/////

Солтүстік ертегісі Батыс өңірінде: Оралда бұғы фермасы ашылды (фото)

7422 рет қаралды
WcMgcq

Елімізде алғаш рет, дәлірек айтқанда Оралда Солтүстік бұғыларын өсіретін ферма ашылды. Батыс өңіріне бұғыларды биыл жыл басында алыс Сібірден, дәлірек айтқанда Ханты-Манты өлкесінен әкелген. Фермаға алғашқы Буран мен Север есімді бұғылар келді. Стелла бұғысының келуімен фермадағы жануарларының қатарын Бэсти есімді бұғының төлі толықтырды.

Мұндай “ерекше” ферманы ашу идеясы бізде, әсіресе елдің “батыс” аймағында бұрыннан пайда болған. Надежда Гурская – мамандығы бойынша кинолог. Оның жануарларға деген сүйіспеншілігі қызметке келген күнінен пайда болды. Әрине, ол сияқты барлық жануарды түсінетін және жақсы көретін адам сирек. Дегенмен, бұғылар келгеннен кейін оған бәрін қайта үйренуге тура келді. Климаттың ауысуына байланысты бұғыларға қатты ыстық болмауы үшін, шатырлар мен сусепкіштер орнатылды. Оларды күтіп баптаудағы  ең маңыздысы – тамақтандыру. Асқазандары тек жұмсақ өнімдерді қорытатындықтан, әрдайым тапсырыс беріп, бұғы мүгін алдыртып отырады.

Ферманың қожайыны Надежда Гурскаяның айтуынша, бұғы – керемет, мейірімді жүрегі бар таңғажайып жануарлардың бірі. Олардың жоғарғы тістері де жоқ, ал төменгі тістері балалардың сүт тісінен 2 есе кіші. Бұл бұғылардың еш зияны жоқ екендігін тағы бір рет дәлелдейді.

– Олардың жоғарғы тістері жоқ екен. Сондықтан қорықпай қолдан тамақтандыруға болады. Бұғы рационында негізгі орында мүк болғандықтан, бізде азық-түлікті тасымалдау және жеткізу бірінші орында. Біз оны бұғы мекендейтін жерден, Сібірдің өзінен аламыз, өйткені ол еш жерде өспейді. Мүктен басқа, бұғы жидектер мен саңырауқұлақтарды жей алады, бірақ мүк олардың ағзасы үшін ең қажетті өнім. Сондықтан біз оларды көптеп сатып аламыз. Сонымен қатар, олардың гигиенасы туралы да ұмытпаймыз, күніне 2 рет  ваннаға түседі  және өзенге апарамыз. Олар жүзуді ұнатады және керемет жүзеді, – дейді ферма иесі.

– Бастапқыда мен осы кәсіпті ашуға бел буған кезде, көбісі “неге Солтүстік бұғысы? Қиын болады ғой” деген еді.  Бірақ мен ойыма алғанымды жүзеге асырғым келді. Көптен ойымда жүрген арманым орындалды,  көріп тұрғандарыңыздай, бұғылар Орал қаласында.

Әрине, мен бұл жобаны қолға алмас бұрын, бәрін талдап, үйрендім, көрші елдерден, дәлірек айтқанда, Ресейге барып, сонау Сібірден алып келдім. Солтүстіктің бір бөлігін өз елімде, қаламда ашу ниеті пайда болды. Қыста мен тіпті балаларды бұғылар жегілген нартқа отырғызып, өзім басқарып отырдым. Бұл өте ерекше сезім, – дейді ферма қожайыны Надежда.

Әрине, бұғылардың басты ерекшелігі  олардың мүйіздері. Ол өте жұмсақ және ұсақ түкті болып келеді екен. Әрі өте жылдам өседі. Күніне 2 см-ге дейін. Қыста жұмсақ мүйіздері қатайып, бұтаққа айналған кезде, бұғылар оны тастайды. Солтүстік бұғыларының аталықтарында ғана емес, аналықтарында да мүйіз болатыны анықталды. Аталығы қыстың бастапқы айларында тастаса, аналықтары мүйізін төлдегеннен кейін тастайды екен. Мүйіздерін тастағаннан кейін, үшінші күні ол қайта өсе бастайды. Пантокрин емдік қасаетті бар дәрі осы солтүстік бұғыларының мүйізінен алынады. Ол адам организмінің нығаюына, жүйке жүйесінің тынышталуына көмектесетін табиғи дәрі.

Бұғыларды көру үшін мұнда келушілер көп. Олардың арасында ерекше балалар да бар. Бұғы – таңғажайып энергияға ие жануар. Бұл да бір емдік терапияның бір түрі десек те болады.

Бұғылардан басқа пони, хаски және түрлі тұқымды қояндар бар (алыптар, күміс және калифорниялық). Надежда Гурскаяның айтуынша, бұл фермаға ол кәсіп ретінде немесе пайда көзі ретінде қарамайды, тіпті керісінше жанына жылулық сыйлайтын хоббиі санайды.

Ферма иесінің жоспары бойынша алдағы уақытта ферманың аумағында балаларға арналған ертегі қалашығы салынбақ. Олар бұғы жегілген шанаға мініп қана қоймай, Аяз Атаға хат қалдыра алады. “Менің негізгі мақсатым, қала тұрғындары үшін, жалпы жерлестерім үшін, ең бастысы балаларға ертегі сыйлау” дейді ол.

Светлана Амангелдиева, Орал қаласы, БҚО

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері