алып, бәрін түйеге теңдепжүктің үстіне кезек мініп, аяқ лаулап әкелген арпа бидайларын балаларына талғажау тамақ болғызып асыраған. Бәрі Увс аймағының қысы суық, Увс көлінің көлемді аумағынан үнемі бу көтеріліп өлкесін тұман басып, қыс айларында күн көзі көрінбей аяз шөгіп тұратынын жыр қып айтатын. Апам тірі бар дегесін бір көруге асығып: Увсыға барып әлгі қаршадай қызды көзіммен көріп келемін деп келмекші болады.

Әкем мен Кенже ағам, Кәуатамдар Увсының қысы әйгілі ғой, жылы киім көрпе жастық жеткізгенің жөн десіпті. Елтірі ішік жұқа суық болар, қойдың түлеме терісінен ішік апару керек, өңі қалың ғой аяз өтпес. Бастарына тіккен киіз үйдің еден тақтайы бар дейді. Аяқтарының астарына жылы ойыстырған киіз сырмақ, түйенің жүнінен талдырма тартып жасаған екі көрпе, түйенің қабырға жүнінен тоқылған екі жейде, екі пар байпақ, екі пар қолғапты күн ілгері дайындап қояды. Ала жаздай екі сиырды, елу шақты сауынды қой, ешкіні сауып алған құрт ірімшігінен дорба-дорба салып алады. Оған қоса қозықарын сары май, серкешқарын қатықты бәрін-бәрін ыңғайлап, әлі мінуге толық жаттықпаған құнаншаға ер ерттеп екі жағына жүгін теңдеп апам өзі мініп, Алла жол берсін аттанбақ болып дайындалады.

Увс аймағының (Тариалан) Егінді алқапта өскен баданадай ақ бидайдың дәмін-ай, сүт татып тұрады. Жылда егіп піскен кезде шартпен бидай алуға кіре баратын. Баян-Өлгий аймағының Баян-нуур сұмынынан биыл Әбілғажы, Байғажы бастаған оншақты адам 50 түйемен бидай алуға кіре жүреді екен. Апамның өзінің руы шеруші сүйекті бауыры Байғажы бас білмейтін құнаншаны жетелеп жолға шығады.

Кірешілер араға екі қонып Егіндіге де жетті. Ол кірешілер бірінен-бірі бөлінуге болмайды. Әркім өзіне тиесілі астығын өз көзімен көріп, қолымен ұстап, өлшеп қаптап алған жөн болады. Апам өзі көп ешкімге жалынбайтын жастайынан жасайтын шаруасын шамасы келгенше әрекеттеніп тындыратын жан еді. Сол әдетіне басып үйде бұрыннан аңға шықпас аңшылар сайламай қару сайманын дегендей, бес түлік малға қатысты керек жарақты дайындап қоятын. Биыл осы құнаншаны бас білгізуге, мініп- түсіп емін еркін жүруге жүк артуға үйрету үшін күні бұрын жіңішке қайыңнан ұзындығы құлаш жарым, жуандығы ортан қолдай басы аша екі ағашты әкем ерте кесіп алып аршып кептіріп қойған. Сол дайын екі ағашты сырмаққа орап түйеге теңдеп қойған.

Кірешілер бидай алатын жерінде қаламыз деген соң, әлгі итпе ағаштың бірін алып ұзақ жолға жүріске жаттығып, ыңғайға көніп қалған құнаншаның бұйдасын итпе ағаштың ашасына іліп түйенің басын алға қарай ұмтылтып, Увс аймағының орталығына қарай аңырап жатқан даңғыл жолмен маңып берген. Баратын жері әлі де 30 шақырымдай дескен. Түйенің көш аяңымен жүрсе көп жолды ұтады. 20 шақырым жүрген соң Оғызымдағы ауылдан жөн сұрап, сырттан сусын ғана алдырып жұтып, аялдамай суыт жүріспен жүре берген. Қанша қарымды жан кешті болса да, жанды пенде ғой түйенің үстінде 3 күн бойы күн қақтап, жел қағып, еріні кезеріп, өңі күреңітіп өзгеріп, түйенің ырғағына белі кілтілдеп, саны үзіліп қары талып, дене қызуы көтеріліп, шықпа жаным, шықпамен сіресіп әрең-ақ келеді. Сұрай сұрай Меккеге де барған дегендей, жолдағы жол нұсқаушылардың жобалауымен ауылға таяған сайынд денесі босап 5-6 қазақ үйлердің шетіндегі кішкене моңғол киіз үй дегені дәл келіп жақындаса, түйеден домалай салғалы келеді.

Әлдеқалай біреу келіп қалардай аздан бері жолға алаңдап үйден қайта-қайта шығып қарап пайыз таппай сыртта жүргенмін. Жол жақтан кимешек-шылауышты ананы көріп тани кетіп, ауыл-үйге айта салып Кәп екеуміз алдынан тұра жүгірдік. Итпе ағаштан алға ұмтылтып түйеде елпілдеп желе аяңмен келіп қалды.

 

Изектеп бел кілтілдеп, қары талып,

Үміті бар ма, тірі көрем бе анық?

Жолсоқты ыстықтан ба, көліктен бе?

Ананың денесі ысып күйіп жанып.

 

Сұрай-сұрай таяды жорамалы.

Жас толып қарашыққа оралады.

Аңырап сай-сүйекті сырқыратып,

Түйе шөгер шөкпесте домалады.

 

Жұпар иісті жұп-жұмсақ мамасын-ай!

Аңсар көңлім аймалап қанатындай.

Белін шешіп бесікте емізгендей,

Мейір төкті иіскеп, құшып анашым-ай!

  Оғызымнан өтерде жол сұраған соң, Апам қырғы жолмен жетіпті. Түйені шөгерген соң,  Кәп екеуміз түйеден түсіріп алғанша Оғызымдағы 5-6 ауылдың адамдары ішкі жолмен атты-жаяу бірақ шұбырыпты. Бәрі апамды қаумалап амандасып үйге кіргізді. Олардан Әшім қой өңгеріп алған. Кәтелхан, Бәйтіл уәкіл, Дөкең қария, Оспан Көксеген, Бөжен, Есен бәрі үй іштерімен айран, сүт, жаңа сүзілген ақ ірімшіктерін салып ала ұмтылыпты. Ауылдастар Қасым, Сағидолда, Қабдырахман, Әбілқайыр, Шәкерлер апамды апай деп жуық тартса, басқалары да ауыл аймақты түгел сұрасып қалды. Әшім әкелген ақсарбас қой сойылды. Көңілді отырыс болды.

Апам мені Мараға жаяу барды дегенге сенбейтін көрінді. Апам оңаша бола қалғанда,менің ұрысқаныма Кәптің келуі қайтіп сәйкесті, – деп сұрады. Мен өзім түнделетін жалғыз жаяу барғанымды жеті өзен құятын құйғаннан өлдім-талдым дегенде жаяу өткенімді, әзір ажалсыз суға ағып өлмегенімді, бәрін айттым. Бірақ Кәпті жаяу іздеп баруға мәжбүрлеген уытты ащы, өзегімді тілген қанжардай өткір, өн бойымды өртеген қызыл жалындай лепті, жалғыз ауыз сөзді кейін айтамын дедім. Өзімізбен бірге отырған Сағидолда, Қасым, Қабдырахман, Әбілқайыр, Шәкерлер бір-бір қойын сойып апамды қонақ болғызды. Апам: “Бидай артқан кіремен еріп қайтамын. Ағайын ауылдастар мұнда дәм айдап келген екі балаға қамқор болып отыр екенсіздер, Аз ғана қазағым, нағыз қазақтың қонақжайлығын таныттыңыздар, бәріңе көп-көп рахмет! – деп ризашылығын білдірді. Кәп өзі қаршадайынан жүйрік атқа шапқан, атжанды, атсыз отырмайтын жан ғой. Осында келіп жұмыс істеп айлық алған соң жол жорғалап басатын жуан жуас ат сатып алған болатын. Сол атты түйеге ерттеп мініп келген ерімен ерттеп мінгізіп, інгеншеге екі қап ақ бидай, бір қап қызыл тұз артып, қолына жетелетіп апамды риза ғып қайтардық.

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар