//////

Жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау дегеніміз не? Бұл мақсатта бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінбек

5226 рет қаралды
фото ашық дереккөзден

“Мінбер” сайты Инстаграм желісінде “Отбасы” банкінің көп балалы отбасыларға арналған “Арендалық субсидия” бағдарламасы жайлы тікелей эфир өткізген еді. Тікелей эфирдің қонақтары “Отбасы банкінің” басқарма төрайымы Ләззат Еркінқызы мен аталған банкінің Маркетинг департаментінің қызметкері Мақсат Зайытов қатысты. Назарларыңызға осы эфирде болған әңгімені ұсынбақпыз. 

Мінбер.кз:

Баршамызға белгілі жалдамалы тұрғын үйге субсидиялау, яғни пәтерақыны төлеуге үкімет тарапынан берілетін қаражат бағдарламасы іске қосылғалы жатыр. Бұл қай уақытта берілді, берілуді бастады ма? Қандай платформада өтініш қабылданып жатыр?

Мақсат Заитов: Сәлеметсіздерме құрметті оқырмандар, баршаңызға мәлім осы жылдың сәуір айынан бастап тың бағдарлама басталып жатыр, бұрын соңды бұл бағдарлама болмаған. Яғни, бұл  пәтер сатып алуға әзірге мүмкіндігі жоқ, қазіргі таңда пәтер жалдап отырған Қазақстан азаматтары үшін нағыз керек бағдарлама.

Бұл қалай іске асады?

Пәтер жалдау кезіндегі белгілі бір категорияда тұрған адамдарға, пәтер жалдау ақысының жартысын мемлекет өтейді. Категория бізде 4-ке бөлінеді, ол өзіңіз айтып кеткендей көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі 1,2 топтағы азаматтар, ата-ана қамқорлығынан қалған жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Бұл категорияда азаматтарға қойылатын басты шарт жергілікті әкімшілікте пәтер кезегінде тұру.

Тағы бір ескерте кететін нәрсе,  оқырмандарымыз пікірлерінде өздерінің пәтер ала алмай қалуы туралы немесе пәтер кезегінен шығып кетуі туралы қорқыныштарын білдіруде. Біз олардың еш уайымдамауын сұраймыз, бағдарламаға қатысасыз, субсидия ала бересіздер. Егер өзіңіз пәтер алғыңыз келсе, субсидияны тоқтатып, өз атыңызға баспана алсаңыз болады. Енді бұл бағдарламаға қалай қатысамыз, қалай өтініш береміз  деген сұраққа келер болсақ. «Otbasybank.kz» деген жылжымайтын мүлік порталымыз бар, порталдың мақсаты клиенттердің кезекте тұрмауы, бар болғаны ЭЦҚ кілті болса болғаны. Бұл мүмкіндік банкке қалай келді, отбасы банк пен мемлекеттің ортақ қоры өзара интеграцияланған. Сондай-ақ егов платформасымен де интеграция жасалған, яғни өтініш беру кезінде, біз өтініш берушінің отбасы туралы ақпаратты біліп отырамыз.

Ләззәт Еркінқызы: Бізге келетін сұрақтардың көбі: “егер біз субсидияға өтініш жазсақ бізді пәтер тізімінен алып тастай ма?” деген сұрақтар. Тағы да айтамыз, сіздерді ешкім тізімнен алып тастамайды. Бұл субсидияны 3 жыл алуға мүмкіндіктеріңіз бар. Пәтер берушінің шотына пәтер ақысының жартысын жіберіп отырамыз. Осыған байланысты біз барлық ақпаратты жазып отырамыз. Мысалы, 1 бөлмелі немесе 2 бөлмелі пәтерлерге қанша ақша бөлінетіні туралы есептеп, жазып отырамыз.

Қарағанды облысына келсек, 1 шаршы метр 2015 теңге, егер отбасыңызда 3 адам болса 40 шаршы метр пәтер жалдауға болады. Пәтерақысын есептейін болсақ 80605 теңге болады, сол 80605 теңгенің жартысын, яғни 40000 теңгесін мемлекет береді. Егер көп балалы ата-аналар өтініш берсе, 3 бөлмелі пәтер 80 шаршы метр болса, пәтерақысы айына 160000 теңге көлемінде болады. Сол пәтерақысының жартысын яғни 80000 теңгені отбасы банкі төлейді. Бұл ақшаны республика және аймақтардың бюджетінен күтудеміз. Қазір құжаттарға қол қойылуда, жоспарымыз бойынша осы аптада ол ақшаны жібереді. Содан кейін келесі аптада бізге өтініш жіберген азаматтардың шоттарына пәтерақы ақшасы жіберілетін болады.

Мақсат Заитов: Толықтыра кетейін, әр өңірдің өз коэффициенті болады, бұл коэффиент бойынша ақпаратты әлеуметтік желілерде, БАҚ өкілдеріне тараттық. Сол жерлерден көрсеңіздер де болады, осы біздің парақшамызда да күнделікті ақпарат салынып отырады. Коэффициент айлық есептік көрсеткіш бойынша есептелетін болады.Сол коэффициент пен айлық есептік көрсеткіш бөліндісінен 1 шаршы метр бағасы шығады.

Мінбер.кз: Көптеген пәтерберушілер өздері жеке кәсіпкерлікті рәсімдегісі келмейді. Яғни, құжат рәсімдеуден қашады. Бұл мәселе жөнінде не айтасыздар?

Мақсат Заитов: Бұл пәтер берушінің өз құзіретінде, яғни біз пәтер берушіге ешқандай талап қоя алмаймыз. Бізге қажетті ақпарат ол жеке деректері, пәтер туралы ақпарат, кадастрлық нөмері.

Мінбер.кз: Жалғыз басты ата-аналар немесе толық отбасылар субсидия ала ала ма?

Мақсат Заитов: Өзіңіз байқағандай, 4 категорияның ішінде толық емес отбасылар жоқ. Біз бұл шешімге ұзақ ойланып, толғанып келдік.

Мінбер.кз: Егер көп балалы отбасы пәтер кезегінде бұрын тұрмаған, қазір енді тұрса, субсидия алуына рұқсат па?

Ләззәт Еркінқызы: Бастысы өтініш берсе болғаны, айтып кеткендей біздің қолымызда өтініш берушілердің тізімі бар, сол тізімде бар азаматтардың бәріне субсидия алуға рұқсат. Кезекке кеше немесе 2019 жылы тұрды ма, ол маңызды емес.

Мінбер.кз: Осы субсидияға өтініш беруші отбасы мүшелерінің табысы маңызды ма?

Мақсат Заитов: Міндетті түрде өтініш берген азаматтың табысын есептейміз. Себебі оның өз көрсеткіштері бар, оның үстіне біздің басты мақсатымыз нағыз мұқтаж жандарға көмек көрсету. Табысты есептеу отбасыдағы адам санына байланысты. Өтініш беруші табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен яғни адам басына есептегенде 37389 теңгеден асып кетсе, өкінішке орай субсидия алуға рұқсат жоқ.

Ләззәт Еркінқызы: Қазіргі таңда порталымызға 19285 өтініш келді, оның 4750-іне субсидияға рұқсат бердік. Кеше осы мәселеге байланысты жиын өткізіп, әріптестерімізбен жоспарлап, құжаттар толтырылып, мемлекеттік органдарға жіберіп жатырмыз.

Мінбер.кз:  Субсидия қашаннан бастап беріле бастайды?

Ләззәт Еркінқызы: Жоспарымыз бойынша келесі аптада қаражат түсу керек, қазір керекті құжаттар реттеліп, қол қойылуда. Келесі аптада мемлекеттен қаражат түскен кезде өтініші қабылданған 4750 адамға тиісінше таратып береміз.

Мақсат Заитов: Жақсы сөз жарым ырыс демекші, бізде баспаналы болған азаматтарды сүйінші сұрап, құттықтау дәстүрімізге айналып кетті. Сондықтан біздің парақшаларымызды бақылап отырыңыздар, ең бірінші субсидиясын алған азаматты таныстыратын боламыз.

Ләззәт Еркінқызы: Әрине, біз тек сол отбасының рұқсатымен ғана оларды бейнежазбаға түсіреміз. Көп жағдайда отбасы адамдары түсірмеулерін өтінеді, ал кейде түсіріңіз деп талап ететін азаматтар да кездесіп жатады.

Мінбер.кз: Бұл бағдарлама республика бойынша ма әлде тек ірі қалаларда ғана ма?

Ләззәт Еркінқызы: Жоқ бұл бағдарлама еліміздің барлық қалаларында іске асады. Мен сіздерге қалалардағы ең максималды берілетін субсидия сомасын айтып берейін. Отбасында 6 адам болғанда берілетін,ең максималды субсидия бағасы Алматы қаласында 110000, Шымкент қаласында 85000, Ақмола облысында 62500, Ақтөбеде 70000, Алматы облысында 76000, Атырау облысында 86500, ШҚО-да 86500, Жамбыл облысында 54500,БҚО-да 67000, Қарағанды облысында 80500, Қостанай облысы 61500, Қызылорда облысында 57000, Маңғыстау облысында 90000, Павлодар облысында 79000, СҚО-да 63500, Түркістан облысында 92000. Бұл берілетін субсидия 80 шаршы метр 3 бөлмелі үйлерге.

Мінбер.кз: Бұл бағдарлама барлық қалаларда бірдей бастала ма? Әлде қаржының бөлінуіне байланысты әртүрлі басталуы мүмкін бе? Менің ойымша қаражат жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетін сияқты.

Ләззәт Еркінқызы: Бөлінетін қаржының 80 пайызы мемлекеттен бөлінеді, ал қалған 20 пайызы жергілікті бюджеттен алынады. Мемлекеттен күтіліп отырған қаржы 40 миллиард теңге, ал жергілікті бюджеттен алынатын сомма 10 миллиард теңге. Енді біз құжаттарға қол қойылып, реттелуін күтіп отырмыз. Бәрі ойдағыдай болса, қаржы түскен уақытта, бастай береміз.

Мінбер.кз: Рахмет

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Тікелей эфирді жүргізген Риза Исаева,

мәтінін дайындаған Назым Дүтбаева

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі