//

Дәнеш Байболатов: Сайлау: Жаңа адамдар – ескі амалдар

619 рет қаралды
«Аманаттың» кезекті жеңісі жарнамасы жер жарған «Жаңа Қазақстанның» сол бұрынғы ескі жүйе сүрлеуінен жаңылмағанын, баяғы ескі тәсілдерді қолданудан бас тартпағанын, керісінше оның түрленген моделіне көшкенін көрсетеді. Бірмандаттық округ бойынша сайланған 29 депутаттың 23-і «Аманаттың» өкілі болып шыққаны соның айғағы.
Іс жүзінде декорациялық демократия қалқасында бұрынғы имитациялар қайталанды. Сайлау өтті, енді ол декорацияны президент әкімшілігінің қоймасына немесе учаскелік сайлау комиссия мүшелері бақылаушылардан бой тасалаған дәретхана жанындағы техникалық бөлмеге кезекті сайлауға дейін тығып қоюға болады.
54 пайыз дауысқа ие болды деген «Аманат» партиялық тізім бойынша 69 орынның 37-сін алады. Оған бірмандаттық округтен өткен 23 латентті партия мүшесін қоссаңыз, Мәжілістегі 98 орынның 60-ы “Аманатқа” тиесілі болып шығады. Бұл депутаттардың 61 пайызы. Билікке заң жобасын өткізу үшін оны депутаттардың үштен екісі мақұлдауы керек. Ал 98 орынның үштен екісі дегеніміз – 66 депутат. Қалған алты дауысты «Аманаттың» Мәжілістегі сателлиттері жинап беретініне шүбәміз жоқ. Яғни бір қарағанда саналуан саяси партия өткенімен, оның іс жүзінде демократия имитациясы екенін байқайсыз.
Бұл жолғы сайлау алдында, әсіресе жеке мандатпен түскендердің арасында бәсекелестік байқалды. Біршама жұрт бұл сайлау бұрынғыдан өзгерек болар деп дәмеленді. Партиялардың ішінен «Республика» секілді жаңа партияның өкілдері сайлауалды науқанды ерекше белсене жүргізді. Бұл партияның белсенділігінің екі негізгі себебі бар: біріншіден, сайлау алдында ғана құрылған саяси ұйымға қысқа уақытта шұғыл түрде кең танылу керек еді. Екіншіден, бұған дейін саяси процесстерге белсенді араласпаған жаңа партияның көп өкілі үшін сайлау – жаңа тәжірибе жинау жағынан қызық болды.

 ЕШБІР ПАРТИЯ БИЛІККЕ БАРЫП, ҚАЛЫПТАСҚАН ЖҮЙЕНІ ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРТКІСІ КЕЛЕТІНІН МӘЛІМДЕМЕДІ

Бірақ бұл жерде классикалық саяси партияның негізгі мақсаты – билік үшін күрес болды деп айта аламыз ба? Саяси додаға түскен ешбір партия билікке барғысы келетінін, қалыптасқан жүйені түбегейлі өзгерткісі келетінін мәлімдемеді. Қазақстанда бір ғана билік партиясы үстемдік құратынына, қалғаны не оның орбитасында айналып жүретін сателлиті, не арзан репликанты екеніне елдің еті өліп кеткені соншалық, бір партияны «Аманат-Агро», келесісін «Аманат-Эко» деген мемге айналып кеткен өткір әжуаға сол партиялардың өздері наразылық білдіріп те әуре болмады.
Яғни, жекелеген бәсекелестік элементтері байқалғанымен, бұл сайлау да функциясы тым шектелген демократиялық плебесциттің демо нұсқасы болып шықты.
Парламент сайлауына 2 айдан аз уақыт берудің өзі демократиялық талапты бұзудың алғышарты. Демократиялық елдердің ешбірінде сайлауға мұнша қысқа уақыт берілмейді.
Пропорционалды жүйенің астарында «Троян аты» жасырылғаны туралы бұған дейін жазғанмын. Оған сайлау барысында көз жеткіздік.
Бірмандаттық округ бойынша сайлауға түскен тұлғалар әкімшілік ресурстың қолдауынсыз сайлана алмасын Рысбек Сәрсенбайұлының кейсі анық көрсетті. Рысбек Сәрсенбайұлының штабы келтірген деректер оның сайлаушылардың басым дауысына ие болғанын айғақтайды. Бірақ мұндағы басты проблема бақылаушыларға келіп тіреледі. Сайлау барысын неғұрлым көп тәуелсіз бақылаушы, үкіметтік емес ұйымдар, тәуелсіз саяси ұйымдар, БАҚ өкілдері бақылағанда ғана ол жерде сайлау нәтижесін бұрмалау мүмкіндігін мейлінше азайтуға болады.
Іс жүзінде алыс ауыл-аудандағы бақылаушылардың жағдайын елестетіңіз. Халықтың саяси белсенділігі өте төмен, сайлауға деген көзқарасы өте нашар жағдайда әр учаскіге бақылаушысын отырғызуға жеке кандидат түгілі, көп партияның қауқары жетпейді. Саусақпен санарлық бақылаушылардың сайлау учаскелеріндегі заңбұзушылықтың бәріне төтеп беруге қауқары жетпеді.
Кезекті мәрте біз елде әлеуметтік, саяси лифттің жұмыс істемейтінін, дәлірек айтқанда ол лифтке мүлдем басқа басқа өлшеммен іріктеп отырғызатынын көрдік. Демократиялық мемлекеттерде кез келген қабілетті азаматты қоғамның ең төменгі қабатынан жоғарыға көтерілу мүмкіндігі беріледі. Меритократия қағидаларын ұстанатын қоғамда билеуші элита қатарына көтерілу үшін тәжірибе, ақыл, білім, жеке адами қасиет секілді критерийлерге сай болу жеткілікті. Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Риши Сунак соның анық дәлелі.
Қазақстандағы сайлау бірінші кезекте үміткердің билікке жақындығы, оның танымалдылығы мен елге ықпал ете алатындығы, сол мүмкіндігін билікке жалға беруге әзірлігі ескерілетінін тағы мәрте әшкереледі. Осы «критерийлерге» сай келген үміткердің бұған дейін үстінен қылмыстық іс қозғалғанына да, миллиондаған аудиториясына бюджеттен заңға томпақ жолмен ақша алуды үйреткеніне де билік көз жұма салады. Заңға қайшы әрекет еткендердің енді елдегі ең жоғарғы заң шығарушы органда парламентте отыруы өзгеге нонсенс болғанымен, біз үшін қалыпты жағдай.

«ОРНЫНДА ТҰРЫП ҚАДАМДАУ» 

Бұған дейін бұл сайлау елдегі саяси жағдай мен бағыт-бағдарды айқындайтын лакмус қағазына айналатыны, көпшілік күткен өзгеріс болмаса, онда Қазақстан тағы бір отыз жылға «Орнында тұрып қадамдау» дейтін ескі сүрлеуге түсетіні туралы жазғанмын. Неге олай дейміз?
Батыста «қоғамдық келісім» дейтін билік пен сайлаушы арасындағы диалог форматы бар. Билеуші элита мен қоғамның коммуникациясын қамтамасыз ететін алуан түрлі диалог алаңы, институттар қалыптасқан. Одан бөлек биліктің «сайлаушылар мен салық төлеушілердің мүддесін ескеру» дейтін Алтын ереже бар. Сайлаушылардың көмегімен билікке келген элита оның алдында жауапты әрі оған тікелей тәуелді. Ал әкімшілік ресурс көмегімен, керісінше сайлаушылардың қалауына қарсы, олардың еркінен тыс түрде «сайланған» депутат немесе әкім кімге қарыздар? Кімнің мүддесін ескереді? Кіммен келісімге келеді? Демократиялық мемлекет пен электоралды авторитарлық жүйе салтанат құрған мемлекеттегі сайлау нәтижесінің басты ерекшелігі осында.
Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындысы Тоқаев билігі өзі жария еткен реформалардың әншейін профанация екенін дәлелдей түседі. Мамандардың тұжырымынша, кез келген реформаның өмір сүру ұзақтығы 3 жыл. Жалпы реформа – тез бұзылатын өнім. 3 жылда нәтижесі байқалмаса, қоғамда толқу басталады.
Тарихқа үңілсек, КСРО ыдырағаннан кейінгі Ресейде алғашқы саяси дағдарыс Ельцин президент болып сайланғанына үш жыл толмай жатып, 1993 жылы болды. Қан төгілді. Қазақстанда алғашқы саяси дағдарыс 1995 жылы туды. Екеуінде де қос президент уәде еткен саяси-экономикалық реформалар үш жылда күткен нәтиже бермеді.
Тоқаев 2019 жылы сайланған соң 3 жылдан кейін Қаңтар қырғыны болды. Дәл қазір президент Тоқаевтың уақыты тым тығыз. Экономикадағы проблемалар, сот-құқық жүйесіндегі қордаланған түйткілдер, «коллективті Назарбаевтың» сақталуы елдің ашуын қоздатып жатыр. Бірақ нақты қадамның орнына осындай саяси реформалар имитациясын жасау тағы бір Қаңтардың қайталануын тездетпек.
Ал халыққа не істеу керек? Саяси мәдениет пен белсенділікті көтеру қажет. Келесі сайлауға сайлаушы ретінде де, бақылаушы ретінде де белсене қатысу керек. Билік үшін сайлауға қатысқан 20 пайыз сайлаушының дауысын бұрмалау, 80 пайыз белсенді сайлаушының дауысын бұрмалаудан әлдеқайда жеңіл әрі қауіпсіз екені анық.
Билік миллиондаған адамның шынайы пікірін сайлау бюллетенінен көргенде, мәселе басқаша өрбиді. Бұл жағдайда дауыс ұрланбасына кепілдік бар ма? Әрине жоқ! Онда неге дауыс береміз? Қарапайым есеп. Жүз мыңдаған наразы сайлаушының қарсылығынан көрі миллиондаған ашулы сайлаушының наразылығының әлеуеті әлдеқайда құдіретті. Миллиондардың оннан бір бөлігі құқығын көшеге шығып, алаң демократиясы жолымен қорғауға көшкенде, билік диалогқа келуге мәжбүр болады.
Алда бізді аудан, қала әкімдерін сайлау күтіп тұр. Билік қалай әрекет ететінін парламент сайлауы арқылы анық көрсетті. Елде сайлау нәтижелерін бұрмалау бірінші кезекте әкімдердің қолымен істелетінін бәріміз жақсы түсінуіміз керек. Әр әкімге өтетін адамдардың тізімі алдын ала берілетінін елдің бәрі біледі. Жоғарыдан тағайындалған, тиісінше қарапайым жұрттың алдында ешқандай міндеттеме арқаламайтын, бұқарадан тәуелсіз әкім әрине биліктің кез келген тапсырмасын орындауға әзір.
Мұны өзгертудің әзірге заңды жалғыз жолы – әкімдерді сайлауға, сайлау барысын бақылауға жаппай белсене қатысу. Бұл ұзақ әрі қиын шаруа. Бірақ басқа амал жоқ. Негізі басқа да жолы бар. Ол – революция және жаппай люстрация. ХХІ ғасырда бұл жолмен тек артта қалған, демократиялық өркениеттің ұшығы да сезілмейтін елдер ғана жүреді. Біз сол күйге түспесек деймін.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар