///

Егеухан Мұқамәдиқызы. Кінәлі қыз (роман-эссе) соңы

2508 рет қаралды
фото: Kerey.kz
СҮЙЕКТЕН ӨТКЕН СҮРКЕЙ СӨЗ

 Тергеуші Көкен:

– Сіздердің әңгімелеріңізге қарағанда біріңізді-біріңіз жек көрмейтін де сияқтысыздар. Айтарлықтай араластарыңыз да, “қосылайық” деген келісім шарттарыңыз да білінбейді. Сонда «қашқын» атанып, халықты қан қақсатып, туыстарыңды зар илетіп қашып кетуге қандай жағдай душар етті? – деді.

фото: Тіршілік тынысы

Кәп маған қарады, мен ештеңе айта алмай қипақтадым.

Қалидолда, Көкендер қосарлана:

– Бәрібір біз заң орынының адамдарымыз, қандай жағдай болса да білуіміз қажет. Сіздер қандай құпия болса да айтуға тиіссіздер, тартынбаңыз, – десті.

Негізгі сыр түйіні осында. Сұрақ-жауаптың шырқау шегіне келіп, шетін шерге шектеу қоймай естіп түсінісейік,– деді.

Мен:

– Я, біз бұл жолда аз сұралып, аз тексерілгеміз жоқ.

Сұмындық жастар ұйымы:

– Осындай Жастар комитетінің екі мүшесі жастардың моральдық тәрбиесіне жат қылықтармен айналысып жүр. Олардың ісің тексеріп нақты шара қолдануға рұқсат етіңіздер, – деп Аймақтық жастар комитетіне тілек хат жазыпты. Бұл хатпен танысқан соң Аймақтық жастар комитеті бұл бұны жан-жақты толық тексеріп, мұндай жөнсіздікке мұкият шара қолдануды тапсырыпты.

Біз әжептәуір тексерілдік ешбір дәлелді жат қылық жоқ, алып қашпа сөз, дәйексіз өсек, өзімшіл қызғаныш екеніне көз жеткізіп, істі жапқан. Былайша айтқанда біз сүттен ақ, судан таза болып шыға келгенбіз. Бұған күйінгердер де, күмәнданғандар да болды.

Әсіресе өзі көшкелі отырғанда арыз беруші Кәптің әйелі Кенжебайдың «Түртсайтан» қайраушылары:

– Ақегеу алмастай жарқылдап жарып, шыға келді. Сен баяғы жалақор, өсекші, өтірікші, оған да, бұған да сыпсыңдаған сыпсықай әйел атандың да қалдың,– депті.

Қанша әрекеттенсе де егескен қаршадай қыздан ешбір кек қайтара алмай кететініне жаны күйіп, үш жігіт Қобда өзенінің ар жағына қуып өткізіп жіберген жылқыны іздеп кеткен «ынжық» байын да тілдеп бітті.

Қасындағы енесіне келінінің қабағы ашылмай, жоқтан өзгеге ашу шақырып, емшектегі он айлық қызды да, жөнді-жөнсіз жыласа тілдеп, жұлқылайтынының мәнін түсініп отырған енесі:

– Ол сайқал қыз шынымен ақ болып шығып па, жұмыстан да қуылмап па? Паһ! Ешкімді бет қаратпаған қызды мен ел бетіне қарай алмайтындай жерге тығайын, – деп маусымның 26-ында шұлауышын қолына ала салып, біздің үйге қарай ұмтылады. Түрі тірі жан бет әлпетіне қарай алатын емес, түтігіп кеткен. Біздің ауылға таяғанда қанша ашуланып тепсінсе де ет жүректі пенде ғой. Менің анамның да адуын адам екенін біледі, беттей алмай тайқып, жанымыздағы үйге кіріп кеткен ғой. Ол үйдің әйелі сіңілісі болып келетін сүйектес адам екен. Қапелімде түрінен шошып қалып:

– Апай, амансыз ба ? Не болды-не болды? – депті сасқалақтап, әйел:

– Апай-сапайды қой, Мұқамәдидің арсыз қызын шақырып берші, тура ит терісін басына қаптайын, қорлығы өтті,– деп отыра қалып, тістеніпті.

– Ой, апай, шақырып алып ұрсасыз ба? Не істеді сонша?

– Шақыр деген соң шақыр,– деп шаңқылдапты. Ол мені амалсыз шақырыпты.

– Сені біреу шақырып отыр, – деді. Ойымда ештеңе жоқ баяғыдай алып-ұшып кіріп бардым.

Алдымда алапат ашулы, ашынған шұлауышы қолында, кимешекшең домалақ басы кегжең-кегжең еткен кәртең әйел ұшып тұрып, небір ауызға ала алмайтын лағнет сөздерді айтып жатыр, айтып жатыр, асты-үстімді жездей қақтап.

– Қызсың ба? Қиясың ба? Арсыз, ербиген албасты, менің жалғыз ұлымнан аулақ жүр. Салттан бай тауып ал (күйлеген қаншық).

Япырым-ай, мұнша ауыр сөздерді қайтіп жаттайды, – екен деп, адамға қарсы сөз айтып жаттықпаған басым үндемей, денем дірілдеп тыңдап тұр едім. Бір заматта әлгі қаһарына мінген қатын үндемегеніме қаны қайнады ма, қасыма тепсініп келіп:

– Әй ақ каншық! Кәпке тие алмайсың, әкең Мұқамәдиге қатын бол!–деді.

«Кісі өлмейді ұяттан, сағы сынар» дегендей әйтеу өлгем жоқ, жүрегім тас төбеме шыққандай болды. Жүз жерден ұяңдық сақтасам да енді үндемеуге арым шыдамады:

– Өлсем өлдім, егер өлмей жер бетінде тірі жүрсем, Кәпке тиемін, – дедім де жыламастан, есіктен шыға жөнелдім.

фото: ernur.kz

Көлге қарай зытып барамын-зытып барамын, біреу қуып келе жаткандай. Көлдің аласұрып толқып жаткан толқынына аз уақыт қарап отырдым да, ұшып тұрып үйге келдім. Ештеңе өзгерген жоқ, апам ештеңеден хабарсыз екен. Кеш болды. Басым ауырып ертерек жатып калдым. Ертеңінде егес-қысастың ұясы болған Кәптің үйі көшіп кетті.

Менің жүрегімдегі оның қарашадай қызын аяушылық өшіп кетті. Кешегі ашулы апамен көшіп кеткен қыздың шешесінің қызына менің не айтқанымды түгел айтып бар, айтпасаң мойныңа қарыз,– деген екен ауылдасқа.

Ауылдас әйел амалсыздан маусымның 28-інде қорқа-қорқа қорғалай отырып, апама ащы сөзден басқасын түгел айтыпты. Сонша ауыр сөздерді қайтіп көтерді? – деп маған жаны ашығанын да жасырмапты. Жалғыз жайсыз сөзді ғана жасырыпты. Апам, әсіресе, ол әйелдің өзімен айқасып сөз есесін қайтара алмағанына ыза болса, екінші жағынан менің сонша ауыр ащы сөз естігеніме әке атына тіл тигізгендігіме, жаман сөз естірткеніме шыдай алмай күн батып, қараңғылық үйіріліп, біреудің дауысын біреу естімейтін ел орынға отырғанда:

– Өмірі қыз деп атамаған, Егеухан, не істедің, не істедің, ата-анаға не естірттің?».  Сені өлтіремін деп маған тап берді. Мен сып етіп қолтығының астынан далаға сытылып шықтым. Ауыл үйдің адамдары естімесін дегендей әлгіндей емес бәсендеу дауыспен есіктен қарап жұдырығын түйіп:

– Әй қайда барасың? Көкке шықсаң аяғыңнан тартып, жерге кірсең шашыңнан тартып алып өлтіремін, мен ел құсап тілдей алмаймын – деді, мен сол кеткеннен мол кеттім.

КӘПТІ ҰСТАП ӘКЕТТІ

 Заңнын адамдары таңертең тұра сап, жүреміз, жиналыңдар, Кәп жұмысыңды, мына үйіңді тапсыр! Енді кешігуге болмайды, заң қиын. Ертерек аттанамыз –деді. Кәп:

–Біздің не қылмысымыз бар, ашып айтшы – деді. Көкен:

– Сен директор болған мектебіңнің жатаққа тұратын малшылардың баласынан азықтық мал алатын ақшаны алып кеткенсің. Және жұмысты тастап қашуың да қылмыс. Қайткенмен жүресің. Қолымызда ұстап әкелуге заңның жоғары орнының қағазы бар, міне деп қылмыстыны ұстайтын мөрі бар, арнаулы бір парақ қағазды көрсетті.

Кәп барып Шағдарға заң орнынан кісі келіп әкеткелі жатқанын айтып, жұмыс орнына хабарласып жүруге дайын болды. Кәп маған: «сен барма ауылдас, ағайындар бар, мен келгенше ептеп отыра бер. Екеуіміз бірдей барсақ анау әйтті, мынау сүйттімен екеуімізді де қамауы мүмкін. Әзір саған жабылған жала жоқ қой. Мен бармаймын де. Мен Баян-өлгей аймағына барған соң Шағдар Ожылдайлардан хабар алып тұрасың, – деді.

– Қылмысты адам барсын, мен бармаймын –деп қиқарлана қалдым.

Олар сені жалғыз тастамаймыз, алып кетеміз деп қарысты. Бірақ мені ұста деген жеке қағаз жоқ екен, күшпен әкете алмады. Кәп мені жалғыз қалдыруға қимай машинаны бірнеше айналып жүрді, жылы ішігін кигіздім, машинаға әрең отырып машина жүріп кетті.

ЕНЕМ КЕЛДІ

 Кәптер аттанып кеткен соң, ауылдас әйелдер түгел жиналып келіп «Тоқым қағар» шай іштік. Үйдің іші бір түрлі алаң ашық болып, ызғар соғып тұрғандай, денем тоңазып отыра алмай, далаға шықтым. Өзімнен өзім қоңылтақсып, біртүрлі алағызып жан-жаққа қарадым. Анадай жерде біреу қолында кішкене ғана дорбасы бар жіти басып ұшып келеді. Киімінен тани кеттім. Қайта айналып жүгіріп келіп ауылдастарға:

– Үйбай-ай, енем келе жатыр –дедім сасқанымды жасыра алмай. Сағидолда атайдың бәйбішесі менің ерекше қамқоршым, ақылшым Жамал апай:

– Ой, Алла-ай, «қырсыққанда қымыран іриді» демекші тап баласын заң орнынан кісі келіп алып кеткен күні келгенін қарашы. Көрмегелі көп уақыт болып өлі мен тірінің арасында айырылып, тірі деген соң сағынып, сарғайып көрем, деп келгенде қиын болғаны-ай, – десті.

Әне-міне дегенше ана ұмтыла басып келіп қойды. Мен әй-шай жоқ бас салдым. Ол да бауырына басып жылап жатыр, жылап жатыр. Ауылдастар жиналды. Барлығы енемізге емірене амандасты. Әлден соң төр алдына отырған енеміз:

 – Кәп қайда?-деді.

– Кәпті Баян-Өлгей аймағынан заң орнынан кісі келіп алып кетті, – дедім.

– Жырғатқан екенсің, бәсе бастабында-ақ біліп едім. Жаяу қаңғырып қашқанда бір нәрсеге ұрынбай қайдан қойсын … Сені тастап оны әкетердей не қылмысы бар еді? Қашқанда ол жалғыз кіре тонап па? Жолда ат көлік ұрлап мініп пе? Сен неғып одан аман болдың?

– Ондайдан аман еді, мектептің жатақханасында балаларына дайындайтын қысқы етке мал сатып алатын ақшаны жеп кетті деп шағым түсіріпті. Не де болса барған соң анықталар.

–  Е,е, қатынның несі кетеді? Бір басы көріп жатыр ғой, – деді.

Шай ішілді. Ет астым. Ауылдастармен әңгімелесіп емін еркін сөйлесе де іздеп қаңырығы түтеп келгенде, жан дегенде жалғыз ұлын көре алмай көңілі күпті, ойы алаң, өксігін баса алмай отырды да, аз әңгіме бастады.

– Е,е баламның ауылдастары мен не көрмеді дейсің. Сонау 1938 жылы жолдасымды «халық жауы» деп үкімет ұстап кетті. Мен 2 қыз 1 ұлмен қалдым.

Осы Кәп 5 жаста, мен 25 жаста қалдым. Мен не көрмедім. Бұл қаладан оқып мұғалім болып, үйленіп, бір немере қызды бола қалғанда, бізді қаңғыртып тастап,  осы қыз екеуі қашып кетті. Жер бетінде тірі деген соң, көргелі келіп едім, міне мен келгенде, тағы заң ұстап әкетті. Ендігі күніміз не болады, –  деп еңіреп өксігін зорға басты.

Қайткенмен ана үйдің іші тіреліп тұрған соғымның етін, үйдің жылысын тәуір көрді. Ертеңінде Кәп жұмыс істеп жүрген Улаангом 10 жылдық орта мектебінен жағдайды біліп қайтуға кісі келіпті. Апамыздың келгенін көрген соң қайта барып, бір арба ұсақтап жарған ақ жаңқа отын, 1 қанар ұн, 1 қанар күріш, шай, қант, 10 кг сарымай, жеткізіп берді. Кәп кеткелі бір апта өткен соң қазақша білетін оқу бөлімінің бастығы Ожылдайға бардым. Баян-Өлгий аймағының заң орнымен хабарласып сұрап, Баяннуур мектебінен шағым түсірген адам келмей жатыр,– депті. Тағы екі апта өткен соң заң орнынан машинамен алып келуге кісі кетіпті.

 СҮЙІНШІ

 Айдың соңғы жұмасында бар ауылдастар Сақаң атайдың үйінде жиналып, шай ішіп отыр едік,  біреу:

– Егеухан бар ма депті.

Үйден жүгіріп шықсам, оқу бөлімінің бастығы Ожылдай екен:

– Егеухан келін, сүйінші, жер әлемге тоқтатпай алып қашып жүрген жолдасыңыз босапты. Менің Сағидолда досым тез барып сүйінші сұра. Кәпті қылмыссыз деп босатты. Өлгейден УВС–ға баратын бір машинаға отырғызып жібердім деді. Келіп қалар.

Бұл сөзді ести сала әлгі үйге жүгіріп қайта кіріп, бәрінен мен де сүйінші сұрадым. Бәрі де «ал, келін, ал» деп қуанысып қалды. 

ОЙНАҚТАП ЖҮРІП ОТ БАСЫППЫН

 Әлгі қуанышты хабарды естіген соң, үйдің шайын апыл-ғұпыл ішіп, үйге келіп, отты қыздырып жағып, қара қазанды асып, толтырып ет астым. Үйдің іші бір түрлі жылы бола бастады. Ауылдың балалары да көңілді, бәрі асыр салып ойнап жүр. Ол кезде машина санаулы ғана жүреді. Бір заматта Өлгей жақтан машинаның жарығы жарқырап көрінді. Үй тола толып отырған адамдар да елең ете түсті. Машина әп-сәтте жақындап қалғандай сезілді. Ойнап жүрген балалар машинаға қарай тұра жүгірді. Олармен бірге жарысып мен де кеттім. Машина тоқтай қалып, Кәп машинадан қарғып түсіп, балаларды құшақтап, маңдайларынан сүйіп, амандасып, мені кабинаға отырғызып алды. Барлығымыз жетіп келдік. Анасы өлгенде көрген ұлын құшақтап жылап жатыр, жылап жатыр.

Басқалар да:

-Кәне бізде амандасайық та, біздің де баламыз еді, – ғой десіп түгелдей құшақтасып, амандасып жырғап қалды. Дастархан жайып, шайды құйып, етті түсіріп, мәре-сәре болып, өзімнен өзім жырғап жүрмін. Байқасам ауылдас әйелдер, өз енем бәрі маған қарап, мысқылдап мырс-мырс күліп отыр. Сөйтсем, мен тағы ойнақтап жүріп от басыппын. Әйел адам байының алдынан жүгірмейді екен. Жастық пен жамандық бірдей де…

Тамақ желініп, отырғандар Кәптен бәрі:

– Неге шақырыпты, абақтыда ай жатқанда жүдемепсің,– деп сұрады. Кәп өтірік шағым жазған адам менің бақталас үш жолдасымның айтағымен жазыпты. Шағыммен алып келгенде терістігін мойындады деді де, мына бірер шумақ өлеңді айтты.

 

Дейсіздер ғой ай болды жүдемепсің

Жас болсам да көп жағдай бастан кештім.

Тағдырымды талқыға салып келдім,

Арасынан шыққандай балға төстің.

 

Тезден өткен түседі теңесуге

Айыпсыз адам депті іс шешімде

Моральдық шығын қосып арызың жаз

Айлығың жол ақыңды төлетуге.

 

Әуре болып қайтем жазып арыз,

Рухани ұяттан маған қарыз

Ай жаттым абақтыда Аллаға аян,

Ұлағатты өмір жолым ұрпаққа аңыз.

МЕН ЕНЕМЕ ЕРІП АУЫЛҒА АТТАНАТЫН БОЛДЫМ

Мен енеме еріп ауылға аттанатын болдым. Енемнің өзек толы өксігін өлең жолына түсірдім.

Сендерді бір көруге келіп едім

“Кешікпей кел” – деп еді, кенжем менің.

Аға орынында жеңгем сен тиянақ дейд

Қайнымды Кәп өзіңмен тең көремін.

 

Әкең кеткенде ұлы анаң аңырады,

Кенжем жалғыз қалман – деп жанығады.

Орнымнан тұрар менің дәрменім жоқ,

 Қимай қарап қиналды жарым әлгі.

 

Көз алдымда бет-бейне сағым әлі,

Көңілім бүгінгідей сағынады.

Шыр етіп Зағила қыз жерге түскен,

Қалжырап қалым құрып талығады.

 

Көз алдым көлеңкелеп буалдырлап,

Үй құлардай қисаңдап қақты ырғақ.

Қия алмай қайта-қайта жалтақтаған

Әкеңнің қос жанары үміт шырақ

 

Өзектен өшпеген сол үміт шырақ,

Кәп қалып ең бес жаста сен шырқырап.

Үй ырғақтап теңселді құлатпадым,

Шайқалтпай Кәп ие бол, тұр шаңырақ.

 

Жасымнан бастан кештім жалғыздықты,

Жалғызсырап жаныма қайғы бұқты.

Жиырма бес от жалын лапылдаған,

Лауламай өртеп, өшті ұғынықты.

 

Өмір өзен толассыз толқын ағын,

Ырыққа көндіре алмай бұралаңын.

Арпалысып ақ өркеш алапатпен,

Қайрат қашып, қажыдым тұраладым.

Менің де ойым ойран опыр-топыр,

“Мұрын болмаса екі көз бірін шұқыр”

Жалғыз ұлы қаңғыртып тастаған– дейді.

Қайтуға жалғыз дәтім жетпей отыр.

Ананың бұл өксікті ойын түсінген соң, жалғыз қайтармай, мен енеме еріп кетейін дедім. Ол мен жалғыз қаламын, сен де босағасын аттамаған жат ауылға жалғыз барасың. Ол да қиын “шаланың екі басы бірдей ыстық”. Бірақ апамыздың айтып отырған сөзі түбірлі. Бұл анам да аз жылаған жоқ. Енді біз аман болсақ жыламасыншы. Тәуекелің бар жансың, жалғыз жеке жіберуге қимаса да, қинала келісті. Кәп бізді Қобда аймағына баратын машинаға отырғызып жіберді. Мен бұрын қаңғып-қашып жүргенде де, ептеп сау жүргем, Кәп алып берген жасыл мейізден ғана жеп ауылға жеттік.

Ағаның әйелі Сақаң, Малшылардың апайы. Бұлар қарсы құдалар ғой, мен ол апай кіші енемді «Ағатай» атағанмын. Ағатай, жаңа келін, өзі “қашқын” келін келеді деп естіп, күні бұрын дайындалып дастарқанын жайып қойыпты. Машинаның есігін ашып түскенше, «Ағатайым» табақ толы шашуын алып шығып, үстімізге тасырлатып шашып-шашып жіберді. Ауылдастар да құлақтанып отыр екен әп-сәтте шашу талауға бала-шаға, қатын-қалаштар жиналып қалды. Кексе әйелдер өздері де шашу әкеп, шашып жатыр. Үйге кіріп, шай іштік. Аға ақсарбас малын байлап, соятын кісісін сайлап қойыпты.  Әлгі жігіт ақсарбас еркек қойды есіктен зорға сүйреп кіргізіп, қойды екі қолымен қымқыра, ар жағынан денесі мен сүйеп екі қолын жайып, бата жасатуға ертерек шақырып төрге отырғызып қойған сәрік ботағара атақты Мамырқан ақсақалдан бата сұрады: Атай қолын жайып:

Бата десең маған, берейін бата саған:

– Өз құрбыңның алды бол!

 Қора толы малды бол!

Жауыңа дес бермейтін,

Арыстандай жолды бол!

Өсе берсін өркенің,

Шарлай бергін жер шегін.

Жаспен бірге бақ берсін.

Тәңір иіп нақ берсін.

Қайырыңды ел көріп,

Жомарт деген ат берсін”

Ел таңқалған келінің,

Үйге ырыс ап келсін!

Әмин десіп бәрі бет сипады. Мал сойылды. Мен де келіндік сыпайылық танытып мал сойылған үйге барып, ішек-қарын аршыса жүріп, сойылған қойдың тоқ ішегінен, жұқа бауырдан оттың қызыл шоғына қақтап жедім. Малдың тез сойылып бітіп, еттің ерте асылуын қадағалап келіп-кетіп жүрген аға менің әр түрінен отқа қақтап жеп отырғанымды байқапты.

– Құдай берді, құдай берді, Егеухан қойдың ішек-бауырын қоймай отқа пісіріп жеп, қойды,– деп қуанышын жеткізіпті. Аға бағана біз келе, ат жететін маңайдағы ауылдың адамдарын келін келді, тілеуге келсін,– деп шақыру жіберіпті. Той дегенде демей ме домалайды қу бастар “,– дейтін. Бұл тойдың жөні бөлек! өйткені, біреудің балалы қатынын үйге тастатып алып қашып кеткен атақты “қашқын” келін ғой. Бұл келген жұрт: – келін келді, той,– дегенді ести сала “қашқын” келінді көруге ауыл адамдарының барлығы тайлы-таяғы қалмай түгел жиналыпты. Ауылдың үлкендеу бәйбішелері бәрі шашу шашып, жақынырақ көрейін,– дегендей түгел маңдайымнан иіскеп, сүйіп- «Бақытты бол, қызым. Бұл біздің өзіміздің Ботакеңнің қызы ғой»,– десті. Бұл тойға “қашқын” келінді көруге келуші де артық, келгендердің тесіле-тесіле қарауы да артық болды.

АЩЫСӨЗ АРМАНҒА ЖЕТКІЗДІ

 Тойға келген қауым той қызығын қыздырып кезек- кезек ән салып, әркім сөйлер сөз алып арқа-жарқа отырыс болды,– дегенмен бір әжей өзіне сөз кезегі келгенде әңгіменің ауанын көкейіндегі сырлы-жырлы сұраққа тура бұрды.

Әжей:

– Қарағым, Егеухан, өзіміздің Түйебаласының қызы екенсің, шыққан ауылымызды білеміз. Төркінің торыайғырдың үйіріндей топты ауыл. Елге берген сауынын жимайтын атаның, “Көпес атаң” атанған бір атаң мәңгі текті атаның ұрпағысың” деп толғанды. Осы сендер салып бүлік, жер әлемді дүрліктіріп неге ғана қашып-пысып, халықты сарсаңға салып сандалттыңдар. Ата-ана аға бауырды қапы ғып қаңғырттыңдар, осының мәнісін айтшы,– деп сұрақты тіке қойды. Тойшылар да не дер екен дегендей маған қарай қалды.

 – Я бұған мен қыз болып жаратылғаным үшін кінәлі шығармын. Орыстың бір азаматы айтқандай бұл оқиға Кәп екеуміздің арамызда лаулап өртеніп, жанып, сөніп қалуға таянғанда осы анамыз өзі ащы сөзімен шоқты көсеп-көсеп, талай шиеленісіп шегіне шығуға таяса да, ар-намысымызды таза сақтап қалуға бекінген шақта шатақты осы анамыз өзі бастады, арманға жеткізген “ащы” сөзін өзі айтсын,– дедім. Жиналған жұрт енді, енемізге қарай қалды. Ол кісі де бұлтара алмады.

Сөзін бастады:

– Біз осылай көшкелі отыр едік, қолымыздағы келін: – ертең көшеміз ғой, сіз барып, ана қызды ел бетіне қарай алмайтындай, ащы-ащы сөздер айтып кегімді алып беріңізші,– деді. Мен бардым да қызды оңаша үйге шақыртып алдым. Айтарымды айтып-айтып тепсіндім. Бұл ештеңе демей тұрған соң қаным қайнап кетті,  елемей тұр ма деп ашуланып:

 Осыдан сен Кәпке тие алмассың. Әкең Мұқамәдиге қатын бол,– дедім. Бұл өңі бұзылып кетті. Жанын қоярға жер таппағандай ентігіп: «Жер бетінде тірі жүрсем Кәпке тиемін, көрерсің әлі»,– деді де шыға жөнелді. Маған керегі мұны күйгізіп, айызым қануы еді. Бірақ кек қайтарамын деп отырып, кекті қоздырып алыппын. Ашумен аямай айтқан ащы сөзім армандарына жеткізді. Ашумен айтқан ащы сөзімді “кешір” деп отырмын, –  деді Анамыз.

– Алла кешсін,– дедім.

(соңы)

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі