/////

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) жалғасы

2596 рет қаралды
фото: Qazaq.TV көрнекі сурет

ЕЛДЕН ХАБАР

 Моңғол көлемінде жыл сайын шілде айының  11-інде Моңғол халық респуликасының тәуелсіздігін алған күні  ел бойынша дәстүрлі мереке. Осы мерекеде спорттың барлық түрінен бәсеке өтіп, одан сыналған үздік спортшылардың бәсекесі Увс аймағында олимпиада өтетін болыпты. Барлық аймақтың спортшылары түгел жиналды. Біз де бардық. Ешкімнің көзіне түспеуге тырысып, ескерусіз бала шағаның арасы, бұрыш сияқты бұлтарыстан қарап сақтанып-ақ тұрғанбыз. Қай жақтан, қалай келе қалғанын білмеймін Дақаң ағай мен Базарқан сап ете түскені: «Өй, қашқындар!» деп қолымыздан ұстай алғанда, сасқанымыздан бұлқына да алмай, бір орнымызда қатып қалыппыз. Олар біздің сасып қалғанымызды біліп, жай күліп амандасты.

 Еркетайұлы Дағыс Баян-өлгий аймағында Моңғолдың ұлттық балуан күресінен қатарынан 6 рет жеңіске жетіп аймақтық күш атасы қаһарман атанған, Баяннұр сұмынының азаматы. Қасындағы Базарқан аймақтық ішкі істер қызметкері. Бүгін о жақ-бұ жақтан келген спортшылар тізімге алынып, балуандар жасанып, киініп шығатын шатырларға бөлініп, тұрақтайтын қонақ үйлерін біліп, демалады екен. Бұл да бір қарбалас шақ қой.  Дағыстың Күлди атты қарындасы екеуміз бір оқығанбыз, Дағыс балуанды «Дағыс аға” дейтінбіз. Ол ағай маған өте бір жанашырлық сезіммен қарап тұрды да, бір бұрылысқа отырдық. Елдің хабарын айтты. Мынадай өлең жолдарымен өрілді:

 Дүрбелең

 Увс бүйір болса да жолға бұрыс,

Ел жақтан емін-еркін жетті сыбыс.

Айырылдық деп ата-анам абайсызда,

Күйзеліп, күңіренген алмай тыныс.

 

Көзден таса қылмайтын ата-анам,

Іңірден мені жоқ деп ұйықтамаған.

Жер ағарып таң бозы білінгенде,

Жан ұшырып жүгірген көлге таман.

 

Ауыл тұсын аңғарлап шалыпты із,

Көлдің беті айнадай жарқырап жүз.

Ұрыстым-ау байыбына бармай бекер,

Намыстылау жан еді болса да қыз.

 

Өкініп өзіне-өзі дөңгеленіп,

Анам киім түгендепті үйге келіп.

Бір де киім ілмепті жатыр бәрі,

Қайтейін қалған екен дала да өліп.

 

Шыдамай өлді-өлді деп салыпты ойбай,

Шынында жағдай емес шыдағандай.

Алды-артын тосатын ардақ әкем,

Бір отырып, бір тұрып депті пай-пай.

 

Жиналыпты ауыл-үй зарлы шуға,

Ұлар-шу ұласыпты ұлан дуға.

Құрбы-құрдас қыздардан жөн сұрайық.

Сабыр-сабыр табылар шыда-шыда, – десіп жиналған халық ата-анамды сабырға шақырысып, шуылдасыпты. Алыстау ауыл-үй адамдары жеткенше бірінен-бірі: «Ұйбай-ау, әлгі сұмында тәп-тәуір жұмыста тұрған қызы кешке үйінен шығып кетіпті, түнімен олай-бұлай барады-ау, деген үйлерден сұрастырып ешбір хабар-ошар болмапты. Бірде-бір қыз-қырқын сыбыс білмепті». Тосын хабар олай да, бұлай да толассыз тарапты. Үлкен көлді жағалай отырған ауыл, жайлау тауға шықпай «Хахнұрғынның» қойыны «Сарыбастау», «Жалпаққарағай», «Сулықарағай», «Усты Арасан» сияқты жақын жайлауларды жайлап отырған бір қауым ауыл адамдары да сымсыз телефонмен елден бе, елең еткізген желден бе, әйтеу, ести сала ата-анама келіп: «Бұл қалай болды? Неде болса қыз бала ғой, сөйлесіп жүрген жігіт-желең бар ма еді? Қиналмай тосқауылдайық, егер ата-енең жоралғысы деп алып қашып кетсе аяққа жығылып келіп қалар» десе де, ештеңенің байыбына бармай дүрліге бастапты. Ертеңінде бие байлайтын уақта Марадан кісі келіпті: «Әлгі Мұқамәдидің сұмындағы хатшы қызы кеше жаяу таңертең Мараға барып, Кәпті тауып алып жоқ болып кетті» депті. Бұл қайда кетті деп таңырқап отырған халыққа төбеден жай түскендей, халық біткенді селт еткізген тосын хабар болыпты. Кеше кешке сам жабыла екі атты алып, екі қашқынды жаяу тастаған үш жігіт таң атқанша ентігіп, таң ата екі жаяу жасырынған дараға аттанған. Құрыштай құрсанған үш топ ауыл қуғыншылары тұмсықтары тасқа тиіп құр алақан келген. 2-бақтың бастығынан сұмын атқару әкімшілігіне қашқынды іздейтін ат-көлік, қарулы күш келтірсін деген жіті-жіті хабарландыру келіп жатты.

ҚАРУЛЫ ҚУҒЫН

 Сұмын атқару әкімшілігі жауаптыларын түгел жинап, жедел кеңес өткізіп, 7-8 бригада шығарып қашқынды шұғыл іздестіру жұмысын ұйымдастырыпты. Ол кезде қит еткенге міне шабатын машинаның дамымаған кезі-тін. Әрбір сұмында жеке мініске арналған жүзден төмен емес ат ұстайтын.

 Бұл өңкей мініс атты бағатын. Ол кісі жылқы десе жанын салып жүз атты бір аттай баптап уағында суарып, ащылатып, соны өріске өрістетіп, қажетті жұмысқа мініп келген атты суытып бабымен семіртетін. Сол жылқының бірін де қалтырмай айдап келсін деді деп сұмынның алыпкел, шауып келіне шабатын «шаш ал десе, бас алатын» екпіні елді қозғайтын, жүрісі жерді қозғайтын Соматайұлы Сарқыт атты көмекші тепеңдеп, тепсініп келіп әкеме айбар шегіп алқынып, асқынып айтып кетті. «Тесенің басын бассаң, сабы басыңа тиеді» дегендей бұл зілді бұйрық әкеме «жығылғанға жұдырықтай» әсер етіп, елге қарай алмай тұрған бетін одан әрі көлегейлеп әкетіпті. Ат көлік дайын депті сұмын атқару әкімшілігінің бастығы Керейбайұлы Жанат, сабырлы салиқалы адам еді. Өзі жәнтекейден тараған Базарқұл сүйекті Кәу атаммен шамалас, маған туған ағамнан кем емес,үнемі қамқорлық жасап жүретін. Өзі де япырым-ай, не жағдай болды екен деп қатты қамығыпты. Сонымен 100 атты айдатып әкеліп аттың өң-өңімен бір-бір бригада болып шығыңдар. Ат-көліксіз жаяу адамдар олардың қасынан бірінен соң бірі өтсе де, әлгі бір ғана адам деп ойлар. Жастар жағы өзінің жолдас-сырластарынан бір-бір адам ертіңдер.  Ол тау дараға жекелеу шығып көбірек айналсоқтасын. Өте сақ болыңдар табылар болса жәбір-жапа шектірмей алдамалап алып келіңдер, шарасын заңмен жүктейді ғой деп ертерек ерекше тапсырыпты. 100 жылқыны иіріп қойып торысын бір жеке, қарасын бір жеке, құласын, жирен-шабдарын, ақ-көгін жеке-жеке ұстапты. Ұстағанда торыдан 20 ат шығыпты. Оншақты қара, бес-алты құла, он онбес ақ-көк, жирен-шабдар ала дегендей. Азаматтар ықшам киім киіп, өзінің ұстаған аттарын ерттеп мініп, жауға аттанардай жұтынып шыға келген. Кейбір әпербақандары мылтығын асынып алыпты. Бұған қарапайым ата-аналар жағасын ұстап жанынан түңіліп, астапыралла, қарақтарым-ау, кешегі қолдағы ұл мен қыз еді ғой, не болды? Мұнша қару асынып, қас жауыңды жеңердей бұл қайткендерің? Егер кезіксе атасыңдар ма, депті. Сайланған сайлауыттар Мараға 5-6 топ, «Нөрелік», «Жаматыға» екі топ аттанды. Әр топта 7-8 адамнан, сен тұр мен ұрайын дейтін жұдырығы шоқпардай, шапшаңдығы көз ілеспес, өңкей ығай-сығай жырындылар. Қара қорым жер қайысқан қуғыншы, «қашқынды» іздеуші, осылай дүбірінен жер ойылардай, екпінінен тау жарылардай жауынгерлер жанығып кетіп барады.

Жан бөлек. Ата-анамның, аға-бауырларымның шыбын жаны шырқырап «тірі тауып, екі қолын артына қайырып, байлап жаяу айдап келе ме? Әлде, жазатайым жаны шығып кетіп, өлігін артып әкеле ме?» дегенде зәре жоқ. Аттанған топтың артынан қарасы үзілгенше қарап тұрды. Кім біледі… «Қайсысы қай жерден тұмсығы тасқа тиіп, тауы шағылып, «жау кеткен соң қылышын жерге шауып» шамырқанып қайтар екен.

Маусым айының 29-ында мен Мараға жетіп жай жатқан елді әбігерге салған күн. Марада кешкі апақ-сапақта «Жолжұрттағы» Машақ құданың үйінде: Егеухан неге кешікті деп үйден бір шығып, бір кіріп тағатсызданып отырған Кәуатам (Қабынор) ағамыз да сұр биені және Кәптің торы құнанын ерімен ерлікпен екеуін де ерттеп алғанына елеуіреп үш жігіт алып келіпті. “Кәуата,  міне қарындасыңызға мінгізген атыңыз, мынау уақытша күйеу балаңыздың аты әдейі сізге, сіздің қайын ағаңыз бақ бастығына тапсыруға әкелдік. Біз ол жаяу қашқындарды ұстауға Марадағы азаматтар бірігіп, таң біліне, аттанып ұстап әкелмекпіз. Бақ бастығы сіз не айтасыз? Құдашаңызды ұстауға барасыз ба? Егер барсаңыздар таң атпай, біздің ауылға барыңыздар. Өздеріңіз ат-көліктеріңізге, қапты құрт-қарынды майларыңызға ие болыңыздар деп бақ бастығынан шешім күтпей бақ бастығы ширығып, ыза кернеген кейпіне сүйінсе де, өзі білермендік көрсетіп тұрғанына намыстанды да «қашқынды» ұстауға ұмтылған қылығын құптап: «Жарайсыңдар, жігіттер! Екеуін ұстап, байлап алып, ауылдың ортасындағы 2 бақтың бастығының конторы ана тігулі үйге әкеліңіздер. Сол жерде бір көресісін көрсетіп алып, сұмынға екеуін тіркеп жаяу айдап апарамыз» депті.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар