////

Әскерге шақырылған сарбаз он күннің ішінде өлім құшты. Кім кінәлі?

4528 рет қаралды
1

Маңғыстау халқы 3 күннен бері 12 сәуір күні әскер қатарына шақырылып, бас-аяғы 10 күннің ішінде жұмбақ жағдайда қаза болған Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының тумасы Қалбай Әлібек Саламатұлының қазасына байланысты дабыл қағуда

Ең бірінші болып бұл жағдай жайында Маңғыстаулық қоғамдық белсенді Бибігүл Рамазанова өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлаған болатын. Редакция Бибігүлдің рұқсатымен парақшада жарияланған ақпаратты баяндайды:

Бибігүл Рамазановаға 3 күн бұрын бір әйел адам хабарласып: «Ақтау қаласынанмын, сіздің көмегіңіз керек. 10 күн бұрын қайным Отар деген жерге әскерге кетіп еді. Бүгін өлді деген қаралы хабар келді. Бізге көмектесіңізші, адвокат жалдаймыз. Ақтаудан Алматыға ұшып бара жатырмыз», – деп хабарлайды. Барлық мән-жайды жазуын өтінген Бибігүл, аздан соң «Қордай ауданы, Қ.т.қ. Гвардейский, 30212  әскери бөлімінде қайтыс болды. Баланың аты-жөні Қалбай Әлібек Саламатұлы» деген хабарлама алады.

Қалбай Әлібек Саламатұлы, 2003 жылы дүниеге келген. Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының тумасы. 9-шы сыныпты тәмамдаған соң «Болашақ» колледжіне оқуға түскен. Биыл колледждегі оқуын аяқтап, қолын диплом алған. KCIO мекемесіне күзетші ретінде жұмысқа орналасыпты. 12 сәуір күні жұмыс орнынан әскер қатарына алып кеткен.

24 сәуір күні Бибігүл Рамазанова Әлібектің үйіне барып, марқұмның отбасымен бетпе-бет кездесіп, тілдесіп қайтқан. Қоғам белсендісінің хабарлауынша:

«24 сәуір күні Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылына 12 сәуір күні жұмысынан әскерге барасың деп алып кеткен, 13 күні Жамбыл облысы Отар деген жерге әскерге аттанған Қалбай Әлібекті табытпен туған үйіне әкесі, ағасы, жеңгесі және нағашы апасы алып келген. Әлібек 2003 жылы дүниеге келген, отбасында үш ағайынды, бір апасы тұрмыста, 5 жасар інісі бар екен. Әлібектің ата-анасы замандастарым екен, – деп баяндайды Бибігүл. – Әлібек 9 сыныпты бітіріп, Болашақ колледжіне түскен. Биыл дипломын қолына алып, ауданымыздағы KCIO мекемесіне күзетші болып жұмысқа орналасқан. Әлібектің мінезі салмақты, пысық та емес, артық сөйлемейтін, тамақты да қомағайланып жемейтін, тұйық бала болды, – дейді отбасы. Военкоматтан повестка келген, бала әскерге барғысы келмеген, баланы қайта-қайта іздеп, тіпті әжесінің де үйіне барған военкоматтағылар. Ең соңғы 12 сәуір күні қамап тастағанда, Әлібек: – мама, құрсыншы, барып служить етіп келейінші, – депті. Содан бала жұмыс істейтін орнынан 12 сәуір күні қамаған. Сол күні бала анасына телефон соғып, каспий голдқа ақша жіберуін сұрап, ақшаның дәріге қажет екенін айтқан. – 13 сәуір жолға шығатын  кезде барғанымызда, баланың еңсесі түсіп кеткен, жүзі суық болып тұрды, – дейді жеңгесі. Кейін Отарға жеткен соң Әлібек анасына телефон шалып, – мама, аман-есен жеттім. Телефонды тек жексенбі күні 2 сағатқа береді, еш уайымдама, – деп хабарлапты.

Ал, 23 сәуір күні алдымен Ақтаудың военкоматынан телефон шалып, ағасына балаға уақыт болды деп хабарласа. Кейін Әлібектің әкесіне Әлібекпен бірге Тұщықұдық ауылынан Отарға кеткен бала телефон шалып, – аға, Әлібекке уақыт келді, – деп хабарлаған. Содан кейін Әлібектің Динара есімді жеңгесі «самолетке билет алдық, журналистерге жаздым, адвокатқа телефон шалдым, ешкім жауап бермеген соң сенің телефон номеріңді тауып алып, саған хабарластым», – деді. Жеңгесінің айтуынша кеше Алматыға жеткеннен әскерилер аяқтарын жерге тигізбей күтіп алған. Олар тіке әскери бөлімге Отарға барамыз деп өз талаптарын білдірген. Түнделетіп Отарға жеткен. Әлібек әскери борышын өтеген әскери бөлім өте суық, сұсты көрініпті. Олар баламен бірге әскери борышын өтеуге келген барлық әскерге шақырылушыларды шақырып, көріп, тілдесейік деп шығаруды талап еткен. Отарға Әлібектің әкесі, ағасы, жеңгесі, және нағашы апасы барған. Жаңаөзеннің баласы мен тағы бір бала келіпті. Құшақтап жылаған балалардың көзі үрей мен қорқынышқа толы, мандраж. Әлібекке не болды деп сұрағанда, балаларды қорқытып, дайындап қойған деген ойларын айтты. «Әлібек таңертең ұйқыдан тұрды, таңғы асқа барғанда тамаққа тойып алды, оң жағындағы баланың нанын жеді, өзінің кашасын тауысып тастап, қарсы отырған баланың да кашасын жеп, тамаққа тойып алды, содан сапқа тұрғанда тамаққа тойған Әлібек басы айналып, есінен танып құлады-мыс!» – деп балаларды үйретіп қойған.

Жеңгесі төсек орнын көрсетуді сұраған. Құлағанда құлағы қанаған, жырылған екен, төсектен аздап қан тамшыларын көріпті. Құлағанда бұтына сиіп қойды деген. Алайда, медбикеден сұраған кезде, – Әлібектің үстінде еш синяқ жоқ, бұтына симеген, үсті құрғақ болды, – деген.

Таңда Әлібектің әкесі мәйітханаға кіреді. Сол кезде баланың оң жағы түгел көк ала, оң жақ қабырғаларының асты, іш жақ беті ішіне кіріп кеткенін көреді. Бұл туралы естіген нағашы апасы мен жеңгесі жылап, Бибігүл Рамазановаға хабарласады. Әлібектің туыстары Алматыдан адвокат жалдаған, 24 сәуір күні әкесі баласын табытпен еліне алып келген. Елге командирі бірге келген. Әлібекпен бірге Отарға әскерге аттанған Маңғыстаулық шақырылушылардың ата-аналары келіп, соңы үлкен дауға айналған.

Ұлдарынан қапыда айрылған Әлібектің анасы ес-түссіз аңырап жылап отырғанын, әжесі еңіреп, әкесі сынғанын көріп келген Бибігүл ел ағаларына, ҚР Мемлекеттік хатшысына, ҚР Қорғаныс министрлігіне, Маңғыстаудың депутаттарына жантүршігер оқиғаға назар аударуын талап етіп, үндеу жариялайды.

Бұл сәуір айында Жамбыл облысында Маңғыстау облысынан әскер қатарына аттанған екінші сарбаз өлім құшып отыр. Осыдан бұрын 10 сәуір күні Ұлықбек есімді Маңғыстаудың тумасы Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, қаза болғанын да еске салады Бибігүл өз жазбасында

Осы уақыт ішінде Бибігүл Рамазанованың Instagram әлеуметтік желідегі парақшасында Әлібектің қазасына қатысты 22 пост жарияланды. Осыдан кейін ғана бүгін  ҚР Президентінің баспасөз қызметінің телеграм каналы  мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы Гвардейск әскери қалашығында маңғыстаулық сарбаз Әлібек Саламатұлы Қалбайдың қаза болуына байланысты жақындары мен туыстарының орны толмас қайғысына ортақтасып, көңіл айтқаны туралы хабарлады.

Президенттің пікірінше, бейбіт күнде әскердегі сарбаз қаза болмауға тиіс. Ата-ана баласын әскерге жібергенде оның қауіпсіздігі үшін алаңдамауы керек. Бұл – мемлекетіміздің мойнына алған міндеті.

Президент осы оқиғаға қатысты Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне және құзырлы органдарға жауынгердің өліміне қатысты жан-жақты тексеру жүргізуді және шынайы себебін анықтауды тапсырды. Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасап, мәселені тергеу үшін арнайы комиссия құрылғанын мәлімдеді. Алайда, ол мәлімдеме Әскери бөлімнің берген ақпараты негізінде жасалып тұрғаны белгілі болды.

Бейбіт күні отан қорғау үшін әскер қатарына аттанып, арада 10 күн өтпей мерт болған бозбаланың обалы кімге? Осыдан кейін ата-аналар балаларын әскер қатарына қалай үрейсіз жібере алады? Осыдан кейін қай бозбала әскер қатарына барып, отанын, елін қорғағысы келеді?

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Соңғы жазбалар