Қазан айының он сегізінші жұлдызында Қазақстан – инженерлік технологиялық Университеті бұрын соңды өзге оқу орындарында болмаған бастама бастады. Яғни «Тәлімгерлер инситутын» ашты. Бұл жоба барысында университетте қызмет етіп жүрген қызметкерлер, оқытушы-профессорлар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен алмасады. Мысалы ашылу салтанатында ас дайындау, спортпен шұғылдану, артық салмақтан арылу, дұрыс тамақтану, студенттердің ата-анасымен онлайн байланысқа шығу сияқты қарапайым да өзекті тақырыптар төңірегіндегі жұмыстар жүргізілді. ҚазИТУ ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова Студенттер үйінде студент қыздарымен бірге тамақ дайындап, ұстаз ретінде ғана емес, екінші аналары ретінде өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, ас дайындаудың қыр-сырын үйретті. Өзге де ұстаздар қауымы тәлімгер болып, жоғарыда аталған жұмыстармен айналысуда.
– Гүлнәр СӘРСЕНБЕКОВА, ҚазИТУ ректоры:
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында: «Басты міндет – жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіру» деп атады. Бұл міндет жастармен тікелей жұмыс істеп отырған жоғары оқу орындарына үлкен жауапкерлішік жүктейді. «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», деген Абай Құнанбайұлы. ҚазИТУ-дың 20 жылдығы аясындағы жаңа жобалардың бірі – Тәлімгерлер институты. Тәлімгерлердің студенттермен алғашқы кездесуі Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің кампусында орналасқан Студенттер үйінде өтуде. ҚазИТУ кампусы таза экологиялық аймақта, Алатау тауының етегінде, Ғылыми-зерттеу институттары шоғырланған Академқалашықта орналасқан. Бүгінгі күні ҚазИТУ өз дамуында кампустық даму моделін күшейтіп келеді. ҚазИТУ сапалы білім алу, жан-жақты тұлға болуда қызмет ететін, әлеуметтенуде үлкен рөлі бар студенттік, кәсіби, спорттық, шығармашылық клубтар мен секциялар жұмысы және ғылыми-инновациялық зерттеулермен ҚазИТУ студенттері қауіпсіз ҚазИТУ қалашығында айналысуға жан-жақты жағдай жасалған.
Өмірлік тәжірибелері мол оқытушы-профессорлардан тұратынТәлімгерлер институты сапалы маман болып қалыптасуда студенттерге «жұмсақ дағдыларды», жалпыадамзаттық құндылықтарға бастайтын ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруді арнайы ашық алаңда өзі өткен өмір формуласы арқылы жеткізуге жол ашады.
«Тәлімгерлер инстутының» ашылғанына, өзіне керегін тапқан студенттердің қуанышында шек жоқ екенін байқадық. Бес-он баладан топтасып өздерінің жанына жақын іспен айналысып жатқан студенттер де өз әсерлерімен бөлісіп, пікір алмасты.
–Аружан МЕЙРАМБАЙ, ҚазИТУ стандарттау және сертификаттау мамандығының 1 курс білімгері:
Бүгін біздің университетімізде үлкен мереке. Себебі 18 қазан “Тәлімгерлер күні” болып бекітілді. Бұйырса осы жоба аясында студенттердің ойында жүрген түрлі армандардың орындалатынына сенімдімін. Мен өзім гимнастикаға жақын қызбын. Гимнастикадан біздің тәлімгеріміз Утегалиева Фазила апай. Фазила апайымыз бізге салауатты өмір салтын ұстануды, жаттығуларды қалай дұрыс жасауды үйретіп жатыр. Жалпы күнде бізге сабақ беріп теория жүзінде сөйлейтін, тіпті кейде қатал боп көрінетін апай-ағайларымыз бүгін өздерінің басқа қырын ашуда. Біз ұстаздарымыздың білім тәжірибесін ғана емес, тәлім-тәрбиесінде алып отырмыз. Ешкімге айта алмайтын сырымызбен де бөлісіп, ақыл кеңестерін алып жатырмыз. “Тәлімгерлер институтының” маңызы сол, ұстаз бен студенттің бір отбасындай бір-біріне жақын болуы. Мен Қазақстан – инженерлік технологиялық Университетін таңдап, осында оқуға түскеніме шын жүректен қуаныштымын.
-Райса ШОҒАНБЕКҚЫЗЫ, ҚазИТУ әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
Ректорымыз Гүлнәр Сәрсенбекова студенттерге қызықты, небір қажетті іс-шараларды ойластырып жүреді. Осы ұйымдастырылып жатқан “Тәлімгерлер институты” деген жобаны да ректорымыз жасап шығарды. Бұған дейін бұндай мерекелі жобаны басқа оқу орындарынан естіген де, көрген де емеспіз. Жалпы алғанда өте керекті жоба. Себебі біздің университетімізге еліміздің түкпір-түкпірінен балалар оқуға келеді. Жат жерде жатсынып, үйренісе алмай қиналатындары бар. Әрине сабақ жағынан қиналса біздер ұстаздар түсіндіріп береміз ғой. Ал рухани азық іздеп, өзінің өмір жолындағы ізін қалыптастырам деп алып-үшатын жастарға көп жағдайда бағыт-бағдар берілмей, қателесіп жатады. Ал бұл Тәлімгерлер интитутының негізгі мақсаты студенттердің бос уақытын пайдалы өткізіп, өздері қалаған іспен шұғылдануға мүмкіндік береді. Бізбен сырласады, ойларымен бөліседі. Болашақтағы жоспарларын айтып, оған жету жолда біздің кішкентай ғана демеуімізді алады. Былайша айтқанда біз оларға тек сабақ өтетін ұстаз ғана емес анасы, әкесі, ағасы, әпкесі ретінде де жақынына айналамыз.
Маған берілген тәлімгерлік бойынша студенттердің ата-анасымен онлайн байланысқа шығып таныстым, балаларының мұндағы істеп жатқан істерімен бөлістім. Алыс облыстардан келген балалардың ата-аналарына, балаларыңызды уайымдамаңыздар, біз осы университеттегі екінші аналарымыз, қандай да бір проблема болып жатса бәрін біз ақылдасып, біліп балаға қолдау көрсетеміз деп ойымызды айттық.
-Меруерт АЙДЫНҚЫЗЫ, ҚазИТУ Жастар саясаты департаментінің маманы:
Бұл жоба аясында 37 секция бойынша тәлімгерлер сайланды. Алдағы уақытта бөлінген тақырыптар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Әрбір тәлімгер өздерінің өмірлік тәжирелерімен бөлісіп, студент өмірінде кездесетін түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі. Осы орайда Тәлімгерлер интитутының жұмысын тұрақты түрде жүргізіп, ай сайын түрлі іс-шаралар ұйымдастырмақпыз. Алғашқы күні бізде ректорымыз Гүлнар Сәрсенбекова«Ас үй» алаңында студенттермен бірге тағам әзірлеп, ас дайындауыдың қыр-сырымен бөлісті. «Жаратылыстану және ғылыми пәндер» кафедрасының профессоры Фазила Утегалиева өз тәжірибесі бойынша салауатты өмір салтын ұстану ережелерімен бөліссе, педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Райса Абдисулейменова «Ата-аналар зонасы» алаңында студенттердің ата-аналарымен видео конференция арқылы байланысқа шықты. Вокал клубының жетекшісі, Өнертану ғылымдарының магистірі, Манарбек Жалимбетов және кітапханашы, кәсіби вокалист Гүлмира Карибаева «Вокал клубы» алаңында вокалдан сабақ берді. Сонымен қатар, Жастар саясаты департаментінің директоры, PHD докторы Қосқанат Көпжасар «Коворкинг орталығында» белгілі танымал тұлғамен кездесу өткізді (әнші, актер, блогер т.б). «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» кафедрасының меңгерушісі, профессор Аманжол Бектемісов «Конференция залында» Робототехника бойынша шеберлік сағатын өткізді.
Мейірім азайып бара жатқан қоғамда, жастардың санасы әртүрлі жағымсыз әрекеттерге бейім боп жатқан заманда оларға дұрыс жол сілтеп, ақылын айту алдыңғы буынның басты парызы. Қазақстан – инженерлік технологиялық Университеті ұйымдастырған “Тәлімгерлер институты” болашақ ұрпақ алдындағы міндеттің алғашқы баспалдағы іспетті. Маман ретінде ғана емес адам ретінде өзгенің перзентіне өз баласындай қамқор болып, ақылын айту ұстаздардың өз мамандығына деген айнымас адалдығы деп білеміз. Елге пайдалы істер мен жастарға ой салатын жобалар көп болсын деп тілейміз! Ал университет ұжымына мықты мамандар даярлауда тек табысты болыңыздар дегіміз келеді.
Парақшамызға жазылыңыз