///

Назгүл ТЕМІРҒАЛИЕВА, психолог: Өмірдің мағынасы балада ғана деп түсінген ата-ананың балалары бақытты бола алмайды

3033 рет қаралды

Қоғамда көп балалы аналарға көзқарас өзгерді. Оларға ерекше статус беруді жөн санамайтындар мен демографияға үлес қосқаны үшін жеңілдік жасалуы керек дейтін тараптарың әрқайсысының өз уәжі бар. Біз бүгін көпбалалы аналардың психологиясы мен әлеуметтік қиындыққа төтеп беруі жайлы тәжірибелі маманмен әңгімелестік. Психолог Назгүл Темірғалиеваның айтқаны біраз адамға ой салар деп сенеміз.

– Көпбалалы ана болуды біздің халық Алланың берген нығметі деп санаған. Қазір бұл көзқарас өзгерді. Оған әсер еткен материалдық жағдай ма, адам психологиясының өзгеруі ме?

– Көп балалы ана болуды біздің халық Алланың  берген  нығметі деп санаған. Бірақ  Алланың берген  нығметі  одан  да  көп. Ана болу – соның бірі  ғана. Әйел адам тек ана болуды ғана таңдаса, қалған нығметтен бас тартқанмен бірдей.  Өмірдің мағынасын тек балалары деп санаған ата-ананың балалары бақытты бола алмайды. Ата-анасы өмірдің мәнін тек балаларында деп санаса  баланың мойнына жүктеп қойған ауыр жүкпен бірдей. Ондай балалар әдетте барлық адамға ұнағысы келетін адам болып өседі. Балада ата-анасының алдында өтеу мүмкін емес қарыз бен кінә сезімі болады. Өзін кінәлі сезіну – ешқандай пайда әкелмейтін, зияны көп сезім.

Қазір ана болуға көзқарастың өзгеруіне адамдардың үздіксіз дамып келе жатқаны себеп. Адамзат үнемі даму үстінде. Интеллект деңгейі көтерілген сайын әйелдер бала санынан гөрі оның сапасына мән бере бастайды. Екіншіден: материалдық жағдай себеп. Мысалы: А.Маслоудың бес қажеттілік пирамидасына қарайтын болсақ, адам бақытты болуы үшін ең  қарапайым қажеттіліктер орындалуы керек. Мұндағы төменгі қажеттілік материалдық қажеттілік болса, жоғарғы қажеттіліктер – адамның жеке тұлға ретінде өсуі, интеллектуалды түрде дамуы білім алуы. Егерде төменгі қажеттіліктерді қамтамасыз етпесе, жоғарғы қажеттіліктерге қол жеткізе алмайды. Сол себепті  материалдық жағдай сөзсіз  психологиялық жағдайға әсер етеді.

– Әлеуметтік жағдайдың қиындығы көпбалалы аналардың психологиясына қалай әсер етеді. Ол қиындыққа төтеп берудің жолы қандай?

– Әлеуметтік жағдайдың  қиындығы көп балалы аналардың психологиясына міндетті түрде әсер етеді. Себебі: ондай әйелдерде стресс көбейеді. Өзіне көңіл бөлуге мүлдем уақыт қалмайды, ашуын балаларынан аады, шаршағандықтан, уақытында демалмағандықтан, ұйықтай алмағандықтан ағзасында гормоналды өзгеріс болады. Баланың жас ерекшелігі, дамуы, әр-түрлі кезеңдерден өтуі, мұның бәрі әйелге қосымша стресс. Соның салдарынан өз балаларына көтерілген агрессия үшін әйел өзін кінәлі сезіне бастайды. Мен жақсы ана бола алмадым, вундеркинд немесе талантты бала тәрбиелеу қолымнан келмеді деп налиды. Жағдай болмағандықтан өзіне немесе балаларының  әкесіне өкпелеп, ренжиді. Сөйтіп  стресстің көбейгенінен отбасында кикілжің көп туындауы мүмкін. Ондай кезде әйелдің жанындағы жақындары ол  кісіге неғұрлым көп қолдау болуы керек. Қиындыққа төтеп берудің бірден-бір жолы сол. Енді анаға жағдай жасау деген  әйелдің өз-өзіне жағдай жасауы, тым қатты шаршамай тұрып демалуы, өзіне уақыт бөлуі, өзін де ұмытып кетпеуі. Дегенмен де рухани дамуға мән беріп,  қасындағы адамдардан көмек сұрауға ұялмауы, көмекті қажет ететінін айту.  Кім болса да айналасындағы адамдардың бәрінен көмек сұрау және үлкен балаларын өзіне қолғабыс  етуге үйрету. Сол кезде ана  бүкіл жауапкершілікті  өзіне алмайды әрі шаршамайды, эмоциялық күюге ұшырамайды. Аналардың көбі эмоциялық күюге душар болғандықтан балаларының тәрбиесіне дұрыс мән бере алмай жатады.

– Психолог ретінде еліміздегі көп балалы аналарды қандай санаттарға бөліп қарауға болады деп санайсыз?

– Негізінде жалпы психологияда ата-ананың ең көп тараған негізгі төрт типі болады. Бұл немқұрайлы, қабылдаушы, авториталды және авторитетті ата-аналар. Немқұрайлы ата-ана дегеніміз үнемі шаршап жүретін, ештеңеге қызықпайды, бала тәрбиесімен айналысқысы келмейді, оған үнемі қолы тимейді, уақыт бөлгісі келмейді. «Проблема жасамашы», «жабыспашы», «қолым тимейді, көріп тұрсың ғой», «ары тұр», «әкеңе бар», «атаңа бар», «апаңа бар» деп жиі айтады немесе үлкен балаларына «алып кетіңдер» деп үнемі баласын өзінен алыстатып жүреді. Баланың еш қажеттілігін ескермейді. Не үшін мамасының қасына келіп тұр, бірдеңе сұрағысы келіп тұр ма, ол жағына мән бермей жәй ғана  өзінен алыстатып жібереді. Мұндайда ата-ана баласына жеке тұлға ретінде құрметпен қарамағандықтан бала да жеке тұлға ретінде қалыптаса алмай қалады. Соның салдарынан бала үнемі үрейде,  мазасыздықта болады, мектептегі сабақ үлгерімі төмен, басқа адамдармен тіл табысуда қиналады. Жеткіншек немесе жасөспірім кезінде қайғыға, депрессияға немесе зиянды әдеттерге бейім болады, жетістікке жете алмайды.

Ондай қиындықтарға төтеп берудің тағы да бір жолы өзін үнемі дамытып отыру, психологиялық тұрғыдан өзін дамытып отыру. Әр баланың жас ерекшеліктері туралы білімін көтеру, жас кезеңіне байланысты даму ерекшеліктерін түсіну, көмек жолдарын білу әйелге үлкен көмек болады.

Қабылдаушы ата-аналар баланы үнемі қолдайды. Бірақ ешқандай талап қоймайды, еш констатация жоқ. Баламен жақсы болуға тырысып тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. «Бала өзі біледі», «білмеймін, қазіргі заманның балалары осындай болды», деп бала жүгіріп жүр ме, диванның үстіне шығып алды ма қарамайды. Мұндай ата-аналар ешнәрсеге шектеу қоймайды, баланы ережеге бейімдемейді. «Осы заманның балалары осындай болды, не істейміз?» деп    шарасыздық танытып отырады. Бала бірнәрсе істегенін қаласа оған тек манипуляция арқылы жетеді. Ата-ана беделінен достықты артық қояды. Ата-ана екенін ұмытып «баламен доспын» деп ешқандай шектеу қоймай кетеді. Негізінде ата-ана баласына ешқашан дос болмайды. Баланың өз достары, ата-анасының өз достары болуы керек. Балаға ешкім шектеу қоймаса ол соны әдетке айналдырып өскенде де ешкімді тыңдамайды. Нәтижесінде ешқандай жетістікке талпынысы жоқ, басқаларды ойламайтын болып өседі.

Авторитарлы ата-аналар олар талапшыл, бірақ ешқандай қолдау көрсетпейді. Мұндай ата-ана балаға жылу бере алмайды немесе беріп үйренбеген. Үнемі сынайды, өте сирек мақтайды, үнемі баланы тексеріп отырады. Телефон арқылы баланың әр ісін бақылап отырады. Баласы жекеменшігі емес екенін ұмытып кетеді, жеке тұлға екенін ескермейді. Ереженің мән-мағынасын түсіндірмей «айттым болды» деген сөзбен шектеледі. Нәтижесінде мұндай бала өзіне сенімсіз, үрей мен депрессияға бейім, агрессивті болады. Үйде тыныш жүреді себебі ата-анасы қатал. Сол жиналған ашуды мектепте немесе көшеде шығаруы мүмкін. Авторитарлы ата-ананың тағы бір ерекшелігі баланың жақсы жақтарын ғана қабылдайды.

Авториттеті ата-ана талапшыл әрі қолдаушы. Балаға ананың қолдауы өте маңызды, ата анасының қолдауына 100 пайыз сенген бала үнемі жетістікке жетеді. Бұл ана өте жылы ұстамды баланы жеке тұлға ретінде құрметтейді. Баланың қайда екенін талап етіп сұрамаса да, балам егер бір жерге барсаң   маған жаз, мен уайымдаймын, деп жылы кейіппен сұрайды. Олар баланың жағымды мінез-құлықтарын мақтайды, ал кемшілігіне назар аудармауға тырысады. Бұндай ата-ана баланың жеке-ойын ескеріп,тыңдайды. Отбасылық мәселеде пікір алмасады.Шешімдерін баланың ойына ғана емес ортақ пікірге негіздейді. Авторитетті ата-ананың баласы сәтсіздікке душар болса еш қорықпай үйіне барып ата-анасымен бөліседі. Ал ата-аналар өз жағынан барынша қолдауға тырысады. Нәтижесінде Авторитетті ата-ананың баласы өз-өзіне сенімді,басқаларды құрметтейтін, оқу үлгерімі жоғары және кез-келген мәселені шеше алатын болады.

Әр баланы дүниеге әкелетін кезде зор жауапкершілік бар екенін ана түсінуі керек. Себебі: бірде-бір бала мені дүниеге әкел деп сұрамайды. Ол баланы дүниеге әкелетін анасы болғандықтан жауапкершілік сол баланың анасы мен әкесінің мойнында, бала жаман болып өссе де, жақсы болып өссе де ол ата-анасының еңбегі.

Бала нәресте кезінен ата-анасынан көргенді, естігенін жасап өседі. Ең бақытты жандар ата-анасының мейірімін көріп, жан жылуын сезіп өскендер. Өйткені  «Ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі». Тек қана бақытты бола алған ана өз балаларына бақыттың не екенін көрсете де, түсіндіре де алады. Өзі бақыттың не екенін білмеген ана оны балаларына қалай көрсетеді?.. Балаңыздың неғұрлым қадірлі, мәртебелі болып өскенін қаласаңыз өзіңіздің кемшіліктеріңізді жөндеңіз. Қолыңыздан келгенше жан мен тәннің сау болуын қамтамасыз етуіңіз керек. Бұл сіздің басты міндетіңіз, деніңіз, жаныңыз сау болмаса, балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру мүмкін емес. Психологиялық сауатты арттыру – өз мінезіңізді түзеуге, өз жаныңызды емдеуге тамаша құрал.  Бұл білім арқылы отбасындағы, жұмыстағы, бала тәрбиесіндегі шиеленістерді шешуге, алдын алуға болады. Психологиялық сауатты дамытып отыру  қазіргі заман талабы деп есептеймін.

– Кедей бала аш жүрген бала емес, дамуға мүмкіндігі жоқ бала, деген ұғым бар екенін ескерсек. Көп балалы отбасының балаларының дамуы үшін сіздіңше қандай шара қолға алынуы керек.

«Кейде бала аш жүрген бала емес, дамуға мүмкіндігі жоқ бала деген ұғым бар екенін ескерсек» депсіз. Бұл ұғым қай жерде, қандай контекстте айтылғанына да мән беруіміз керек. Аш жүрген бала тек физикалық тұрғыдан  емес эмоциялық тұрғыдан аш жүруі мүмкін. Рухани жан азығын іздеп жүрген бала болуы мүмкін. Бір кезде өзінің материалдық қажеттіліктеріне қол жеткізе алмаған көзі тоймаған, көңілі тоймаған бала, ұнатқан киімдерін алуға мүмкіндігі болмаған, жегісі келгенін алуға жағдайы жетпеген балада ішкі эмоциялық аштық болады. Содан кейін материалдық жағдайы дұрысталған кезде де ол аштықты баса алмауы мүмкін. Мысалы: кейбір адамдар өзіне керек болмаса да шектен тыс көп киім сатып алады. Солай өзін эмоциялық аштықтан тойдырған соң ғана өзін рухани деңгейде дамыта алады. Материалдық  жағдайын жасай алмаған адам рухани азық, рухани байлық жайлы ойламайды

Әңгімеңізге рақмет!

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі