///

Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВА, саясаттанушы: Қазіргі дауыс санау тәртібі авторитарлық режимге бағытталған

883 рет қаралды
фото: Фейсбук паракшасынан

Сайлау өтті. Науқаннан науқанға дейін саябырсып қалатын әдетімен біздің қоғам тағы тынышталды. Өткен сайлау науқанының дауысы науқаншыл әдетпен қаттырақ шығып, сең қозғалғандай болды. Алайда, бір тарапты жақтап, екінші тарапты қараламайтын байыпты баға берілген жоқ. Мінбер.кз осы олқылықтың орнын сәл де болса толтырмақ ниетпен Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының Бас директоры, саясаттану ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВАҒА бірқатар сауал жолдады.

ЖСДПНЫ ҚАЗІР ОППОЗИЦИЯ ДЕП АЙТУ ҚИЫН

– Сайлау өтті. Бір тарап сайлау әділ өтпеді десе, енді бірі әділ өтті дейді. Шынында сайлау қалай өтті?

Сайлау кезінде бірқатар учаскелерде заң бұзушылық болды және ол еш жасырылмай, ашық жарияланды. Сондықтан әділдік туралы айтудың қажеті жоқ. Егер заң бұзушылық тіркелген учаскелердегі дауысты жарамсыз деп танып, сайлауды қайта өткізсе әділ деп айтуға болар еді. Алайда, билік сайлауға қатысу көрсеткіші бұдан да төмен болады деп қауіптенген болар яки бірқатар учаскелердегі сайлауды заңсыз деп таныса оның болашақта тәжірибе ретінде (прецедент) еніп кететінінен сақтануы да мүмкін.

Сайлауға жауаптылар партияларға дауыс беруге басымдық беріп, бір мандатты сайлау округтары бойынша сайлауға түскен тәуелсіз кандидаттардың белсенділігін есепке алмағанын айтпай кетуге болмайды. Ал тәуелсіз кандидаттардың көбі партияларын тіркеуге қанша күш салса да, тіркей алмады.

Бір жағынан бұл сайлаудың басқаша өтетініне үміттенуге де негіз жоқ еді. Себебі дауыс санау жүйесінде де, сайлау жүйесінде де, Орталық Сайлау Комитетінің қызметінде де күрделі өзгеріс болған жоқ. Соған сай сайлау нәтижелері алдын ала келісіліп қойды.

Парламентте енді  алты партияның фракциясы бар. Бұл өзгеріс болады дегенді білдіре ме?

Партияларға кішкентай болса мүмкіндік саңылауы (терезесі) ашылғанын көріп тұрмыз. Бірақ ол саңылау бұдан да салмақты өзгерістерге бастай ма, ол жағы партиялардың осы мүмкіндікті қалай пайдаланатынына байланысты.

Партиялар бағдарламасын бетке алып, мақсатына жетуге күш сала ма әлде тек биліктің бағдарламасы мен мақсатына икемделе ме?

Егер партиялар тек билікке қарайлап, өз әрекеттерін сол тараппен келісіп отыратын болса, өзгеріс болуы екі талай. Онда Парламенттегі партиялардың сапасы емес, саны ғана өскен болады. Өйткені, соңғы жылдары ЖСДП биліктің саяси қарсыластарының белсенді бөлігінен алшақтап кетті  және оны оппозиция деп айту қиын.

Жаңа депутаттар заң бойынша Президенттің алдында ант беруі керек еді. Олай болмады. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

Менің ойымша, олар оны жою арқылы дұрыс жасады. Өйткені, президент сияқты депутаттарды да халық сайлайды. Сонымен қатар, парламент биліктің тәуелсіз тармағы болып табылады және Парламент Президентке есеп бермейді. Сондықтан, бұл жолы олар бәрін дұрыс жасады, бұрынғы тәртіп қате болған.

ХАЛЫҚ ПАРЛАМЕНТІ ЕСКІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫДАЙ ЕСКІРГЕН ШАРАЛАР ПАКЕТІН ҰСЫНЫП ОТЫР

Бұрынғыдай емес дауыс санауда фальсификация болды деп санаған азаматтар (олардың арасында экс кандидаттар да бар) бірігіп, Халықтық Парламент құрды. Қоғамды демократияландыруға оның ықпалы болады деп ойлайсыз ба?

 – Әзірге орта мерзімді перспектива көріп тұрған жоқпын. Биліктің қарсыластары өз құралдарын, стратегиясы мен тактикасын өзгертуі керек. Олар әртүрлі болғанымен, қазір оларды сайлау нәтижесіне келіспеу, сайлау кезіндегі биліктің әрекетіне наразылық қана біріктірді.   Қазір олардан айтарлықтай жаңалық көріп тұрған жоқпын. Әзірге биліктің қарсыластары ескі Қазақстандағыдай ескірген шаралар пакетін ұсынып отыр. Қарсыластар жаңа Қазақстанды қаласа, өздерінен бастау керек.

Әрине, оның демократиялық құндылықтардың дамуына әсер еткенін қалар едік. Әзірге үміттен күдік көп. Қарсыластар – билік пен олардың оппоненттері бір-біріне қатысты мұндай бітіспес позиция ұстанса, саяси тұрғыда дамымаймыз. Ол қоғамды жік-жікке бөліп, одан әрі саяси тұрақсыздыққа әкеп соғады. Бұл конструктивті емес. Билік, менің ойымша, сайлаушылардың пікірін елемеу, айла-шарғы жасау арқылы тиімсіз позиция ұстанатын сияқты, ал оның оппоненті өз ұстанымының негізгісін тек билікке қарсы тұру деп санайтын секілді. Ол – демократия емес. Оппозиция биліктегілерге қарсы болу деген сөз емес. Оппозиция – басқа саяси даму стратегиясын ұсынатындар.

Ал қазір билік те, оның қарсыластары да жаңа Қазақстан туралы айтып жатыр, бірақ ол қандай екенін екі тарап та тап басып айта алмайды. Бәрі басқаша деген бұрын Н.Назарбаев істегеннен бөлек пе? Әлде басқа нәрсе ме? Билік қарсыластары мен билік өкілдерінің айтқанына қарайтын болсақ, бұл біріншісі. Ал шындығында, ол мүлде басқаша болуы керек. Анығында – екіншісі.

ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ АЛҒЫШАРТЫ – САЙЛАУ ЖҮЙЕСІН РЕФОРМАЛАУ

Ендігі Қазақстанның саяси бағыты қандай болады?

Сайлау жүйесіне реформа керек. Ол демократияға қарай жүретін келесі қадам болуы тиіс. ОСК мүшелеріне арнайы білім беру курстары қажет, сайлауды ұйымдастыру үлгісі мен сайлау учаскелерінің орнын талқылаудан бастау керек. Бұған қоса, міндетті түрде ОСК-ның ролі мен орнын, сондай-ақ Президент әкімшілігінің бұл пайдалы процеске ықпал етуінің заңды және нақты өкілеттігі мен мүмкіндігін қарастыру керек.

Қазір ол саяси дамудың одан әрі қарқын алуына кедергі болып отырған үлкен мәселе.

Енді әкімдерді сайлау өтетіні белгілі. Ол демократияның дамуына ықпал ете ала ма?

 – Бұл сайлау жүйесін реформалауға әсер етуі мүмкін. Осы сайлаудан кейін әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан, кеңестік кезеңнен қалған барлық осал тұстарды, ескірген ережелерді саралап, ұсыныстар дайындау қажет. Мұндайда тікелей қатысушылардың, яғни тәуелсіз байқаушылардың, депутаттыққа кандидаттардың, саяси партиялардың және Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің пікірін тыңдау өте қызықты болады.

 Ең маңызды пункт – дауыс санау, оған түбегейлі жаңа схемалар мен процедуралар керек. Қазіргілері технология мен цифрландыру дәуірі үшін тым ескі.

Қазіргі сайлау жүйесі, соның ішінде дауыстарды санау схемасы авторитарлық режимге бағытталғандықтан тоталитарлық ережелері әлі де сақталып қалған. Сондықтан олар демократиялық мемлекет құру міндеттеріне сай келмейді.

– Әңгімеңізге рахмет

Парақшамызға жазылыңыз

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері