///

Талғар ауданы: 250 балаға арналған мектепте 1028 оқушы оқиды

3223 рет қаралды

«Орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы – мектептерде орын жетіспеуі. Қазіргі сәтте 225 мың орын тапшы. Шұғыл шараларды қолға алмасақ, 2025 жылға қарай ол миллион орынға жетуі мүмкін. Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін кемінде 800 мектеп салуға тапсырма берген едім. Бүгін 1000 мектепке дейін жеткізу міндетін қоямын». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында осылай деді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, елімізде 7471 мектеп бар. Оның ішінде 2786-сы – шағын жинақты мектеп.

Жалпы оқушы саны – 3,4 млн. Оның 196,6 мыңы шағын мектепте білім алады. Ал осы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдер саны – 367,7 мың.

Ашық дерек көздеріне сүйене отырып, Алматы облысының Талғар ауданындағы білім ошақтарын сараптап көрген едік. Аудан бойынша 53 мектеп бар екен. 2017–2019 жылдар аралығында жаңадан 5 мектеп ашылыпты. Мұның өзі мектеп мәселесін шешуге жеткіліксіз. Жаңа мектептердің өзінде де бала санының мөлшерден көп болуы – осы сөзімізге дәлел. Атап айтсақ:

  • Талғар қаласында орналасқан №36 жалпы білім беретін орта мектеп. 12 мың шаршы метр аумақта орналасқан. 900 орындық мектепте қазір 2021 бала білім алып жатыр.
  • Еламан елді мекеніндегі 300 орынға арналған №41 орта мектеп. Қазір мұнда 746 бала оқиды. Мектептің аумағы – 7088 шаршы метр.
  • Кіші Байсерке ауылында орналасқан №40 мектеп. 5700 шаршы метр аумақты алып жатқан мектеп 300 балаға арналған. Алайда қазір ондағы оқушы саны – 739.
  • Дәулет ауылындағы №11 мектеп. Мектеп 600 орынға арналған, ал бүгінгі күні мұнда 1389 бала білім алуда.
  • Еңбекші елді мекендегі №39 орта мектеп. Аумағы – 7012 шаршы метр. 300 балаға арналған. Ал қазіргі оқушы саны – 518.

Жаңа мектептер салынып жатыр дегенмен, ол жеткіліксіз. Оның үстіне, ескі мектептер де әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Мысалы, бір ғана Талғар ауданында сонау 1931–1936 жылдары салынған 4 мектеп әлі қолданыста екен. Аудандағы ең көне мектеп 90 жылдан бері жұмыс істейді. 1931 жылы 900 орынға арнап салынған №31 мектепте қазір төрт мыңға жуық бала білім алып жатыр.

№1 мектеп 1936 жылы салынған. Бір қабатты мектептің жанынан 1973 жылы екі қабатты қосалқы ғимарат тұрғызылған. 520 орындық мектепте қазір 1614 оқушы білім алып жатыр. Ал №18 мектептің бірінші ғимараты 1936 жылы салыныпты. 60 орындық екінші ғимарат 1975 жылы бой көтерген. Қазір үшінші ғимарат салынуда. Бұл мектепте 370 бала оқиды. Сол сияқты №4 орта мектепте 648 оқушы білім алып жатыр. Бұл білім ордасы 1936 жылы салынған.

Аудан мектептерінің о бастағы сыйымдылығы мен қазіргі оқушы саны сай емес. 300 орындық мектепте 1194 бала білім алып жатқан мектеп бар. Жүктемесі үш есе екенін көруге болады. Ал 2004 жылы 250 балаға деп салынған №26 мектепте қазір 1028 оқушы бар. Талғар Алматының іргесіндегі аудан болғандықтан әрі мұнда сырттан көшіп келіп қоныстанушылар да көп болғандықтан, барлық мектепте бала саны мөлшерден көп. Бұл жағдай бірінші кезекте балалардың білім сапасына әсер ететіні даусыз.

 

 

Әлия Әбілсейітқызы, Алматы облысы, Талғар ауданы

 

Суретте: Талғардағы жаңа мектептің бірі (dalanews сайтынан)

*Мақала “Медианың негізгі машықтары” мектебі аясында жазылды. Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асты. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі