///

Қазақтың тойы бітпесін: Алғыс айту күніне бюджеттен қанша қаржы бөлінбек?

3459 рет қаралды

Қазақ той тойлаудан жалықпайтын халық қой, дүние төңкеріліп жатса да, қара аспан төбемізден төніп тұрса да, пандемия екі өкпемізден қысып тұрса да тойлай береміз. Қазақтың тойы бітпесін деп қойып, тойлағанымызды мақтан ғып, оңды солды қаржыны шашуды да ұмытпаймыз. Бүгін 1 Наурыз алғыс айту күні. Неге тойламасқа, тойлаймыз. Ал «Алғыс айту» күнінің сіз бен біздің салығымыздан жасақталатын бюджетке қаншалықты салмақ болатынын білесіз бе?

Сонымен біз еліміздің кейбір өңірлері «Алғыс айту» күніне арналған мерекелік шараларды өткізу үшін бюджеттен қанша қаржы бөлуді жоспарлағанын саралап көрдік. Олардың ішінде көзге түскені Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы.

Мемлекеттік сатып алулар порталындағы жоспарлар тізіліміндегі мәліметтерге сүйенсек Шымкент қалалық мәдениет үйі биыл ақпан айында «Іс-шара ұйымдастыру/өткізу бойынша «1 Наурыз-Алғыс айту» күніне арналған іс-шара» қызметін сатып алуды жоспарлаған. Сатып алудың жоспарланған мерзімі – ақпан айы. Жеткізу мерзімі – наурыз айы. Жеткізу орыны – Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Түркістан сарайы. Осы қызметтің 1 бірлігін сатып алу үшін жоспарланған қаржы 15 млн 990 мың 000 теңге. Сатып алу тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен жүргізіледі.

Бүгінге дейін қызметтерді сатып алуға келісімшарт жасалмаған еді. Бүгін 1 наурыз 11сағат 36 минутта Шымкент қалалық мәдениет үйі мемлекеттік сатып алулар порталында  «1 Наурыз-Алғыс айту күніне арналған іс-шара» қызметін сатып алуға келісімшарт жасады. Жеткізуші – «Atabaev «Group» ЖШС. Келісімшарт сомасы – 15 млн 990 мың 000 теңге, сатып алу тәсілі – тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен, бәрі өзгеріссіз. Жоспарланған орындау мерзімі – 2022 жылғы 31 наурызға дейін. Техникалық ерекшеліктеріне  назар аударатын болсақ.

«Баршаңызға мың алғыс» 1 наурыз алғыс айту күніне арналған іс-шарасының техникалық ерекшелігі «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы директорының міндетін уақытша атқарушы Ж.Нұрлыбайдың бекітуімен ұсынылған. Шара «Шымқала» этноауылында 1 наурыз күні, сағ.09.00-де басталады.

Техникалық ерекшеліктерде көрсетілген қызметтер түрі төмендегідей:

  • этноауыл аумағында 3 қарлығаш ұясының декоративі 3 жерге орнатылады;
  • 2 қарлығаш ұясының декоративі кіреберіске орнатылады;
  • қос қарлығаш балапандарымен алаңның ортасына орналастырылады;
  • 3 жерден дыбыс күшейткіш аппаратуралар орнатылады;
  • түрлі ұлт өкілдері құрт пен бауырсақ пісіреді;
  • «Қарлығаш» биі қойылады (ол үшін арнайы костюмдер дайындалады);
  • сахнаның екі жағы бәйшешек гүлдерімен безендіріледі;
  • жолдың екі бетіндегі алаңдарда медицина, төтенше жағдай, әскерилер мен полиция қызметкерлері, құрылысшылар өз қызметтерін көрсетеді, ұстаздар сабақ береді, қариялар жас ұрпаққа өсиет айтады.
  • сахна безендіріледі;
  • би орындалады;
  • құрт пен бауырсақтар 4 атарбаға тиеледі;
  • ерікті жастар түрлі этнос өкілдері мен мәдениет қызметкерлері дайындаған 1 миллион бауырсақ пен 1 миллион құртты арнайы орындарда 6 жеңіл көлік, 2 жүк көлігімен таратады;
  • Шымкент қалалық этно-мәдени бірлестіктері концерттік бағдарлама қояды.

Өткізілетін шараларға келетін болсақ:

  1. «Алғыс қазақ еліне» түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен бауырсақ пісіріліп, таратылады.
  2. «Qazaq Oyin» қазақтың ұлттық ойындарынан (асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі, арқан тартыс және т.б.) сайыстар. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар, ұлттық нақышта жасалған бұйымдар табысталады.
  3. «Kui Battle» келген қонақтар мен түрлі этнос өкілдері арасында қазақтың ұлттық аспабы домбырамен қазақша күй орындаудан сайыс өткізіледі. Жеңімпаздарға қазақтың ұлттық аспабы домбыра табысталады.
  4. «Мен қазақша сөйлеймін» түрлі этнос өкілдері қазақ тіліндегі шығармалар, өлеңдер оқиды.

Қызметтерді жеткізу орыны Түркістан сарайы екені белгілі, ал техникалық шарттарда өткізілетін орын «Шымқала» этноауылы деп көрсетілген. Сонымен 1- наурыз күні этноауылда қандай шаралар өтуде? Бұл сұрақпен мәдениет үйінің әлеуметтік желідегі парақшаларына көз салдық. Instagram әлеуметтік желісіндегі @turkistan_saray атты парақшасында бүгін мерекеге қатысты 2 хабарлама жарияланған. Бірақ «Шымқала» этноаулында мерекеге арналып өткізілетін шара туралы алдын ала хабарландыру болмаған. Яғни, шараның атауы, өткізілетін орыны, күні мен уақыты туралы мәлімет жоқ. Ал, бүгін өтіп жатқаны туралы ақпарат жарияланған. Бірінші  ақпарат 1 миллион құрт пен 1 миллион бауырсақ таратылып жатқаны жайында болса.

 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by 🏛️ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ (@turkistan_saray)

«Алғыс айтып, бауырсақ пен құртымыздан ауыз тиіңіз!
Мереке күніне орай қала көшелері безендірілуімен қатар, «Шымқала» этноауылында көктем белгісі бәйшешек гүлінің, бейбітшілік пен мейірімділік құсы қарлығаштың алып бейнелері жасалып, қала тұрғындарына ерекше көңіл сыйлауда.
Сонымен қатар, қаламыздағы 15 ірі орталық әмбебап дүкені (ЦУМ), Гипер Хаус, Рахима-Плаза мен қалалық саябақтар Арбат, Орталық, Абай, Шәмші аллеясы, әуежай, самал, көмешбұлақ базарлары, темір жол вокзалы, теріскей, студеттік қалашықта 1 миллион құрт, 1 миллион бауырсақ таратылып жатыр».

Екінші хабарламада – SHYMQALADA дүбірлі той деп жар салады

Фото авторы: Серік Қосаев

 
 
 
 
 
View this post on Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by 🏛️ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ (@turkistan_saray)

«Алғыс айту мерекесіне орай керемет іс-шара ұйымдастырылуда
Бұл күнді 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне байланысты «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Сол кезден бастап бұл айтулы күнді тойлап келеміз. Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын атаулы күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын символы.
Бүгін Шымкент Қаласы Мәдениет Басқармасының бастауы, мәдениет мекемелерінің ұйымдастыруымен алғыс айту күніне арнайы мереке өтуде. Нағыз қазағымыздың дәстүрі дәріптеліп, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуде. Мереке құтты болсын».

Осы екі хабарламадан бөлек «1 Наурыз-Алғыс айту» күніне арналған іс-шаралар аясында өткізілетін басқа да мерекелік шаралар жайында ақпарат табылмады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Instagram әлеуметтік желісіндегі @shymkent_culture ресми парақшасын  да қарап шықтық. Алайда, 1 Наурыз-Алғыс айту» күніне арналған іс-шаралар туралы алдын ала жарияланған ақпаратты көрмедік.

Бұл парақшадағы ақпарат та Түркістан сарайы парақшасы жариялаған ақпаратты қайталайды

«SHYMQALADA дүбірлі той
Алғыс айту мерекесіне орай керемет іс-шара ұйымдастырылуда
Бұл күнді 2016 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне байланысты «Алғыс айту күні» деп жариялап, № 173 Жарлыққа қол қойған болатын.
Сол кезден бастап бұл айтулы күнді тойлап келеміз. Көктемнің алғашқы мерекесі болып табылатын атаулы күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтың бір-біріне деген достығы мен ыстық ықыласының жарқын символы.
Бүгін Шымкент Қаласы Мәдениет Басқармасының бастауы, мәдениет мекемелерінің ұйымдастыруымен алғыс айту күніне арнайы мереке өтуде. Нағыз қазағымыздың дәстүрі дәріптеліп, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуде. Мереке құтты болсын».

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ресми сайтындағы баспасөз орталығы былтырдан бері жаңалықтарын өзгертпеген.

Көріп отырғанымыздай, техникалық ерекшеліктер 15 млн 990 мың теңге сомаға алғыс айту мерекесіне орай 1 күнде көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жазылған. Бірақ, техникалық ерекшеліктердің мазмұнында нақты өткізілетін шаралар Шымкент халқының қанша тұрғынын қамтитыны, безендіруден бастап, өткізілетін сайыстарға, концерттерге қанша техникалық қызметкер, мәдениет өнерпаздары тартылатыны, олардың көрсететін қызметіне қанша ақы төленетіні, 1 миллион бауырсақты пісіріп, 1 миллион құртты жасау үшін қанша қаржы жұмсалатыны, сайыстарды өткізуді ұйымдастыруға қанша ресурс пен қаржы жоспарланғаны, сайыс жеңімпаздарын марапаттау, сыйлықтар мен ұлттық нақыштағы бұйымдар, домбыралар қанша дана және олардың әрбіреуін сатып алу үшін қанша қаржы жұмсалады деген сияқты параметрлерді қамтымаған.

Егер 15 900 000 теңге негізді түрде барлық шығынның алдын ала есептелген шығыны көрсетіліп, жұмсауға жоспарланған болса шүбә жоқ, ал өлшеуге болатын өлшемдері көрсетілмеген техникалық шарттар әрине күмән туғызады.

Тағы бір көңіл аударатын жай. «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында Алғыс айту күнін өткізу үшін тағы да 8 млн 542 мың 857 теңге сомаға қызметтер сатып алуға ниетті. Бұл лот әзірге жоспарлар тізілімдемесінде. Тапсырыс беруші – «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы». Қызмет атауы – Іс-шара ұйымдастыру/өткізу бойынша қызметті “1 Наурыз-Алғыс айту” күніне арналған іс-шара. Сатып алудың жоспарланған мерзімі – ақпан айы. Жеткізу мерзімі – наурыз айы. Жеткізу орыны – Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Түркістан сарайы. Сатып алу тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен жүргізіледі. Алайда, келісімшарт әлі жасалмаған.

«Алғыс айту» күні 2016 жылдан бері елімізде 1 наурыз күні ресми мемлекеттік мерекелер тізімінде.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі