////

Орал тұрғындары тағы да алаңға жиналды: Олар вакцина ерікті түрде болсын дейді

3790 рет қаралды
1

Осыдан бұрын cайтымызда хабарлағандай  Орал қаласының тұрғындары, соның ішінде қызмет көрсету саласының қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцинаны мәжбүрлі түрде салуға наразылық көрсетіп, Дина Нүрпеиісова атындағы көшеге шыққан болатын.

6 шілде күні кешкі сағат 18.00-де Орал қаласындағы наразы халық Мәншүк Мәметова алаңына бейбіт шеруге тағы шықты. Бұл туралы хабарлама әлеуметтік желідегі парақшаларда алдын-ала таратылған. Алаңда вакцинаны мәжбүрлеп салдыруға қарсы болғандардың қарасы көп. Қарақұрым халықтың арасына өтудің өзі қиын. Ортада дауыс зорайтқышпен түсіндірме беруде. Жиналғандардың кейбіреуі ашулы, ызаланып сөйлеп, наразылығын білдіріп жатты. Алаңды айнала полиция патрульдері қоршаған. Сонымен қатар, қолдарына бір-бір телефон ұстаған, фото не видео түсірілім жасап жүргендердің саны да жетерлік.

Үрей билеп, ашынған халықтың ортасында вакцина туралы түсіндіру үшін облыс және қала әкімдігінің, ішкі саясат басқармасының, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері, Орал қалалық жұқпалы ауруханасының бас дәрігері және коронавируспен ауырып шыққан, вакцина салдырған қала тұрғындары да келді.

Бірінші сөйлеген зейнеткер қала азаматы жиналғандарды вакцина жасауға үндеп, өзінің де вакцинаны жасатқанын айтса, одан кейін сөйлеген қоғамдық белсенді, кәсіпкер де өз құқығыңды білсең ешкім де мәжбүрлей алмайтынын айтты. Халық арасынан «Бұларды осылай сөйлеу үшін әдейі дайындап алып келген. Егер вакцина көмектеспейтін болса, біз неге вакцина алуымыз қажет? Вакцинация мәжбүрлі емес, ерікті түрде болуы керек» деген наразы көңіл-күйдегі сөздер естілді.

Халық алдына шыққан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, өзін таныстырған соң: «Батыс Қазақстан облысының тұрғындары, сіздердің қазіргі уақытта осы жағдайға қатысты үрей-уайымдарыңызды түсініп отырмыз. Бірақ, мен ресми билік өкілі ретінде ешкім ешкімді мәжбүрлемейтіні туралы айтқым келеді.  Әркімнің таңдауы бар. Әр адамның таңдау еркі бар» деп өз сөзін аяқтады.

Одан кейін сөз алған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Надия Ахметова: «Қазір жағдай өте ауыр. Мен коронавируспен ауырған қала тұрғындарымен тікелей жұмыс жасаймын. Өзім ауырып шықтым, вакцина алдым. Жағдай қиын. Көпшілігіңіз вакцина салдырғыңыз келмейді. Мен сіздерді түсінемін. Біреуіңізді үрей билесе, біреуіңізде күмән мен сенбеушілік бар. Бұл дұрыс сезім, біз ешкімді де талқыға салмаймыз. Бұл әркімнің таңдауы. Бүгінгі таңда ауруханадағы жағдай қиын, ауыр халдегі аурулар көп. Бізге вакцина алған аурулар да түсті, бірақ олар өте жеңіл түрде ауырып, өз аяқтарымен үйлеріне оралды» деп жиналғандардың вакцинаға байланысты күмәнін сейілтуге тырысты.

Өзін Батыс Қазақстан облысының тұрғынымын деп таныстырған, вакцинаға қарсы Светлана есімді азаматша: – «Мен вакцинаны мәжбүрлеп жасатуға қарсымын. Таңдау болуы қажет. Конституцияға сәйкес егер адам вакцина салдыруға келісетін болса, ол өзі ерікті түрде келіп, вакцина салдыруы керек. Егер ол қарсы болса, яғни қарсы. Неге біздің құқығымызды, Конституцияны, заңдарды бұзады? Неге халықты естімейді? Олай болмауы керек. Вакцина әлі тексерілмеген, әлі толық сынақтан өтпеген. Қазір адамдарға сынақ жасауда. Егер сынақ жасайтын болса, осы сынаққа келісім берген адамдарға жасасын. Мен келіспеймін. Өзім сауда саласында қызмет етемін. Дәл қазіргі уақытта бізге әлі бұйрық жібермеді. Қалалық филиалда жұмыс жасаймын, бас кеңсеміз Алматы қаласында. Бас кеңседе барлығына вакцина алу қажеттілігі туралы бұйрық берген. Біз мұнда күн сайын бұйрықты күтіп отырмыз. Әзір келмеді. Менің қалқанша безі ауруыма байланысты медициналық қарсылық бар. Маған вакцинаны сақтықпен жасаймыз дейді дәрігерлер. Дұрысында бұл жағдайда маған вакцина жасамауы керек. Сақтықпен жасау дегенді қалай түсінуге болады? Жарты дозасын сала ма? Қалай жасайды?  Мен вакцинаға сенбеймін» деп сенімнен гөрі күмәні басым ойын жайып салды.

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша елдегі коронавирусқа байланысты жағдай төмендегідей:

дереккөз: www.coronavirus2020.kz

06.07.2021ж. деректер бойынша ҚР өңірлерінде КВИ-ға қарсы вакцинациялау жүргізу туралы ақпарат:

– «Мен мұнда мәжбүрлі вакцинацияға қарсылығымды білдіру үшін келдім. Жиналғандардың ең басты талабы биліктің халықты естуі. Қалаған адам вакцина салдырсын, бірақ мәжбүрлеу болмауы керек. Маған созылмалы ауруларым болғанына қарамастан, дәрігерлер анықтама бермей отыр. Жоқ, саған вакцина алу керек дейді. Бұл қалай болғаны? Яғни, мені мәжбүрлеуде. Мен вакцина алудан бас тартамын, өйткені тымаудан да екпе алып көрмегенмін, таблеткаларды да ішпеуге тырысамын. Менің спортта жетістіктерім бар, кезінде бокстан облыс намысын қорғағанмын. Менің екі түрлі созылмалы ауруым бар. Егер мен вакцина алмасам, онда айына 4-5 рет ақылы түрде ПТР тест тапсыруым керек. Вакцина тегін, ПТР-тест ақылы. Бізде медицина да ақылы. Егер вакцина тегін болса, ПТР-тест те тегін болуы қажет. Егер мен ауру болсам, вакцина алуға қарсы көрсеткіштер болса, неге мен вакцина алуым керек, неге өлуім керек. Мен ауру болсам да, өмір сүргім келеді. Қазір балаларға кірісті. Ал, балалар неге екпе салдыруы керек? Олар ауырып жатқан жоқ қой. Ұжымдық қауіпсіздік дейді, әр адамның ағзасы әртүрлі емес пе? Адамдар бұл жерде тек бір мәселені ғана көтеру үшін жиналып отыр. Біз мәжбүрлі вакцинаға қарсымыз. Вакцинаны алу ерікті түрде жүргізілуі қажет. Адамдарды вакцинаға мәжбүрлемеу керек.  Адамдардың құқығы шектелмеуі керек» – деп өз ойын баяндады Болатжан Жулмухамбетов есімді қала тұрғыны.

Ал, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов вакцина мәселесінде түсіндіру жұмыстары мен уақыттың алар орны бөлек екеніне аса мән берді: – «Халықтың арасында вакцинацияға қатысты әртүрлі әңгімелер бар, әр адамның өз пікірі бар. Пандемия басталғалы әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар вакцинаны қабылдай бастады. Біздің өңірімізде әлі толыққанды түсіне алмай жүрген азаматтар бар. Егер вакцина қабылдамасаңыз ол өз еркіңіз, вакцинаны қабылдасаңыз да өз еркіңіз. Бірақ, егер де сіз халықпен тікелей жұмыс жасайтын болсаңыз, ауруды жеңіл өткеру үшін және айналадағы сізді қоршаған адамдар, жақын-туысыңыз, әріптестеріңіз арасында ауруды індетпеу үшін өзіңе жауапкершілік алу керек. Сондықтан, біз халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Қазірдің өзінде осы жерде қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері арнайы келіп, түсіндіруде. Коронавируспен ауырып, жұқпалы аурулар ауруханасынан шыққан қала тұрғындары да қатысып, өз басынан өткендерін айтуда. Ұжымдарда да ақпараттық насихат, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, жергілікті атқарушы органдардан бөлек, қоғамдық көшбасшылар, белсенділер де өз тарапынан пікірлерін білдіріп, осы жұмыстарға үлесін қосуда. Біз түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береміз. Халық арасында ресми ақпаратқа сенбеушілік бар, жоқ деп айта алмаймын. Пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайда кейбіреудің жұмысына кедергілер, шектеулер болды, кейбіреуінің қызметі тоқтап қалды, сондықтан халық арасында әртүрлі пікірлер қалыптасты. Осыған байланысты іште жинақталып қалған мәселелер бар, яғни, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу керек, осы себептен де кереғар пікірлер туындап отыр. Менің ойымша бұл объективті процесс, ол болатын нәрсе. Былтыр есіңізде болса, вирустың барына сенбеген адамдар болды ғой. Сол сияқты қазір де халық арасында вакцинаға сену не сенбеуін білмей жүрген азаматтар бар. Алайда, уақыт өте келе азаматтар түсінеді деген ойдамын. Уақыт керек деп ойлаймын. Өйткені, вакцина біреу үшін емес, әр азаматтың өзі үшін қажет».

«Біздегі жағдайдың қиын екені ешкімге жасырын емес. Біздің облыс қызыл аймақта екенін бәріміз білеміз. Күн өткен сайын аурулар саны көбеюде. Өкінішке орай, пациенттердің жағдайы ауыр. Барлық клиникалық көреткіштер бойынша біздің өңірде де дельта штаммның барлығы расталды. Көпшілік COVID-19-ға қарсы вакцина жасайсыз, бірақ одан дельта штамм дамиды деп теріс түсініп жатыр. Адамдардың түсінбейтіні өте өкінішті. Бұл вакцина COVID-19 қарсы екпе, алайда вирус бір түрде пайда болып, дамып, мутацияға ұшырап, өзгеруде. Вирустан қорғайтын бір жол ғана бар, ол – вакцина» – деп өз ойын түйіндеді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Надия Ахметова.

Сонымен, вакцинаға қатысты түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде, әлі де жүргізіле бермек. Бірақ, саналы түрде вакцина алуға шешім қабылдағандардың қатары, үрей мен күмәннің арбауындағы азаматтар санынан көбірек болып тұрғанын қалай түсіндіреміз? Біз қай жерде қателестік? Немесе қай тұста кемшілік жібердік? Бұл жұмыстың нәтижесі қайда? Егер түсіндіру жұмыстарын уақтылы, құрылымды және дұрыс жүргізе алсақ, бүгінгі митингте кездесер ме едік? Ал, ел азаматтары көкей тескен сұрақтарына жауап іздеп, көшеге шығуға мәжбүр болмай, керісінше ауруханадағы екпенің кезегінде тұрған болар ма еді?

Альфия Шамай, 

Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар