//////

Қазақстанда көп балалы отбасылар табысының 83%-ін азық-түлікке жұмсайды

3602 рет қаралды
1

“Мінбер” ақпараттық агенттігі “Көп балалы аналар жобасы” аясында “Азаматтық неке – Қазақстандағы неке отбасы қатынасының моделі” тақырыбында тікелей эфир өткізген еді. Сол эфирдің мәтінін назарларыңызға ұсынамыз. Эфир қонағыҚазақстандық қоғамдық даму институты Отбасын зерттеу орталығының жетекші менеджері Ермекбаева  Бекзат Құрманқызы

ЖӘРДЕМАҚЫЛАРДЫҢ ЖЕТПЕЙТІНІН ӘРБІР ЕКІНШІ РЕСПОНДЕНТ РАСТАЙДЫ

 Minber.kz:
Бекзат Құрманқызы, біздің эфирімізге қош келдіңіз. Отбасы институтын зерттеу орталығының миссиясы қандай, немен айналысады? Қашан құрылды?

Бекзат Құрманқызы: 
– Отбасы институтын зерттеу орталығы 2019 жылы құрылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамдық даму институтының ішінен отау тікті. Отбасы және гендерлік саясат саласында зерттеулер жүргізумен айналысамыз. Осы орайда бір қатар әлеуметтану зерттеулерін жүргіздік. Көп балалы отбасының жағдайы, ажырасудың салдары, ата-ана болу модельдері, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің қоғамға әлеуметтік интеграциясы, азаматтық неке секілді әлеуметтік зерттеулер жүргіздік. “Қазақстандық отбасылар – 2020”, “Қазақстан Республикасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық” деген тақырыптарда ұлттық баяндама әзірледік. Бұл баяндамалар әр екі жылда дайындалып отырады.

Minber.kz:
– Сіздерді бюджет қаржыландыра ма?

Бекзат Құрманқызы:
– Біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. Штатта 8 қызметкер бар.

Minber.kz:
– Жалпы қызмет неге бағытталған? Көп балалы болуды қолдау ма, отбасы институтын нығайту ма? Қандай бағыттағы демографиялық саясатты жүргізесіздер? 

Minber.kz:
– Біздегі демографиялық саясат көп балалы отбасын қолдауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған. 2020 – 2021 жылдары ұлттық санақ жүргізілді, соның нәтижесі бойынша халық саны 19 млн асып отыр. Азаматтардың 48%-і ерлер, 51%-і әйелдер екен. Біздің халықтың санын өсірудің екі жолы бар. Біріншісі табиғи жол. Сол табиғи өсімді жақсарту үшін аналарға жағдай жасауымыз керек. 2020 жылы біздің институт көп балалы аналардың жағдайын зерттеу үшін әлеуметтік зерттеу жүргізді. Осы зерттеу нәтижесі бойынша көп балалы аналардың 48%-і денсаулық жағдайын жақсы деп есептейді. Тек 3%-і ғана денсаулығына қанағаттанбайды екен. Яғни көп балалы отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау, жәрдем көрсетіп отырғанын көруге болады.

Minber.kz:
– Бірақ қазір қоғамда наразылық акциялары күшейіп бара жатыр. Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналардың наразылығы өте көп. Көбінің айтатыны жәрдемақыға көңілі толмайды. 

Бекзат Құрманқызы: 
– Иә, сауалнамада мың ананың 48%-і жәрдемақыны әрең жеткізетінін айтып жатыр. Көп балалы отбасының тапқан табысының 83%-і азық-түлікке кетеді екен. Бұл жерде бірінші проблема, материалдық-қаржылық проблема.

Minber.kz:
– Осыған байланысты үкіметке қандай да бір ұсыныстар айттыңыздар ма? 

Бекзат Құрманқызы:
– Ұсыныстар бердік, бірақ нақты осылар орындалды деп айта алмаймыз. Жыл соңына қарай ұсыныстарымыздың орындалуы туралы мемлекеттік органдарға хат жібереміз.

ҚАЗАҚЫ ӨҢІРЛЕРДЕ АЖЫРАСУ АЗ, АЛАЙДА ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨП

Minber.kz:
– Бізде статистикаға сүйенсек ажырасу өте көп. Сіздер айтасыздар отбасы институтын нығайтамыз деп, ажырасудың негізгі себептерін айта аласыздар ма? 

Бекзат Құрманқызы:
– Зерттеу барысына қарағанда, Павлодар облысы мен Нұрсұлтан қаласы ажырасу бойынша бірінші орында тұр. Әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Себептеріне келсек материалдық, қаражаттың жетіспеушілігі, маскүнемдік , жұмыссыздық. Сонымен қатар туған туысы, мысалы енесінің ықпал ету әсерінен де ажырасады екен.

Minber.kz:
– Сонда біздің қоғамды әлеуметтік депрессияға ұшыраған қоғам ретінде айта аламыз ба? 

Бекзат Құрманқызы:
– Олай айта алмаймыз. Мен сіздің назарыңызды тағы бір мәселеге аударғым келеді.  Ажырасудың ең төменгі көрсеткіші, оңтүстік және батыс өңірлерінде, 1,96% ғана ажырасу тіркелген екен. Сонда қарайтын болсақ, бұл өңірлерде біздің салт-дәстүріміз жақсы сақталған, салт-дәстүріміз сақталған жерлерде отбасы мықты болады екен.

Minber.kz:
– Бірақ, салт-дәстүріміз жақсы сақталған жерлерде, бір өкінішті жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылық көп екендігі. Осы мәселеге назар аударып көрдіңіздер ме? 

Бекзат Құрманқызы:
– Сіздің бұл пікіріңізбен келісем. Біздегі проблема ол менталитетімізге байланысты деп ойлаймын. Ұят деген нәрсе бар. Әулетімізге таңба түсіресің деген, қазақтың қыздарының санасында қалыптасып қалған ғой. Көп проблема осында. Соның салдары қаракөздеріміздің өлім құшуына дейін апарып жатыр. Енді біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Орталыққа қабылдап, психологпен жұмыс жасап, көңіл күйлері орнына түскен соң, қайтадан жолдастарына  оралатын жағдайлар өте көп кездеседі.

Minber.kz:
– Сол аналардың қаржылық тұрғыдан тәуелсіз болуына, үкімет тарапынан қандай әрекеттер жасалуда? 

Бекзат Құрманқызы:
– Оларға мүмкіндігінше жұмыс тауып береміз. Екі -үш айлық курстарға жібереміз.

Minber.kz:
– Қазақстан ажырасу мен отбасылық зорлық-зомбылық жағынан алғашқы орындардың бірінде тұр. Ажырасуды болдырмау үшін азаматтық некеде тұру керек деп жатыр. Сонымен қатар заң бойынша ажырасқан, бірақ бірге тұратын, көп балалы отбасылар кездеседі, олар жәрдемақы алу үшін, үй кезегіне тұру үшін, сондай әрекеттерге баратыны туралы деректер бар. Сіз дәл осындай мәселелермен бетпе бет келдіңіз бе? 

Бекзат Құрманқызы: 
– Біз “Азаматтық неке Қазақстандағы неке отбасы қатынасының моделі ретінде” деген әлеуметтану зерттеулерін жүргіздік. Сондағы байқағанымыз, мұндай сауалнамаларға респондент табу өте қиынға соғады. Діни некеде тұратындар бар, олар да бас тартты. Ал көп балалы отбасының жәрдемақы алу үшін, мемлекет тарапынан үй алу үшін ажырасқаны жайында нақты ресми деректер жоқ.

Minber.kz:
Осы орайда бір сұрақ қоя кетсем. Қазақстанда негізі бір ғана неке мойындалады, ал екі не одан көп болса заңды ма, заңсыз ба? Қазақстанда бұған тыйым салынбаған деп жатыр. 

Бекзат Құрманқызы:
– Біз зайырлы мемлекет болғандықтан, бізде тек қана ресми неке ғана мойындалады. Ресми некеде тұрған азаматшалар ғана заңды тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да қорғалады. Өйткені азаматтық некеде ешқандай жауапкершілік сезінбейді. Ал діни тұрғыда екі не үш әйелмен тұрып жатқандар бар. Бірақ ол еш жерде көрсетілмеген. Бұл заңсыз, сондықтан осы бағытта зерттеу жүргізу керек.

Minber.kz:
– Бұл жағдайда профилактикалық жұмыс жасап, бұның алдын алуға мүмкіндіктер бар ма? 

Бекзат Құрманқызы:
– Бар ол үшін біз барлық мүдделі органдармен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Құқықтық статистика арнайы есепке алу комитетінен деректер алып. Ұлттық санақ жүргізген кезде сондай арнайы графа болуы керек еді. Бірақ ондай ақпаратты бере бермейді.

Minber.kz:
– Тағы да сол халал неке дейді. Ауызша үйленеді, кейін талақ деп тастап кете береді. Сосын өзінің досына сыйға тартып кетеді, әйел адамды тауарға теңейтін үрдістер өте көп. Бірақ бұл мәселе зерттелмеген.   Осы да отбасы институтын нығайту мақсатында жұмыс істеп отырған сіздердің негізгі бір жұмыстарыңыз болу керек деп ойлаймын. 

Бекзат Құрманқызы:
– Біз ол кісілермен жолықпағаннан кейін ешқандай түйін айта алмай отырмыз. Біз жүргізген зерттеу қорытындыларына сүйенсек, негізінен бұл некені саналы түрде таңдайтындар 18-40 жас арасындағы жастар екен.

Minber.kz:
– Жаңағы азаматтық некеге байланысты, сіз айтып өттіңіз 20 жас пен 40 арасында, азаматтық некені саналы түрде таңдайды деп. Азаматтық неке отбасы институтының моделі ма? 

Бекзат Құрманқызы: 
– Моделі бола алмайды. Менің ойымша біздің қазақи әдет-ғұрпымызға сай келмейтін жағдай.

Minber.kz:
– Ажырасу өте көп, отбасы институтын сақтау үшін не істеу керек, қандай кешенді шараны қолға алуымыз керек?

Бекзат Құрманқызы: 
– Әйелге де, ер азаматтарға да  қатысты алдын ала шаралар жүргізу керек. Дөңгелек үстелдер өткізіп, психологтар жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Көбінесе ажырасудың себебі гендерлік мәселе, яғни ер азамат әрқашан биік тұру керек, әйел бағыну керек деген мәселе. Бұның жақсы жағы да бар, жаман жағы да бар. Сауаттылықты арттыру керек. Адамның бәрі тең.

Minber.kz:
Жалпы мына Европа қоғамын біз әрқашан азып кеткен деп айтамыз. Бірақ бұл жерде отбасы институты бізден қарағанда тұрақты. Неге десеңіз ер мен әйелдің арасындағы теңдік жақсы сақталған. Ал сіз қалай ойлайсыз, біздің қоғамда әлі күнге дейін патриархалдық түсініктердің басым болуы, бізді қаншалықты жерге дейін апарады. Жаңағы әйелге тауар ретінде қарау, әйелдің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін отбасылар да бар. 

Бекзат Құрманқызы:
– Европа еліндегідей бізде де теңдіктің сақталуын қадағалауымыз керек. Көбінесе зорлық-зомбылыққа тап болатын қыздар орта білімді, сосын ерте жаста тұрмысқа шығып кеткендер. Бұл тәрбие мектеп қабырғасында басталуы керек деп ойлаймын. Ерте жаста тұрмысқа неге шығады? Көбінесе отбасындағы нашар жағдайым жақсарады деп ойлайды. Сондықтан ондай көзқарастан арылтып, санасын оятуымыз керек. Ақпарат көп болу керек, мектеппен тығыз байланыста болуымыз керек.

Minber.kz:
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, адамның құқығын таптауға әкеліп жатқан бұл жағдайда, мектепте бірінші адам болуды үйрету керек шығар? 

Бекзат Құрманқызы:
– Әрине, ол үшін әр отбасы өзі үлгі көрсету керек. Ал азаматтық некеге келетін болсақ, бәрі заң жүзінде жасалу керек. Өйткені азаматтық неке баланы қорғамайды. Екеуі екі жаққа кетіп жатса, барлық жауапкершілік анасының мойнында қалып қояды. Егер ол заңды некеде болса, мемлекет тарапынан қорғалып, материалдық көмек алады.

Minber.kz:
– Сонда некесіз туған баланың құқы қорғалмай ма? 

Бекзат Құрманқызы:
– Қорғалады, ДНК тест тапсырып, әкелігі расталатын болса, ер адам алимент төлеуге міндетті. Бірақ әйелге ешқандай көмек көрсетілмейді. Ал некеде тұратын болса, әйел ажырасқаннан кейін бала үш жасқа дейін әйелге де, балаға да алимент төлеуге міндетті заң бойынша.

Minber.kz:
– Сіздің айтатын кеңесіңіз некені заңды рәсімдеу тиімді дейсіз бе?

Бекзат Құрманқызы:

– Әлбетте.

Әңгімеңізге рахмет

Эфирді жүргізген Есенгүл Кәпқызы,

Мәтінін түсірген Әлия Тұрсынбаева

Бұл жоба –  АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында дайындалды.
“Мінбер” ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Ақшамыз мүлдем жетпейді.
    Көп балалы болсын 2-3 бала болсын .жетпейді
    Жәрдем ақы айына бір балаға 50000мыңнан берілсін. Барі қымбат біздің жанайқайымызды кім тыңдайды .Қашанғы балалардың ақшасын көтересіңдер

Эльмира жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар