/////

Бақытбек Бәмішұлы: Ащы жас араласқан ана сүті (жалғасы-8)

1200 рет қаралды

Шекараға жақын өлкедегі ел ішіндегі бұлғақ, жергілікті кейбір  азаматтардың арғы бетпен алыс-берісі, барыс-келісі барлығы  туралы, орталық үкіметке неше түрлі құбылмалы мәліметтер жеткен болу керек. Аймақ орталығынан қосымша күш, өлкені тыныштандырмақ өкіл ретінде Қаңқабай жіберілген. Төтенше тапсырма арқалаған үкіметтің тәртіп сақтау қоғамының адамы. Қолында қуатты билігі, қоңында қаруы бар. Қарсы келгенді аттырып жіберуге, ауыр жаза тағайындап абақтыға жаптырып жіберуге құқы бар. Қаталдығымен аты шыққан аса айбарлы жан. Осы ауданға қоғамдық тәртіпті бақылаушы, елдің еркін қолында ұстаған сақшы басы. Бір қауым елдің Алтайға, қытайға асып кетуі мүмкін деген ақпардың алдын алатын айбарлы белсенді.

Ол келе сала күдікті деген жандарды қалай қақпанға түсірудің айла-шарғысын құрумен қатар кімде жақсы ат бар, кімде жақсы қатын бар бәрін жіпке тізіп шықты. Көзі түскен дүниесін өздік болдыру үшін әуелі алуан түрлі, қисынсыз әрекеттер ұйымдастырды. Қиюын келтіріп айтқан өтіріктің өтпейтін жері бола ма? «Өзі де шығайын деп тұрған көз еді» демекеші Қаңқабай қара құйын қауесетті қаптатып жіберді. Отқа май құйды. Ел ішіне өсектің өртін лаулатып, өрбітіп жіберіп, алам дегенін Қаңқабай алады, айдатам дегенін Қаңқабай айдатады, ұстатам дегенін Қаңқабай ұстатады, құртам десе құртады.

Өйткені атаның ақ жолын жанын салып бұлжытпай ұстаған арда ұлдарын, ананың ақ сүтін адал емген еңселі тұлғаларын, Алтай, Алатау сынды еркіндік кепілі ерен ерлерін түгелімен құртып, шайқалмаған шаңырақ қалдырмаған қанды дәуірдің қан қызыл бораны мұтыла қойған жоқ еді. Даланың қоңыр аңындай бейуаз елді билеген үрей үзілмеген. Қорқыту мен үркітуден запы болған жұрт өкімет пен партия атынан не айтса соған көне беретін. Ішін ара мүжіліп таусылған таудан қалған төбешіктей Қабақ, Орынбасар қатарлы бірлі жарым еті тірі жас жандардың өзі жерге кіріп кете жаздап қылдан таймай еліне еңбек ете жүріп тірі жүруге тырысатын. Енді оларға мінген аты да, қойнындағы қатыны пәле болып шықты. Еркек атаулы жақсы ат мініп, сұлу әйел құшудан қорқатын болды. Қаңқабай жирен жорғаны сұратты дегенде әлгі кім, кім… бастан құлақ садақа дейтіні сондықтан. Ел ішінің амандығы үшін бір тулақ сөз бе, тәйірі, бір азаматтың амандығы артық. Ақы иесі Қаңқабайға жирен жорғаны өзі жетектеп әкеліп берген. Ал қатыны сұлу Қабақ, өзі халық жауының тұқымы қарауылдан, күдіктен тыс қала ма?

***

Өсек, қауесеттің ақыры ақиқатқа айналды. Қазан айының алғашқы аптасында таң ата Қабақты ұстауға келгендер оның бос орынын сипап қалды. Бүкіл бүтін бір ауыл бөрі тиіп бөріккен қойдай жалғыз түнде үркіпті. Әр қорадан өрген иесіз мал. Қаңырап бос қалған киіз үйлер қаңқасы. Қоламтасы да сөнбей бусанып жатқан жер ошақтар. Жау шапқандай жайрап жатқан жұрт. Қаңқабайдың қаны басына шапты. Жымысқы саясатының жымынан саңылау шыққанына ызаланғаны сонша күйіп кетті. Қабақтың күздің  қара суығында жұртын сипатып кеткенін көргенде екі көзін қан талап, аузынан анайы сөздер сигектеп кетті. Ауызына ақ ит кіріп, ауызынан көк ит шықты. Ашуы тұлыбына сыймай жарылуға шақ тұр. Қымқыра қысқан жуан сапты сары ала қамшысымен ерінің алдыңғы қасын ұрып-ұрып жіберіп айғайды салды:

– Атаңның аузын тс…, өңкей ит, өңкей азғын, сатқын…. Атаңа нәлет… жауыздар…. Аттаныңдар!… – Қаңқабай дереу қимылдап, оншақты адамның құрамында бес атар мырышпен мұздай қаруланған қуғыншыларды сайлады. Сапқа тұрғызып, екеуін заставадағы шекара қорғаушы әскерлерге тіл жеткізуге, қалған бір тобын үріккен елді шекараға аяқ іліндірмей қуып жетіп, түгелімен қырып тастауға, ал Қабақты қатын-баласымен тірі ұстауға бұйырды. Тісін қайрады. «Теріңді тірідей сыпырамын, Қабақ!» деп тістенді.

***

Қаңқабай құрық баспайтын қу, зымияндығы зұлымдығынан асып түсетін арамза, биттің ішіне қан құятын қылқұрт, аңдуына алған адамның адымын аштырмайтын, арнаулы шеңберден ары аттап бастырмайтын қырғидай қырағы, сауысқандай сақ, бақылауына іліккеннің ішін анадайдан айнаға түсіргендей анық көретін асқан айлакер, әбжіл әкі болса да Қабақтың қулығы мен сұмдығы өзінен неше есе асып түскеніне қатты қапаланды. Орайына енді келді де құрық салар сәтте Қабақ жалғыз күнде жер қаптырып кетті. Адамды ақиқатқа көндіру аса қиын. Ал егер ақылың асып, ақиқатқа аудамды иландыра алсаң аңдыған жауыңды да жаза бастырасың.

Міне, бүтін бір ауылдан Қабақтың құпия іс-әрекеті туралы бірде бір сыбыс шықпады. Жым білінбеді. Бір дүрбелеңнің болатынын әрине білген. Бірақ өкімет пен партияның көз-құлағы болып жүрген  бірде бір адам қашан, дәл қай күні, қай сағат сол дүрбелеңнің боларын сезбей қалған. Қатын-қалаш, бала-шағасына дейін жұмған ауыздарын ашпай, сыртқа бөтен бір сөз шығармаған. Ауызға ие болу ерлік. Ішіне сөз тұрмайтын өсекшілердің өзі арты қарылған иттей аузынан бір сөз шығармапты. Бір түнде бір ауылдың шып-шырғасы шықпай түп қопарылып үркіп кеткен.

Біраз бұрын, біраз емес-ау, осы көктем шыға кешегі нәубат, репрециядан аман қалған атқа мінерлерін тағы да ұстайды екен деген қауесет ел ішіне тарап, кезіп кеткен. Тіпті ұсталатын адамдардың тізімін де көрген адамдар да бар болатын. Солардың басында бақ – әкімшілік-аумақтық бөлімнің бастығы Қабақ тұрғанды да белгілі болған. Осыдан бес-алты жыл бұрын ғана жүргізілген  репрецияны әкесі, ағайын аға, аталас туыстары, елдің сорпа бетіне шығарлары тұяқ серіппей қабылдады. «Ұрпағым аман болсын» деп сол ұрпағының жолына өздерін құрбан етіп, қарсылық қимыл қылмады. Жалған жала жүктеп, кебінін киіп кете барды. Ал Қабақ болса оларға мүлдем кереғар шешім қабылдады. Қашан әкетеді деп, қол қусырып қарап отырып қырылғанша қашып құтылайық десті. Шап беріп жатса шайқасып өлейік. Шыбын жанымыз сол арыстардан артық па деп шешті. Солардың кебін кимей, елді түгелімен қылмысқа жұмылдырды Қабақ. Басқа амал жоқ. Сөйтіп, жазғытұрымнан бастап, ала жаздай елді үркуге дайындаған. Ел ішіне жүргізген үгіті өтімді, насихаты жаралы жүректерді жаулап алды. Ауылдың азын-аулақ бетке ұстарларымен кеңесті. Көндірді. Ауылдың еркек кіндіктісінің амандығын тілеген ес білетін ересек адамдардың барлығы түгелімен Қабақтың айтқанын құп көрді. Жұмылған жұдырықтай болып, бір ниетке жүгінді.

Қашып құтылар жер алыс емес, ел боламын деп ерлікпен күресіп жатқан Оспан батыр елі. Айырмасы арғы бет, бірақ ол да өз елі. Қалың қазақтың іші. Бір жастықтан бастау алған екі өзен бір сызықпен бөлініп, ар жақ, бер жақ болып жарылып, бір-біріне жат болып жатқаны болмаса бір атаның балалары. Пана іздеп барғанда суық жүзін сыртына салмас деп бел байлады. Әудем жер, бір қырдың асты. Лақтырған тасың, шақырған даусың  жетеді.

***

Қуғыншы топ түс ауа үріккен елдің соңына жеткен. Қазанның қара желі жер биіктеп жотаға таяған сайын ұлып тұр. Азынайды. Ақ сұр бұлттар тау төбесіне төне түсіп, жойдақсыз ойнақтайды.  Елдің алды шекарадан асып та үлгірген екен. Үлгірмегенін шекарашы әскерлер атқылап, тоқтатыпты. Өлген адам, өкірген жаралы, сайдың іші ұлар шу. Шешесіне оқ тиіп, қойынында тірі қалған емшектегі бала да бар екен.

Үрікен көштің соңын жинай, артынан келер қуғыншыларды байырқалап келе жатқан Қабақтың баранын түрік тартып көрген жерде Қаңқабайлар екіге бөлінді. Бір тобы Қабақтың ізіне түсіп, өкшелей қуса, екінші бөлігі алдын орап тосу үшін ұмтылды. Бір сағаттай уақыт өрлі-қырлы шапқаннан кейін қуғыншылардың аттары да болдырды. Жақындаса жанын алады. Өйткені Қабақ құралайды көзден атқан мерген. Ат үстінде тұрып жарты шақырым жерден аңқиттап шыққан суырды атып түсіреді. Сондай сұр мергенге ат үстінде арбиып тұрған адамды ату сөз болып па. Оқ жетер жерге ілінер болса Қабақтың мүлт кетпесі Ақкісіге аян. Қаңқабайға неше рет зарлап мұны ескерткен. Егер Қабақ қашып атыспай, тосып атысатын болса, алып тынбаса алдырмас. Енді сәл кешіксе Қабақ құтылып кетуі де ықтимал. Өйткені оның аттары жарау, етін әбден қатырған әрі алысқа шабатын белді, осы жолға сұрыпталып, таңдалған тағалы тұлпарлар еді. Сондықтан Қабақты атпаса ұстатпайтынын білген  Қаңқабай оны тірі ұстаймын деген ниетінен айнып, алыстан болса да атысты өзі бастады.

Үріккен елдің алдынан шекарашы әскерлер тосқауыл қойып, ілгерілеу мүмкін болмай қалғанын, тоқыраған топқа кірсе бәрі қырылып қаларын білген Қабақ көштен бөлініп, жеке дара кетті. Алды-артынан жарқылдап тасқа тиген оқпен бірге ыршыған аттар ор қояндай секірді. Ақкісі де шауып келе жатқан бойда атып жатыр-ау тартсылдатып. Оның атқан оқтарының жойдақсыз айдалаға кетіп жатқанын Қаңқабай көрді де атын сауырға осып жіберіп Ақкісіге жанасалай келіп:

– Ай, Ақкісі, атын ат, атын! – деді ат үстінен көздеген Ақкісіге. Ақкісі Қаңқабайдың атын да атпады, өзін де атпады. Жасынан бірге өскен замандасын оққа қимады. Қабақтың жанын сауғалап қашудан басқа амалы қалмағанын, қашуға қара ниет Қаңқабайдың өзі жеткізгенін басқа білмесе де Ақкісіге аян. Жазығы жоқ жанның құтылып кетуін іштей тілеп қуысып келеді. Үстетіп атады. Мұны байқап қалған Қаңқабай ашу шақырды.

– Әй, иттің баласы, сен айдалаға атып жатсың ғой… Атқан оғы жерге түспейді  дейтіні қайда, Сені? Мылтығың қисық па?!

– Қисық…. қисық. Менде қайбір жетіскен түзу мылтық бар дейсің. Осыны місе тұтып жүрміз,- деп айқайлап дауыстады Ақкісі.

Қаруы мықты қашанда қаһарлы, қашан да үстем. Қолына орыстың су жаңа бес атар мырышын ұстаған Қаңқабай атынан қарғып түсті. Мылтығын  шапшаң оқтап, бір қой тасты жастық етіп жата қалды. Толқын бетіндегі қайықтай қалқып, ойға бір түсіп, бір шығып,  қалың қорым тастың арасындағы жылғамен зулап бара жатқан екеуді көздеді. Қаңқабайдың атын қайыра ұстап айналған Ақкісі төбелері ғана көрініп бұлдырықтай бұлдырап бара жатқан екеуге оқ жетсе де көбе теспес деп ойлаған. Тап осы сәтте екі баран атты да қора шетіндегі қарақшыдай қаңқайып шыға келгені. «Қап!»,- деді Ақкісі. «Қап» деген даусы қатты шықты. Айтуын айтып алса да Қаңқабай естіп қойды ма дегендей бұғып аттың мойынын құша тығыла қалды. Қаңқабай қарауылға ілінгендерді қалт жіберсін бе? Тап осы жерден шығасың-ау деп дайын жатқан. Нысанаға ілінгенде әуелі соңғысын, онан кейін екіншісіне қарасын бағыттап, едел-жедел атып-атып жіберді. Мылтық даусы гүрс-гүрс екі рет шықты. Бірінің омақаса ұшқанын, ал екіншісінің оның үстінен арыстандай атыла қарғып тасаға түскенін анық көрді Ақкісі. «Әй, өлді-ау, сорлы,- деді ішінен,- сорың қайнағыр. Қарығы ашылмаған, қазағым-ай».

***

Оң жақ бөктерден көлеңкелер құлдап келеді. Түрлі түсті бояуларды бойына сіңіріп, өзі де түнге жұтқылып кететін көлеңкелер. Төменгі сайдың іші күңірт түске ене бастаған. Сол бүйірдегі өзеннің ағысына қарсы арғы беттегі қызыл жартастар басындағы батып бара жатқан күннің қызыл реңді, жылуы жартымсыз шапағы тасқа тиген оқтың отындай шашырайды.

Мылтық дауысы естілгенде өзіне оқ тигенін сезді Қабақ. Ләззаттың аты омақаса құлады. Құлаған атпен бірге қанатын жайған құстай дөңгелей ұшты Ләззат. Қойнындағы баланы түсіріп алса ол жығылған аттың астына бастырылады. Ләззат неше аунаса да баланы үстіне алып жығылды. Оқ қарагер аттың мойын омыртқасынан дәл тиген. Құлап түскен бойда тырп етпей сұлық жатты.

Қара түнек түсі өрт сөндірердей Қабақ көзі оттай жанып төніп келді. Ләззат:

– Біз аманбыз, жаныңды сақта!- деп ышқына бақырып, жерді теуіп-теуіп қалды.

– Әкел, баланы!- Қаңқабай Ләззаттың қолындағы баланы қоян ілген қырандай жұлып әкетті. Ләззат сопиып, қалшиып, меңірейіп тұрдыда қалды. Жаңа ғана Қабаққа «кет ешейін кет!!!» деп,  кеттің астынан алып жатқан Ләззат: «Жау қолында қалдым ба? Шынымен тастап кеткенің бе?» деп ойлады. Сол мезетте қарагер атты тік қарғытып, құйынша дөңгелетіп, шырқ көбелек айналдырып, оқыс бұрылып келген Қабақ:

– Мінгес! – деді бар даусымен. Ләззат бейне бір ұшқан құстай  жеңілдікпен Қабақтың артына қона кетті. Бұл бір тар жылғалы шатқал сайдың қорымды тасты беті еді.

Қарагер атын сүрдектетіп сайға түскен Қабақтың алдынан тағы екі жол шықты: осы саймен өрлей тартса сай ішінің қара көлеңкесіне ілініп, жар жағалап отырып, кезең асып, арғы бетке өтіп кетеді.

(Жалғасы бар). Сурет көрнекілік үшін https://e-history.kz/ сайтынан алынды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі