Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы, Ысқақ Сүлейменов көшесі, 17 В мекенжайына орналасқан жатақхананың тұрғындары хабарласып, үйден шығарылып жатқанын айтып шағымданды. Тұрғындарды жатақханадан шығару 1 маусымға,балаларды қорғау күніне жоспарланған болатын.
Тұрғындар жаппай наразылық білдіріп, әкімдікке шығару күнін шегеру туралы арызданғаннан кейін, 1 тамызға дейін уақыт берілген екен. Жатақханадан шығару туралы ескерту алған әр отбасында кем дегенде 3-4 бала бар.
2017 жылы 50 орындық жатақхананың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов қатысып, жас мамандарға жатақхана бөлмелерінің кілтін табыстаған еді. Бағдарлама шарты бойынша жас мамандар сол кезде «Тұрғын үй құрылыс банкінен» есепшот ашып, жеке баспана алу үшін бастапқы жарнаға 5 жыл көлемінде ақша жинауы керек болатын.
Қазіргі күнде банктің атауы «Отбасы банк» болып өзгертілді. Жатақхана қазір қай мемлекеттік органның балансында екені туралы ақпарат таба алмадық. Бастысы, жатақхана тұрғындары «Отбасы банкінде» әлі ақша жинап үлгермеген. Олардың көпшілігі бала күтімі бойынша демалыста. Бір отбасы асыраушысынан айырылды.
Яғни, бес жылда жас мамандарға арналған баспана бағдарламасы жұмыс істемейтіні белгілі болды. Бағдарламаны әзірлеген министрлік, ауыл мен аудандардың экономикалық даму серпіні мықты болатынына сенімді болғандықтан, бағдарламаны қолдану уақытын 5 жыл деп алған сияқты. Алайда іс жүзінде керісінше басқа жағдайды көріп отырмыз.
Қазір ауданда, ауылды жерлерде жұмыс орындарының қысқаруы, жалпы жұмыссыздық, мамандардың жалақысы өспегені, жылжымайтын мүлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының тұрақты өсу динамикасын байқаймыз. Елімізде, бүкіл әлемде орны алған экономикалық дағадарыста жатақхана тұрғындарынан тұрғын үй бағдарламасының орындалуын қалай талап ете аламыз?
Ал қазірдің өзінде 20 отбасы тұратын жатақхана тұрғындарының жағдайын тұрақты деп айтуға болмайды. Бағдарламаның мерзімі біткен соң жатақханадан шығарылса, тағы 20-ға жуық аз қамтылған, экономикалық тұрақсыз, баспанасы жоқ отбасылардың қатары көбеймек. Өйткені, бала күтімімен демалыста отырған, жалғыз асыраушысынан айырылған, аз қамтылған отбасылар, жас мамандар қоғамның ең осал бөлігі болып саналмай ма?
Тұрғындар 2022 жылдың 1 маусымында ҚР индустрия министрлігіне жатақханадан шығаруды шегеру туралы ұсыныс хат жолдаған, жергілікті әкімге хат жазған. Минстрліктен жауап келгенімен, жергілікті әкім арызға жауап жазуды да жөн көрмеген сияқты. Тұрғындардың айтуынша, бірнеше рет бөлме есігін жауып, мөр басып кеткен күндер де болған екен.
– Бұл әрекеттің заңсыз екенін айтып шағым айтсақ та үнімізді еститін билік жоқ, – дейді жатақхана тұрғындары.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл адамдардың жатақхананы жалдап тұру мерзімі аяқталды дейді:
«Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Сіздің құзыреті шегінде жатақхана тұрғындарын белгісіз мерзімге көшіруді кейінге қалдыру мүмкіндігі туралы өтінішіңізді қарап, келесіні хабарлайды. «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13, 71, 72, 73, 74, 75, 76 және 77-баптарына сәйкес азаматтарды есепке қоюдың, есепке қоюдан бас тартудың негіздері; тұрғын үйлерді бөлу, жеңілдетілген шарттарда мүліктік құқықтарды алу (өтеулі, өтеусіз) қамтамасыз етіледі және тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан есептен шығару үшін негіздер қарастырылған, бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде мына мекенжайда орналасқан 50 орындық шағын отбасылық жатақханада. Аягөз, көш. Сулейменова, 17В, жатақханадан шығару үшін 25 отбасының тізімі жасалды. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға беру туралы жасалған шарттарға сәйкес жалдау шартының қолданылу мерзiмi 5 жыл. Қазіргі уақытта жалдау мерзімі аяқталды.
2022 жылғы 10 маусымдағы жағдай бойынша 38 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан жатақханадан жалдамалы бөлме алуға кезекте тұр. Қазіргі таңда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік және мәдениет саласының қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету басымдыққа ие. Сонымен бірге, Заңның 25-бабының 3-тармағына сәйкес, жалға алу мерзімі өткеннен кейін жалға алушы шартты қайта жаңарту құқығына ие болмайды және жалға берушiнiң өтiнiшi бойынша үйден шығарылуға жатады.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған Заңның 107-бабының 4-тармақшасына сәйкес жалға алушыны (қосымша жалдаушыны), оның отбасы мүшелерін немесе онымен бірге тұратын өзге де адамдарды егер тұрғын тұрғын үйді пайдаланғаны үшін алты ай қатарынан төлемнен жалтарса, басқа тұрғын үй берместен шығаруға жол беріледі.
Осыған байланысты әкімдік мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алу мерзімін ұзарту және кейінге қалдыруды орындай алмайды. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 91-бабына сәйкес, әкімшілік процеске қатысушы органның шешімімен келіспеген жағдайда, шағымды қарайтын басқа органға немесе сотқа әкімшілік актіне, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы»
Қазіргі таңда қолдарында ескерту қағаздары бар жатақхана тұрғындары әкімдіктің шығару туралы қаулысын, (шешімін) сотқа береміз деп, заңгер көмегіне жүгінуде.
Айна Шорманбаева, International Legal Initiative қоғамдық ұйымының президенті:
– 25 отбасын жалғыз баспанасынан айыру екі түрлі халықаралық заңнамаға қайшы. Бірінші, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде бекітілген тұрғын үйге қол жеткізу құқығы, екінші, Балалар құқығы туралы Конвенцияда қарастырылған білім алуға, денсаулық сақтау құқықтарына қол жеткізуге, және өзге де базалық құқықтарды өрескел бұзады деп есептейміз. Қазақстан аталған екі құжатты да ратификациялаған және оларда бекітілген құқықтарды қорғауға және кепілдік беруге міндеттелген.
Осы мәселе бойынша Аягөз ауданының тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы ММ-нің басшысы
Д.Б. Ргаев мырзаға хат жолданды. Кешікпей жауап аламыз деп үміттенеміз.
Жұлдыз Ақтанжанова,
Абай облысы, Аягөз ауданы
Парақшамызға жазылыңыз
[…] “Мінбер” ақпараттық порталы бұған дейін де жазған […]