////

Бас әскери прокуратура Әлібек Қалбайдың өліміне күдікті ұсталды деп мәлімдеді. Ал, марқұмның ата-анасы ешбір жазықсыз адамға жала жабылмаса екен деп тілейді

4147 рет қаралды

Осыдан бұрын редакция «Әскерге шақырылған сарбаз он күннің ішінде өлім құшты. Кім кінәлі?» атты Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылының тумасы Қалбай Әлібек Саламатұлының қазасы туралы мақала жариялаған болатын.

Осы жағдайға байланысты 03 мамыр күні Бас әскери прокуратура Гвардейск гарнизонындағы сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне күдіктінің анықталғаны туралы мәлімдеді

Мәлімдемеде ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының ведомствоаралық жедел-тергеу тобы әскери қызметші Әлібек Қалбайдың қаза тапқаны туралы қылмыстық іс бойынша күдіктіні ұстағаны туралы айтады. Жамбыл облысының Гвардейский ауданы. Күдікті марқұм сарбаз Әлібекпен бірге шақырылған әріптесі болып шықты.

Ұстауға куәгердің айғақтары және зорлық-зомбылық өлім белгілері бар сот-медициналық сараптаманың нәтижелері негіз болған, материалдар сотқа қамауға алуға бұлтартпау шарасын санкциялау үшін жіберілген.

Күдіктінің іс-әрекеті адамның өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу ретінде сараланған (ҚР ҚК 440-бабы 4-бөлігі). Сотқа дейінгі іс жүргізу жалғасуда.

Бұл мәселеге қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға, Қорғаныс министрлігіне және басқа да құзыретті органдарға жедел және мұқият тергеу жүргізуді, Жамбыл облысының Гвардейский ауданындағы мерзімді әскери қызметшінің қаза болуының нақты себептерін анықтауды тапсырған еді.

Редакция Әлібек қаза болған күннен бастап осы мәселенің басы-қасында жүрген ақтаулық қоғам белсендісі Бибігүл Рамазановаға мәселенің мән-жайын білу үшін хабарласқан болатын.

– Бибігүл, сізге марқұм Әлібектің туыстары хабарласқан уақыттан осы отбасының қайғысына ортақтасып, олардың жанайқайын жұртшылыққа, құзырлы ұйымдарға жеткізіп, басы-қасында болдыңыз. Ал, 3 мамыр күні Бас әскери прокуратура күдіктіні ұстағаны туралы мәлімдеме жасады. Осыған қатысты не айта аласыз?

– Бас әскери прокуратура мәлімдеме жасаған кезде сот-медициналық сараптамасының қорытындысын жариялады. Осыған сәйкес сарбаз кісі қолынан қастандықпен өлген, күдікті ұсталды, күдікті ретінде сарбазбен бірге шақырылған әріптесі ұсталды деп хабарлады. Өзіме келетін болсақ, мен бұл мәлімдемемен келіспеймін. Менің әлеуметтік желідегі парақшамдағы пайдаланушылардың пікірлерін қарасаңыз да, халықтың пікірін тыңдасақ та күмән, қарсылық көп екенін көре аласыз. Өйткені, бұл сарбаздар жаңа ғана шақырылып, әскери қызметін өтейтін орынға жаңа жеткізілген, әлі ненің не екенін ажыратып, біліп болмаған уақыт. Әлі оқу-жаттығу жиынында жүр, 16-шы сәуір күні әскери гарнизонға кірді. Бұл жағдай бас-аяғы 10 күннің ішінде болып тұрғаны бәрімізге аян. Әлі әскери ант беру рәсімі де өтпеген еді ғой. Дәл осы кезде жаңадан шақырылған сарбаздар бір-бірін өлімші қылып ұрды дегенге адам сену қиын. Өздері үркіп, қорқып жүрген балалар. Әскер қатарына жаңадан қабылданған балалар жантүршігерлік айуандықпен бір-бірін ұрады дегенге мен сенбеймін.

– Күдікті ұсталды, ал осы әскери гарнизондағы сарбаздардың тәртібіне және басқасына жауапты лауазымды тұлғалардың осы жағдайға жауапкершілігі туралы не айтылады?

– Жақсы, осындай жағдай болып, бір сарбаз екінші сарбазды ұрды делік, сол уақытта гарнизон қызметкерлері қайда болған? Гарнизондағы тәртіп үшін жауапты әскерилер не себептен бір сарбаз екіншісінің қабырғасын ішіне кіргізгенше сындырып, мерт қылғанға дейін жеткізген? Әлібекті ұрған 18-дегі жаңадан әскерге шақырылған сарбаз емес, адамды ұрып үйренген, тәжірибесі бар, әккі адам ұрған және олар біреу емес бірнешеу болуы мүмкін деп күдіктенемін. Бұл менің жеке пікірім. Әскери гарнизондағы ішкі тәртіпке, сарбаздардың тәрбие ісіне жауапты қатардағы әскери қызметкерлер, әр рота, взвод және басқа бөлімшелерге жауапты қызметкерлер, гарнизон басшысының осы мәселелерге жауапты орынбасарлары қайда болған? Әскер деген темірдей тәртіпті талап етеді десек, Отардағы гарнизонда неге тәртіп жоқ? Бұл тәртіптің болуы мен бұлжытпай сақталуына жауапты тұлға кім? Мен атаған жауапты тұлғалар бар, одан басқа да аталмаған, біз білмейтін жауапты әскерилер, командирлер, офицерлер бар емес пе? Осы оқиғаның орын алуына жол берген, әскери тәртіпті бұзған, өз лауазымдық міндеттерін тиісті дәрежеде атқармаған немесе орындауға немқұрайлы қараған гарнизон әскерилерінің барлығы жауапқа тартылуы қажет деп ойлаймын. Олардың барлығы өз қызметтерін мүлтіксіз атқару үшін ант берген және өз қызметтері үшін еңбекақы алып отыр емес пе? Сұрақтар көп, сол себептен де мен әскери прокуратураның мәлімдемесімен келісе алмаймын. Бұл жағдайда күдікті балаға жала жабылып отыруы мүмкін, біз ол жағын да ойлауымыз керек. Сонымен қатар ұлдарын әскер қатарына ел қорғасын деген сеніммен жіберген, үкіметке сеніп тапсырған ата-аналарға қиянат жасалып отыр деп ойлаймын.

– Осыдан бұрын марқұм болған сарбаздың туыстары адвокат қызметіне жүгінгені туралы да айтқансыз, ол туралы не айта аласыз?

– Қазіргі уақытта марқұм Әлібек Қалбайдың адвокаты әрі қарай жұмыc істеп жатыр, әскери прокуратураға арыз жолдады, осыған сәйкес 30212 әскери бөлімнің қызметкерлері, олардың басшылары, орынбасарлары, тәрбие ісіне жауапты тұлғалар, психологтар заң алдында тиісті жауапкершілікке тартылуы керек деген талабы жазылған. Заң талаптарына сәйкес әзірге тергеу құпиясын жариялауға болмайды деп ата-анасына, туыстарына ескертілген. Алайда, осы істің анық-қанығына жету жолында баланы жерлегеннен кейін екі жеңгесі Алматыға қайта кетті. Олар Отардағы әскери гарнизонға барған кезде, гарнизон алдында осы жағдайда күдікті деп танылған сарбаздың Атыраудан келген анасы аңырап жылап отырғанын көргенін айтты.

– Ата-анасы мен туыстары ұлының өліміне қатысты ресми мәлімдемемен келісті ме?

– Ең бірінші осы жағдай болған кезде марқұмның жеңгесі хабарласқан болатын. Анасы ұлын жерлегеннен кейін хабарласып, рахметін айтып жатыр. Әрине, олар бас әскери прокуратураның мәлімдемесімен келісті. Алайда, Әлібектің әкесінің бірауыз сөзін айта кету керек. Марқұм болған сарбаз Әлібектің туыстары, ата-анасы нағыз шын күдікті қамалып, жазасын алса екен, басқа бір жазықсыз адам қосақ арасында қос кеткен жағдай болмаса екен, ешбір жазықсыз адамға жала жабылмаса екен деп тілейді.

– Парақшаңыздан хабардар болғанымыздай, осы жағдайдан кейін сізге барлық өңірлерден хабарласып әскерге шақырылған ұлдарының зардап шеккен, мүгедек болған немесе қаза болғаны туралы хабарламалар жиі келуде. Бұл туралы не айта аласыз? Өйткені, осы уақытқа дейін олар не үндемей келген не айтқан күнде де оларды ешкім естімеген сияқты.

– Ия, осы жағдайдан кейін мен өте көп хабарламалар алдым. Әсіресе, осы Отардағы әскери гарнизонда әскери борышын өтеуге жолданған қарайған сарбаздың өліп кеткені туралы жазды. Олардың ішінде әскер қатарына алынып, қаза болған сарбаздардың 10, 20 жыл бұрынғы оқиғаларын айтқандар да болды. Олардың ішінде Маңғыстаудан шақырылғандардың туыстары ағам, інім, қайын ағам қайтыс болды деп хабарласты. Осыдан түйгенім, әскерде болған сарбаздардың өлімі жағдайы жылы жабылып қала береді екен. Әскердегі өлім жағдайлары не суицид, не жүрегі тоқтады деумен, соңына дейін анықталмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалады. Ең өкініштісі, бұл Қазақстанның қорғаныс саласында ешқандай тәртіп жоқ екенінің дәлелі. Өйткені, өздеріңіз білесіз Маңғыстаудан әскерге шақырылғандардың ішінде бір айда екі бала әскер қатарында мерт болды. Осыдан бұрын марқұм Ұлықбек деген баланың әскери борышын өтеу барысында қаза болған жағдайы жайында Гүлмира Әбіқай жазған еді. Бірінші, жоғалып кетіп, 40 күн таба алмай, кейін өзіне-өзі қол жұмсады, асылып өліп қалды деп хабарлады. Бұл жағдайлардың барлығы дәл осы Жамбыл облысындағы әскери гарнизондарда мүлдем тәртіп жоқ екенін көрсетеді.

Әлібектің өліміне қатысты жағдайда біздер айқайдың күшімен әділдікке жеттік деп ойлаймыз, өйткені эксгумация жасаймыз, анық-қанығына жетпесе митингке, көтеріліске шығамыз деп бүкіл ел болып шуладық.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері