////

Бүгінгі ұрпақ әскери борышын өтеуден неге жалтарады?

2505 рет қаралды

«Өңірімізде әскерге шақырту қағазын қабылдап алып, іс-түссіз жоғалып кететін азаматтарымыз көп», – дейді Орал қалалық Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың тәрбие идеологиялық әскери-патриоттық жұмыстар және Қарулы Күштер ардагерлерімен жұмыс бөлімшесінің бастығы, майор Қуат Ахметқалиев.

Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында 55 мыңнан астам жас бар, оның 27 мыңнан астамы ер азаматтар. Дәл қазіргі уақытта өңірде көктемгі әскерге шақыру науқаны ұйымдастырылып, азаматтардың денсаулық, білім, жас ерекшеліктеріне қарай әскери қызметтерге бөлу және жолдау жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде шекаралық қызметте әскери борышын өтейтін азаматтарды аттандыру жұмыстары әлдеқашан басталып кеткен еді.

Дегенмен бір ай бұрын жүргізілген зерделеу мониторингі кезінде сұхбаттасу парақтары толтырылып, шақырту қағазын қабылдаған азаматтар әскери қызметтеріне жолданатын сәтте келмей қалады, ата-аналары да балалары туралы тіс жарып ештеңе айтпайды, тіпті кейбіреулері «Араласпаймыз», «Көптен сөйлеспедік», «Көрші елдерге жұмыс бабымен кетті» деген сылтаулармен перзенттерін азаматтық борыштарын өтеуге жібергісі келмейді екен. Аталған мәселелер мерзімдік жоспардың толық орындалуына кедергі келтіріп қана қоймай, еліміздің әскери күшінің артуына да кері әсер ететіні  анық.

Көктемгі шақырту науқаны кезінде аяқ астынан әскерге бара жатқан оралдық азамат Исламбек Самбаев «Әскерге бару – жоспарымда болмаған еді…», – дейді.

Исламбек 2020 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің заңгер мамандығын бітірген Орал қаласының тұрғыны. Сол кезде бірден әскерге барып келуді жоспарлаған ол, күздегі науқан кезінде белгілі бір себептермен әскерге жолданбай қалады. Бұл уақыт аралығында Исламбек адвокатурада жарты жыл оқып үлгерген еді. Қазіргі таңда өзінің жолдастарымен арнайы оқу курсын ашып, мемлекеттік қызметкерлерді тестіге дайындап жүр. Өз сөзінде:

– Университет бітіргеннен кейін жас мамандарға жұмыс табу өте қиын. Осы кезде көптеген ер балалар уақыт жоғалтпай әскерге кетіп қалады. Мен де солай жасамақ болып едім, дегенмен бұл ойым жүзеге аспады. Содан соң әскерге баруды мүлдем ұмытып, өзімнің біліктілігімді әрі қарай дамытуға бет бұрдым. Өзіме ыңғайлы жұмыс та таптым, алдағы уақытқа деген жоспарларымды да құрдым. Бірақ, әскерге келген шақырту хаты бұл жоспарларымды тас-талқан еткені жасырын емес. Әрине, әскерге өз қалауыммен бара жатырмын. Отбасым да бұған қарсылық көрсетпей, батасын берді. Дегенмен ыңғайлы жұмыс тауып, бір арнаға түсіп кеткен азаматтар үшін әскерге бару – уақыт өткізу болып табылады. «Отан алдындағы борышын өтеу – ең үлкен міндет екенін көбі түсіне бермейді», «Жастардың жауапкершілігі аз», «Патриоттық сезімдері жоқ» дегенді жиі естиміз. Меніңше, бұл сөздер біржақты деп ойлаймын. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық сананы жаңғыртудың, әскери міндеттерді орындаудың заманға бағытталған жаңа механизмдері керек сияқты…, – дейді ол.

Мұндай әлеуметтік-моральдық факторлардың шығу себептері ретінде майор Қуат Ахметқалиев келесі жағдайларды сөзге тиек етті:

– Тәрбие тал бесіктен» дейді атам қазақ. Көпшілік отбасыларда дастархан басында тәрбиелік әңгімелер, патриоттық насихаттар айтылмайды. Сондай-ақ білім ошақтарында да бұл мәселелер жоқ емес. Соңғы жылдары мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық сабақтарының сағаттары да қысқартылды. Әскерге алып кету бекеттерінде баласын әскерге бару райынан қайтарып әлектеніп жатқан білікті, тәжірибелі мұғалімдерді де көрдім. Осыдан соң жас ұрпақта қайдан патриоттық сезім болсын?!

Екінші – әлеуметтік жағдай. Көпшілік жастарда қазір кредит, материалдық тұрақсыздық, жұмыс т.б. мәселелер көбейіп кетті. Көктемгі науқанда 200-ден астам азаматты әскерге жібереміз деп жоспарлап едік, енді соның жартысынан астамы түрлі себептермен жоқ. 2020 жылы бүкіләлемдік пандемия жағдайында жарияланған төтенше жағдай кезінде жоспарымыз 100 пайызға орындалған еді. Себебі шекара жабылды, жұмыстар тоқтатылды көбі үйлерінде болды. Қазір бұл жағдай тағы ушығып тұр…

Тағы қосып айта кететін жай, қазіргі әскери жүйе мен ондағы жағдай бұрынғы уақытқа қарағанда едәуір жақсарды. Барлық жерде камералар қойылған, әр апта сайын жас сарбаздарды медициналық тексерістерден өткізіп, дене жарақаттарының бар-жоғы қатаң қадағаланады. Әскери билеттер арқылы мемлекеттік қызметтерде жұмыс жасау мүмкіндіктері, әскери қызметкерлерге әлеуметтік кепілдіктер және баспанамен, жоғары жалақымен қамтамасыз ету жағдайлары жыл сайын жақсаруда. Дегенмен бұл айтылған дүниелерді білмейтіндер де жетерлік. Сондықтан алдағы уақытта жастармен ғана кездесіп қоймай, ата-аналармен де ашық, ақпараттық кездесулер қажет екенін көріп отырмын, – деді.

Бұл орайда, Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиев жастардың бойында әскери-патриоттық тәрбиені қалыптастырып, Қарулы күштеріміздің беделін арттырып, азаматтық жауапкершілікті насихаттау мақсатында әлеуметтік желілер арқылы бірқатар іс-шаралардың орындалып жатқанын жеткізіп, әсіресе «Антына адал сарбаз» жобасы арқылы Отан алдындағы борышын адал атқарып келген азаматтардың әскери өмірін баяндап, ата-аналарының мақтаныш сезімдері көрініс табатын бейнероликтер мен сұхбаттарды назарға ұсыну бастамаларының қолға алынғанын айтып өтті. Сонымен қатар Ауған, Таулы-Қарабақ, Невада-Семей қозғалыстары ардагерлерінің қатысуымен шаһардағы оқу орындарында рухани- патриоттық әңгімелер айтылатын алаңдар ұйымдастырылып, өскелең ұрпақпен ашық кездесулердің тұрақты өтетінін  жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті мәжілісінің кезекті отырысында ел жастарының әскерден қашып, жалтаруының үлкен мәселе екендігін, бұл орайда әскерге баруға ынталандыру шараларының қажеттілігін айтқан болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айында ҚР Қарулы Күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов бұқаралық-ақпарат құралдарына берген сұхбатында ҚР Қорғаныс министрлігінің жас жігіттерді әскерге баруға ынталандыру мақсатында бірқатар ұсыныстарды қаперге алғанын жеткізді. Оның ішінде мерзімдік әскери қызмет кезінде кредиттік каникул беру және ақшалай сыйақылар табыстау, сондай-ақ жас сарбаздың білім беру секторлары мен отбасы үшін коммуналдық төлемдерге арнайы жеңілдіктер беру қарастырылған. Дегенмен аталған ұсыныс әлі қабылданбады.

Алдыңғы ғасырларға қарағанда бейбітшіліктің келісім-кепілдіктері мақұлданған заманда өмір сүргенімізбен, қауіп әлі де сейілген жоқ. Бүгінгі сыртқы саясаттағы тұрақсыздықтар, мемлекет ішіндегі  экономикалық-саяси толқулар бірінші кезекте еліміздегі әскери күштің жауапкершілігін арттыруға ерекше мән беру қажеттілігін айқын көрсетті. Әскер ол – халық. Бұл екі ұғымның екі бөлек көрініс табуына жол берілмеуі тиіс. Ерден елге деген міндет кетсе, елден де, отбасыдан да  береке кетеді деп білемін. Сондықтан ел арасында алдыңғы аға буын өкілдерінен қалыптасқан «Әскерге бару – басын қатерге тігу, денсаулығын құрту» деген түсініктерден арылып, әскер қатарын көбейтуші жастарға үлкен қолдаулар қарастырылса деген тілек.

Ақерке Шайқы, БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі