/////

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) (жалғасы)

3270 рет қаралды
фото: Алаш анасы (көрнекі сурет)

КӘУАТАМ

 Кәуатам ешкімге тіс жармай, ызадан жарылардай түтігіп, түнде көз ілмей аунақшып жатыптаң таяды-ау дегенде тұрып ерттеулі сұр биеге мініп, Нөреліктегі өзінің үйіне бірақ тартыпты. Мара мен Нөреліктің жолы да жаттық жол емес. Жолда Уланасх, Харасх,  Төмөрті өзендерінен өтіп, бір бөктерден қиялап, бір мойнақтан құлдилап, бір жотаны айналып, қабақтан атын қарғытып қорым тастың арасындағы қилы-қысталаң жолмен Нөрелікке қарай өрлеп жетеді. Түс қия үйіне зорға жетіп үйдегілер алдынан жүгіріп шыққанда: «Әлгі қыз қашып кетіпті», – депті де, сіресіп келген аттан әрең түсіп белі шойырылып, қайта тұра алмай жатып қалыпты.

Бұл шақта таң ата атақты дараға аттанған топтар Оролгыдан қашқынды таба алмайалқымына ашуы тығылып, ызадан булығып қозы ағытатын уақытта-ақ салдары суға кетіп шұбырып Марадағы бақ бастығының кеңсесіне әлдеқашан келіп қойғанды.

 ШЕШЕМ

 Менің әкем Мұқамәди, Қабнұрдың әкесі Баймәди екеуі Жолаушыұлы Мүліктің ұлдары. Баймәди жасы кіші болса да шаңырақта отырған соң жеңгесі менің анам қайнысын құрметтеп «Кенже аға» дейтін. Біздің үйдегі өлгеннен қалған төртеуміз де «Кенже  аға» дейтінбіз. Біздің салтымызда бір жас үлкен ағаға ат қоямыз, Кәуатам Кенже ағамның тұңғышы. «Шешем» кенжеағамыздың әйелі. Шешем мына жағдайды естіген соң қасына менен бірер жас кіші Мүтәлібін құнанына мінгізіп, өзі жолдан шаршап келген сұр биеге мініп, Байнұр көлінің жағасындағы біздің үйге бет алыпты. Шешем қиялау, қысталаң жерлерде, еңісте атпен жүруге қорқады. Атын жетелетіп өзі жаяулап жүріп, таудан күн барда түсіп алыпты, әлдеқашан ел орынға отырғанда жаттық жол сайдың жолымен айналып біздің үйге жетіпті. Түннің қараңғысына қарамай, анам «қарағымнан айырылдым» деп дауыс шығарып көрісіп, мұң-зарын төгіп-төгіп алыпты. Елеңдеп отырған ауыл адамдары көрісті естіп тұра жүгіріп шешем апама келіп мән-жайды біліп қайтқан апам: «Сұмынның бүкіл халқы тікесінен тік тұрып іздеп кетті. Егер табылса екі қолын байлапсүйреп әкеледі ғой. Қаңырығы түтеп келгенде жалынып таңдайын бір жібітейік» деп екеуі ерте тұрып шай қайнатып, құйып алып, үміт дүниесі ғой, бір дорбаға құрт салып алып жолды тосыпты.

Менің әкем анда-санда бір нәрсені бір кездейсоқ болжап айтқанда айнымай келуші еді. Біздің қолға түспей ұзап кеткенімізді біліп отыр ма кім білсін. Апам, шешемдерге несіне әуре боласыңдар деген ғой. Алдымдағы екі жас үлкен ағам (Екей аға деуші едік) Елеусіз Егеухан жоқ дегенді естіп түнімен ұйықтай алмай, сол күйі тауға жалғыз шығып кеткен күйі жоқ. Тау дараға барғандар қопармаған қорым, аунатпаған тас, арасын ашпаған үйдей-үйдей қараған тал қалтырмай, ине іздегендей-ақ тінтіп алдыңғыларша арпалысыпты. Кейбір із кесушілер жақын-жуық немерелес ағайындардың түнде көгендегі қозының арасына, шөгерген түйенің жанында түнеп тың-тыңдапты. Күндіз қой жайған қойшы тамақ апара ма деп аңдып, қозы қайырған, жарға ойнаған балалардан жүк артындағы ағаңдар тұрды ма деп тәтті беріп алдап та, қорқытып та сұрап көрген. Екі тәулік іздеп таппаған соң, лауазымы жоғарылау топ басқаларға сендер іздеп тауып келіңдер, біз қайтайық жұмыс тоқтап қалды деп қайтқан.

Жол тосқан апам-шешемдерге түрлері өрт сөндіргендей түктері беттеріне шыққан суыт жүрісті адамдары: «Әзір жоқ. Жердің тесігіне түсіп кетсе де, соңғылар тауып әкеледі» депті. Үш тәулік өткенде екінші топ қайтыпты. Баяғы жоқ-жоқ. Күн сайын бір-бір топтан қайтып келіп, ең соңғы топ бір аптада оралыпты. Олар келе жатыр дегенде, енді осылар әкеле жатыр ғой. Сабап қинады ма, тірі әкеле ме әлде өлтіріп аттың артына өлігін бөктере салып әкеле ме, деп апам-шешем сасқалақтап ентіге басып, екілене жүгіріп бара жатқанда апамның аяғын томпақ қағып кетіп ұшып түсіп шайы төгіліп отыра қалып дауыс қып жылапты. Болмаса таңдайын бір жібіте алмадым-ау деп, сөйтсе баяғы жоқ-жоқ. Марадағы үш белсенді қайтсек те табамыз деп ұмтыла-ұмтыла мұз таудың қойнауына түнеп өкпелерінен ызғар өтіп, жазғы зертең қандай қиын, ақыры дәрігерге жетіп емделіпті. Біз табылмаған соң 2-бақтың бастығы Машақ көршілес «Эрдэнэбурэн» сұмыны жаққа Байнұрдан «қашқын» қашты, атып ұста деп хабарлама жазыпты. Алайда оны Жанаттан жасырыпты.  Сұмын атқару әкімшілігінің бастығы Керейбайұлы Жанат әкемді шақырып алып: «Ағай, сіз албаты қайғырмаңыз, жер таза, әйтеу аман кеткен секілді» – депті. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деуші еді ғой, Алла қуат беріп бір жерге жетіп паналаған шығар. Әлі-ақ естиміз, тілегіміз аманшылық болсын!–  деген.

КЕБІН КИГЕН КЕЛМЕС, КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ

Кәптің үш айғыр үйір жылқысы иен қалды. Кәптің жалғыз ағасы Жақыпұлы Күнтуған. Тұлба сұмынынан ары Баян-өлгий аймағымен шекаралас Қобда аймағының шекарасы «Баянэнгэр» деген жерге жер иелену үшін – жаңа бірлестік ұйымдастырасың, ол бірлестіктің аты «Жаңа нұр», елімізді бірлестіктендіру ісі аяқталуы қажет деп, басқа жаққа жіберген. Аймақтық партия комитеті таңдаулы кадрлерді осындай тың іс ұйымдастыруға ұйғаратын. Мұндай жаңа бастаманы бастаудан бас тартатын лажы жоқ. Партия мүшесі, партия саясатының жанашыры, жаршысы. Осы ұйғарыммен жазғытұрым наурыз айы туа көшіп кеткен.

  Ал,  Кәптің өз үйін Баян-өлгий аймағының Алтынцөгц сұмынын мекендеген Құла мойнақтан асып Жалғыз тал аталатын кең жайлауды жайлап отырған кенже қарындасы Зағиланың күйеуі Малшы келіп маусым айының 27-нде Кәптің анасы Көңілқызы Қадыби, әйелі Ақмәдік қызы Кенжебай, Бақытқан атты 11 айлық қызы үшеуін көшіріп әкеткен. Ол кезде Кәп жылқысын, айдап көшпен бірге кететін адам ғой. Бұл үш айғыр үйір жылқыны ана үш жігіттің үлкен ар жаққа, суы ағаш басына шығып  тасыған шағында Қобда өзен суынан өткізіп қуып жібергендіктен Кәп сол жылқыны іздеп кеткен. Жылқыны тауып Мараға айдап келе қалғанда, Егеухан Мұхамәдиқызы сайтандай сап ете түсіп, Кәп екеуі жоқ болып кетті.

Енді Кәптің Тұлбадан жаңадан бөлінген Баян-энгэр сұмыны Жаңанұр бірлестігіндегі жалғыз ағасына, Алтын-цөгц сұмынына көшіп барып Кәптің қарындасы Зағила күйеу баласы Малшының үйнің қасында итарқа тігіп Кәпті жылқы айдап келеді арықарай Баян-энгэрге көшеміз деп екі көзі төрт болып елеңдеп отырған анасы мен әйеліне, қарындасы мен күйеуіне бір барып мына өрескел жағдайды жеткізу керек қой. Оған кім барады? Отқа жақын іс күйеді ағамен қанаттас ағайын болып жүретін. Бұрын да Баян-нуурда бірге болған қарақас сүйекті Сары Қатыранұлы Тоқай: – Мен барып оларға өзім мән-жайды айтып келейін, артынан жылқысын  жеткізіп беремін,– деп сыбанып аттанып кетіпті. Тоқай салт атпен сол жүргеннен мол жүріп түнделетіп барса, жайлауда Нәріш құдасының үйінің қасында Кәптің үйі тез көшеміз деп итарқа ғана тіккен, жүгі шешілмеген, тең-тең болып үюлі тұр екен. Малшы, Зағила отырған құданың үйіне түсіпті. Зағила тұрып шай қайнатқанша Тоқай Малшыға атты таң асырайық, қане жүр ерін алып дұрыстап байлайық деп ымдап далаға ертіп шығады. Жалғыз ұл қашан келеді ар жақтан жылқысын аман тауып, судан өтіп Мараға жетті ме деген қалың ойға батып аунақшып ұйықтамай жатқан ана. Түн ортасындағы аттың жүрген дүрсілін естіп ақырын тұрып қарап, Малшының үйіне біреудің келгенін көріп, бұл неғылған адам. Түнделетіп неге келді? – деп  қауіптеніп жүктің түбіне отыра қалып тың тыңдайды. Кешікпей Малшыны ертіп сыртқа шыққан Тоқайды тани кетті. «Ұйбай-ай! Не дер екен дегенше Тоқай: – Әлгі жынды Кәпті Мұқамәдидің қызы туу Баяннұұрдан Мараға жаяу іздеп келіп, әй-шәйға қаратпай ертіп алып қашып кетіпті. Өлі ме, тірі ме білмейміз. Марадан, сұмыннан неше қабат бригада шығып іздеп таппады дегенде. Ана ғаріп ары қарай тыңдауға шыдамай бар дауысымен «Ойбай, құдай! Ойбай, құдай! Қу жалғыздан айырылдық десеңші. Мен құдайға не жаздым? Ойбай, ойбай!» деп екі бетін қып-қызыл ала ғып, талып құлап бара жатқанда ананы далада сөйлесіп тұрған екі еркек бастабында ойбайдан сасып қалса да жүгіріп барып бас салды. Үйдегі Зағила да бұл сұмдықты естіп о да жылай жүгіреді. Кәптің әйелі де не дейді, – ойбай әлгі «аққаншық» түбіме жетті-ау, әлгі «аққаншық» түбіме жетті-ау ойбай! Бұл недеген қорлық, ойбай! – деп жылай жүгіреді. Жеті қараңғы түнде азан-қазан дауыс шыққанда әсіресе «Аққаншық, аққаншық!» дегенді естігенде олармен үйлері тура тұстас, қатарлас отырған адамдар әлгі біздің «аққаншық» барып бір кесапат жасаған екен деп зәре құттары қалмапты. Өйткені өзі жүйріктің жүйрігі, жүректі, алғыр тазы аққаншығы бар екен. Ол қуса, түлкі, қарсақ, қоянды да құтқармайтын. Бірде қорадағы қойға шапқан қасқырмен айқасып жараланған да кезі болған. Сол ит байқаусызда шешіліп кетіп көшкелі отырған үйдің әйелін талаған-ау, оны мықты байлаған жоқ па едің  десіп үй иелері асып-сасып қатарласа тұрып шала-пұла, апыл-ғұпыл киініп ойбай шыққан жаққа тұра ұмтылысты.

Екеуі қатарласа тұрып жүгіріп жетіп келіп: – Қарағым-ай, аққаншық байлаулы, еді қай уақта босанып кетті, сені талады ма, не болды, – депті. Кәптің әйелі: Ойбай адамның аққаншығын айтамын. Әлгі менің төбетімді жетелеп қарғы тағып артынан ертіп алып кетіпті. Ойбай! Ойбай! – деп тепсініп зар еңірепті. Жеті қараңғы түнде айқай шу, ойбай шыққан соң ауыл адамдары ұйқылы ояу төсектерінен тұра-тұра жүгіріседі. Абдырап-дабдырап келген адамдар мән-жайды анық ұқпай, ұйбай ана үй аққаншығын байламаған ба десе, біреулер көзімен ымдап өзіне шақырып алып: «Әй, ана байғұс әйелді тастап, бұның күйеуін алып қашып кетіпті. Тоқта-тоқта, үндеме» десіпті. Талып түскен Кәптің анасын Малшының үйіне апарып жатқызыпты. Түн ішінде ұйқысынан тұрып келіп түкке түсінбей үрпиісіп тұрған көпшілікке Баяннұұр сұмынынан түн қатып, түсі қашып келген Тоқай ағай өзінің келген жұмысының, мына ойбайдың мән-жайын түсіндіріп әңгімелеп береді. Жиналғандар елу шақырым жерден жаяу іздеп келіп, қыз үйлі-баранды жігітті алып қашып кеткен неткен сұмдық мынау. Күлмеген күлге берсін деген осы ғой, үйлі-баранды адам қыз алып қашты ма? Әлде жылқы айдап кеткелі тұрған жігітті әй-шәйға қаратпай қыз алып қашты ма? Не қылса да ит ұсасын кәпірлерге десіп жағаларын ұстады. Таң атып ауылдың тайлы тұяғы қалмай жиналды. Көпті көрген Малшының анасы құдағи Зейнеп талып жатқан анаға дәрі иіскетіп Бектіұлы Мұса құда бар бәрі ана есін жиған соң: «Тұр құдағи тұр! «Кебін киген келмес, кебенек киген келеді» деген бар, балаң тірі кетті. Жаман ырым бастама, түбінде балаң тірі болсын, әлі-ақ келеді. Тұр,тұр десіп тұрғызыпты». Тоқай Тұлбадан арғы Баян-энгэрдегі ағасына хат жолдап кейінірек жылқыны жиып теріп жеткіземін, мән-жайды толық түсінісіп өздеріңіз де, Кәп туралы сұраулас боларсыз. Мені бүгін келмеді демеңіз болған жайды толық тәптіштеп жаздым ғой. Сау болыңыз деп хат жіберіп қайтып келді”, – деп сөзін бітірді Дақаң ағай.

(жалғасы бар) 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі