///

Роллан Машпиев: Кәсіпкерлер тойханаға емес, өндіріске қаржы сала бастаса ғана, ел дамиды

2112 рет қаралды

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарын құру туралы жарлығы 8 маусымда заңды күшіне енді. Ал 11 маусымда Мемлекет басшысының жарлығымен аталған облыстардың жаңа әкімдері тағайындалды. Абай облысына Нұрлан Ұранқаев әкім болып келді. Төменде бұл шешімнің қаншалықты маңызы бар екендігі туралы баяндамақпыз.

Абай облысы Шығыс Қазақстан облысын екі бөлу арқылы жасақталғаны мәлім.

Тарихқа үңілер болсақ Семей және Шығыс Қазақстан облыстары бұдан бұрын да бірнеше рет бөлініп, қосылған екен. Алғаш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1939 жылғы 14 қазандағы Жарлығымен Семей қаласын орталық еткен Семей облысы құрылып, Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласына көшірілді. Облыс құрамына Большенарым, Бұқтырма, Зайсан, Зырян, Катонқарағай, Киров, Күршім, Митрофанов, Предгорненский, Самар, Тарбағатай, Ұлан,  Шемонаиха аудандары кіреді.

Осыдан 58 жыл өткеннен кейін құрамында  12 ауданы бар әкімшілік-аумақтық бірлік Семей облысы Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен таратылып, Абай, Абыралы, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Үржар, Шар, Шұбартау аудандары, облыстық маңызы бар Аягөз және Семей қалалары, аудандық маңызы бар Шар қаласы Шығыс Қазақстан облысының құрамына кірді. Жаңа Шығыс Қазақстан облысын құру туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің “Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бөліністі оңтайландыру туралы” 1997 жылғы 28 сәуірде   шықты.

 Ал араға 25 жыл салып облыс қайта бөлінді. Абай облысының құрамына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары өтті. Бұған қоса, облыстық маңызы бар Семей және Курчатов қалалары осы облысқа қарайды. Облыс орталығы Семей қаласы болды.

Жаңа Абай облысы туралы Семей қаласы «ЖСДП» партиясының төрағасы Машпиев Ролланның пікірін тыңдап, оның Жаңа Қазақстандағы жаңа қаулыға деген көзқарасын назарларыңызға ұсынып отырмыз:

“СОҢҒЫ 25 ЖЫЛДА СЕМЕЙ ӨҢІРІ АДАМ АЙТСА НАНҒЫСЫЗ ТОЗЫП КЕТТІ. АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ БІЗГЕ ЖАҢА СЕРПІН БЕРЕДІ ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ”

Роллан Машпиев

– Мен осы қаланың тумасымын, аймақтардың бірігуіне кезінде қарсы болдық. Біз, белсенді азаматтар сол кезден, 1997 жылдан бастап, Семей аймағын қайта қалпына келтіруге тырыстық. Облыс қалай таратылды, Семей қаласының хал-ахуалы да солай құлдырай бастады. Қала сауда – саттықтың арқасында ғана сақталды. Сол жылдарғы статистикалық мәліметтер бойынша облыс мәртебесі жойылғаннан кейін,   қандай құлдырау болғанын білуге болады. Халық қаладан жаппай кете бастады. Бірақ қаладағы халық саны ауылдардан көшіп келіп жатқан халықтың арқасында толығып отырды. Қанша халық қаладан кетіп жатса, сонша халық ауылдардан көшіп келіп жатты.  Қателеспесем, 1991 жылы Семейде халық  саны 340 мың адам болған. Сол  көрсеткіш 1996 жылы күрт төмендеп барып, қайта өсті. Тіпті соңғы жылдары да адамдар қаладан үлкен қалаларға, Астана, Алматы қалаларына, Батыс Қазақстанға кеткендері байқалды, себебі онда жұмыс болды, алдымен вахталық әдіспен жүрді, содан кейін тіпті көшіп кетті. Бірақ аса үлкен көрсеткіш емес.

Қалада жұмыс орындары қысқара бастады. Бұған дейін бізде жеңіл өнеркәсіп болды. Құрылыс саласы аздап сақталды.  Цемент зауыты, Силикат зауыты, Метиз зауыты. Метиз зауыты  қазір жұмыс істей ме, жоқ па, оны білмеймін. Бірақ ол біраз уақытқа дейін жұмыс істеді. Қазақстанда тіпті шегелер де шығарылмайды деп айтылып жатады. Бұл өтірік.  Метиз зауыты шегелер мен күректер өндірді. Бірақ, өкінішке орай,  жеңіл өнеркәсіп құлдырап кетті. Мемлекеттік тапсырыстан айырылған Ет-комбинаты да жұмысын тоқтатты. Қырыққа жуық өнім шығарған Былғары зауыты қазір түріктерге берілді, ал олар қазір өнімнің тек бір түрін ғана шығарады. Тері зауыты тоқтаған соң, зауытқа тиесілі кішігірім фирмалар да жұмысын тоқтатты. Аяқ киім фабрикасы бар болған, қазір ол қайта өңделіп, тек бір цех жұмыс істейді. Міне, өнеркәсіптің қаншалықты тұралағанын көріп отырсыз.

– Абай облысының жасақталуынан қандай да бір жақсылық нышаны көріне ме? 

–  Абай облысының оралуымен жеңіл өнеркәсіпті жандандыра бастаймыз деген үміттеміз. Қаламыздың болашағын білетін адамдар өзен айлағын, кеме қатынасын қалпына келтіру керек дейді, өйткені бұл өңірге өте көп кіріс әкеледі. Порт логистиканың бірі болар еді.  Жеңіл өнеркәсіпті қалпына келтіру керек, өйткені біздің Абай облысында мал шаруашылығы, мал шаруашылығының шикізаты бар. Егер қателеспесем, қазір Аягөз ауданында ет консерві зауыты салынуда, сол жерден бұйымдар, тері, жүн және т.б. алуға болады. Егер осы секілді шағын өнеркәсіптің дамуына  мемлекет  назар аударатын болса, қолдаса, көмектессе, онда Абай облысының болашағы өте үлкен.

– Нақты қандай салаға көмек көрсету керек деп ойлайсыз? 

–   Абай облысында Ресей мен Қытай сияқты екі үлкен мемлекеттің арасындағы шекара, Орта Азияға шығу жолы бар, бұл тек темір жол-автомобиль жолдары ғана емес, қалпына келтірілген және Кеңес заманында үлкен ұшақтарды қабылдаған әуежай бар. Сондай-ақ өзен көлігі. Яғни, көліктің барлық түрі бізден өте алады. Бізден бірден Орталық Қазақстанға, Солтүстік Қазақстанға, Қазақстанның оңтүстігіне, Орта Азияға жол бар, яғни үлкен логистикалық хабтың келешегі өте маңызды. Ол үшін мемлекет  салық жеңілдіктерін қарастырса деп ойлаймыз. Осы саланы дамыту үшін инвестиция құю маңызды, ал оларға тартымды инвестициялық климат жасақтаған жөн. Егер еркін экономикалық аймақ болса, бұл өте жақсы болар еді. Мұның бәрін дамытып, республиканы сауып қана қоймай, керісінше республикалық бюджеттің доноры болуға зор мүмкіндік бар.

Иә, облысымызда Бақаршық, Ақтоғай, Қаражыра сияқты тау-кен комбинаттары бар. Олардың кеңселерін осында ауыстырып, осында жұмыс істегені жөн. Егер қателеспесем, Қаражыра өз кеңсесін ауыстырды.

– Абай облысының аумағында еліміздің жауһары Алакөл бар. Басқа да туристік мекендер көп. Туризмді дамыту туралы не дейсіз?

– Туризмді дамытатын зор мүмкіндік бар. Алакөл жақсы курорттық аймақ. Қоныр Әулие, мұнда жазғы және қысқы уақытта адамдар көп келеді. Онда жақсы жол орнатса, жақсы жарнама берілсе, одан да көп адамды тарта аламыз. Негізінен Қоңыр әулие туралы көбі біле бермейді, осында келген адамдар арқылы естіп-біліп жатады. Қымызымен танымал Саржалға жол жасалды. Жақын маңында этноауыл салып, киіз үйлер тігуге болады. Сонымен қатар, жылқы өсіру дамыған. Көкпар, бәйге, қымыз, қазақтың салт-дәстүрімен этноауыл жасауға болады. Яғни, адамдар Саржалға, сол жерден Қоңыр әулиеге, Қарауылға, Абай мұражайына барса, этнографиялық, тарихи, алтын сақина сияқты жасауға болар еді. Әр ауданның өз артықшылықтары бар, сондықтан біз осы артықшылықтарды пайдаланып, бәрін дамытуымыз керек.

Ресей ормандарынан, тайгадан ағаш тасымалын жолға қойса бұл да біраз серпін береді еді.  Қаламыздың белсенді азаматтары  бұл туралы бірнеше жыл айтып келеді. Ертіс өзені балық шаруашылығын дамытуға болады.

Ұржар ауданында кең орындары болған. Оны да қалпына келтірген жөн. Ол үшін ерік-жігер мен мінез керек. Іс адамдары жеткілікті. Оларға кедергі емес, серпін беру, дамуға көмектесу керек. Орынсыз тексерістерден, рейдерлік тартып алудан кәсіпкерлер қорқады. Тоқсаныншы жылдардың соңында Семей қаласында “Семей-су”; “Таймас” деген қала құрушы кәсіпорын жақсы өсті. Олар алкогольді және алкогольсіз сусындар шығарды, сонымен қатар әйнек шығарды, кәсіпорын дамып, көптеген жұмыс орындарын берді қалаға. Біздің су – жақсы судың бірі болып саналды, бір кездері экспертиза жасалынып, қорытындысында суды банкаларға құйып, сатуға болатындығын айтқан еді.

– Жалпы Семей қаласының өзінің инфрақұрылымдарына қатысты мәселелер өте көп. Семейдің қазіргі халі туралы не айтасыз?

– Тәуелсіздік жылдарында, 25 жыл ішінде Семей қаласы тозып кетті. Бес  саябақ қирады, олардың орнына құрылыстар салынды. Абай саябағы, қазір тұрғын үй секторы. Мұхтар Әуезов саябағы, қазір ол жерде бизнес салынды. Гайдар паркі де жойылды. Сондықтан адамдар өмір сүру үшін жағдай жасау керек. Адамдар жұмыстан кейін демалуы үшін жасыл аймақтарды қайтару керек. Яғни, жұмыс орындарын құрып қана қоймай, сонымен қатар адамдардың салауатты, мәдениетті дем алуына да жақсы жағдай жасап, мәдени, рухани іс-шараларды қайда өткізетінін де ойлау керек. Сол жағалауда саябақтар жоқ. Орталық саябақ бұзылды, бұл туралы неше жыл айтып келеміз.

– Соңғы екі жылда жолдар салынуда, сапасы қандай?

– Егер  МЕМСТ сақталған болса, жолдарды жөндеумен, жөндеу жұмыстарында тәжірибесі бар ұйымдар айналысқан болса, онда жол құрылысы саласында олқылықтар болмас еді. Өткен жылы қыста асфальт төселе бастағанын байқадым. Адамдар шу шығара бастап еді, мердігер компаниялар түнгі сағат үште, оларды ешкім көрмеуі үшін, асфальт төседі. Мұндай заңсыздық болмауы үшін жол жөндеу жұмыстарымен профессионал мамандар айналысуы керек.

Мен жаңа заңдардың қабылдануымен, Конституциялық Соттың оралуымен, біздің соттар да тәуелсіз болатынынан үміттенемін. Егер халық өз құқықтарын адал соттарда қорғай бастаса, онда біздің өңір ғана емес, басқа да облыстар дами бастайды, кәсіпкерлер тойханаға емес, өндіріске қаржы сала бастайды.

Халықтың қалауымен, елдің тілегімен қайта құрылған Абай облысы еліміздің өркениеті облыстарының бірі болады деп сенемін.

Жұлдыз Ақтанжанова, 

Шығыс Қазақстан облысы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар